8 - Рабиул-ахир, 1440 жыл.
     15 - Желтоқсан, 2018 жыл.   



ҚИЯМЕТ және АХИРЕТ (Кіріспе)

КІРІСПЕ

Аллаһу та'ала әлемдегі барша адамзатқа жанашырлық танытып, пайдалы нәрселерді жаратып жіберуде. Бүкіл адамдардың дүние мен ахиретте рахат және бақытты өмір сүруі үшін қалай әрекет ету керектігін білдірген. Ол ахиретте тозаққа түсуі керек болған мүминдерден қалағанына сияпат көрсетіп кешіреді, жәннатқа кіргізеді. Барлық жандыны жаратқан, барлық болмысты әр сәтте бар қылып ұстап тұрған, бәрін қорқыныш пен үрейден қорғап тұрған тек қана Ол. Осындай Аллаһтың қасиетті есіміне сиынып, осы кітапты жазуды бастаймыз.

Аллаһу та'алаға мадақтар болсын! Ол берген ниғметтерге, жақсылықтарға шексіз шүкірлер болсын! Қандай да бір адам кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген біреуге, кез келген бір себеппен, кез келген жолмен хамд етсе (рахмет, мадақ айтса), бұл мадақтау мен шүкірлердің бәрі Аллаһу та'алаға жасалған болады. Өйткені барлық нәрсені жаратқан, тәрбиелеген, жетілдірген, түрлі жақсылықтар жасатқызған Ол. Күш-құдірет иесі тек қана Ол. Егер Ол еске түсірмесе, ешкім жақсылық пен жамандық жасауды қалай алмайды. Құл қалағаннан кейін Ол да тілемегенше, қуат пен мүмкіндік бермегенше, ешкім ешкімге титімдей жақсылық немесе жамандық жасай алмайды.

Оның пайғамбарларының бәріне (алейһимуссалауату уәттәслимат) және әуелі олардың ең үстемі болған Мұхаммед Мұстафаға (алейһи уә алейһимуссалауату уәттәслимат) сәлемдер мен дұғалар болсын! Ол ұлы пайғамбардың (саллаллаһу та'ала алейһи уәсәлләм) Әһли бәйтіне (жанұясына) және Оның рухтарға шипа болған әдемі жүзін көру, пайдалы сөздерін есту абыройына қауышқан, осылайша бүкіл адамзаттың ең қадірлісі болған сахабаларының әрбіріне (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) бізден сәлемдер мен дұғалар болсын!

Мұсылман болу үшін «Калима-и тәуһид» деп аталатын «Лә илаһа иллаллаһ, Мухаммадун Расулуллаһ» сөзін айту, әрі оның мағынасын қысқаша білу және сену керек. Мұның мағынасын білу – алты негізді білу деген сөз. Бұл алты негіз «Иманның шарттары» деп аталады. Бұл алты негіздің бесіншісі – ахирет өміріне сену. Хижри 450 жылы дүниеге келіп, 505 [м.1111] жылы қайтыс болған үлкен Ислам ғалымы имам Мұхаммед Ғазали (рахметуллаһи алейһ) қиямет ахуалын түсіндіру үшін «Дуррә-тул Фахира фи-кәшфи улум-ил-ахира» атты бөлек кітап жазды. Бұл кітабы «Кәшф-уз-зунун»-да да білдірілген. Кастамоны қаласының (Түркия) әскери орта мектебінің араб тілі мұғалімі Омар мырза осы құнды кітапты арап тілінен түрікшеге аударып, оны «Құран кәрімдегі қиямет пен ахирет жағдайлары» деп атаған. Бұл кітап 13 қараша 1911 жылы, 5 зүлқада 1329 хижри жылы Кастамоныда жарық көрген. Қазір осы құнды кітапты қайтадан басып шығару баспамызға нәсіп болды. Басқа құнды кітаптардан алынып, кейіннен қосылған түсіндірмелер тік жақша [ ] ішінде жазылды.

