11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   


ТӨРТІНШІ ТАҚЫРЫП

Кәпір болғандардан Мүнкәр-Нәкир періштелері «Мән Раббукә?» (Раббың кім?) деп сұрағанда «Лә әдри», яғни «Мен білмеймін» деп жауап береді. Олар «Білмедің, есіңе түсірмедің» дейді.

Кейін оны темір қамшымен сабап, жетінші қабат жердің астына кіргізіп жібереді. Кейін жер сілкініп, оны қайта қабіріне шығарып тастайды. Осылай жеті рет қайталанады. Кейін олардың жағдайлары әр түрлі болады. Кейбірлерінің амалдары ит кейіпіне айналып, қияметке дейін оны тістейді. Олар қиямет күніне және Ислам хабарлаған мәліметтерге күмән келтірген бейбақтар болады. Қабір халқының басына әр түрлі жағдайлар келеді. Бірақ біз мұнда өте қысқа баяндадық. Қабір азабы негізінде әр адамға дүниеде ең қатты қорыққан нәрсесі арқылы беріледі.

Мысалы, кейбір адамдар жыртқыш жануардан қатты қорқады. Адамдардың жаратылысы бұл тұрғыда әр түрлі. Аллаһу та'аладан саламаттық пен өкінуден бұрын кешіруін тілейміз.

Мәйіттерден көп рет риуаят етілген және олар түске кіріп, жағдайлары сұралғанда жауаптар алынған. Олардың бірінен жағдайы сұралғанда: «Бір күні дәретсіз намаз оқыған едім. Аллаһу та'ала менің басыма бір құртты бәле қылды. Жағдайым өте нашар» деді. [Намаз оқымайтындардың және оқымаған намаздарының қазасын өтемейтіндердің жағдайы қандай болатыны осыдан да аңғарылуда.]

Басқа бірі түске кіріп, «Аллаһу та'ала саған қалай мәміле жасады» деген сұраққа: «Бір күні жүніп болып, ғұсыл алмаған едім. Аллаһу та'ала маған оттан киім кигізді. Сол киімде қияметке дейін бір жақтан екінші жаққа аударып, мені азаптап жатыр» деді. [Әр мұсылман ата-ана балаларына ғұсыл алуды үйретуі керек.]

Басқа бірі түске кіріп, «Аллаһу та'ала саған қалай мәміле жасады» деген сұраққа: «Мені жуған кісі денемді күштеп аударған кезде тақтайдың шегесі денемді сырып жіберген еді. Осыдан қатты қиналдым» деді. Ертеңіне таңертең жуған адамнан сұралғанда «Байқаусызда сондай жағдай болған еді» деді.

Тағы басқа біреу түске кіріп, «Жағдайың қалай, сен өлмеген бе едің?» деген сұраққа: «Иә, мен жақсы жатырмын, бірақ үстіме топырақ тасталып жатқанда бір тас түсіп, екі сүйегімді сындырды. Бұл мені қатты қинады» деді. Осыған орай қабірі ашылды. Айтқанындай тас түскен екен.

Бір кісі баласының түсіне кіріп, «Ей, жаман бала! Әкеңнің қабірін түзет! Өйткені жаңбыр қинап жатыр» деді. Оның да қабірі ашылды. Су тоғаны сияқты толып тұрғаны байқалды, селден аққан су толтырған еді.

