26 Сәуір 2017   


  Негізгі бөлім / Мазһаб және Мазһабсыздық / Мазһаб жайлы сұрақ-жауаптар

Мазһаб жайлы сұрақ-жауаптар

Сұрақ: Орталық Азия халықтары Ханафи мазһабын ұстанады, Кавказ елі басқа мазһаб, ал арабтар тіптен басқа мазһаб ұстанады. Сонда пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам қандай мазһабты ұстанған? Ханафи мазһабы дұрыс екеніне кім кепіл?

Жауап: Мазһаб - жол деген мағынаны береді. Бір мужтаһидтің ижтиһад ету арқылы шығыртып, қол жеткізген үкімдерімен мәліметтердің барлығына бірдей сол мужтаһидтің мазһабы (жолы, еңбегі) делінеді. Пайғамбарымыздың дәуірінде өмір сүрген Сахабаи кирамның барлығы үлкен ғұлама, терең мужтаһид еді. Дін ілімдерінде, саясатта, билік-басшылықта, заманының жаратылыстану білімдерінде  және тасаууф марифатында (Аллаһты тану ілімі) әрқайсысы жетік маман еді. Бұл білімдердің барлығын олар Пайғамбарымыздың жүректерге өрнектейтін, рухтарды тартатын сөздерін, сұхбаттарын тыңдау арқылы қысқа уақытта меңгеріп алған. Әрқайсысының жеке өз мазһабтары бар еді. Мазһабтары арасында бір-бірінен аз-көп айырмашылықтар бар еді. Сахабалардан кейінгі екі ұрпақ: Табеин және Табаи табеин арасында да мужтаһид болғандар жиі кездесетін еді. Бұдан кейінгі замандарда яғни хижри 400 жылдардан кейін мутлақ мүжтаһид мүлдем жетілмегені «Асхаби кирам» кітабында білдірілген. Осы мужтаһидтердің мазһабтары арасында тек төрт данасы ғана кітаптарға толық жазылып үлгерді және дүние жүзіне тарады. (Бұлардан Имам Ағзам табеин, ал қалған үш мазһаб имамдары табаи табеиннен еді) Ал басқаларының мазһабтары ұмытылды. Бұл төрт мазһабтың имандары сахабалардың иманымен бірдей болғандықтан төртеуіне де "Әһли сүннет уәл жамағат" делінді. Имандары арасында ешқандай негізгі мәселеде айырмашылық жоқ және олар бірін-бірі бауыр деп қарайды, құрметтейді. Бір-біріне сәйкес келмейтін амал мәселелерінде зәру (машаққат, зарурет) жағдайларда бірі екіншісінің мазһаб үкімдерінен де пайдалана береді. Аллаһу таала мазһабтардың осылай бөлек болуларын қалаған. Араларындағы айырмашылықтардың Аллаһтың мұсылмандарға рахметі (мейірімділігі) екенін пайғамбарымыз хабар берген. Өйткені төрт мазһаб арасындағы кішігірім өзгешеліктер мұсылмандардың ғибадаттарын оңайлатуда. Әр мұсылман өзінің дене ерекшеліктеріне, өмір сүретін жердің климатына, жұмыс, күн кешу шарттарына қарай өзіне ыңғайлы болған мазһабты таңдайды. Бүкіл ғибадаттарын сол мазһабтың айтқанына сай реттейді, мазһаб кітаптарында жазылғанындай етіп орындайды.

Егер Аллаһу та’ала қаласа, Құран Кәримде бәрі нәрсені ашық-айқын қылып айтатын еді. Оқығандардың барлығы бірдей түсінетін қылып қоятын еді. осылайша мазһабтар пайда болмас еді. Қияметке дейін әлемнің бүкіл аймақтарында мұсылмандар климаты, ауа-райы, күн-түннің ұзақтығы сияқты шарттарға қарамай бірдей ғибадат етуге мәжбүр болар еді.  

