25 Маусым 2017   



Әулиені тану

Сұрақ: Ғалымдар бөлімінде сіз «ұлы әулие» дегенсіз бұны қалай түсінуге болады? Ұлылық тек қана Аллаһқа тән!

 

Жауап: "Ұлы" сөзінің мағынасын тек Аллаһқа тән деп ойлауыңыз діни тұрғыдан да ақыл тұрғысынан да орынсыз. Араб тілінде "әл-Азым", "әл-Аълаа", "әл-Кәбир",  "әл-Кәрим", "әш-Шәриф"сияқты тағы бір неше кәлима Аллаһ есімінің қасында Оның әр түрлі сипаттарын аңғартумен қатар "ұлы" мағынасында қолданылады. Сонымен қатар бұл кәлималар Құран Кәрім үшін, пайғамбар үшін, жансыз заттар, зәулім ғимарат және қалалар үшін, тіпті үлкен күнәлар үшін «әкбәр-ул-кәбаир» деп те қолданылады. Осылардан шыққан «Али» немесе «Әли», «Әзім», «Аъзам», «Қажы Әкбәр», «Күбра», «Кәрім», «Шәріп», «Ұлықбек» сияқты есімдердің адамдарға да қойылатыны белгілі. Сондай-ақ "кәбір" сөзінен шығатын "тәкаппар", "кібір"  сияқты сипаттармен адамдардың мінездері де сипатталады.

            Халық арасында «ұлы күн», «ұлытау», «ұлы отан», «ұлы жүз» және тағы да басқа тіркестер ұлылық сипатының ауыспалы мағынада басқа заттарға да қолданылатынын көрсетуде.

Өз әдебиеті және араб әдебиетінен бейхабар надандар "ұлы", "әулие" секілді сөздерге  және ауыспалы мағынада қолданылатын қаншама тіркестерге ақылдары жетпегендіктен болса керек, көп сын айтады. «Адам білмегенінің дұшпаны» деген нақыл сөз мұндайлардың жағдайын көрсетеді.

Жоғарыда аталған арапша кәлималар Аллаһу та’аланың 99 есімдеріне жатады. Бірақ мағыналық жағынан адамдардың да кей бір сипаттарын аңғартатындарын адамдарға есім ретінде қоюға болатынын Ислам ғұламалары бір ауыздан айтқан. «Әли», «Рашид», «Алим» сияқтылары бұған мысал болады. (Дүрр-үл-мұхтар)

Дінді ислам ғұламаларының кітаптарынан үйренбей, дүмше мазһабсыздардың далбасаларынан үйренуге тырысқан сауатсыздарда бұл тақырыпта көп мәселелерге тап болып, ақымақша сөз айтып жатқандары соңғы кезде көп кездесетін болды.

 

 

Жалпы бәрін әулие дей берсек жер бетинде қаншасы әулие болады?

 

Жауап: Біздің сайтымызда тек екі ғұламаның – Ахмет Иассауи және Баязид Бистами -  өмірбаяндары жазылған. Екеуіне де әулие деп жазылған. Екі адамды әулие деген болсақ бұл бәрін әулие дегеніміз бе? Әрине әулиелер осы екі кісімен шектелген емес. Тарихтан мыңдаған әулиелер өткен. Бүкіл бұрын өткен ғалымдар, тарихшылар «Ахмет Иассауи әулие» деген болса, бұған кімдер және неге мазасызданады? Әлде өздері әулие бола алмағандары үшін көре алмаушылық етіп жатыр ма?

Оның үстіне біз жалпы бәрін әулие деп жатқанымыз жоқ. Мысалыға мазһабсыздардың көсемдері болған замананың «шейх»тарына әулие демейміз. Әһли сүннет болмаған адасқан ағымдарға, Мутазилә, Шиит, уаһһабит, сәләфит, исмаилит сияқты секталарға түсіп қалған бишара мұсылмандардан мүлдем әулие шықпаған, бұдан кейін де шықпайды.

 

 

Бір адам қалайша Алланың досы бола алады? бұны ширк амалға жатқызбай ма?

 

Жауап: Ахыр заманның дүмшелерімен тек өз ақылдарына еретін мазһабсыздар қалайша шайтанның достары болған болса, пайғамбардың сүннетін ұстанып ілімді ғұламаның өзінен үйренген әһли сүннет жолының тақуа кісілері де Аллаһу та’аланың досы болады.  Құран Кәрімде: «Аллаһ Ибраһимді һалил (дос) тұтқан» (Ниса сүресі 125) делінген. Ибраһим алейһиссаламның Аллаһу та’аланың досы болғаны басқа пайғамбарлардың дұшпан екендігін көрсетпейді. Бұлай айтылуы - олардың абыройын көрсету үшін. Бүкіл пайғамбарлар да Аллаһтың досы. Сол пайғамбарлардың ізімен жүрген әрбір тақуа мұсылман да Аллаһтың досы болады. Аллаһу та’аланың өзі бір құлын дос тұтса, бұған кәпірлерден басқа кімнің қандай қарсылығы болуы мүмкін?

Құран Кәрімде: «Шынында сендердің достарың, көмекшілерің Аллаһ, Оның елшісі және намаздарын толық орындайтын, зекеттерін беретін имандылар. Кім Аллаһпен Оның расулын және мұсылмандарды дос тұтса, солар жеңіске жетеді» (Маидә сүресі 55-56)

Хадис құдсиде: «Ей Расулым, Мен Ибраһимді өзіме һалил (дос), ал сені хабиб (сүйікті) еттім»  делінген. (Мәуаһиби ләдүниййә)

            Пайғамбарымыз да бір хадис шәрифінде: «Әһли Құран - әһлуллаһ» деген. (Хатиб) (Әһлуллаһ – Аллаһтың досы, әулие дегенді білдіреді.)

