24 Қазан 2017   


  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Қабырғаға сурет ілу

Қабырғаға сурет ілу

Сұрақ: Қабырғаға әкеміздің немесе ұстазымыздың суреттерін іліп қойсақ бола ма?

Жауап: Болмайды. Үш түрлі зияны бар:

Біріншісі: адамның және жануардың суретін белден жоғары ілу харам болып табылады. Өсімдіктердің және сол секілді жансыз нәрселердің суретін ілуге болады.

Екіншісі: тірі жанның суреті болған бөлмеге рахмет періштелері кірмейді. Тіпті тірі жанның суреті бар газеттер болса да кірмейді. Газетті оқып болғаннан соң жабық (көрінбейтін) жерге қою керек. Кез-келген суретті альбомда сақтау керек. Суреттер жабық жерде болса рахмет періштелері кіреді.

Үшіншісі: қабырғасында адамның немесе жануардың суреті ілулі болған бөлмеде намаз оқу мәкрух болады.

 

Сұрақ: Адамның артынан түсірілген суретті қабырғаға ілу жаиз ба?

Жауап: Жаиз, намазға зияны тимейді.

 

Сұрақ: Намаз оқуды мәкрух етпейтін сурет бар бөлмеге рахмет періштелері кіре ме?

Жауап: Кіреді, өйткені ондай суреттер сурет үкіміне жатпайды.

 

Сұрақ: Өсімдіктердің емес, адам мен жан-жануарлардың суреттерін қабырғаға ілу харам деп айтылып жатады. Қабырғаға ілмей тумбочканың немесе столдың үстіне сүйеп қоюға бола ма?

Жауап: Белден жоғары болса харам болады. Белден төмен болса харам болмайды, бірақ көрініп тұрғаны үшін ол бөлмеге рахмет періштелері кірмейді. Көрінбейтін жерге қою керек, мысалы альбомға салып қою керек.


Бәйт бөлме деген сөз.

Сұрақ: Бір хадис шәрифте сурет болған үйге рахмет періштелерінің кірмейтіндігі білдірілген. Үйдің бір бөлмесінде сурет болса, қалған бөлмелерге де рахмет періштелері кірмей ме?

Жауап: Бұл хадис шәрифтегі “бәйт” деген сөз үй емес, бөлме дегенді білдіреді. Сол себепті қалған бөлмелерге рахмет періштелері кіреді. Әдетте “бәйт” сөзі бөлме деген мағынада айтылады. Бірнеше мысал келтірейік:

1) Бәйтүллаһ: Аллаһтың үйі, яғни Қағба деген сөз. Қағба бір-ақ бөлмеден тұрады.

2) Бәйти мақдис (мұқаддәс, киелі): Ақса мешіті.

3) Бәйти атиқ: Қағбаи мұаззама.

4) Бәйтүл мал: Мемлекеттік қазына сақталатын бөлме.

5) Бәйтүл анкәбүт: Өрмекшінің үйі, өрмекшінің ұясы, өрмекшінің торы.

6) Бәйтүз-зифаф: Жас жұбайлардың алғашқы түндерін өткізген бөлмесі. Бұл сөзді жас-жұбайлардың үйі деп аудару қате болады. Жас-жұбайлар алғашқы (қосылатын) түндерін тек қан бір бөлмеде өткізеді. Үйдің барлық бөлмесі жас-жұбайлардың алғашқы түндерін өткізген бөлмелері деп аталмайды.

7) Бәйтүл аруз: Келіннің бөлмесі.

8) Бәйтүл әдәб: Қажеттілікті кетіру үйі, әжетхана. Бәйтүр-рахати деп те айтылады. Рахаттану үйі деген мағынада. Бұл да үй емес бөлме болып табылады.

9) Бәйтүл хала: Әжетхана, дәретхана деген сөз.

10) Сөздіктерде дар сөзінің мағынасы пәтер деп білдіріледі. Ал фиқһ ғұламалары бұл сөзге “ішінде бірнеше бәйті (бөлмесі) бар және ауласы бар жер” деген анықтама берген.   