Арап бәдәуилердің бірі риуаят еткен. Баламнан «Аллаһу та'ала сені қалай қарсы алды» деп сұрадым. «Еш зиян көріп жатқаным жоқ, алайда пәленше күнәхардың қасына жерленгенім үшін оған берілген азаптардан қорқып жатырмын» деді. Көп жағдайларда хабарланған осыларға ұқсас оқиғалардан айқын аңғарылып тұрғаны, қабірде жатқандар қабір азабын тартады. Сондықтан пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мәйіттің сүйектерін сындыруға тыйым салған және біреудің қабір үстіне отырғанын көргенде: «Мәйітке қабірлерінде жапа шектірмеңдер» және «Тірі адамдар үйлерінде қиыншылық пен азапты қалай сезетін болса, мәйіт те қабірінде солай қиыншылық пен азапты сезеді» деген.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) анасы хазреті Әминаның қабірін зиярат еткен кезде жылады. Оны көріп, қасындағылар да жылады. Былай деді: «Раббымнан оның кешірілуін тілеуге рұқсат сұрадым. Рұқсат бермеді», кейін «Қабірін зиярат етуге рұқсат сұрадым. Рұқсат берді. Олай болса, сендер де қабірлерді зиярат етіңдер! Өйткені қабір зияраты өлімді еске түсіруге себепші.» [Расулуллаһқа ардақты анасы мен әкесін кешіруге кейіннен рұқсат берілді. Онсыз да олар мүмин еді. Кейіннен тіріліп, осы үмбеттен болды.

Бұл хадис шәриф Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құрметті ата-анасының мүмин болғанын көрсетуде. Өйткені кәпірлердің қабірін зиярат етуге тыйым салынған. Олардың қабірлерін зиярат етуге рұқсат берілуі олардың кәпір болмағанын айқын көрсетіп тұр. Кешірілу үшін рұқсат берілмеуінің себебі бар еді. Аллаһу та'ала сүйіктісінің құрметіне қадірлі ата-анасын одан да үлкен ниғметке қауыштыруды қалады. Лайықты деп санаған, тағдыр еткен уақыты келгенде оларды тірілтіп, ұлдарының пайғамбарлардың ең үстемі екенін көрсетіп, Оған иман келтіріп, үмбеті болу құрметіне және сахабалық мәртебесіне қауыштырмақшы еді.

Нишанжы зада Мұхаммед бин Ахмед (рахметуллаһи алейһ) жазған түрік тіліндегі «Мир’ат-ул-каинат» кітабының бірінші том, екі жүз жиырма жетінші бетінде былай жазылған:

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қадірлі ата-анасының иман келтіруі туралы ғалымдар әр түрлі үкімдер айтты. 911 [м.1505] жылы қайтыс болған Абдуррахман бин Әби Бәкр Суюти «Мәсалик-ул-хунәфә» атты кітабында және басқа көптеген құнды кітаптарында бес түрлі хабар жеткізген:

(Нишанжы зада 1031 [м.1622] жылы қайтыс болған.)

1) Олардың екеуі де Расулуллаһтың дінге шақыруынан, яғни би’сәттен бұрын сауатсыздық заманында қайтыс болды. Шафии ғалымдарының бәрінің және Ханафилердің көбінің үкімі бойынша бір пайғамбардың дінін естімеген адамның иман келтіруі қажет болмайды. Өйткені пайғамбардың дінін естімей тұрып ойланып, иманды ақылмен табу қажет емес. Естігеннен кейін Аллаһу та'аланың бар екенін ойлап түсіну, иман келтіру керек болады. Сауатсыздық заманында өткен пайғамбарлар ұмытылған еді. Өйткені ғасырлар бойы кәпірлер, залымдар билікті қолға алып діндерді жойған, дін адамдарын қыспаққа алып, оларға қорлық жасаған, имандылар азайып, жасырынып жүрген, осылайша дінді, иманды білетіндер қалмаған. Әр ғасырда келген залымдар, рухы нашар, опасыз адамдар осылай күш салуда, дін адамдарын, діни білімдерді жою үшін имандыларға қарсы өшпенділікпен жануардай шабуылдауда. Британдықтар мен коммунисттер осындай. Бірақ осы залымдардың ешбірі иманды жоя алмаған, өздері қор болып, өте қиын, нашар жағдайда биліктерінен айрылған, зауықтарына тоя алмастан өліп кеткен, есімдері лағнетпен аталған немесе мүлдем ұмытылып кеткен. Аллаһу та'ала пайғамбар немесе ғалым жаратып, иман нұрымен жер бетін жаңадан жарық қылды. Ақылы бар адамдар бұдан ғибрат алып оянуы, дүние мен ахиретте масқара болмау үшін дін дұшпандарына алданбауы керек.

