27 Наурыз 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / АЗАН мен ҚАМАТ

АЗАН мен ҚАМАТ

Азан - жұртшылыққа бiлдiру, хабар беру деген сөз. Бес уақыт намаз және қаза намаздары үшiн және жұма намазында хатиптің алдында еркектердiң азан айтуы сүннеті мүәккәдә. Әйелдердiң азан мен қамат айтулары мәкрух. Азан халыққа уақыт бiлдiру үшiн биiк жерде оқылады. Азан оқылып жатқанда екi қолды көтерiп, сұқ саусақпен екi құлағын жабу мустахаб. Қамат айту азан айтудан абзал. Азан мен қамат Қыблаға қарап айтылады. Азан оқылып жатқанда сөйлеспейді.

 

 

 

Азан және қамат қандай жағдайларда оқылады?

 

1- Қырда, далада, бақшада жалғыз немесе жамағатпен қаза оқып жатқанда ер кiсiлердiң азанды және қаматты дауыстап оқулары сүннет. Азанды естiген адамдар, жындар, тастар ахырет күнi куәгер болады. Бірнеше қаза намазын бiр жерде оқитын адам алдымен азан және қамат айтады. Келесі қазаларын оқырда барлығына тек қамат түсiредi, бұларға бөлек азан айтпаса да болады.

2- Үйiнде жалғыз немесе жамағатпен уақыт намазын оқитын кезде азан және қамат оқымайды. Өйткенi, мешiтте айтылған азан және қамат үйлерде де айтылған болып есептеледi. Сонда да айту абзал. Жергiлiктi мешiтте және жамағаты белгiлi болған әр мешiтте уақыт намазы жамағатпен оқылғаннан кейiн жалғыз оқыған кiсi азан және қамат айтпайды. Жол үстінде орналасқан, яғни имамы және азаншысы болмаған және жамағаты белгісіз мешiттерге әртүрлi уақыттарда келген әр жамағат өздеріне бөлек азан мен қамат айтып намаз оқиды. Мұндай мешiтте жалғыз оқитын кісі де азан мен қаматты өзi еститiндей дауыспен айтады.

3- Сафарилер жамағатта да, жалғыз оқығанда да намазға азан айтып қамат түсiредi. Жалғыз оқитын адамның жанында намаз оқып жатқандар бар болса азан айтпауына болады. Жолаушы кiсi бір үйге кiрiп намаз оқыса азан мен қамат айтады, өйткенi мешiтте айтылған азан мен қамат оның намазы үшiн өтпейді. Жолаушылардың бірі бір үйде азан айтып намаз оқығаннан кейін қалғандарының сол үйде азан айтпай-ақ намаз оқуларына болады.

Ақыл-есі дүрыс баланың, соқырдың, зинадан туылғанның, азан айтуды білетін сауатсыздың азан айтулары жаиз болады. Жүнiп кiсiнiң азан-қамат айтуы, әйел кiсiнiң, мас адамның, ашық күнә істейтіндердің, ақылы толмаған баланың азан айтуы және азанды отырып айту тахримән мәкрух болады. Бұлардың азаны қайта оқылады. Азанның дұрыс болуы үшiн азаншы мұсылман әрi ақылды болу керек. Микрофонмен азан айту дұрыс емес.

Пасықтың (ашық күнә істейтіннің) азанының сахих болмауына себеп, ғибадаттарда мұның сөзі қабыл етілмегендіктен. Пасық айтқан және микрофон арқылы айтылған азанға қарап уақыттың кіргеніне сенуге болмайды. Бұл екеуінің азанымен немесе ишаратымен ораза ашуға болмайды.

Азанға құрмет көрсетіп сөздерін, әріптерін өзгертпей, бұзбастан, әндетпей мұнараға шығып, сүннетке сай оқитындар жоғары дәрежелерге ие болады.

Азан сүннетке сәйкес оқылмаса, мәселен кейбiр сөздерi ауыстырылып немесе басқа тілге аударылып айтылса және кейбiр жерлері әуенге салынып оқылса немесе микрофон арқылы айтылып жатса (өйткені колонкадан шыққан дауыс имам не азаншының дауысы емес. Олардың дауысы электромагниттік толқындарға айналып, содан пайда болған дауыс.), мұны естiген адам оның артынан қайталамайды.