18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   


СЕГІЗІНШІ ТАҚЫРЫП

Әрбір адам өз қабірінің үстіне шығып, кейбірлері жалаңаш, кейбірлері қара киімді, кейбірлері ақ киімді, кейбірлері нұр шашып тұрған күйде отырады. Әрбірі басын иіп, не істерін білмей, мың жылдай отырады. Кейін батыстан от шығып, соның гүрілімен халық махшар алаңына айдалады. Бұл уақытта барлық жаратылыс үрейге түседі. Адамды да, жынды да, жабайы жануарды да, бәрін өз істеген амалы алып, «Тұр, махшарға бар» дейді.

Амалдары жақсы болған адамның амалы есек, ал кейбірлерініңкі қашыр кейіпінде көрінеді. Амал өз иесін үстіне мінгізіп, махшарға алып барады. Кейбірлердікі қошқар кейіпінде көрінеді. Кейбір жағдайда амал иесін үстіне мінгізіп апарады, кейде тастап кетеді. Әр мүминнің нұры болады, алдына және оң жағына сол кездегі қараңғылықта жан-жаққа жарық шашады.

Сол жақтарында нұр болмайды. Бәлкім, қараңғыда ешкім ештеңе көре алмайды. Ол қараңғылықта кәпірлер не істерін білмей қадалып қалады. Имандарында күмәні мен күдігі бар адамдар [және бидғатшылар, мазһабсыздар] сасып қалады. Әһли сүннет ғалымдарының (рахметуллаһи алейһим әжмаин) көрсеткеніне сай дұрыс сенген [Сүнни] мүминдер олардың қараңғылығы мен сасқанына қарап, Аллаһу та'аланың өздеріне хидаят нұрын бергеніне шүкір етеді. Өйткені Аллаһу та'ала мүминдерге азапталып жатқан шақилардың (тозақтықтардың) жағдайларын көрсетеді, мұнда көп һикмет бар. Расында, жәннаттықтар мен тозақтықтар не істеген болса, бәрі мәлім болады. Сондықтан, Аллаһу та'ала сол уақыттағы адамның жағдайы жайлы «Досына назар салды. Оны тозақ отында көрді» деген. Араф сүресінің қырық жетінші аятында: «Тозақ халқына қараған кезде жәннаттықтар: Ей, Раббымыз! Бізді залым қауымдармен бірге қылма дейді» деген. Себебі төрт нәрсе бар, қадірін, маңызын тек төрт адам ғана біледі:

Өмірдің қадірін тек қана өлі біледі. Ниғметтің қадірін қиналып жүрген біледі. Байлықтың қадірін кедей біледі. (Бұл жерде төртіншісі жазылмаған. Бірақ жәннат халқының қадірін тозақ халқы біледі делінген.)

Кейбірлерінің нұры екі аяғында және саусақтарының ұшында ғана көрінеді. Кейбірлерінің нұры бір жарқырап, бір сөніп тұрады. Олардың нұрлары имандары шамасында. Қабірлерінен тұрған кездерінде әрекеттері де амалдары шамасында.

Сахих болған хадис шәрифте пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Йа, Расулаллаһ! Біз қалай тірілеміз?» деп сұралғанда жауап ретінде: «Екі кісі бір түйенің үстінде, бес кісі және он кісі бір түйенің үстінде тіріледі» деген.

Аллаһу та'ала біледі, бұл хадис шәрифтің мағынасы: «Бір қауым Исламда бір-біріне көмектесіп, дінді, иманды, халал-харамды бір-біріне үйретсе, Аллаһу та'ала оларға мейірім етеді. Олардың амалынан түйе жаратады да, олар соның үстіне мінеді. Солай тіріледі» деген сөз. Ал бұл жағдай амалдың әлсіз болуынан. Өйткені олардың өз амалдары бір түйе бола алмағандығынан, тек бірнешеуінің амалдары бір түйе болуда және ортақ саналуда.

Олар мына адамдарға ұқсайды: Сапарға шыққан. Бірақ ешкімнің жануар сатып алуға уақыты болмағандықтан, жануар сатып алатын жерлеріне бара алмайды. Олардан екі немесе үш кісі бір жануар сатып алып, жолда оған бірге мінеді. Бұл жолда кейде бір түйеге он кісі мінеді. Бұл жағдай әлсіз амалдары салдарынан. Мұның мағынасы, мүлікті қолында қысып ұстау. Яғни сараң болу. Сонымен қатар, олар да саламаттыққа шығарылады. Олай болса, бір амал істе, сол амалдың себебімен Аллаһу та'ала саған көлік жануар нәсіп етсін.

