19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Хасед (көре алмаушылық)

Хасед (көре алмаушылық)

Хасед – қызғану, көре алмау деген сөз. Яғни Аллаһу та’аланың біреуге берген ниғметін одан кетуін, онда болмауын қалау деген сөз. Мәселен жақсы жұмысы немесе үйі, мал-мүлкі, ілімі болса, ол адамнан бұлардың кетуін, онда болмауын, одан кетіп өзіне келуін қалау нағыз көре алмаушылық болады. Одан кетуін қаламай, өзінде де сондай нәрсе болуын қалау хасед (көре алмаушылық) болмайды. Бұған ғыбта (соған ұқсауға тырысу) делінеді. Ғыбта ету күнә емес. Керісінше исламның үкімдеріне мойынсұнатын, әмірлерін орындап харамдарынан сақтанатын салих кісіге ғыбта ету уәжіп болады. Яғни сол кісідей болсам деп ойлау жақсы болады.

 

Көре алмаушылық ең жаман мінездердің бірі. Көре алмайтын адам өмір бойы мазасыз болады. Қызғанып жүрген адамдарының жетістігін көрген сайын түңіле береді, ұйқысы қашады. Мұндай адамға өзінен төмен адамдар көрінбейді, өзінен үстем, дәулетті адамның барлық нәрсесі көрінеді. Көре алмайтын адам Аллаһу та’аланың өзіне берген нәрселерінен разы болмаған адам деген сөз. Аллаһу та’аланың бергеніне разы болмаған адамнан Аллаһу та’ала да разы болмайды. Ал Аллаһу та’аланың разы болмауы пәлекеттердің ең үлкені. Ол адамның ахыретте де, дүние де жағдайы мүшкіл. 

 

Хаседші адам басқа адамның өзінен жақсы киінетінін, жақсы өмір сүретінін, әдемілігін, еңбекқорлығын, сәттіліктерін көре алмайды. Ең жаманы оның басына келген бәлеге, жамандықтарға қуанады. Ал бұл нәрсе қызғаныштардың ең жаманы. Мұндай адамнан Аллаһу та’ала көмегін үзуі мүмкін. Бұрынғыдан да махрұм болады. Жақсы мінезді және бәрінің жақсылығын қалайтын адам Аллаһу та’аланың қамқорлығында деген сөз. Хадис шәрифте: «Бір мұсылман өзіне келуін қалаған жақсылықты, басқа мұсылман үшін де қаламаса және өзіне қаламаған жамандықтың басқа мұсылманға келуін қаласа оның иманы толық емес.» деп бұйырған. Яғни пайғамбарымыз тек қана өзін ойлайтындарды ұнатпайды. Басқа мұсылмандарды ойлайтындарды ұнатады және бәрінің сондай болуларын қалайды.  

 

Хасед тәкаппарлыққа, ғайбат етуге, сөз тасуға себеп болады. Жақсылық, игі істерге он есе сауап беріледі. Хасед бұлардың тоғызын жояды. Хасед ететін адамның дұғасы қабыл болмайды.

 

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Адамдардың жасырын нәрселерін іздемеңдер, кемшіліктерін көрмеңдер, дұшпандық және хасед етпеңдер, бір-бірлеріңді бауырдай жақсы көріңдер, бір-бірлеріңді шағыстырмаңдар. Мұсылман мұсылманның бауыры, оған зұлым етпейді, көмек береді. Оны өзінен төмен көрмейді.» (Бұхари)

 

«Мұсылманның көңілінде иманмен хасед бірге болмайды.» (Бәйһақи)

 

«Мұсылман қайырлы болады. Хасед еткенінде қайыры қалмайды.» (Табарани) 

 

«Хаседтен құтылу қиын. Хасед еткен адамдарыңды ренжітпеңдер!» (И. Ахмед)

 

«Хаседтен сақтаныңдар! От отынды өртеп жоқ қылатыны секілді хасед те жақсылықтарды жояды.» (Әбу Дауд)  

Хаседтің емі былай болады:

Көре алмауыңа себеп болған нәрселердің терісін істеумен бұл мінезден құтылу мүмкін. Мәселен көре алмайтын адамыңды жамандағың келсе, дереу оны мақта. Оған қарсы тәкаппарланғың келсе, дереу қарапайымдылық танытып, одан кешірім сұра. Егер одан бір нәрсені қызғанып бергің келмей тұрса, дереу апарып беруге тырыс. Жасанды болса да жұмсақ және жылы мәміле көп жағдайларда дұшпандықты кетіреді және көңілдерді бір-біріне байлайды. Осылайша адам хасед-көре алмаушылық ауруынан құтылады. Хасед етілген адам сенің бұлай өзіңді қинап істегеніңді біліп тұрса да бәрібір риза болады және сені құрметтей бастайды, осылайша екі жақтың бір-біріне деген сүйіспеншілігі артып хасед өздігінен жоғалады. Өйткені қарапайымдылық таныту, мақтау, ілтипат айту, адамдарға ұнап жүректеріндегі жек көрушілікті жояды. Өзін қинап, жасанды түрде жасалатын жақсылықтар уақыт өтуімен әдетке, жақсы мінезге айналады. Осылайша адам қалаған жаман мінезінен құтылады.