11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Имам болудың жауапкершілігі

Имам болудың жауапкершілігі

Сәйфәддин ибн Кұтлыбұға хазреттері Ханафи мазһабының фиқһ ғалымдарынан. Өзі түрікмен. 798 (м.1396) жылы туылған. Тәфсир, кәлам және фиқһта өз ғасырының Имамы (басшысы) саналған. 881 (м.1477) жылы Каирда қайтыс болды. Бір дәрісінде ол былай деген:

Жамағатпен намаз оқу сүннети һуда, яғни Исламның шиары (белгісі, нышаны) болған маңызды сүннет. Жамағатқа имам болуға ең лайықты болу реттілігі мынадай:

1) Сүннетті, яғни діни білімдерді ең жақсы білетін, намазды бұзатын және бұзбайтын нәрселерді ең жақсы білетін,

2) Құран кәрімді ең жақсы оқитын, тәжуидті (Құран оқу ережелерін) ең жақсы білетін,

3) Тақуалығы ең жоғары болған,

4) Жасы ең үлкен болған,

5) Мінезі, әдептілігі ең жақсы болған,

6) Түрі ең әдемі болған,

7) Ата-тегі ең жақсы болған,

8) Дауысы ең әдемі болған,

9) Киімі ең таза және әдемі болған,

10) Мал-мүлкі ең көп және абыройы ең жоғары болған,

11) Мұқим (жергілікті) сафаридан (жолаушыдан) имамдыққа лайықтырақ,

12) Көпшіліктің сайлағаны имам болады,

13) Көпшілік таңдай алмаса, онда жеребе тартылады.

Бір үйге қонаққа барғанда имам сайланбастан үй иесі өзі имам болады. Немесе имамды үй иесі таңдайды. Имам болуға үстемірек кісі бар кезде басқа біреу таңдалса, орынсыз болғанымен бұл күнә емес.

Үммидің (сауатсыздың) өзі сияқты үммилерге (сауатсыздарға) имам болуы жаиз (рұқсат). Үмми – Құран кәрімді қарап оқи алмайтын, Құран әріптерін танымайтын кісі. Үммидің Құран кәрімді қарап оқи алатын кісіге имам болуы жаиз емес (рұқсат емес). Тәжуидпен оқи алмайтын кісі де тәжуидпен оқитын адамға имам бола алмайды.

Имамдыққа өзінен де лайықты кісі бар кезде имам болуға өтпеу керек. Имам болудың жауапкершілігі жоғары. Хадис шәрифтерде айтылған:

«Құран кәрімді ең жақсы оқитын кісі имам болсын, жақсы оқуда тең болса, сүннетті (Ислам дінінің үкімдерін) ең жақсы білетін кісі имам болсын, осыда да тең болса, жасы ең үлкен имам болсын!»

«Азан оқуға жүгіріңдер, бірақ имам болуға атылып шықпаңдар!»

«Имам болған кісі Аллаһтан қорқсын, имамы болған адамдарының жауапкершілігін мойнына артқанын білсін! Егер имам намазды кемшіліксіз оқытса, жамағаттың сауабындай имамға сауап жазылады. Егер кемшілік жіберсе, күнәсі тек имамның өзіне ғана болады.»

Бойында имамдық шарттары бар кісінің қарапайымдылық танытайын деген оймен имам болудан тартынып, орнына имамдық шарттары жоқ болған кісіні өткізіп, имам болудан қашуы дұрыс емес. Хадис шәрифте былай делінген:

«Қияметтің қорқынышында үш топтың қорқпағаны және есеп бермегені байқалады. Олар махшар халқының есебі біткенге дейін хош иісті қыраттарда отырады. Олардың бірі – бір топ адамның разылығымен оларға имам болғандар.»