Мынаны біліп алу керек, бұл адамдар ахирет саудасында пайда көріп, табыс тапқандар. Бұл жағдайда Аллаһу та'аладан қорққандар, Аллаһу та'аланың дінін жайғандар – мінушілер. Сондықтан Аллаһу та'ала Мәриәм сүресіндегі сексен бесінші аятында: «Аллаһу та'аладан қорққандар сол күні Раббыларының ниғметтеріне бірлесіп барады» деген.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні сахабаларына айтты: «Бәни Исраилда бір кісі бар еді. Көп қайырымдылық жасайтын. Ол кісі сендердің араларыңда тіріледі.» Сонда Асхаби кирам сұрады: «Йа, Расулаллаһ! Ол кісі қандай қайырымдылық жасады?» Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жауап берді: «Оған әкесінен көп мал-мүлік қалған еді. Сол мүліктен бір егістік жер сатып алып, оны кедейлерге арнады. "Раббымның алдына барған кезімде бұл менің бақшам болады" деді. Тағы көп алтын ажыратып, оны кедейлер мен мұқтаждарға берді. "Мұнымен Аллаһу та'аладан күң мен құл сатып аламын" деді. Тағы көптеген құлдарды азат етіп, "Олар Аллаһу та'аланың алдында менің қызметшілерім болады" деді. Бір күні бір соқыр кісімен кездесіп қалды. Бір жүріп, бір құлап, қиналғанын көрді. Оған мінетін жануар сатып алып, "Бұл – Аллаһу та'аланың алдында менің мінетін көлігім" деді.»

Пайғамбарымыз бұл хикаяны айтып болғаннан соң: «Нәпсім құдіретінде болған Аллаһу та'алаға ант етемін, сол жануардың ол үшін жүгенделіп дайын тұрғанын көріп тұрмын. Бұл кісі оған мініп, махшарға солай барады» деді.

«Сырат мүстақим үстінде жүрген адам мен көздері соқыр бетін жерге сүйретіп жүрген жолын білмейтін адам тең бе?» деген Мүлк сүресінің жиырма екінші аяти каримасының тәфсирінде жазылғанындай, Аллаһу та'ала қиямет күнінде мүминдердің тірілуі мен кәпірлердің тірілуіне осы аяти кариманы мысал қылды.

Расында, Мәриәм сүресінің сексен алтыншы аяти каримасында: «Кәпірлерді беттерімен жерге сүйреп тозаққа жібереміз» делінген. Бұл мағына кейде жүреді, кейде сүрінеді деген сөз. Өйткені Аллаһу та'ала басқа бір аяти каримада «Жүреді» деген. Нұр сүресінің жиырма төртінші аятында: «Және не істегендерін тілдері, қолдары және аяқтары хабарлайды» деген. Осы сияқты аяти каримадағы «Соқыр болып» дегеннің мағынасы кәпірлер мүминдердің алдында және оң жағында жарқыраған нұрдан мақрұм қалады деген сөз. Толықтай соқыр болады деген сөз емес. Яғни қараңғыда қалады, көре алмайды деген сөз. Өйткені, біз білеміз, кәпірлер аспанға қарайды, бұлтпен жарылғанын, періштелердің түскенін, таулардың орнынан қозғалып жаншылғанын, жұлдыздардың төгілгенін көреді.

Қиямет күнінің қорқыныштары «Бұл Құран кәрім сиқыр ма? Немесе сендер оны көре алмайсыңдар» деген Тур сүресінің он бесінші аяти каримасының тәфсирі. Сондықтан қияметтегі соқырлықтың мағынасы – қараңғылықта қалу. Және Аллаһу та'аланың жамалын (дидарын) көруге тыйым салыну. Өйткені Аллаһу та'аланың нұрымен махшар алаңы жап-жарық болады. Алайда ол кезде олардың көздерін перде жауып, бұл нұрдан ештеңе көре алмайды.

