19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Өлім аузында болатын жағдайлар

Өлім аузында болатын жағдайлар

            Өлу жоқ болып кету емес, дүниедегі өмірден шығу деген сөз. Аллаһу та'ала адамды белгілі болған ажалы жеткенше, ризқы біткенше және әзелде (ежелде) тағдырына жазылған амалдары біткенше бұл дүниеде ұстап тұрады. Адам өзіне жазылған ризқы мен амалы біткен кезде бұл дүниеден шығып кетеді, осы жағдайды адамның өлімі деп атайды.             Адамның өлім аузындағы халін хазреті Имам Ғазали былай білдіруде:

«Адамның өлімі жақындаған кезде төрт періште келеді. Адамның рухын бұл періштелердің біреуі оң аяғынан, біреуі сол аяғынан, ендігі біреуі оң қолынан, тағы біреуі сол қолынан тартады. Көбінесе рухы алқымына келмей жатып, ол адам періштелер әлемін көре бастайды. Періштелерді, олардың істеп жатқан ісінің ақиқатын, солардың әлемінде тұрып көреді. Егер ол адамның тілі сөйлейтін болса, періштелердің көрінісінен хабар береді. Көбінесе көрген нәрселерін шайтанның ісі екен деп ойлап қалады. Тілі тұтылып қалғанша қимылсыз қалады. Бұл жағдайда да әлгі періштелер рухын саусақтарының ұштарынан тартады. Тынысы қырылдап қалады. Күнаһардың рухы сулы жүнге салынған тікеннің суырылып алынғаныдай алынады, мұны адамзаттың ең үстемі болған Пайғамбарымыз алейһиссалам хабар берді. Бұл жағдайда мәйіт қарнын тікенмен толғандай сезінеді. Рухын  иненің тесігіндей тесіктен шығарып, көк пен жер бітісіп, өзін соның арасында езіліп қалғандай деп ойлайды. Хазреті Ка’абтан:

- Өлім қалай болады – деп сұралғанда,

- Бір шоқ тікенді (шеңгелді) бір адамның ішіне салып қойған. Күшті бір адам сол тікенді аузынан суырып алуда. Тікендер кескен жерін кесіп, қалғаны қалады. Міне өлім осындай болады. – деп жауап береді.             Пайғамбарымыз былай деп бұйырды:

«Әрине өлім азаптарынан бір данасының ауырлығы, үшжүз рет қылышпен шапқаннан да ауыр.» Міне сол уақытта адамның денесі терлейді. Көздері тез жылдамдықпен екі жаққа кетеді. Мұрнының екі жаны тартылады. Омырау сүйектері көтеріледі, тынысы тарылады, түсі сарғаяды.         Рухы жүрекке келгенде тілі тұтылады. Рухы омырауына (көкірегіне) келгенде ешкім сөйлей алмайды. Мұның екі себебі бар. Біріншісі: бұл іс аса үлкен болғандықтан омырау тыныспен қысылып, тарылып қалады. Адамның көкірегіне ұрған кезде есінен талып қалатынын көрмейсіңдер ме?! Тек сәлден кейін есін жинайды. Көбінесе сөйлей алмайды. Адамның қай жеріне соққы берсең де даусын шығарады. Көкірегіне ұрсаң сол мезетте дауыс шығармай өлі секілді құлайды.

            Екінші себебі: дауыс өкпеден шыққан ауаның қозғалысынан пайда болатын еді. Жан омырауға келгенде бұл тыныс қалмайды. Демін ала алмағаны үшін дененің жылуы қалмай суый бастайды.

            Рух тартылып соңғы байланысы үзілер кезде, оған бірнеше фитналар (емтихандар) беріледі. Ібіліс және оның көмекшілері ол адамды мазалайды. Аллаһу та'ала бір құлының хидаяты мен иманын қаласа, ол адамға рахмети илаһи (Аллаһтың рахметі)  келеді. Рахмети илаһи шайтанды алыстатып, аурудың жүзінен мазасыздықты кетіреді. Сол уақытта ол адамның көңілі сергиді және күледі.               Өлінің ең соңынан жоғалтатын сезім мүшесі – есіту қабілеті. Өйткені рух жүректен бөлінген кезде тек қана көру қабілеті бұзылады, бірақ есіту қабілеті жан толығымен шығып кеткенге дейін жоғалмайды. Сондықтан Пайғамбарымыз "саллаллаһу алейһи уәсәлләм": «Өлім төсегінде жатқандарға екі шәһадәт кәлимасын, яғни “Лә илаһә иллаллаһ, Мухаммәдун Расулуллаһ” сөзін айтқызыңдар!» деп бұйырған.    

            Егер өлінің аузынан сілекейі аққан, ерні салбыраған, жүзі қарайған, көзі айналып кеткен болса, ол адамның шақи (бедбахт) екенін біліп ал. Ол ахыреттегі бақытсыздықтарын көрді деген сөз.

            Егер аузы сәл ашылған, күліп жатқандай, жүзі жадыраған, көздері де толық жұмылмаған болса, ол адамға ахыретте қол жеткізетін бақыты жайлы сүйінші берілгенін біліп ал...»

            Нәтижеде адам бұл дүниеде қалушы емес, жолаушы, өткінші болып табылады. Сондықтан иманмен өлу үшін күнде дұға ету керек. Өйткені өліммен адамның бұл дүниедегі өмірі бітеді. Өлім – рухтың денемен байланысының үзілуі, рухтың денеден ажырауы. Адам өлген кезде рух пен жүрек жоқ болып кетпейді. Өлім – адамның бір халден басқа халге енуі, бір үйден басқа үйге көшуіне ұқсайды. Хазреті Омар бин Абдулазиздің айтқаны секілді:

“Сендер тек қана мәңгілік үшін жаратылдыңдар. Бірақ бір үйден екінші бір үйге көшесіңдер.”