19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Дінбасы Бахираның айтқандары


Дінбасы Бахираның айтқандары

Пайғамбарымыз он екі жас шамасында бір күні Әбу Тәліптің сауда үшін сапарға дайындалып жатқанын көреді. Әбу Тәліптен: «Бұл қалада мені кімге тастап кетесіз? Не әкем жоқ, не бір жанашырым жоқ» дейді. Бұл сөз Әбу Тәліпке қатты әсер етеді. Оны өзімен алып кетуге бел байлайды. Сауда керуені ұзақ жол жүріп, Бусра қаласындағы  христиандардың бір монастырының маңына тоқтайды. Бұл монастырда Бахира деген дінбасы тұратын, бұрын яһуди ғалымы болып, кейіннен христиандықты қабылдаған бұл білімді дінбасыда қолдан-қолға жетіп сақталған бір кітап бар болатын және ол сұрақтарға сол кітапқа қарап жауап беретін. Құрайш керуені бұрын бұл жерден қаншама рет өтсе де оған еш көңіл аудармайтын. Күнде таңертең монастырдың шатырына шығып, керуен келетін жаққа қарап, бір нәрсені іздегендей болатын. Бұл жолы Бахира ерекше жағдайға тап болады. Өйткені, Құрайш керуені алыстан көрінген кезде олардың үстінде бір бұлттың солармен еріп келе жатқанын байқайды. Бұл пайғамбарымызға көлеңке түсіріп келе жатқан бұлт болатын. Керуен тоқтаған кезде Бахира, пайғамбарымыз саялаған ағаштың бұтақтары оның үстіне қарай иілгенін  көріп, қатты таңырқап қалады. Тез арада дастархан жайдырады. Сосын адам жіберіп, Құрайш керуеніндегілердің барлығын тамаққа шақырады. Керуендегілер пайғамбарымызды заттарының қасына қарауыл етіп қалдырып, дінбасының мекеніне қонаққа барады. Бахира келгендерге мұқият қарап: «Ей, құрайштықтар! Араларыңда тамаққа келмей қалған адам бар ма?» деп сұрағанда олар: «Иә, бір адам бар» дейді. Өйткені, құрайштықтар келсе де әлгі бұлт орнынан қозғалмаған еді. Дінбасы осы белгіні көріп керуеннің қасында біреудің қалғанын түсінген еді. Сондықтан Бахира қоймай оны да шақыртады. Ол келген кезде оған мұқият қарап, қызыға бастайды. Әбу Тәліптен: «Мына бала сенің әулетіңнен бе?» деп сұрайды. Әбу Тәліп: «Балам» деген кезде Бахира: «Кітаптарда бұл баланың әкесі тірі еместігі жазылған, ол сенің балаң емес» дейді. Сонда Әбу Тәліп: «Бұл менің бауырымның баласы» дейді. Бахираның: «Әкесіне не болды?» деген сұрағына: «Әкесі бұл туылмастан бұрын көз жұмған» деп жауап береді. Бахира: «Дұрыс айтасың, анасына не болды?» дегенде Әбу Тәліп: «Ол да қайтыс болды» деп жауап береді. «Дұрыс айтасың» деген Бахира пайғамбарымызға қарап, пұттардың атынан ант береді. Сонда пайғамбарымыз Бахираға: «Пұттардың атымен ант берме! Дүниеде олардан асқан менің дұшпаным жоқ. Мен олардан жиіркенемін» дейді. Бахира сол кезде Аллаһу та’аланың атымен ант беріп: «Ұйықтайсың ба?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Көздерім ұйықтайды, бірақ жүрегім ұйықтамайды» дейді. Бахира оған бірнеше сұрақ қойып, жауап алады. Алған жауаптары бұрын оқыған кітабындағыларға сай келген еді. Сосын пайғамбарымызға қарап, Әбу Тәліптен: «Мына көздеріндегі қызарған түс тумысынан ба әлде кейде пайда бола ма?» деп сұрайды. Әбу Тәліп: «Тумысынан» деп жауап береді. Бахира бұл белгінің де сәйкес келгенін көргеннен кейін көңілі жай табуы үшін енді пайғамбарлық мөрін көргісі келеді. Пайғамбарымыз әдептілігінен арқасын ашқысы келмейді. Әбу Тәліп: «Ей, көзімнің нұры! Бұл тілегін де орында» деген кезде арқасын ашады. Бахира екі күрегінің арасындағы пайғамбарлық мөрді таңданыспен тамашалайды. Оны тебіреніп сүйген кезде көзінен жас ыршиды. Сосын: «Мен куәлік етемін, сен Аллаһу та’аланың Расулысың» дейді. Дауысын көтеріп: «Міне, әлемдердің мырзасы! Міне, күллі ғалам Раббысының Расулы... Міне, Аллаһу та’аланың әлемдерге рақымдылық ретінде жіберген ұлы Пайғамбары.» дейді. Сол жердегі құрайштықтар таңданып: «Мұхаммедтің мына дінбасының алдындағы қадірі неткен жоғары» дейді. Бахира Әбу Тәліпке қарап: «Бұл – пайғамбарлардың ең соңғысы және ең қадірлісі. Мұның діні бүкіл жер бетіне таралады және ескі діндерді жояды. Бұл баланы Шам (Дамаск) қаласына алып барма. Өйткені, Исраил ұлдары Оған дұшпан. Оған қандайда бір зиян келтіріп қоюларынан қорқамын. Бұл туралы олар көптеген жауыз келісімдер жасап қойған.» дейді. Әбу Тәліп: «Ол қандай келісімдер?» деп сұрайды. «Аллаһу та’ала барлық пайғамбарлардың және ең соңынан Иса алейһиссаламның өз үмметтеріне ақырзаман пайғамбары келетінін білдірулері туралы уәдесін алған» деді.Әбу Тәліп Бахираның осы сөздерінен кейін Шамға барудан бас тартып, алып келе жатқан сауда заттарын Бусрада сатып, Меккеге қайтады. Бахирадан естіген нәрселері оның құлағында өмір бойы жаңғырып тұрды. Пайғамбарымызды одан да қатты жақсы көрді. Оны өлгенінше қорғап, барлық ісінде көмектесуге тырысты.

 

            Барлық жағынан көркемдік иесі болған пайғамбарымыз өсіп, он жетіге толған еді. Осы кездерде Йеменге сауда жасауға барып-келіп жүрген көкесі Зубәйр, саудасы берекелі болу үшін оны өзімен бірге ертіп жүреді. Бұл жолы да неше түрлі ғажайып жағдайлары байқалды. Меккеге қайтып келген кездерінде оның бұл жағдайлары туралы айтылып, құрайштықтардың арасында «Оның атағы жоғары болады» деген сөздер тарай бастайды.