Аллаһу та'ала олардың құлақтарын да перделейді. Кәламуллаһты (Аллаһу та'аланың сөздерін) естімейді. Ол кезде періштелер «Қазір сендерге қорқыныш жоқ. Сендер тіпті мұңаймайсыңдар да. Сендер және әйелдерің жәннатқа қуанып кірдіңдер» деген Араф сүресінің қырық тоғызыншы және Зухруф сүресінің жетпісінші аяттары арқылы үндеу салады. Мүминдер мұны естиді, кәпірлер естімейді.

Кәпірлерге сөйлеуге де тыйым салынады. Олар тілсіз сияқты үнсіз қалады. Бұл Аллаһу та'аланың «Бұл сол бір уақыт, олар сөйлей алмайды және сөйлеуге тіпті рұқсат та берілмейді» деген Мүрсәләт сүресінің отыз бесінші және отыз алтыншы аяти карималарынан аңғарылуда.

Адамдар дүниедегі амалдарына қарай тіріледі. Кейбірлері сазды аспап шалып және тыңдап уақытын өткізген. [Музыкалық аспаптардың барлық түрі айтылуда. Ғибадаттарды, Құран кәрім мен зікір оқуды сазды аспаппен орындау да бұған тиесілі. Өйткені ешбір сазды аспапта Аллаһу та'аланың разылығы жоқ.] Өмірлерінде сазды аспап шалып, тыңдап жүргендер қабірінен тұрған кезде оң қолымен оны алып лақтырады. Сөйтіп сазды аспапқа айтады «Саған лағнет болсын! Мені Аллаһу та'алаға зікір етуден мақрұм қалдырдың!».

Сазды аспап оған қайтып келеді де айтады: «Аллаһу та'ала екеуміз арамызда үкім бергенге дейін мен сенің досыңмын. Сол уақытқа дейін сенен айрыла алмаймын.» Осылайша дүниеде спиртті ішімдік ішкендер мас болып тіріледі. Бастары, аяқ-қолдары ашық күйде көшеге шыққан әйелдер, қыздар осы мүшелерінен қан, ірің ағып тіріледі. Сырнай шалушылар сырнай шалып тіріледі. Кім болса да, осылай Аллаһу та'аланың жолынан айрылса, сол жағдайда тіріледі.

Сахих болған хадис шәрифте риуаят етілген: «Шарап ішкен адам оттан жасалған шарап ыдысы мойнына асылған және жер бетіндегі заттардың бәрі оған лағнет еткен күйде тіріледі.»

Зұлымдық көріп өлгендер сол зұлымдықтың зардабы үстінде тіріледі. Сахих болған хадис шәрифте айтылған: «Аллаһ жолында өлтіріліп, шәһид болғандар қиямет күнінде жараларының қаны ағып келеді. Қан түсті және миск сияқты хош иісті болады. Аллаһу та'аланың алдында тірілгенге дейін осы жағдайда болады.»

Бұл кезде періштелер оларды топ-топ, жамағат-жамағат қылып жібереді. Әрбірінің астында өздеріне зұлымдық жасағандар жатқан күйде тіріледі. Адам, жын, шайтан және жыртқыш жануарлар мен құстар бір жерде жиналады. Ол кезде жер беті бірыңғай ақ, күмістей тегіс болады.

Періштелер жер бетіндегі жандылардың айналасында шеңбер болып тұрады. Олар жер бетіндегілерден он есе көп.

Бұдан кейін Аллаһу та'ала екінші қабат аспан періштелеріне әмір етеді, олар бірінші қабаттағы періштелерді және жаратылыстарды қоршайды. Олар бәрінің жиырма есесінен көп.

Кейін үшінші қабат періштелері түсіп, бәрінің айналасын шеңбер болып қоршайды. Олар бәрінің отыз есесінен көп.

Кейін төртінші қабат періштелері бәрінің айналасын шеңбер болып қоршайды. Олар бәрінің қырық есесінен көп.

Кейін бесінші қабат аспанның періштелері түсіп, шеңбер болып қоршайды. Олар бәрінің елу есесінен көп.

Одан кейін алтыншы қабат аспан періштелері түсіп, бәрінің айналасын шеңбер болып қоршайды. Олар бәрінің алпыс есесінен көп.