 

Расулуллаһтың Жолы

            Пайғамбарымыздың жолы - Құран Кәріммен, хадис шәрифтермен және мужтаһидтердің ижтиһадтарымен көрсетілген жол! Осы үш дәлелмен бірге тағы  "Ижмаи уммет" деп аталатын Сахабалармен Табеиннің ауызбірлігін көрсететін төртінші дәлел де қосылады. Бір үкім, бір мәселе жайлы егер төрт мазһабтың ижтиһадтары (үкімдері) арасында бірдей шешім қабылданса, бұл "ижма" (ауызбірлігі) болады да бұған сену шарт болады, сенбегендер күпірге түседі. (Мәктубат 2/36) 

 

Бұрыс, қате бір істе, адасушылықта Ислам ғұламаларының ойы ешқашан бір жерден шықпайды. Хадис шәрифте: "Үмбетім қате жолда ауызбірлігіне бармайды." делінген. (И. Ахмед)

 

Осы төрт құжат шариғаттың дәлелі саналады.Бұл дәлелдердің тысында қалған нәрселер бидғат болады. Хадис шәрифте: "Үмбетім 73 топқа айырылады. олардың тек біреуі ғана Жаннатқа кіреді. Олар менің және сахабаларымның жолында болғандар" деп айтылды. (Ибн Мажа)

 

Бұл айырылулар усул, яғни иманда болатын айырылықтар. Сахабаи кирамнан кейін жаңа мұсылман болғандардың бір бөлігінің имандары бұзылып, сахабалардың дұрыс имандарынан өзгеше көрініс тапты. Осылайша бұзық топтар, секталар, дүмшелер пайда болды. Олардың барлығына "Бидғат секталары" деп айтылады. Олар кейбір аяттарды қате түсіну және қате түсіндіру нәтижесінде жолдан адасқандары үшін кәпір емес. Бірақ Исламға тигізген зияндары кәпірлерден көп болды: олар бір-бірлерімен және әһли сүннет мұсылмандармен көп дауласты. Соғыстар, жанжалдар шығарып көптеген мұсылманның қанының төгілуіне себеп болды. Мұсылмандардың дамуларына, өркендеп ілгерілеуіне тосқауыл болды. Ондай бидғат топтарын әһли сүннеттің хақ болған төрт мазһабымен шатастырмау керек.  Бүкіл әлемнің мұсылман ғұламалары арасында мужтаһид дәрежесіне жеткендер Құран Кәріммен Хадис шәрифтерде уағыздалған дінге толық амал ете алу үшін басқа басқа практикалық әдістер, үкімдер жинағын (мазһабтарды) шығарып, қалыптастырған. 10 ғасырдан бері бүкіл Ислам әлемі кітаптарға толық жазып қалдырылған төрт мазһабтың бірімен жүруге тырысқан. Ханафи мазһабының дұрыс екеніне кім кепіл деген сұраққа Пайғамбарымыз мына хадис шәрифпен керекті жауапты берген:  "Мужтаһид егер ижтиһадында қателессе бір сауап,  дұрыс тапса екі сауап алады." (Бұхари)
            Мазһаб, мужтаһид,  ижтиһад деген ұғымдардан бейхабар сауатсыздар қысқа ақылдарымен мазһабтарды және мазһаб имамдарын дінге қатысы болмаған нәрселер істеген, айтқан деп ойлайды. Алайда Ислам тарихында мазһабтарды ұстанбаңдар деген ешбір ислам ғалымы жоқ.
"Үмбетім қате жолда ауызбірлігіне бармайды."
деген хадис шәриф олардың дұрыс жолда болғанына кепіл. Сондықтан төрт мазһабтан кезкелген біреуін ұстанған мұсылман қалайда сауап алады. Ал мазһабсыз адам не істесе де сауап ала алмайды.

Енді "Пайғамбар қай мазһабта болған?" деген сұраққа келетін болсақ, 120 мыңға жақын сахабаның Құран кәріммен хадис шәрифтердегі насихаттарды ұстануда әрқайсысының бөлек бір методы-мазһабы болуының артында пайғамбардан алған білімдері тұр. Мазһабтарды құрған барлық сахабаның ұстазы Пайғамбар еді. "Мектеп директоры қай сыныптың оқушысы?" деген адамға қандай жауап берсеңде пайдасы жоқ. Өйткені "мектеп", "мектеп директоры", "сынып", "оқушы" деген ұғымдарды қақпайтын адаммен ондай мәселелерді сөйлесудің өзі әбестік.