10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Адамдар қалай тіріледі?

Адамдар қалай тіріледі?

Сұрақ: Қияметте адамдар қалай тіріледі?

Жауап: Әркім өз амалына қарай тіріледі. Бір адам салихтар сияқты амал еткен, бірақ үнемі күнәхарлармен бірге болса, жақсы амалдары босқа кетіп, қияметте жамандармен бірге тіріледі. Бір адам жамандар сияқты амал етсе, бірақ салихтарды жақсы көріп, әрдайым олармен бірге болса, күнәлары жақсылыққа айналады, жақсылармен бірге тіріледі. (Ка’б-ул-Ахбар)

Екі аяти карима мағынасы мынадай:

«Қияметте оларды (кәпірлерді) соқыр, тілсіз және керең жағдайда етбетімен тірілтеміз. Олардың баратын және қалатын жері – тозақ.» (Исра 97)

«Мені еске алмаған адам қиыншылықтарға тап болады, ал қияметте соқыр болып тіріледі.» (Таха 124)

Осы тақырыптағы хадис шәрифтердің кейбірлері мыналар:

«Амалдарын істемесе де, бір ұлттың істегенін жақсы көрген адам солармен бірге тіріледі.» (Хатиб)

«Адам жақсы көргенімен бірге тіріледі. Кәпірлерді жақсы көрген адам кәпірлермен бірге. Жақсы амалы оған ешқандай пайдасын тигізбейді.» (Табарани)

«Дәреттен кейін Қадір сүресін бір рет оқыған адам сыддықтардан, екі рет оқыған шәһидтерден жазылады. Үш рет оқыған адам пайғамбарлармен бірге тіріледі.» (Дәйләми)

«Бала-шағасы көп және ризығы аз болып, намаздарын шарттарына сай оқыған және мұсылмандарды ғайбаттамаған адам менімен бірге тіріледі.» (М.Масумия)

«Мәһр бермеу ниетімен үйленген адам қияметте ұрылармен бірге тіріледі.» (Р.Насихин)

«Аллаһу та'аланың разылығы үшін халал мен харамды баяндайтын қырық хадисті үмбетіме айтып берген адам ғалым болып тіріледі.» (Әбу Нуайм)

«Бес уақыт намазды тұрақты түрде жамағатпен оқыған адам сырат көпірін бірінші және найзағайдай өткендерден болады. Аллаһ ол адамды салихтармен бірге тірілтеді, намазын оқып жүрген әр күні мен әр түніне мың шәһид сауабын алады.» (Табарани)

«Мал-мүлкім көбейсін деп тіленген адам қияметте бетінің еті желінген болып тіріледі және тозақта жейтіні қызған тас болады.» (Табарани)

«Өлінің артынан жылауды өнер қылған әйелдер өлмей тұрып тәубе етпесе, үстілерінде шайырдан жасалған киіммен қышыма болып тіріледі.» (Мүслим)

«Қабірден тұрғанда (әркім өз амалына қарай) көлікте, жаяу, сүрініп немесе етбетімен тіріледі.» (Хаким)

 

Қабірден тұрғанда

Сұрақ: Адамдар қабірден қалай тұрады?

Жауап: Хазреті Муаз «Бәрің бөлік-бөлік болып келесіңдер» деген аяттың тәфсирін сұрағанда пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді:

«Қияметте үмбетімнен 12 топ төменде айтылғандай тіріледі:

1) Зекет бермеген адам қабірінен қарны жылан мен шаянға толы болып,

2) Намазға немқұрайлы қараған адам доңыз кейіпінде,

3) Сауда-саттықта өтірік сөйлеп алдаған адам аузынан қан ағып,

4) Көршілерін қинаған адам аяқ-қолдары кесілген болып,

5) Аллаһу та'аладан қорқпай, жасырын күнә істеген адам өлекседен де жаман сасыған күйде,

6) Өтірік сөйлеген, жалған куәгер болған адам тілі кесілген болып,

7) Ақиқатқа куәлік жасамаған адам тілсіз болып,

8) Зина етуші әурет жерінен ірің ағып,

9) Әділетсіз жетімнің мүлкін жеген адам қарны отқа толы болып,

10) Алкогольді ішімдік ішкен адам беті қызарып, көздері орнынан шығып кеткен, тістері өгіздің мүйізі сияқты шыққан, ерні қарнына, ал қарны санына дейін салбыраған күйде,

11) Ата-анасына қарсы шыққан адам терісін алапес, теміреткі қаптаған болып,

12) Жақсы амалдар жасаған, намазды жамағатпен оқыған және күнәға тәубе еткен адам жүзі толған айдай нұрланып тіріледі, сыратты найзағайдай өтеді.» (Тибян)

Бұл жазылғандар күнәларына тәубе етпей өлгендерге қатысты. Тәубе еткен немесе сауабы күнәсынан көбірек болған адам жоғарыда айтылғандай жағдайда тірілмейді. Тағы бір хадис шәрифте айтылған: «Сөз тасыған адам маймыл, харам жеген адам шошқа түрінде, пайызқор адам басымен сүйретіліп, әділетсіз үкім берген соқыр болып, өз амалдарын ұнатқан адам тілсіз және керең болып, істері сөздеріне сай болмаған ғалым тілі кеудесінде салбыраған болып, тәкәппар шайырдан киім киіп тіріледі.» (Тибян)

 

Мазардан тұру

Сұрақ: Әр адам қабірден осы денемен тұрады ма?

Жауап: Иә, әр адам қабірден дүниедегідей тұрады. Жәннатқа және тозаққа кіретін кезде басқа кейіпке енеді. Жәннаттағылар жас, сүйкімді және сұлу болады. Үш хадис шәрифтің мағынасы:

«Жәннаттықтар сақалсыз, қара кірпікті болады.» (Тирмизи)

«Жәннат халқы сүрме жаққан, сақалсыз және Юсуф алейһиссалам сияқты сұлу болады.» (Ибн Асакир)

«Жәннатта бәрі жас болады.» (Тирмизи)

 

Ал тозаққа түскен кәпірлер өте ұсқынсыз болады. Көп азапталсын деп денелері үлкен болады. Үш хадис шәриф мағынасы мынадай:

«Тозақтан біреу дүниеге келсе, оның қорқынышты көрінісінен және сасыған иісінен бәрі өледі.» (Ибн Әбид-дүния)

«Кәпірдің бір тісі Ухуд тауындай үлкен болады.» (Мүслим)

«Кәпірдің екі иық арасы атпен жүретін үш күндік жол сияқты ұзын болады.» (Бұхари)