16 - Мухаррам, 1440 жыл.
     26 - Қыркүйек, 2018 жыл.   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Намаз үшін қайғыру

Намаз үшін қайғыру

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бұрынғы замандарда бір намаз уақытына мешітке, жамағатқа үлгермеген кісіге 2-3 күн бойы «Қайғыңа ортақпын» деп адамдар көңіл айтып барған екен. «Қандай өкінішті, сен бұл жамағатты қалай жіберіп алдың, осындай ниғметтен, осындай сауаптан қалай мақрұм қалдың, ифтитах тәкбіріне қалай үлгере алмадың? Иншаллаһ, енді мақрұм қалмассың» деп оны жұбатқан екен. Ал қазір жамағатқа бару былай тұрсын, намаз оқудың өзі мәселеге айналды. Бір бай кісі бір күні пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келіп айтады:

- Йа, Расулаллаһ! Мен құрыдым!

- Не болып қалды?

- Керуенімді қарақшылар түк қалдырмай тонап кетті, өте нашар халдемін.

- Әлхамдулиллаһ!

- Не болды, йа, Расулаллаһ? Неліктен «Құдайға шүкір» дедіңіз?

- Мен «Бүгін бесін намазының ифтитах тәкбіріне үлгермей қалдым» дейсің деп қорққан едім. Мың керуенің тоналсын, бірақ сен ифтитах тәкбірін жіберіп алма!

 

Діни кітаптарда «Намаз уақыты өтіп жатқанда оқымағанына жүрегі ауырмаған, өкінбеген, уайымдамаған адамның иманы кетеді. Ал өкінсе, үлкен күнә істегенімен, ең болмағанда иманы бар деген сөз, қайғырмаса, күйінбесе, уайымдамаса, күпірге түседі» делінген. Ал қазіргі заманда жұрттар намаз оқитын бір адам көріп қалса «Мына кісі намаз оқиды екен» деп таңданатын болды. «Намаз оқиды» дегеніміз «Ол тыныс алып жатыр» дегенмен бірдей. Тыныс алып, өмір сүріп жатқан адамға «Тыныс алып жатыр» деп айту қаншалықты орынды? Намазсыз өмір жоқ. Намаз – мұсылманның тынысы. Намаз жоқ болса, адам тыныс алып жатқан жоқ деген сөз. Бес уақыт намазды қуанып оқу керек, балаларға да үйрету қажет. Бір кісі айтып берген:

«Құдайға шүкір, әкем намазға аса мән беретін еді. 5-6 жасымда маған намаз оқуды бастатқызды. Бір күні кешке жұмысынан келген еді. Біз 8-9 жасар едік, бауырыммен ойнап жүріп, шаршағаннан бәріміз бір бұрышта ұйықтап қалыппыз. Әкем келіп анама: «Балалар намаздарын оқыды ма?» деп сұраған. Анам «Оқымады, ойнап жүріп ұйықтап қалыпты» деген. Біз әкемнің айқайын ести салып ояндық, сасқанымыздан құбыланы, дәретті ойламастан бірден намазға тұрдық. Әке деген осындай болады, жағдайға қарай кейде жылы сөзбен, кейде қаталдықпен ескертіп, міндетті түрде балаларына намаз оқытқызады. Қайтыс боларында төсегінде де соңғы сөзі «Намазыңа мұқият бол» болған. Әкем намаздың маңыздылығын жақсы білгені үшін мынадай насихат айтқан еді:

"Балам, намаз өте маңызды. Бұл биліктің, әкімнің немесе менің бұйрығым емес. Бұл Аллаһу та'аланың бұйрығы. Намаз Адам алейһиссаламнан бері барлық пайғамбарға, барлық үмбетке әмір етілген. Егер бір уақыт намазды оқымай өткізіп алатын болсаң, ахиретте екі қолыммен жағаңа жабысамын, сені кешірмеймін. Маған уәде бер!"- деді. Мен уәде бердім. Әлхамдулиллаһ, сөзімде тұрудамын.»