            Жоғарыда айтылған себептерге байланысты «Сурет болған бәйтке рахмет періштелері кірмейді» деген хадис шәрифтегі “бәйт” сөзін үй емес, бөлме деп түсіну керек. Егер қателікпен үй деп түсінілетін болса, онда үйдің бес бөлмесі болса олардың ешбіріне рахмет періштелері кірмейді. Тіпті көп қабатты үйдің бір пәтерінің бір бөлмесінде сурет болса, сол үйдің қалған пәтерлеріне де кірмейді. Бөлмелер бір-бірінен бөлек-бөлек орналасқаны секілді пәтерлер де бір-бірінен бөлек-бөлек орналасады. Сонда бір бөлмеде сурет болса, сол үйдегі қалған пәтерлердің ешбіріне рахмет періштелері кірмейді, тіпті қосылып орналасқан үйге де кірмейді деген қате түсінік пайда болады. Бұлай ойлау үлкен қателік болады. Бөлмелер бір-бірінен тәуелсіз болады. Үйдің бір бөлмесі әжетхана болғаны секілді, екінші бөлмесі мешіт болуы мүмкін.

 

Суретке тағзым ету

Сұрақ: Бір суретке тағзым ету кейде харам, кейде күпір делініп жатады. Тағзым ету деген не?

Жауап: Тағзым – құрметтеу, сыйлау, үстем тұту дегенді білдіреді. Кез-келген суретті белден жоғары ілу оған құрмет көрсету деген сөз, ал бұл харам болып табылады. Адамның суретіне тағзым ету екі себеппен болады:

1) Ұстазының, әкесінің, бастығының, әулиенің суреті болғаны үшін құрмет көрсетеді. Ол суреттегі адамда Аллаһу та’алаға тән илаһи (жаратушылық) қасиет бар деп сенбейді. Оны махлұқ (жаратылған) деп біледі. Оны жақсы көретінін білдіру үшін немесе оны қуандыру үшін құрмет көрсетеді. Бұлай құрмет көрсету күпір болмайды, бірақ харам болады. Мұсылман болмаған адамның суретіне осылай құрмет етіп, тағзым ету күпір болады.

2) Суреттегі адам немесе от, күн, сиыр секілді кез-келген нәрседе, немесе крестте илаһи (жаратушылық) қасиет бар деп сеніп, ол қалаған нәрсесін жаратады, қалаған нәрсесін жасай алады деп тағзым ету күпір, ширк болады.    

 

Сұрақ: Ауланған жануарлардың терісінің ішін толтырып манекен секілді сән ретінде қолдану жаиз ба?

Жауап: Жаиз емес. Бұл сурет ілуден де зиянды, қауіпті.

 

Сұрақ: Адамның және жануардың  суретін салу қажеттілік (зәру) жағдай болмайынша жаиз болмайды делінеді, ал фотоаппаратпен суретке түсіру жаиз болады, олай болса фотосуретті көрінетін жерге қою, жоғарыға іліп қою жаиз болмай ма? Фотосурет болған жерге де рахмет періштелері кірмей ме?

Жауап: Сурет салу мен суретке түсірудің үкімдері екі түрлі болса да, сурет секілді фотосуретті де жоғарыға ілу жаиз емес. Фотосурет көрінетін жерде тұрса, ол бөлмеге рахмет періштелері кірмейді.


Суреттің жабық жерде тұруы

Сұрақ: Бір риуаятта (хикаяда) былай делінеді: Рахмет періштелері бір әулие кісіге: “Кілем астында сурет бар кезде біз өлген адамның жанына кірмейміз” дейді. Суреттерді жабық (көрінбейтін) жерге қою жаиз емес пе еді?

Жауап: Ұлы кісілердің басынан өткен оқиғалардан құралған мәнқибәлардан яғни хикаялардан үкім шығарылмайды, хикаядан үкім шығару адасуға әкеліп соғады. Суреттерді көрінбейтін, жабық жерге қою жаиз болады. Ол жерде оқылған намаз да мәкрух болмайды. (Хадиқа)


Дуалға кілем ілу

Сұрақ: Қабырғаға кез-келген кілемді ілуге бола ма?

Жауап: Суықтан қорғану үшін қабырғаға жүн немесе жібектен жасалған кілемді ілу жаиз болады. Әшекей, сән үшін ілу мәкрух болады. Бетінде тірі жанның (адам немесе жануардың) суреті бар кілемді ілу харам болады.

 

Дуалға сурет ілу

Сұрақ: Үйінің қабырғасында адамның немесе жануардың суреті бар бір адам бізді үйіне қонаққа шақырса, баруға бола ма?

Жауап: Қабырғасында адамның немесе жануардың суреті болған үйге қажеттілік (зәрурат) болмай кірілмейді. (Ихйа-үл-ұлум)