            Егер бір адамды «Аллаһтың досы, әулиесі» деп атау ширк болатын болса, онда Аллаһу та’аламен Оның пайғамбары бұл амалды істемейтін еді. Ақылы жетпеген нәрселерге «ширк» деп лай шаплау хариджиттердің және олардың мұрагерлері болған уаһһабит-сәләфит ағымдарының әдеті. Оларға алданбаңыз!

 

 

Әулиелерді бұл өмірде білемізбе?

 

Жауап: Еңбектену парыз болғаны үшін пайғамбарлар да, әулиелер де еңбек еткен. Мысалыға Адам алейһиссалам шаруашылықпен, Нұх алейһиссалам ағаш шеберлігімен, Дауыт алейһиссалам теміршілікпен айналысатын еді. Әулиелер де әртүрлі кәсіп иелері болған. Аллаһу та’ала «Сүйген (әулие) құлдарымды халықтың ішіне жасырғанмын, оларды әр адам тани бермейді» деген. Бірақ оларды танитындар аз болса да жоқ емес.

Әулиенің белгілерін ғұламалар төмендегідей білдірген:

1)     Әулиенің кереметі болады. Ғайыпты әулие түгіл, періштелер, тіпті

пайғамбарлар да білмейді. Бірақ Аллаһу та’ала қаласа, қалаған құлына ғайыптан кейбір нәрселерді білдіре алады. Пайғамбарымыздың ғайыптан хабар берген көптеген мұғжизалары бар. Әулиелерден де ғайыпты білдірген көп кереметтер көрінген.

 

2) Әулиені көрген адамның көңілі оған бейімделеді. Әулиенің әр сөзі, әр әрекеті Исламға толығымен сай болады. Қасындағы адамдардың жүректерінде Аллаһ қорқуымен махаббаты пайда болып, басқа нәрселерге деген қызығушылық өшеді. Әулие өлі (имансыз) жүректерді тірілтеді, тазалайды. Олардың қасында болғандардың күнә істеуге деген қалаулары жойыла бастайды.
 

3) Сенімінде, ақидасында бұзықтық болған мазһабсыздар әулие бола алмайды. Амалда және ақидада бидғат қараңғылығы әулиелік нұрының жүректерге кіруіне кедергі болады.  Жүрек бидғаттардан арынып, дұрыс сүннит ақидамен безенбейінше ақиқат күнінің сәулелері ол жерге түспейді.
 

4) Әулие бүкіл жаман мінездерден ұзақ, жақсы мінездердің барлығын өзінде жинаған адам. Өзіне зияны тигендерді кешіреді, араздағанға жақсылық, сый-сияпат көрсетеді. Онда мал-мүлік, лауазым және атаққұмарлық болмайды. Мақтағанды ұнатпайды. Сынағаннан қорықпайды. Қарапайым мінезімен өзін ешкімнен үстем деп білмейді, ешкімді де қорламайды. Ілім иесі және ықыласпен құлшылық етеді. Ешкімнің зиянын ойламайды, қаламайды. Жұрттарға мейірімділік көрсетеді, жаны ашиды. Адамдардың ақыреттегі бақыттылықтары үшін еңбек етеді. Сөзінде, уәдесінде тұрады. Аманатты сақтайды, ешкімге қиянат жасамайды. Адамдар жайлы жаман күмән, ғайбат және фитнадан ұзақ тұрады. Өзінікі дұрыс болса да таласпайды. Қиыншылықтарға, бәле-жалаларға сабыр етеді. Ниғметтерге шүкіршілік етеді. Әр жұмысын маманымен ақылдасып істейді. Күнәлардан, әсірісе имансыз кетуден қатты қорқады. Көп истиғфар (астағфируллаһ) айтады.
 

Қысқасы әулие ең жақсы адам деген сөз. Мұхаммед Сәлим хазреттен «бір адамның әулие екенін қалай білуге болады?» деп сұрағанда «Тәтті сөзі, көркем мінезі, жомарттығы таласып тартыспауы, кешірімділігі және бүкіл адамдарға, жандыларға мейірімділігінен кісінің әулие екенін білуге болады» деген.
 

Бұрынғы замандарда Абдулқәдір Гейлани, имам Раббани, Ахмет Иассауи және Ахмет Руфаи хазреттері секілді муршиди кәмил болған әулиелер көп еді. Әулие екендіктері халық арасында кейбір белгілерінен білінетін еді. Ондай кісілердің белгілері, тақуалықтары кітаптарда кең түсіндірілген. Аллаһу та’аланың махаббатына қауышқан кісілерді әулие дейді. Басқалардың да қауышуларына арашы болатындарына муршид дейді. Муршиди кәмилдің, яғни жол көрсетуші әулиенің, ұстаздың белгісі ақидасының дұрыс болуы және Ислам үкімдеріне толық мойынсұнуынан аңғарылады Сөздерімен әрекеттері Исламға сай болмаған адам аспанда ұшса да, ұстаз бола алмайды. Әулиемен сұхбаттасу, оны көру Аллаһу та’аланы еске алуға себеп болады. Аллаһтан басқа нәрселердің жүректен шығуына себеп болады. Аллаһу та’ала «Әулиелер сондай кісілер: Мен тілге алынсам олар еске түседі, олар тілге алынса Мен еске түсемін» деп бұйырған. Пайғамбарымыздан алейһиссалам әулиенің белгілері сұралғанда «Оларды көргенде Аллаһ еске түседі» деп жауап берген.