Соңында жетінші қабат аспан періштелері түсіп, шеңбер болып бәрін қоршап алады, олар бәрінің жетпіс есесінен көп.

Бұл уақытта халық бір-бірімен араласып кеткен болады. Тығыз орналасып, абыр-сабыр болғаннан бір-бірінің аяқтарын басады. Әркім өз күнәсына қарай терге батады. Кейбірлері құлағына дейін, кейбірлері тамағына дейін, кейбірлері кеудесіне дейін, кейбірлері иығына дейін, кейбірлері тізесіне дейін моншадағыдай терге түседі. Кейбір адамдар шөлдеп тұрған адам су ішкенде қалай терлесе, соншалық аз терлейді.

«Асхаб-и рәй» – олар мінбер иесі болғандар. «Асхаб-и рышх» – терлегендер. «Асхаб-и ка'бәйн» [яғни тобықтарына дейін терлегендер] суда тұншығып қайтыс болғандар. Періштелер оларға: «Сендерге енді қорқыныш пен қайғы жоқ» деп үндеу салады.

Кейбір әулие ғалымдардың маған хабар бергені бойынша, олар «Әууабун»дар. «Фузайл бин Аяз» (рахметуллаһи алейһ)  (187 [м.803] жылы Меккеде қайтыс болды.) және басқалары осылардан. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Күнәсына тәубе еткен адам мүлдем күнә істемегендей болады» деген. Бұл хадис шәриф мутлақ. Яғни бір шартқа байланбаған. Бұл үш топ, яғни «әһли рәй, әһли рышх, әһли ка’б» «Ол күні кейбірлерінің түрі ақ, ал кейбірлерінің түрі қара болады» деген Али Имран сүресінің жүз алтыншы аяти каримасындағы жүздері ақ болғандары. Олардан басқаларының жүздері қара болады. Қалай қайғыру мен терлеу болмасын, күн бастарына дейін жақындаған болады. Тіпті күннің жерге жақындығынан кісі қолын созса, жетеді деп ойлайды. Күннің ыстығы бұл дүниедегідей емес, жетпіс есе ыстық болады. Үмбеттің алғашқыларынан кейбірлері айтқан: «Егер күн қияметтегідей қазір жер бетіне туса, әлбетте жер бетін өртеп, тастарды ерітіп, өзендерді құрғататын еді.»

Бұл уақытта барлық жаратылыс Арасат алаңында ақ жерде өте ауыр қиыншылықтар тартып күтіп тұрады. Бұл ақ жер «Ол күн – Уахид және Қаххар болып жер бетін басқа түрге, аспандарды да басқа түрге ауыстырған кезім болмақ. Ол күні барлық нәрсе маған бағынады» деген Ибраһим сүресінің қырық сегізінші аятында баяндалған.

Ол кезде жер бетіндегілер түрлі кейіпте болады. Дүниеде кісі болғандар, тәкәппарланғандар махшарда түйірдей болады. Хадис шәрифте тәкәппар кісілердің түйірдей болатындығы айтылған. Олар шын мәнінде түйірдей емес. Бәлкім аяқ астында қалып, қорланғандықтан, бейшара және төмен болғандықтан түйірдей делінген.

Олардың арасында бір қауым тәтті және салқын таза су ішеді. Өйткені сәби, кішкентей бала кезінде қайтыс болған мүмин балалар әкелерінің айналасында жәннат бұлақтарынан толтырған ыдыстарымен келеді де, оларға су береді.

(Фузайл 187 [м.803] жылы Меккеде қайтыс болды.)

Үмбеттің алғашқы салихтарынан кейбірлері риуаят етуі бойынша, бір кісінің түсінде қиямет басталған екен. Ол кісі күтетін жерде қатты шөлдеп тұрыпты. Кішкентай балалардың су таратып жүргенін көріп, оларға: «Маған да бір жұтым су беріңдерші» дейді. Балалардың арасынан бір сәби «Біздің арамызда сіздің балаңыз бар ма?» деп сұрайды. Ол «Жоқ» деп жауаптағанда бала: «Олай болса, жәннат сусынынан сіздің несібеңіз жоқ» дейді.

Бұл хикаяда үйленудің және балалы болудың абзал екеніне ишара бар. Су таратқан балалардың шарттары «Ихия-ул-улум» атты кітабымызда баяндалған.