2) Сауатсыздық заманында өмір сүргендер қиямет күні емтихан етіледі, ол жақта иман келтіргендер жәннатқа кіреді, – деген ғалымдар болған, дегенмен бұл сөздің заиф (әлсіз үкім) екендігі «Мәктубат аудармасы» кітабында, 259-хаттың аудармасында түсіндірілген.

3) Аллаһу та'ала сүйікті пайғамбарының (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қадірлі ата-анасын тірілтті. Олар өз ұлдарына иман келтіріп, Оған үмбет болу абыройына ие болды, кейін қайтадан қайтыс болды. Имам Суюти (рахметуллаһи алейһ) олардың тірілгенін хабарлаған хадис шәрифті жазған. «Заиф (әлсіз) хадис болса да, көп адам хабар бергендіктен, қуатты болған. Ғалымдардың көбісінің үкімі бойынша, бұл қуатты хадис. Ғибадаттардың қадірін, мұсылманның үстемдігін хабарлайтын заиф хадисті ұстануға болады» деген.

4) Фахруддин Рази және көптеген ғалымдар айтқан, Тәубе сүресінің жиырма сегізінші аятында «Мүшриктер – нәжіс» делінген. Яғни бүкіл кәпірлер лас. Алайда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мен әр уақытта таза әкелерден, таза аналарға өтіп келдім» деген.

Басқа бір хадис шәрифте «Әр ғасырда сол заманның адамдарының ең қайырлыларынан келдім» делінген. Ал кәпірге қайырлы деп айту жаиз (рұқсат) емес. Сондай-ақ Шуара сүресіндегі екі жүз он тоғызыншы аятында: «Сені сәжде етушілерден өткізеді» делінген. Бұл жерден бүкіл аталарының, аналарының мүмин болғандығы аңғарылуда. Ибраһим алейһиссаламның әкесі деп аталған Азердің кәпір екендігі Құран кәрімде білдірілгенімен, Абдуллаһ ибн Аббас және Имам Мүжаһид «Азер Ибраһим алейһиссаламның көкесі еді» деген. Арабстанда көкеге әке дейді. Хадис шәрифте айтылған: «Тозақта ең жеңіл азап – Әбу Талибтың азабы.» Әбу Талибтың азабы азаптардың ең жеңілі болса, Расулуллаһтың ата-анасы тозақта болғанда еді, азаптың ең жеңілі осы екеуінің азабы болар еді. Бұл хадис шәриф осы тұрғыдан екеуінің де мүмин болғанын көрсетуде.

(Фахруддин Рази 606 [м.1209] жылы Хиратта қайтыс болды.)

5) Ғалымдардың көбі бұл мәселеде әдепке, құрметке қайшы сөйлемеу керектігін, "дұрысын Аллаһу та'ала біледі"- деп, тілді тыю керектігін жөн көрді. Шәйх-ул-ислам ғұлама Ахмед ибн Камал Паша «Әбәуәйн» рисаласының соңында жазғанындай, «Өлілерді жамандап, тірілерді ренжітпеңдер!» хадис шәрифі және Тәубе сүресінің «Расулуллаһты ренжіткендерді Аллаһ лағнет етсін!» деген алпыс екінші аяти каримасы бойынша "Расулуллаһтың әкесі тозақта" деген адам малғұн. «Мир’ат-ул-каинат» кітабынан үзінді тәмәм болды.]

Пайғамбарымыз (алейһиссалам) бір қабірдің қасына келгенде «Дүние мен ахирет саламаттығы мүмин-мұсылмандардан осы қабірдегілердің үстіне жаусын. Біз иншааллаһ сендерге қауышамыз. Сендер бізден бұрын көштіңдер. Біз сендерге еріп, кейіннен барамыз. Йа, Раббым! Бізді және осыларды мағфирет ет және кешіріміңмен күнәларымызды кеш» дейтін еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қадірлі жұбайларына да (радиаллаһу та’ала анһуннә) қабірді зиярат еткенде осы дұғаны оқуды бұйыратын еді.

