19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Үйленуі

Хазіреті Хадишаның Уәрақа бин Нәуфәл берген сүйінші хабардан кейін пайғамбарымыздың жақсы қасиеттерін көріп, оның әйелі болуға, оған қызмет етуге құштарлығы артты. Нәфисә бинти Мунийә бұл жағдайды сезіп, араға түсті. Осы ниетпен пайғамбарымызға барып: «Йа, Мұхаммед! Үйленуіңізге не кедергі болып жүр?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Үйлену үшін қолымда жеткілікті ақша жоқ» деді. Бибі Нәфисә: «Йа, Мұхаммед! Егер арлы, абыройлы, танымал, сұлу әйелге үйленгіңіз келсе қызметіңізге әзірмін» деді. Пайғамбарымыз: «Ол әйел кім?» деп сұрағанда «Хадиша бинти Хууәйлид (радиаллаһу анһа)» деді. Расулуллаһ: «Бұл істе араға кім түседі?» дегенде «Бұл істі мен атқарамын» деді де, хазіреті Хадишаға барып сүйінші хабарды жеткізді. Хазіреті Хадиша туысы Амр бин Әсад пен Уәрақа бин Нәуфәлді шақырып, жағдайды айтты. Сөйтіп, пайғамбарымызға адам жіберіп, келуін сұрайды. Әбу Тәліп пен бауырлары да дайындықтарын жасап, пайғамбарымызбен бірге барады.

 

            Хазіреті Хадиша бұл құтты оқиға үшін үйін безендірді. Осы күннің құрметіне барлық әшекей бұйымдарын қызметшілеріне сыйлады. Сосын оларға азаттық берді, пайғамбарымыз Хадиша ханымның үйіне көкелерімен бірге келді. Әбу Тәліп: «Жаратушымызға шүкіршілік, бізді Ибраһим алейһиссаламның ұрпағынан және Исмаилдің тегінен таратты. Бізді Бәйтуллаһтың қорғаушысы етті. Адамдардың қыбласы және әлемдер тауап ететін сол қасиетті орынды, барлық жамандықтан қорғаған Харамы шәрифті бізге сыйлады. Бауырым Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед құрайштықтардың кез келгенінен үстем келетін жігіт. Мал-мүлкінің аз екені рас, бірақ мал-мүлік басты нәрсе емес. Өйткені мал-мүлік көлеңке секілді, қолдан-қолға өтіп кете береді. Немере інімнің атағы, үстемдігі бәріңізге мәлім. Енді Хадиша бинти Хууәйлидті қалыңдыққа сұрап отыр. Қанша мәһр сұрайсыз? Ант етемін Мұхаммедтің мәртебесі жоғары» деді. Уәрақа бин Нәуфәл бұл сөздерді растады. Бибі Хадишаның көкесі Амр бин Әсад: «Куәгер болыңдар, Хадиша бинти Хууәйлидті Мұхаммед алейһиссаламға қалыңдыққа бердім» деді. Осылайша, неке келісімі аяқталды. Бір риуаят бойынша мәһр 400 мысқал алтын, бір риуаят бойынша бес жүз дирхам, тағы бір риуаят бойынша 20 түйе деп айтылған. Әбу Тәліп тойға арнап бір түйе сойып, көз көріп құлақ естімеген той жасады. Үйлену рәсімі өткізілді. Хазіреті Хадиша барлық дүние-мүлкін пайғамбармызға сыйлап: «Бұлардың барлығы сіздікі және сізге ғана лайық. Ал мен сізге мұқтажбын және міндеттімін» деді. Хазіреті Хадиша бүкіл өмірі бойы пайғамбарымызға қызмет етіп, оның көмекшісі болды. Пайғамбарымыздың бұл отбасылық өмірі Хадиша ханым қайтыс болғанға дейін, жиырма бес жылға созылды. Оның он бес жылы пайғамбарлық білдірілгенге дейін, он жылы білдірілгеннен кейін болатын. Пайғамбарымыз алғашқы әйелі болған хазіреті Хадишаның тірі кезінде басқа ешкіммен үйленген жоқ. Екі ұл, төрт қыз, барлығы болып алты бала сүйді. Олар – Қасым, Зейнеп, Руқаййә, Үммү Гүлсім, Фатима және Абдуллаһ (Тайб немесе Тахир). Пайғамбарлығы білдірілгеннен кейін үйленген хазіреті Марийәдан да Ибраһим есімді бір ұлы болған. Басқа әйелдерінен баласы болған жоқ. Зейнеп – қыздарының үлкені болатын. Ең кіші қызы Фатима - әкесінің ең сүйікті қызы еді. Хижреттен он үш жыл бұрын дүниеге келді. Ер балалары кішкене жастарында қайтыс болып, хазіреті Фатимадан басқа қыздарының барлығы Өзінен бұрын дүниеден өтті. Хазіреті Фатима пайғамбарымыздан алты айдан кейін қайтыс болды. Ол хазіреті Әлимен тұрмыс құрған болатын. Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның тегі хазіреті Фатима арқылы жалғасты.

 

            Пайғамбарымыз хазіреті Хадишаға (радиаллаһу анһа) үйленгеннен кейін де саудамен айналысты. Тапқан табысына қонақ күтіп, жетімдер мен кедейлерге көмек беретін.