18 Желтоқсан 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Адамның ілімі артқан сайын қорқуы артады

Адамның ілімі артқан сайын қорқуы артады

        Адамның қадірі (абыройы) – ілімі және әдептілігімен өлшенеді. Дүние-мүлкі, мансабы немесе тегімен емес. Пайғамбарымыз "алейһиссалам": «Адамдардың ең қадірлісі – мұсылмандардың ғұламалары» деп айтқан.

         Өзін Аллаһу та'аланың әр мезетте көріп тұрғанын білетін адам күнә жасаудан ұялады, Оның азабы мен жазасынан қатты қорқады. Істеген барлық нәрсесінен Аллаһу та'аланың есеп алатынын білгендігінен ешбір демінің өзін босқа жібермейді. Хазреті Мәулана Жәлаладдин Румидің әйелі былай баяндайды:

 

Кешіре гөр Йа Раббым.

         «Бір күні хазреті Мәулана намазға тұрды. Ықыласпен мойынсұнушылық ішінде тағзыммен және құрметпен Құран кәрім оқып тұрды, бір жағынан да көздерінен жас ағып тұр еді. Үйдегілермен бірге оның бұл халіне таңырқап қарап отырдық. Намаздан кейін әдеттегідей тәсбих тартып, Аллаһу та'алаға ұзақ отырып, жалбарына дұға етті. Оның бұл халі маған қатты әсер етті. Жылай бастадым. Содан кейін:

– Уа мырзам. Дүние мен ахыретте біз – күнәһарлардың үміті сізсіз. Көп ғибадат жасасаңыз да сонша қорқып, жылап, жалбарынасыз, ал біз мына жағдайымызбен қиямет күні не істейміз?- деп сұрадым. Сонда ол ант етіп:

– Аллаһу та'аланың маған берген ниғметтерінің, сый сияпаттарының қасында менің ғибадаттарым, жалбарынғандарым және барлық амалым нұқсандықтан басқа ешнәрсе емес. Бүкіл осы қорқынышыммен мінажаттарыммен: “Ей Ұлы Аллаһым! Мен сияқты бір әлсіз, шарасыз құлыңның қуаты мен шамасы тек осы ғана, кешіре гөр Йа Раббым.” дегім келеді. Әйтпесе Оған лайықты ғибадатты кім жасай алады?- деді.»   

         Адам нәпісін неғұрлым төмендетсе, Аллаһ дәргейіндегі қадірі соғұрлым көтеріледі. Өзін қадірлі, құнды деп санайтын адамның Аллаһ дәргейінде қадірі болмайды. Адамның ілімі артқан сайын, Аллаһу та'аладан қорқынышы да артады. Күнә жасауға батылы жетпейтін болады. Сондықтан Пайғамбарлар қарапайым болатын. Аллаһу та'аладан қатты қорқатын еді. Оларда тәкаппарлық, ужб (ғибадаттарымен менмендік ету) секілді жаман мінездер болмайтын. Фатр сүресінің 27- аятында: «Аллаһу та'аладан тек ілім иесі ғана қорқады.» делінген.

         Кез келген адамның ілімі артқан сайын, әулиелік дәрежесіне жоғарылаған сайын Аллаһу та'аладан қорқынышы да артады. Хужурат сүресінің 13-аятында: «Аллаһу та'аланың дәргейінде ең үстемдерің – Одан ең қатты қорқатындарың.» деп бұйырылған. Сондықтан Пайғамбарымыз "алейһиссалам" Аллаһу та'аланың сүйіктісі, расулы және қабыл етілген құлы болса да: «Аллаһу та'аланы ең жақсы танитын және Одан ең қатты қорқатын менмін.» деген.

         Пайғамбарымыз аспанда бұлт көрсе: «Йа Раббым! Бұл бұлтпен бізге азап жібере көрме!», жел болса: «Йа Раббым! Бізге қайырлы жел жібере гөр!» және аспан күркүресе: «Йа Раббым! Бізді ашуыңмен өлтіре көрме, азабыңмен құрта көрме және бұдан бұрын бізге амандық сыйлай гөр!» деп дұға ететін еді.

         Пайғамбарымыз намаз оқығанында, көкірегінен жылаған адамның ішін тартқаны секілді дауыс шығатын еді. Құран кәрім оқығанында да осындай жағдай болатын: «Менің көргенімді көрсеңдер, аз күліп көп жылайтын едіңдер» дейтін еді. 

 

Дүние – жай ғана көлеңке.

         Нәтижеде адамның ақшасы артқан сайын дұшпаны, ал ілімі артқан сайын Аллаһу та'аладан қорқынышы артады. Бағытын мазарға, ахыретке бұрған адам қандай кәсіппен айналысса да тыныштық табады. Ал бағытын дүниеге және адамдарға бұрған адам болса, жұмыс істемесе де барлық уақытта қиыншылық көреді. Дүниенің харамдарымен мәкрухтарына берілмегендер, ахыреті үшін қамданғандар ахыреттегі өмірінде мұқтаждық көрмейді. Аллаһу та'аланың разылығы үшін жасаған қызметтерінің ақысын, пайдасын дүниеде де, ахыретте де көреді және айналасындағылар оларды ұмытпайды.

         Мақсаты, көздегені дүние болған адамның ғибадатында да, дүниесінде де қайыр болмайды. Әрбір минуты зиянда болады. Қол жеткізгісі келген дүниесі, әр қол жеткіздім дегенінде қайтадан сағымға ұқсап алыстайды. Дүние дегеніміз жай ғана көлеңке, бұл көлеңкеге ешкім жете алмаған, жетуі де мүмкін емес. Егер дүниеден бет бұрсақ, жарыққа қарай бұрылсақ, көлеңке артымызда қалады. Біз қашқан сайын ол қуып, бірақ бізге жете алмайды. Хазреті Яхья бин Муаз Разидің айтқанындай: “Аллаһу та'аланы қаншалықты жақсы көрсең, барлығы сені соншалықты жақсы көреді. Аллаһу та'аладан неғұрлым қорқсаң, барлығы сенен соғұрлым қорқады. Аллаһу та'алаға қаншалықты құлшылық жасасаң, барлығы саған соншалықты жәрдем етеді.”