18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Дүние жаман ба?

Дүние жаман ба?

Сұрақ: Дінімізде дүние деп нені айтады?

Жауап: Дүние деп харам және мәкрухтарға айтылады. Дүние сөзі мал-мүлік, байлық, дүниелік, ризық деген секілді мағыналарға да келеді. Хазреті Имам Раббани былай дейді:

Дүние – сені Аллаһу та’аладан алыстататын нәрсе деген сөз. Әйел, бала-шаға, мал-мүлік, атақ-даңқ, мансап ойлары, уайымдары Аллаһу та’аланы ұмыттыратындай дәрежеде көп болса, ол дүние болып саналады. Сазды аспаптармен, ойындармен, пайдасыз бос нәрселермен уақыт өткізу (құмар ойындары, жаман достар, жаман кинолар, жаман журналдар мен романдар) дүние деген сөз. Дүние мен дінді бірге ұстанып жетістікке жету мүмкін емес. Ахыретте жетістікке жету үшін дүниеден бас тарту керек.

 

Бұл заманда дүниені толық тәрк ету оңай емес. Ең болмағанда үкім жағынан тәрк ету керек, яғни тәрк еткен болып саналу керек. Ал бұл барлық істе исламға мойынсұну деген сөз. Ішіп-жеуде, киінуде және жеке отбасын құруда исламға сай әрекет етуіміз керек.

 

Дүние – ахырет үшін табыс жиналатын (сауап жинайтын) жер. Табыс жиналатын жерді дініміз жамандаған емес. Керісінше харам табыстарды жамандаған. Дүниені жамандап айтылған хадис шәрифтерге осы тұрғыдан қарау керек:

 

«Дүниеге деген махаббат – бүкіл қателіктердің басы.» (Хаким)

 

«Дүние малғұн. Тек Аллаһ үшін болғандарынан басқа.» (Ибн Мажә)

 

«Дүниенің соңынан қуған адам қанағатсыз болады. Әрдайым жоқшылықпен күресіп, істері күрделенеді. Несібесінен артық еш нәрсеге қауыша алмайды. Ал ахырет үшін еңбек еткен адамның істері жеңілдейді, көңілі тоқ болады. Жүзін бұрған дүниеліктері өзіне қызмет етеді.» (Тирмизи)

 

«Мақсаты үнемі дүниелік болған адамның Хақ та’ала дәргейінде құны болмайды. Мұның жұмысы бітпейді, кедейліктен құтыла алмайды, байлыққа қол жеткізе алмайды. Соңы жоқ бос қиялдармен алданып өтеді.» (Табарани)

 

«От отынды қалай жалмаса, дүниені жақсы көру де иманымызды солай жалмайды.» (И. Ғазали)

 

«Көңілдеріңді (жүректеріңді) дүниеден сөз қозғаумен әуре етпеңдер!» (Бәйһақи)

 

«Дүниенің жоғарылатқан нәрсесін Аллаһу та’ала төмендетеді.» (Бұхари)

 

«Аллаһу та’ала адамға ахыретке сауап жинауы үшін дүниені береді. Бірақ дүние үшін ахыретті беруді қаламайды.» (Дәйләми)

 

«Аллаһу та’ала дүниенің соңын (нәтижесін), желінген астың соңына ұқсатқан.» (Табарани)

 

«Дүниеден жүзіңді бұр, Аллаһу та’ала сені сүйсін! Адамдардың қолына қарама, адамдар сені сүйсін!» (Ибн Мажә)

 

«Ахыреттің орнына дүниені таңдаған адам үш нәрсеге тап болады. Басына келетін қиындықтары таусылмайды. Жоқшылықтан арыла алмайды және тойымсыз құмарлыққа салынып ешқашан бос уақыт таба алмайды.» (Табарани)

 

«Жаннатты қалаған адам жақсылыққа асығады, ал тозақтан қорыққан адам харамдардан қашады. Өлімді күткен адам дүние ләззаттарын тәрк етеді. Дүниеге салынған адамға қиындықтар жауады.» (Ибн Хиббан)

 

«Аллаһу та’ала бір құлына жақсылықты қаласа, оны дүниеден алшақтатып, жүзін ахыретке  бұрады және кемшіліктерін өзіне көрсетеді.» (Дәйләми)

 

Байлық пен билік

Бай болу және би болу басқа, байлық пен билікті жақсы көру басқа. Дүниеде де, ахыретте де бақытқа қауышу үшін, адамдарға қызмет ете алу үшін бай болу және басшы болу өте жақсы. Бүкіл дүние бір адамдікі болса, байлығымен тәкаппарланбастан дінге сайкес жұмсаса, ол адам өте үлкен сауапқа қауышады. Сүлеймен алейһиссалам асқан байлықпен салтанаттың ішінде өмір сүрсе де Аллаһу та’ала Құран кәрімде: «Ол неткен жақсы құл.» деп мақтаған. (Сад 30)

 

Пайғамбарымыздан кейінгі адамдардың ең үстемі болған Ибраһим алейһиссаламның да жайылымдарды толтырған қой-ешкілерінен бөлек бесжүз мың сиыры бар еді. Мал-мүлік, билік зиянды емес, мал-мүлікті және билікті жаман жолда қолдану зиянды. Адамды жақсылық жасаудан алыстатын нәрсенің барлығына дүние делінеді. Құран кәрімде байлығымен, билігімен тәкаппарланбаған адамдарға жәннаттың берілетіні білдірілген. Хадис шәрифтерде де былай делінеді:

«“Лә иләһә иллаллаһ” деген адам дүниені діннен үстем көрмейінше Аллаһу та’аланың қаһарынан және азабынан құтылады. Дінін тастап, дүниеге (харамдарға) бет бұрса, Аллаһу та’ала оған: “Өтірік айтасың” деп бұйырады.» (Хаким)

 

«Дүниелік нәрсе үшін ренжіген адам Аллаһу та’алаға наразылық еткен болады.» (Табарани)