12 - Рабиул-әууәл, 1440 жыл.
     20 - Қараша, 2018 жыл.   


  Негізгі бөлім / Дәрет - Ғұсыл / Ауру және жарасы бар кісінің ғұсыл алуы

Ауру және жарасы бар кісінің ғұсыл алуы

Сұрақ: Жол апатынан екі аяғы сынған және орнынан тұра алмайтын адам қалай ғұсыл алады?

Жауап: Барлық дәрет мүшелерінің жартысынан көбі немесе төрт дәрет мүшесінен екеуі сау болса, дәрет алып, жаралы жерлерін мәсіһ етеді (сулы қолмен сипайды). Егер мәсіһ ету зиянды болсы, онда таңғыштың үстінен мәсіһ етеді.

Дәрет мүшелерінің жартысынан көбі жаралы болса, онда тәйәммүм алады. Тәйәммум ететін кісінің кейбір жерлерін жуып қоюына болмайды.

Дәрет пен ғұсылдың тәйәммумдері бірдей.

Тәйәммумды өзі жасай алмаса, басқа біреуге жасатуына болады.

 

Гипс таңылған қол

Сұрақ: Қолында гипсі бар адам дәрет пен ғұсылды қалай алады?

Жауап: Гипстелген қолына су тигізуі қажет емес. Гипстің үстінен немесе таңғыштың үстінен мәсіһ тартады.

 

Тұмауратқанда

Сұрақ: Тұмауратқан кезде мұрным бітеліп қалады. Бұл ғұсылға кедергі ме?

Жауап: Қиын болмаған жерлерін жуу жеткілікті болады.

 

Жуынуға болмайтын кезде

Сұрақ: Салих дәрігер жуынуға, су тигізуге болмайтынын айтса, ғұсыл ниетімен тәйәммум алса болады ма?

Жауап: Иә, болады.

 

Денесінде жара бар адамның ғұсыл алуы

Сұрақ: Денесінің көп жерінде және дәрет мүшелерінде жара болған кісі ғұсыл мен дәретті қалай алады? Әлде мұның басқа бір жолы бар ма?

Жауап: Жүніп (ғұсылы бұзылған) адамның денесінің жартысынан көбі жара немесе шешек, қызамық сияқты тері аурулары бар болса, тәйәммум алады. Денесінің көбі сау болса және жараға су тигізбей жуынуы мүмкін болса, сумен ғұсыл алып, жаралардың үстін мәсіһ етеді. Егер мәсіһ зиянын тигізетін болса, онда үстіне бір немесе бірнеше мата (таңғыш) қойып, соның үстінен мәсіһ тартады.

Барлық дәрет мүшелерінің жартысынан көбі немесе төрт дәрет мүшесінен екеуі сау болса, дәрет алып, жара жерлерді немесе мүшелерді мәсіһ етеді. Мәсіһ зиянды болса, таңғыштың үстіне мәсіһ тартады. Барлық дәрет мүшелерінің жартысынан көбі немесе дәрет мүшелерінің үшеуі, яки төртеуі де жаралы болса, тәйәммум алады. Тәйәммум зиянды болса, намазды қазаға қалдырады. Егер тең, бірдей шамада болса, тәйәммум етпеуі керек. Тәйәммум алатын адамның кейбір жерлерін сумен жууына болмайды. Дәрет алғызатын көмекшісі бар науқас тәйәммум алмайды. Жара жерлеріне су тигізбей жуыну мүмкін болмаса, онда тәйәммум алады.