7 - Шәууал, 1445 жыл.
     16 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ақыр заманда иманын сақтап қалу өте қиын

Ақыр заманда иманын сақтап қалу өте қиын

Иман – Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар ретінде көрсеткен дінін ақылға, тәжірибеге және философияға сай болған-болмағанына қарамастан растау, яғни қабылдап, ұнатып, сену деген сөз.

Пайғамбарымыз алейһиссалам иманды былай түсіндірген:

«Иман – Аллаһқа, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, ахирет күніне (яғни қияметке, жәннатқа, тозаққа, есепке тартылуға, мизан таразына), тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтан келетініне, өлімге, өлгеннен кейінгі тірілуге сену деген сөз. Аллаһтан басқа тәңір жоқ екеніне және менің Оның құлы мен расулы екеніне куәлік ету деген сөз.» (Бұхари, Мүслим, Нәсаи)

Адамның мұсылман бола алуы үшін иман иесі болуы, яғни дініміздің әмірлері мен тыйымдарына сенуі шарт. Тек қана сенуі де жеткіліксіз, бұл әмірлерді ұнатуы және жақсы көруі де шарт. Оны да білген акдам жасайды. Орындау бөлек, бұларды қабылдап, ұнатып, жақсы көру бөлек нәрселер. Орындау-орындамау күнә мен сауапқа қатысты, ал қабылдау және ұнату иманға қатысты. Иманның алты негізі біртұтас, бұл өте маңызды. Азғантай күмәннің өзіне орын берілмейді. Сеніп тұрып, тіпті біреуін ұнатпаудың өзі күпір болып табылады.

Дін ғұламалары айтқан:

«Иманы болмаған адамның тозақ отында мәңгі жанатынын пайғамбарымыз алейһиссалам хабар берген. Бұл хабар әрине дұрыс. Бұған сену Аллаһу та'аланың бар екеніне, бір екеніне сенудей қажет. Отта мәңгі жану деген не? Кез келген адам отта мәңгі жану пәлекетін ойласа, қорқыныштан есі ауысады.»

Хазреті Әли өлімнен кейін қайта тірілуге сенбейтін біреуге былай деген:

«Біз ахиретке сенеміз. Айталық, сенің айтқаныңдай қайта тірілу болмаса, біз сеніп, ғибадат жасаумен ешқандай зиян көрмейміз. Ал егер біздің айтқанымыз рас болса, онда сен мәңгілікке азапқа душар боласың!»

Ақыр заманда иманды сақтау өте қиын. Иманды қорғау қолда алаулап тұрған отты ұстау сияқты! Ұстасаң қолың күйеді, тастасаң ахиретің күйеді. Зат неғұрлым құнды, қымбат болса, оның дұшпаны соғұрлым көп болады. Әлемде иманнан да құнды ештеңе жоқ. Өйткені ол кімнің қолында болса, сол адам жәннатқа кіреді. Ешбір ғибадат жәннатқа кіруге себепші емес. Ғибадаттар, сұхбаттар иманды қорғау үшін қажет. Осы себептен Абдулхаким Арваси хазреттері «Менің түпкі мақсатым – иман. Иман кетсе, бәрі бітеді» деген. Жиырма төрт сағат бойы негізгі қорқуымыз керек болған нәрсеміз – «Иманым кетпесін, иманның ұрылары иманымды ұрламасын» деген қауіп болу керек. Иман ұрылары кімдер? Ең үлкен ұрылар – өз көзқарасымен сөйлейтін және өзін дін ғалымы ретінде көрсететін дүмшелер. Аллаһу та'ала олардың зиянынан бізді қорғасын!