Бастарына бір көлеңкі түскен бір топ адамдар болады. Оларды махшардың азабынан оларды қорғайды. Бұл көлеңкі – дүниеде берген зекет пен садақалары.

Бұл жағдайда мың жылдай тұрады. «Ихия-ул-улум» кітабымызда баяндалған Мудәссир сүресінде: «Сурды үрлеген кезде» деген аяти кариманы естігенде осы жағдайда тұрады. Бұл аяти карима Құран кәрімнің сырларынан.

Сурды үрлеудің қорқынышынан адамдардың төбе шаштары тік тұрып, көздері қайда қарайтынын білмей, мүмин мен кәпірлер барлығы бір жақа қарай айдалады. Бұл қиямет күнінің ауыртпалығын арттыратын азап.

Бұл кезде Аршты сегіз періште көтереді. Олардан бір періште бір қадам аттағанында жиырма мың жылдық дүние жолын жүреді.

Періштелер мен бұлттар Арш бекітілгенге дейін ақылға сыймайтын тәсбихтермен тәсбих етеді. Осы күйде Арш Аллаһу та'аланың өзі үшін жаратқан ақ жердің үстінде тоқтайды. Бұл кезде ешнәрсе шыдай алмайтын Аллаһу та'аланың азабынан адамдардың бастары төмен иіледі. Бүкіл халық қиыншылықта қалып, не істерін білмей жеңілдік іздейді. Пайғамбарлар мен ғалымдарды қорқыныш басады. Әулиелер мен шәһидтер (рахметуллаһи алейһим әжмаин) шыдауға келмейтін Аллаһу та'аланың азабынан айқайлайды. Олар осы жағдайда болғанда күннің нұрынан әлдеқайда көп болған бір нұр оларды өзіне алады. Онсыз да күннің ыстығына шыдай алмай тұрған адамдар мұны көруімен қатар аралас-құралас болады. Мың жылдай осы күйде қалады. Аллаһу та'ала тарапынан оларға ештеңе айтылмайды.

Бұл кезде адамдар алғашқы пайғамбар болған Адам алейһиссаламның қасына барады. «Ей, адамдардың атасы! Жағдайымыз өте нашар» дейді. Ал кәпірлер «Йа, Раббым! Бізге мейірім таныт. Бізді мына азап пен қиыншылықтан құтқар» дейді.

Адамдар Адам алейһиссаламға айтады: «Йа, Адам (алейһиссалам)! Сен құрметті және қадірлі пайғамбарсың, Аллаһу та'ала сені жаратты. Періштелерді саған сәжде жасатқызды. Саған өз рухынан үрледі. Есептің тезірек басталуы үшін бізге шапағат ет, Аллаһу та'ала қалай тілесе, бізге сондай үкім берсін. Және қайда бұйырса, бәрі сол жаққа барсын. Бүкіл болмыстың иесі мен қожайыны болған Аллаһу та'ала махлұқтарына қалағанын істесін» деп жалбарынады.

Адам алейһиссалам: «Мен Аллаһу та'ала тыйым салған ағаштың жемісін жедім. Енді қазір Аллаһу та'аладан ұяламын. Бірақ сендер Расулдардың алғашқысы болған Нұх алейһиссаламға барыңдар» дейді. Бұдан кейін олар мың жыл өзара ақылдасып тұрады.

Кейін олар Нұх алейһиссаламға барады да: «Сен расулдардың алғашқысысың. Біз шыдай алмайтындай ауыр жағдайдамыз. Біздің есебіміздің тез өтуі үшін бізге шапағат ет! Мына махшар жазасынан құтылайық» деп жалбарынады. Нұх алейһиссалам оларға жауап беріп: «Мен Аллаһу та'алаға дұға еттім. Жер бетінде қанша адам бар болса, бәрі сол дұға себебінен батып кетті. Сондықтан мен Аллаһу та'аладан ұяламын. Бірақ сендер Ибраһим алейһиссаламға барыңдар, ол Халилуллаһ (Аллаһу та'аланың досы). Аллаһу та'ала Хаж сүресінің соңғы аятында: "Ибраһим (алейһиссалам) сендер дүниеге келмей тұрып сендерге мұсылман деген атау берді" деген. Бәлкім ол сендерге шапағат етеді» дейді.

