24 Қазан 2017   



Қас жұлу

Сұрақ: Еркектердің ұзын болған қастарын қысқартуларына рұқсат етіледі екен. Еркекке жаиз болған нәрсе әйелге де жаиз бола ма?

Жауап: Еркекке жаиз болып, әйелге харам болған және әйелге жаиз болып, еркекке харам болған нәрселер көп. Бірнеше мысал келтірейік:

 

Еркекке жаиз болып әйелге жаиз болмаған нәрселер:

1) Әйелдерге қастарын жұқарту харам болады, ал еркектердің қастарын түзеуі жаиз. (Хиндийа)

Аллаһу та’аланың жаратылысын өзгерту харам болып табылады. Егер әйелде сақал өссе оны алуы харам болмайды. Әйелдің күйеуіне немесе басқаларға әдемі көрінуі үшін жаратылысындағы бір нәрсесін көбейтуі, жалғауы немесе азайтуы жаиз емес. Екі қастың арасындағы қылдарды алуына болады. (Бәриқа)

Бір хадис шәрифте былай делінеді:

«Қастарын іскекпен (пинцетпен) немесе басқа бір құралмен жұлғандар, жүздеріне әдемілік беру үшін беттерін сызып Аллаһтың берген түрін өзгерткендер лағынеттелген.» (Бұхари)

Бір әйел «Ей Расулуллаһ тұрмыстағы қызымның ауру себебімен шаштары төгілді. Орнына шаш тағуым дұрыс бола ма?» деп сұрағанда Расулуллаһ алейһиссалам «Хақ та’ала жасанды шаш таққан және тақтырған адамды лағынеттеген.» деп бұйырды. (Мүслим)

Әйелдің адам шашын өз шашының арасына қосып өріп жалғамастан өз шашына  жіппен немесе лентамен байлауының және жануар қылдарын жалғаудың харам еместігі Ибни Абидинде, Хадиқада және Фәтауа-и күбрада жазулы. Адам және жануар қылынан және синтетикалық қылдардан жасалған парик деп аталатын кимелі шаштарды қолданудың жаиз екендігі түсінілсе де зарурет (зәру, мәжбүр) жағдайымен сәндік бұйымдарды бір-бірімен шатастырмау керек. Зарурет (қажеттілік) жағдайда жаиз болған нәрсені сән үшін қолдану жаиз болмайды. Әйел еркектер арасында шашын ашуға мәжбүр болған жағдайда басын және өз шаштарын парикпен жабуы жаиз және қажет болады. Зәру жағдайда әурет жерлерді мүмкін болған кез-келген нәрсемен жабу керек. Күнәсы шашын бергенге және оған қараған адамға болады. Зәру жағдай болмай көшеге парик киіп шығу жаиз емес, өйткені парик сәндік бұйымға жатады, әйелдердің бөтен еркектерге сәнденулері харам болады. (С. Әбәдийа)

 

2) Ішікті (меховой), көз тартатын киім киіп, сәндік бұйымдарын көрсетіп көшеге шығу әйелге жаиз емес, бірақ еркекке жаиз. (С. Әбәдийа)

 

3) Қандай ниетпен болса да әйелдердің көшеге иіссу сеуіп шығуы жаиз емес, бірақ еркектердің сүннетке мойынсұну ниетімен иіссу себуі жаиз болады. (Хиндийа)

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Әйел көшеге шығарда иіссу себінбесін.» (Мүслим)

 

Әйелге жаиз болып еркекке жаиз болмаған нәрселер:

1) Жібекпен алтын бөтен еркектерге көрсетпеу шартымен әйелдерге жаиз, ал еркектерге ешкімге көрсетпесе де жібек және алтын харам болып табылады. (Табарани)

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Алтын және жібек әйелге халал, ал еркекке харам.» (Табарани)

 

2) Сырға, білезік, алқа секілді бұйымдар да бөтен еркектерге көрсетпеу шартымен әйелге жаиз, ал еркектің бұларды тағып әйелдерге ұқсауы харам болады. (Рәддул мухтар)