Дін бауырларымызға осы қызметті ұсынуымызды нәсіп еткен Аллаһу та'алаға шексіз шүкірлер болсын! Аллаһу та'ала бәрімізге Әһли сүннет ғалымдары көрсеткен дұрыс білімдерді үйренуді, оларға сенуді, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам білдірген әмірлер мен тыйымдарға бағынып, жақсы адам болуды нәсіп етсін! Жақсы адам баршаға жақсылық жасайды. Ешкімнің мал-мүлкіне, жанына, ар-намысына тиіспейді. Үкіметке, заңға қарсы шықпайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ислам діні – қылыштардың көлеңкесінің астында» деген. Мұның мағынасы: «Адамдар мемлекеттің, заңның басқаруы, қорғауы астында рахат өмір сүреді. Ғибадаттарын еркін орындайды» деген сөз. Мемлекет қаншалықты күшті-қуатты болса, елдің рахаты мен тыныштығы соншалықты артады. Сондықтан мұсылмандардың мемлекетке әрдайым көмектесуі, салықтарын уақытылы төлеуі, жылы сөзбен және күлімдеген жүзбен баршаға насихат айтуы қажет. Дін дұшпандарының өтіріктеріне, айлаларына және жалаларына алданып, дініне, мемлекетіне опасыздық жасаудан Аллаһ сақтасын! Әмин.

Қазіргі таңда әлемдегі мұсылмандар ірі үш топқа бөлінген. Бірінші топ: Асхаби кирамның (сахабалардың) жолында болған шынайы мұсылмандар. Олар «Әһли сүннет», «Сүнни» және «Фырқа-и нажия», яғни тозақтан құтылған топ деп аталады. Екінші топ: Асхаби кирамға дұшпан болғандар. Олар «Шиит» немесе «Фырқа-и даллә», яғни адасқан топ деп аталады. Үшіншісі: Сүннилерге де, шииттерге де дұшпан болғандар тобы. Олар «Уаххаби» және «Нәжди» деп аталады. Өйткені олар ең алғаш Арабстанның Нәжд қаласынан шыққан. Оларды «Фырқа-и мәлъунә» деп те атайды. Себебі олардың мұсылмандарды мүшрик деп атағаны «Қиямет және Ахирет» және «Сәадәти Әбәдийа» кітаптарымызда жазулы. Мұсылмандарға кәпір дегендерді пайғамбарымыз лағнеттеген. Мұсылмандарды осы үш топқа бөлгендер яһудилер мен британдықтар.

Қай топта болса да, нәпсіне ерген және ниеті жаман болған адам тозаққа кіреді. Әр мүмин нәпсін тәрбиелеу үшін, яғни нәпістің жаратылысында бар болған күпір мен күнәларды тазалау үшін әрдайым көп «Лә илаһа иллаллаһ» айтуы және жүрегін (көңілін) тазалау үшін, яғни нәпіс пен шайтаннан және жаман достар мен зиянды, адастырушы кітаптардан келген күпір мен күнәлардан құтылу үшін «Әстағфируллаһ» оқуы керек. Ахкам-ы исламияны (Ислам үкімдерін) ұстанған адамның дұғасы міндетті түрде қабыл болады. Намаз оқымайтын, ашық әйелдерге қарайтын және харам ішіп-жейтін кісінің ахкам-ы исламияны ұстанбағаны аңғарылады. Олардың дұғалары қабыл болмайды.

Милади жыл санақ – 2018 ж.

Хижри шәмси – 1396 ж.

Хижри қамари – 1439 ж.

 

Анықтама: Миссионерлер христиан дінін таратуға, яһудилер Талмутты таратуға, Стамбулдағы Хақиқат кітап үйі Ислам дінін таратуға, ал масондар барлық діндерді жойып жіберуге тырысып жатыр. Ақылды, білімді және ынсапты кісі бұлардың дұрысын аңғарып, түсініп, табады. Оның жайылуына көмектесіп, барлық адамдардың дүние мен ахиретте бақытқа қауышуына себеп болады. Адамдарға бұдан да құнды және пайдалы қызмет бола алмайды. Қазіргі христиандар мен яһудилердің қолдарындағы Тәурат пен Інжіл деп аталатын діни кітаптарының адамдар тарапынан жазылғандығын өз адамдары да айтып жүр. Ал Құран кәрім Аллаһу та'ала тарапынан жіберілген кезіндегідей тап-таза. Бүкіл поптар мен раввиндердің Хақиқат кітап үйі баспасы жариялаған кітаптарды мұқият және ынсаппен оқып, түсінуге тырысуы қажет.