20 Қаңтар 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Барлық дұшпандық достыққа айналуы мүмкін, бірақ...

Барлық дұшпандық достыққа айналуы мүмкін, бірақ...

Бүкіл дұшпандықтардың достыққа айналуына үміт бар. Бірақ хаседтен (көре алмаушылықтан) туындайтын дұшпандық бұлай емес. Өйткені хаседші адам басқа адамның өзінен жақсы киінетінін, жақсы өмір сүретінін көре алмайды. Яғни оның әдеміліктерін, еңбекқорлығын, сәттіліктерін қызғанады. Ең жаманы оның басына келген бәлеге, жамандықтарға қуанады. Ал бұл нәрсе қызғаныштардың ең жаманы. Мұндай адамнан Аллаһу та’ала көмегін үзуі мүмкін.

 

Көре алмайтын адам Аллаһу та’аланың өзіне берген нәрселерінен разы болмайтын адам деген сөз. Аллаһу та’аланың бергеніне разы болмаған адамнан Аллаһу та’ала да разы болмайды. Ал Аллаһу та’аланың разы болмауы пәлекеттердің ең үлкені. 

 

Басқаның өзінен үстем болған барлық нәрсесін көре алмайтын, қызғанатын адам, ондағы үстемдіктердің одан кетіп, тек өзінде ғана болуын қалайтын адам хаседші адам деген сөз. Хасед ең жаман мінездердің бірі. Көре алмайтын адам өмір бойы мазасыз болады. Мұндай адамға өзінен төмен адамдар көрінбейді, өзінен үстем, дәулетті адамның барлық нәрсесі көрінеді және оларды көрген сайын қызғанышы қозады.

 

Хаседтен құтылғандар тыныштыққа, бақытқа қауышады. Бұл байлықпен кедейліктің мәселесі емес. Көңіл байлығының, пейілдің мәселесі. Қаншама кедейлер бар бір үзім нан тапқанда Аллаһу та’алаға шүкір етеді, байлардың жағдайларын ойлап та көрмейді. Қаншама байлар бар миллиардтарына бірнеше мың қоса алмағаны үшін түңіліп, ренжіп жүреді.

 

Хасед ғибадаттардың сауабын кетіреді. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Хаседтен сақтаныңдар! От отынды өртеп жоқ қылатыны секілді хасед те жақсылықтарды жояды.» (Әбу Дауд)

 

Көре алмайтын адам қызғанған адамын ғайбат етеді, шақыстырады. Оның мал-мүлкіне, жан-дүниесіне қол салады. Қиямет күні бұл зұлымдарының жазасы ретінде бүкіл жақсылықтары, сауаптары алынып қызғанған адамына беріледі. Хаседші қызғанып жүрген адамдарының ниғметтерін, жетістігін көрген сайын түңіле береді, ұйқысы қашады. Дінімізде жақсы амал жасағандарға он есе сауап беріледі. Хасед бұлардың тоғызын жояды. Хадис шәрифте: «Өткен үмметтерден сендерге екі жамандық жұқты: Хасед және қырыну. Бұл сөзіммен олардың шаштарын қырып тастағандарын айтпақшы емеспін. Діндерінің түп-тамырын қазып жоқ қылғандарын айтамын. Ант етіп айтамын иманы болмаған адам жаннатқа кірмейді. Бір-біріңді жақсы көрмейінше, құрметтемейінше иманға қауыша алмайсыңдар. Бір-біріңді жақсы көру үшін көп сәлемдесіңдер!» деп бұйырылды. (Бәриқа)

 

Хазреті Абдуллаһ бин Хубәйктен Хорасаннан жақын адамы келіп насихат сұрайды, оған: «Ей Хорасандық! Тіліңмен өтірік айтпа, көзіңмен харамға қарама. Көңіліңмен мұсылман бауырыңа хасед етпе. Ешкімге қас болма, қалауың жақсы нәрселер болсын. Егер бұлай істемесең соңында бақытсыз боласың.» деп бұйырады.

 

Хазреті Ақшамседдин де сұхбаттарында жиі жиі: «Ешкімге ашуланбаңдар, ешкімге зиян, жапа шектірмеңдер. Өмірлеріңнің ұзақ болуын қаласаңдар ешкімнің ниғметіне хасед етпеңдер (көре алмаушылықпен қарамаңдар). Ешкімді жамандап, өсек айтпаңдар. Өзіңнен үлкен адамдардың алдына түсіп жүрмеңдер.» дейтін.

 

Хазреті Бурханеддин Тирмизи былай деген: «Хасед нәпіс итінің сипаты. Өйткені ол дүниелік өлекселердің басында тұрады.»

 

Фудайл бин Ияд хазрет шәкірттерінен бірінің өлімі жақындағанда оның жанына барып, Ясин сүресін оқи бастайды. Шәкірт «Ей ұстаз! Маған мұны оқыма»дегенде хазреті Фудайл оқуын тоқтатады. Кейін шәкіртіне кәлима-и тәуһидті талқын етеді. Шәкірті «мен ол мүбәрәк сөзді айта алмай тұрмын, өйткені мен одан ұзақпын» дейді де қайтыс болады. Хазреті Фудайл бин Ияд үйіне барарда мұң шалып жылайды. Кейін түсінде шәкіртін жаһаннамға әкетіп бара жатқанын көріп «Балам! Сен шәкірттерімнің ең жақсыларынан едің. Неліктен Аллаһу та’ала сенен марифат нұрын алды?» деп сұрайды. Шәкірті «Үш себеппен Аллаһу та’ала менен марифат нұрын алды. Біріншісі – сөз тасу. Өйткені мен сізге басқаша, достарыма басқаша сәйлейтінмін, сөз таситынмын. Екіншісі – хасед. Мен достарымды көре алмайтынмын. Үшіншісі – арақ. Бір рет ауырып қалған едім. Ауруымды қарату үшін емшіге бардым. Емші маған “Әр жылы бір шыны арақ ішіп тұрасың, әйтпесе жазылмайсың” деді. Мен осылайша ішімдікке дағдыланып кеттім.» дейді.

 

Хазреті Уәһб бин Мунаббих былай деген: «Хаседшінің үш белгісі бар. Хасед еткен адамы жанында жоқ болса, оны ғайбат етеді. Жанында бар кезде оған жағымпаздық етеді. Оның басына бір бәле келсе қуанады.»

 

Хазреті Ибни Уәфа былай деген: «Абай бол, Аллаһу та’аланың мейірімі түскен және сенен үстем болған адамға хасед етпе. Өйткені хаседіңнің себебімен Аллаһу та’аланың ашуына ұшырауың мүмкін. Кейібің өзгеріп соңың жаман болуы мүмкін. Адам алейһиссаламға хасед етіп, тәкаппарланып сәжде етпеген ібліс малғұн болды.»

 

Имам Шафии хазрет те «Дүниедегі ең бақытсыз адам көңіліне хасед және дұшпандық ұялаған адам» деп бұйырған.

 

            Қорыта айтқанда хасед ету Аллаһу та’аланың тағдырын өзгертпейді. Босқа ренжіген, күйінген болады. Оған қоса күнә артып алғаны қалады. Онсыз да хаседшілер мұратына қауыша алған емес. Ешкімнен құрмет көрген емес. Хазреті Әбулләйс Самарқанди балай дейді: «Үш адамның дұғасы қабыл болмайды: харам жеген, ғайбат еткен және хасед еткен адамның»