24 Ақпан 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / НАМАЗ ОҚУ

НАМАЗ ОҚУ

Дінімізде иманнан кейін ең бағалы ғибадат намаз. Намаз -діннің тірегі. Намаз ғибадаттардың ең жоғарғысы. Исламның екінші шарты. Арабтар намазды «Салат» дейді. Салат негізінде дұға, рахмет пен кешірім деген мағыналарға келеді. Намаз осы үш мағынаның барлығын өзіне жинағаны үшін салат деп аталған. Аллаһу та’аланың ең көп ұнатып және қайта-қайта әмір еткен амалы бес уақыт намаз. Аллаһу та’аланың мұсылмандарға иман еткеннен кейінгі ең маңызды әмірі намаз оқу. Дінімізде алғаш рет әмір етілген парыз - намаз. Қиямет күні иманнан кейінгі сұрақ намаз жайында болады. Бес уақыт намаздың есебін берген адам өзге сынақтардан оңай құтылады. Тозақтың отынан құтылып жұмаққа қауышу, намазды дұрыс оқуға байланысты. Намаздың дұрыс орындалуы үшін құсырсыз дәрет алып, жалқаулық танытпай намазга кірісу керек.

Барша ғибадатты қамтып және адамды Аллаһу та’алаға жақындата түсетін ең қайырлы амал - намаз. Сүйікті Пайғамбарымыз хадисінде былай дейді: «Намаз діннің тірегі. Намаз оқыған адам дінін қуаттандырады. Намаз оқымаған адам әлбетте діннен айырылады.» Намазды үнемі дұрыс оқитын адам жаман, жағымсыз істерден сақтанған болып есептеледі. Анкабут сүресінің 45 аятында: «Дұрыс оқылған намаз, адамды жеркенішті, жағымсыз, тыйым салынған әрекеттерден сақтайды» делінген.

Адамды жамандықтан сақтай алмаған намаз, дұрыс намаз қатарына жатпай, оның көрінісі ғана намаз болады. Сонымен қатар, дұрыс намаз оқуға қол жеткізгенше көрініс те болса намаз оқуды тастамау қажет. Ислам ғалымдары, «Бір нәрсенің толығын орындай алмаған жағдайда, қалғанынан да айрылып қалмау керек», деген. Шексіз ихсан иесі болған Раббымыз, көріністе болған намазды да рахымдылығымен қабыл етуі мүмкін.  Сондықтан «Бұлай қате оқығанша еш оқымағаның дұрыс» деуден сақтанып, керісінше «келіңдер намазымыздың қатесін түзетейік» дегеніміз жөн. (Намаз оқымай, «Істесем толық істеймін» деген сылтауды айтып такаппарланғандардан шала да болса жарым-жартылай істеп жүргендер Аллаһтың мейіріміне жақынырақ болады.)

Намазды жамағатпен оқыған дұрыс. Жамағатпен оқудың сауабы жалғыз оқығаннан әлдеқайда көп. Сондай-ақ намазда әрбiр мүшенің әдеп сақтап, жүрек Аллаһу та’аладан қорқу халінде болу керек. Адамды екi дүниеде қиыншылық пен пәлекеттен құтқаратын амал намаз ғана. Аллаһу та’ала Мүмiн сүресiнiң бас жағында: «Мүмiндер әлбетте құтылады. Олар намаздарын хушумен (ықыласпен) оқитындар»- деген.

Қауып-қатер төніп тұрған, кедергілер көп болған жағдайларда орындалған ғибадаттың сауабы өте көп болады. Жастардың ғибадаттарына қарияларға қарағанда көбірек сауап берілуінің себебі де осында. Өйткенi, бұл жастар нәпсінің жаман, жағымсыз және ғибадаттан қашу сияқты қалауларына қарсы шыққан болады. Ал жасы жеткендерде мұндай кедергілер жастардікіндей көп болмайды.

Жастықта адамдың ғибадат етуіне үш дұшпан тосқауыл болады. Бұлар: шайтан, нәпсi және жаман жолдас. Барша пәлекеттiң басы жаман жолдастан басталады. Жас жан осы дұшпандардан келетін арам ниет пен армандарға еріп кетпей, намаз оқып, ғибадаттарын уақытында орындаса, үлкен сауапқа қауышады. Аз ғана ғибадатына көптеген сауап жазылады.