Салих Мүзәни (рахимәһуллаһ) айтқан, «Кейбір ғалымдардан "Мазарда намаз оқуға неліктен тыйым салынған?" деп сұрадым. Бұл туралы хадис шәриф келді деп хабарлады. «Сендер қабірлердің арасында намаз оқымаңдар. Өйткені бұл соңы болмаған қайғы-қасірет». Яғни өкінесіңдер деген хадис шәрифті оқыды.» [Исмаил Мүзәни – Имам Шафиидың шәкірті еді. 264 [м.878] жылы Мысырда қайтыс болды.]

Осы себептен нәжіс бар жерде, мысалы мазарда және моншада намаз оқу мәкрух болады.

Бір кісіден риуаят етілген. «Бір күні қабірлердің арасында намаз оқыдым. Күн өте ыстық еді.

Бірден атама ұқсайтын біреуді қабірінің үстінде отырғанын байқадым. Қорққанымнан намаздың сәждесін жасай алмадым. "Жер бетінің кеңдігі саған тар болып, осы жерді таптың ба? Намазыңмен біраз уақыттан бері бізді қинайсың" дегенін естідім.»

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір жетімді кездестірді. Әкесінің қабірі басында айқайлап жылап отырған еді. Ол жетімге жаны ашып, өзі де жылады. Кейін «Өлі әрине жақындарының айқайлап жылауы себебінен азапталады. Яғни қайғы мен қасірет келеді» деді.

Қаншама өлілер бар, түске кіріп, сұрақ қойған адамға «Жағдайым өте нашар. Пәленшелерден қорлық көріп жатырмын. Олардың артымнан қатты жылап, айқайлағаны мені қинап жатыр» деп хабар бергені орын алған. Алайда дүмшелер [қысқа ақылдарына сүйеніп] мұны жоққа шығаруда.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Сендерден бірің қайтыс болған таныстарыңның қабіріне барып, сәлем берсеңдер, ол мүмин сендерді танып, сәлемдеріңе жауап береді» деген.

Тағы осы сияқты, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мәйітті жерлеуден қайтқанда «Өлі кісі қадамдардың дауысын естиді және "естимін, естимін" деп қайғырғанын айтады» деген.

Фиқһ ғалымдарынан (рахимә-һуллаһу таала) риуаят етілуінше, бір кісі өсиет етпей қайтыс болды. Кейін түнде бала-шағасының түсіне кіріп «Пәленшеге осыншама бидай беріңдер. Пәленшеден аманатқа алған кітабымды қайтарыңдар» деді. Таңертең бәрі бір-біріне көрген түстерін айтып берді. Бидайды айтқан адамына берді. Бірақ кітапты іздеп таба алмады. Бұған таң қалды. Біраз уақыттан кейін кітапты үйдің бір бұрышынан тауып алды.

Бір кісіден риуаят етілген. «Әкем бізге тәрбиеші тағайындаған еді. Ол бізге үйде жазуды үйрететін. Ол кісі қайтыс болды. Алты күннен кейін қабіріне бардық. Аллаһу та'аланың әмірін ойлап отырған едік, қасымыздан бір табақ інжір көтеріп біреу өтіп бара жатты. Інжірді сатып алдық та бәріміз жедік. Дәнектерін сол жерге тастадық. Сол түні біздің ұстазымыз әкеміздің түсіне кіріп, "Жағдайың қалай?" деген сұраққа "Жағдайым жақсы. Бірақ балаларың қабірімді күл-қоқысқа айналдырды. Жаман сөздер айтты" деді. Әкем бізден мән-жайды сұрады. Біз "Субханаллаһ! Бізді дүниеде тәрбиеледі, ахиретке кеткен болса да, тағы тәртіпке шақырып жатыр" деп таң қалдық.» Осы сияқты оқиғалар өте көп. Алайда осыншалықты уағыз бен насихатты жеткілікті деп санадым, аз сөзден көп ғибрат аларсың.