Адамдар тағы әуелгісіндей өзара мың жылдай сөйлесіп тұрады. Кейін Ибраһим алейһиссаламға барады. «Ей, мұсылмандардың атасы! Сен Аллаһу та'аланың өзіне халил, дос қылған адамысың. Бізге шапағат ет! Аллаһу та'ала жаратқандарының арасында өз үкімін берсін» дейді. Ибраһим алейһиссалам оларға: «Мен дүниеде үш рет тұспалдап сөйледім. Бұларды айтып, дін жолында күрестім. Қазір Аллаһу та'аладан бұл дәргейде шапағатқа рұқсат сұрауға ұяламын. Сендер Мұса алейһиссаламға барыңдар. Өйткені Аллаһу та'ала онымен сөйлесті және оған рухани жақындық көрсетті. Ол сендерге шапағат етеді» дейді. Бұдан кейін тағы мың жыл тұрып, бір-бірімен ақылдасады. Бірақ бұл кезде жағдайлары қиындай түседі. Ал махшар орны қатты тараяды. Кейін Мұса алейһиссаламға келіп айтады: «Йа, ибн Имран! Сен Аллаһу та'аламен сөйлескен адамсың. Саған Тәуратты түсірді. Есептің басталуы үшін бізге шапағат ет! Өйткені бұл жерде ұзақ тұрып қалдық. Халықтың қысылуы артты. Аяқтар бір-біріне өтіп кетті.» Мұса алейһиссалам оларға айтады: «Мен Аллаһу та'алаға перғауынның жылдар бойы жақтырмайтын нәрселерімен жазалануын тілеп дұға еттім. Кейін келетіндерге ғибрат болуын өтіндім. Қазір шапағат етуге ұяламын. Бірақ Аллаһу та'ала мейірім мен кешірім иесі. Сендер Иса алейһиссаламға барыңдар.

Өйткені ол яқин жағынан расулдардың ең дұрысы, марифет пен зухд жағынан ең абзалы және хикмет, даналық жағынан ең үстемі. Сендерге Ол шапағат етеді» дейді. Олар өзара мың жыл ақылдасады. Азаптары одан сайын артады.

Кейін Иса алейһиссаламға барады да: «Сен Аллаһу та'аланың рухы және калимасысың, Аллаһу та'ала сен туралы Али Имран сүресінің қырық бесінші аятында "Дүние мен ахиретте Уәжиһ, яғни аса қадірлі" деген. Бізге Раббыңнан шапағат ет!» дейді. Иса алейһиссалам айтады: «Менің қауымым мені және анамды Аллаһтан басқа құдай деп санады. Мен қалай шапағат етейін, олар маған да ғибадат жасады. Мені баласы, Аллаһу та'аланы әкесі деп атады. Бірақ сендер біреудің әмияны болып, ішінде напақасы болмағанын көрдіңдер ме? Және аузы мөрленген болып, сол мөрді бұзбай ішіндегі напақаны алғанын көрдіңдер ме? Пайғамбарлардың ең үстемі және соңғысы Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барыңдар. Өйткені ол уағызы мен шапағатын үмбетіне дайындады. Өйкені қауымы Оны өте көп жәбірледі. Мүбәрәк маңдайын жарды. Мүбәрәк тісін сындырды. Оны «жынды» деп атады. Алайда ол ұлы пайғамбар (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) олардың мақтану жағынан ең жақсысы және абырой жағынан ең биігі еді. Олардың шыдауға келмейтін қорлық пен жапа шектіруіне қарамай, Юсуф алейһиссалам бауырларына айтқан: "Қазір сендерге міндетсіну жоқ. Әрхамур рахимин болған Аллаһу та'ала сендерді кешіреді" деген аяти каримамен жауап беретін еді.» Иса алейһиссалам пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасиеттерін айтып бергенде адамдар тезірек Мұхаммед алейһиссаламның алдына баруға асығады.

Дереу Мұхаммед алейһиссаламның минберіне барады. Оған айтады: «Сен Хабибуллаһсың! Ал хабиб (сүйікті) – себептердің ең пайдалысы. Бізге Раббыңнан шапағат ет! Өйткені біз пайғамбарлардың біріншісі Адам алейһиссаламға бардық, ол бізді Нұх алейһиссаламға жіберді. Нұх алейһиссаламға бардық, ол бізді Ибраһим алейһиссаламға жіберді. Ибраһим алейһиссаламға бардық, ол бізді Мұса алейһиссаламға жіберді. Мұса алейһиссаламға бардық, ол бізді Иса алейһиссаламға жіберді. Ал Иса алейһиссалам саған жіберді. Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Сенен кейін баратын жеріміз жоқ».

