18 Желтоқсан 2017   


  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / ИСАУИ [НАСРАНИЯТ] ДІНІ ЖӘНЕ ХРИСТИАНДАР (6)

ИСАУИ [НАСРАНИЯТ] ДІНІ ЖӘНЕ ХРИСТИАНДАР (6)

Иса алейһиссалам яһудилер бұзған хақ дінді түзету үшін жіберілген еді. Яһудилер Оны ұнатпады. Жалған пайғамбар деп санады. Оны «Исраил королі болғысы келеді. Римдіктерге қарсы халықты арандатуда. Өзін Аллаһтың баласы деп санап жүр. Өйткені Аллаһқа "Әке" деп атайды» деп, римдіктерге арызданды. Христиандардың сенімі бойынша Құдыстағы римдіктердің яһуди әкімі Пилатус Иса алейһиссаламды ұстатып, Хиродеске жіберді. Хиродес бұған қатты қуанды. Өйткені, Онымен танысып, мұғжизаларын көргісі келетін. Иса алейһиссалам Хиродестің сұрақтарына жауап бермеді. Сонда Хиродес Оны Пилатусқа қайтарып жіберді [Лука 23-бап]. Пилатус көріпкелдердің және яһудилердің айтуымен крестке керу үшін яһудилерге тапсырды [Інжілдер]. Христиандар Иса алейһиссаламның крестке керіліп, сол жерде қайтыс болғанына, бірақ кейіннен тіріліп, көкке шыққанына сенеді. Ал мұсылмандар Иса алейһиссаламның крестке керілмегеніне, тікелей көкке көтерілгеніне, крестке керілген адамның оның тұрған жерін римдіктерге аздаған ақшаға айтып берген [хауари болған] Яхуда [Иуда] екеніне сенеді. Құран кәрімде бұл мәселе баяндалған. Ниса сүресінің 156-158-аяттарында: «Сондай-ақ, яһудилердің Исаны қабылдамауларына және Мәриямға жала жабуларына және Аллаһтың расулы Мәриямұлы Исаны өлтірдік деуіне байланысты оларды лағнеттедік, рахметімізден қудық. Алайда, олар Исаны өлтірген жоқ, крестке де керген жоқ. Бірақ, оларға бір ұқсастық жасалды. [Яхуда Иса алейһиссаламның кейпіне енгізілді және оны асты.] Бұл мәселеде өздері де келіспеушілікке түсіп, күмәнда. Олардың бұл мәселеде бір мәліметтері жоқ. Тек бос болжамдардың соңында. Олар ақиқатында Исаны (алейһиссалам) өлтірген жоқ. Аллаһ Оны өз қабатына көтерді. Аллаһ ұлы, үкімінде даналық иесі» делінген.

Иса алейһиссалам аспанға көтерілгеннен кейін Насраният діні ақырындап әлемге тарала бастады. Бастапқы кезде бұл жаңа дінге пұтқа табынушы римдіктер мен гректер қатаң түрде қарсы шықты. Исауилер ұсталып, өлтірілді. Цирктегі жыртқыш аңдарға жегізілді. Бірақ, хақ діні өзін танытуда және жақсы көрілуде жалғасын тапты. Өкінішке орай, уақыт өте келе шынайы Інжіл жойылды. Мұнафық Павлостың «Исаның крестке керілуі даналық, әділдік және құтылу. Өйткені, Аллаһ адамдардың күнәларын кешірту үшін өз ұлын құрбан еткен» деген мағынасыз пайымдауы қазіргі христиан дінінің сенім негізін қалыптастырды. Иса алейһиссалам ешқашан адамдардың күнәхар болып туылғанын айтпаған, дегенмен қазіргі христиандық былай сипатталады:

1) Адамдар дүниеге күнәхар болып келеді. Өйткені, алғашқы адам болған Адам алейһиссалам Аллаһқа бағынбаған, сол себептен жәннаттан шығарылған.

2) Адамнан кейін келген бүкіл адамдар осы күнәні мойнына алады.

3) Иса алейһиссалам адамдарды осы күнәдан құтқару үшін дүниеге келген Аллаһтың баласы болып табылады.

4) Аллаһу та’ала адамдардың күнәсін кешіру үшін өз ұлын крестке кергізген.

5) Дүние – қиындықтың мекені. Дүниеде рахат өмір сүруге тыйым салынады. Адамдар азап шегу және ғибадат ету үшін жаратылған.

6) Адамдар тікелей Аллаһу та'алаға ғибадат ете алмайды. Аллаһу та’аладан ештеңе сұрай алмайды. Тек дінбасылар [поптар] адамдардың орнына Аллаһқа жалбарына алады және олардың күнәларын кешіре алады.

7) Христиандарды папа басқарады. Папа күнәсіз. Оның әрбір іс-әрекеті дұрыс.

8) Адамдардың денесі мен рухы бөлек. Адамның рухын тек поптар тазалайды. Дене болса әрдайым күнәхар болып қалатын лас нәрседен тұрады.

Осы ақылға қонымсыз қисынсыз пайымдарға байланысты яһуди дінін түзетуге тырысқан Иса алейһиссалам қойған Насраният діні негізінен алыстап, христиандық деген қате дінге айналған. Христиандықтың қайтадан шынайы Насраният кейіпіне айналуы үшін көптеген істер атқарылған. Лютер деген поп протестанттықты құрып, кейбір түзетулер енгіземін деп, бұл илаһи дінді толығымен өзгерткен, бұзған.

Міне, Ислам діні Иса алейһиссаламнан кейін осы қателердің бәрін түзету, жолдан шыққан және барған сайын бұзылып жатқан «Бір Аллаһ» дінін қайтадан илаһи кейіпке енгізу үшін келген. Аллаһу та’ала негізінде бүкіл дін кітаптарында «соңғы пайғамбардың (алейһиссалату уәссәләм) келетінін» және бұл соңғы пайғамбардың адамдарды ең тура жолға, хидаят жолына салатынын баяндайды. Бұл сөз Тәуратта да, көптеген өзгерістерге ұшыраған Інжілде де бар. Иоанн Інжілінің 16-бабының 12-13-аяттарында «Менің сендерге айтатын көптеген нәрсем бар. Бірақ, сендер әлі оларға шыдай алмайсыңдар. Бірақ, ол келген кезде сендерді ақиқатқа жеткізеді» деп Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келетіні білдірілген. Барнабас Інжілінің 72, 96, 136, 163-баптарында хазреті Исаның хауарилеріне «Соңғы пайғамбар келетінін, есімінің Ахмед болатынын, ол келгенге дейін бұзылатын Інжілді қайтадан түзететінін және жаңа кітап әкелетінін, өзінің крестке керілмегенін, крестке керілген адамның орнын айтып берген Яхуда екенін» айтқандығы ашық түрде жазылған. Құран кәрімнің Саф сүресінде бұл жайт расталған. Саф сүресінің 6-аятында: «Мәриямұлы Иса (алейһиссалам): Ей Исраил ұлдары! Дұрысы, мен менен бұрын келген Тәуратты мақұлдаған және менен кейін келетін, есімі Ахмед [Мұхаммедпен бір мағынада] болған бір пайғамбарды (алейһиссалату уәссәләм) сүйіншілейтін, Аллаһу та’аладан сендерге жіберілген пайғамбармын, – деген. Бірақ, ол пайғамбар [Мұхаммед алейһиссалам] оларға келген кезде бұл айқын сиқыр деді» делінген.