19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ғайбат қоғамды пәлекетке жетелейді!

Ғайбат қоғамды пәлекетке жетелейді!

Ғайбат – дін бауырының естігенде ренжитін кемшілігін артынан айту деген сөз. Яғни белгілі бір мүминнің кемшілігін оны жамандау үшін артынан айту ғайбат болады. Мысалы, денесінде, ата-тегінде, мінезінде, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниелігінде, тіпті киіміндегі, үйіндегі бір кемшілік артынан айтылған кезде, мұны естіп ренжісе, ғайбат болады. Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен көрсету, жазумен білдіру, бәрі ауызбен айтқандай ғайбатқа жатады.

Ғайбат жанұяларды бұзады, жамағатты құлдыратады, қоғамды пәлекетке жетелейді. Зинадан да үлкен күнә болса да, өте оңай жасалатын күнә. Қазіргі таңда бұл қасірет, өкінішке орай, еркектер арасында да, әйелдер арасында да індетке айналған. Аллаһу та'ала Құран кәрімнің «Хужурат» сүресі, 12-аяти каримасында су-и заннан (бір адам туралы жаман ойда болудан) сақтануды әмір етуде, бір-бірін көре алмауға тыйым салынуда, ғайбат өлген бауырының етін жеуге теңестірілуде.

Ғайбат айтылғанда сол жердегі адам қорқпаса сөзбен, қорқса жүрекпен айтылғандарға қарсы шықпаса, ғайбат күнәсына ортақ болады. Мүмкін болса, ғайбатшының сөзін тоқтатуы немесе ол жерден тұрып кетіп қалуы керек. Қолымен, басымен, көзімен «Қой» дегендей ишарат етуі жеткіліксіз. Ашық түрде «Доғар» деп айтуы керек.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Қиямет күні бір адамның сауап дәптері ашылады. "Йа, Раббым! Дүниеде пәлен ғибадаттарды жасаған едім. Бұлар дәптерде жазылмаған" дейді. Сонда оған "Олар дәптеріңнен өшірілді, ғайбат еткендеріңнің дәптеріне жазылды" делінеді.»

«Қиямет күні бір адамның жақсы амалдар дәптері ашылады. Істемеген ғибадаттарын көреді. Оған "Бұл сені ғайбаттағандардың сауаптары" делінеді.»

Хазреті Мәуланаға бір адамның оны ғайбаттағаны айтылғанда әлгі адамға мынадай хабар жіберді: «Естуімше, мені ғайбаттаған екенсің. Бетіме айта алмапсың. Мен сияқты әлсіз біреуден қорқып, бірақ Аллаһу та'аладан қорқпапсың!»

Адамды ғайбат етуге итермелейтін себептер көп. Олардың кейбірлерін былай тізуге болады: Оған ішінде кек сақтау, қасындағылардың көзқарастарына қосылу ойы, жақтырмайтын адамын жамандау, өзінің ол күнәні істемейтінін елге көрсетіп қою, өзінің одан үстем, одан жоғары екенін көрсету, көре алмаушылық, қасындағыларды күлдіру, қалжыңдасу, оны мазақ ету, күтпеген адамының харам істегеніне таңқалғанын білдіру, өкінішті болғанын, оған жаны ашығанын көрсету, харам істегендіктен оны жақтырмай қалғанын айту...

Ғайбат етудің кафараты (өтемі) – өкіну, тәубе ету және онымен халалдасу (оның кешірімін, разылығын алу). Өкінбестен кешірім сұрау рияға жатады, бөлек тағы бір күнә болады.

Аллаһу та'ала бәрімізді ғайбат күнәсынан сақтасын...