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Аллаһу та'ала рұқсат беріп, разы болса, шапағат етемін» дейді.

Пайғамбарымыз «Сурадиқат-и жәлал», яғни жәлал пердесіне барады. Аллаһу та'аладан шапағат етуге рұқсат сұрайды. Оған рұқсат беріледі. Перделер көтеріліп, Аршқа кіреді. Сәждеге жығылады. Мың жыл сәждеде тұрады. Бұдан кейін Аллаһу та'аланы сондай хамдпен мақтайды, әлем жаратылғалы әлі ешкім Аллаһу та'аланы олай мақтамаған.

Кейбір әулие-ғалымдар айтты: «Аллаһу та'ала әлемдерді жаратқанда өзін осындай хамдтар және мадақтаулармен мақтаған». Арш Аллаһу та'алаға тағзыммен әрекет етуде. Осы уақыт аралығында адамдардың жағдайлары тым нашарлап кетеді. Қиыншылық пен азаптары артады. Адамдардың әрбірі дүниеде тығып жасырған мал-мүліктерін мойындарына асқан күйде болады. Түйе зекетін бермегендердің мойнына түйе жүктеледі. Айқайлайды және ауырлайтыны соншалық, үлкен таудай болады. Сиыр, қой зекетін бермегендер де осындай болады. Олардың айқайлары аспанның күркірегеніндей боп естіледі.

Егін зекетін, яғни ұшрын бермегендердің мойнына егін жүктері қойылады, дүниеде егіннің қай түрінен зекетін бермеген болса, сол түрден жүктер жүктеледі. Егер бидай болса бидай, арпа болса арпа жүктеледі, ауырлығының астындағы адамдар «уа-уәйла», «уа-сәбура» деп айқайлайды. Алтын, күміс, [қағаз] ақша және тағы басқа сауда мүлкінің зекетін бермегендер де қорқынышты жыланды мойнына асады, ол жыланның басында тек екі өрмесі бар. Құйрығы тұмсығына кірген. Мойнын шеңбер қылып мойнының айналасына асылған, тіпті диірмен тастары жүктелгендей салмағы болады. Адамдар айқай салып «Бұл не?» дейді. Періштелер оларға: «Бұлар сендердің дүниеде зекетін бермеген мал-мүліктерің» дейді. Міне осы қорқынышты жағдай Али Имран сүресінің «Дүниеде қимағандары қиямет күні мойындарына асылады» деген жүз сексенінші аяти каримасымен хабарланған.

Ал басқа бір топтың әурет жерлері ісіп кеткеннен қан және ірің ағып тұрған болады. Олардың сасық иісінен айналадағылардың мазасы қашады. Олар зина жасағандар және бас, шаш, қол, аяқтарын ашып алып көшеде кезген әйелдер болмақ.

Басқа бір топ бар, олар ағаш бұтақтарына асылады. Олар дүниеде лиуата [Лұт қаумы сияқты артқы тесіктен қатынасқа түсетіндер] жасағандар.

Басқа бір топ тілдері ауыздарынан шығып кеуделеріне асылып қалған өте нашар жағдайда болады, адам көргісі келмейді. Олар өтірік сөйлегендер мен жала жапқандар болады.

Тағы бір топ қарындары биік таулардай ісіп кеткен күйде тұрады. Олар дүниеде зәрулік болмаса да және келісімсіз пайызға зат пен ақша алып-бергендер болмақ. Міне осылай барша харам істегендердің күнәлары жаман күйде елге жария болады. [Пайыз мәселесінде қандай жағдайға зәрулік денілетіні және келісіммен сатылым жасап пайыз алу туралы «Сәадати Әбәдия» кітабында мәлімет бар.]

(«Уәйл» – азап деген сөз. Адам бір азапқа шыдай алмаған кезде осылай айқайлайды. «Сәбур» сөзі жойылып, құрдымға кеткен кезде қолданылады.)