21 Қазан 2017   


  Негізгі бөлім / Дәрет - Ғұсыл / Дәрет алғанда тыйым салынған жағдайлар

Дәрет алғанда тыйым салынған жағдайлар

Дәретте тыйым салынған жағдайлар он екi. Бұларды орындаған жағдайда харам немесе мәкрух болады. Олар:

1.       Дәрет сындырған кезде қыблаға алдын не артын қарату.

2.       Дәрет алу үшін бiреудің қасында әурет жерiн ашу харам болады.

3.       Оң қолымен әурет жерiн жууға болмайды.

4.       Су болмаған уақытта қоректiк заттармен, тыңайтқыш нәрселермен және сүйек, көмiр, жануар қорегiмен, қамыс, жапырақ, керамика бөлшегі, мата, қағаз, басқаның заты сияқты нәрселермен әурет жерiн сүрту мәкрух.

5.       Дәрет алатын суға түкiрмеуi және мұрнын сiңбiрмеуi керек.

6.       Дәрет мүшелерін тым асыра немесе мөлшерiнен аз жумауы қажет және үштен артық немесе кем болмауы керек.

7.       Дәрет мүшесiн әурет жерiн құрғатқан сүлгімен сүртпеу қажет.

8.       Бет жуғанда суды бетке ұрып жумау керек. Маңдайдан бастап төмен қарай ағыза жуу қажет.

9.       Суды үрлемеу керек.

10.   Ауыз бен көздi қатты жұмып алмау қажет. Ерiннiң көрiнiп тұрған бөлiгiнде және көздiң қабығында су тимеген кiшкене бiр жер қалса дәрет қабыл болмайды.

11.   Оң қолмен сіңбірмеу қажет.

12.   Басты, құлақты, желкенi мәсiһ еткенде қолды жеке-жеке суламау керек.

Мисуак қолдану: Дәрет алып жатқанда мисуак қолдану сүннетi муаккада болып табылады. Хадис шәрифте келтірілгендей: «Мисуак қолданып оқылған намаз, мисуаксыз оқылған намаздан  жетпіс есе артық.»

   “Сиражул уаһһаж” кiтабында мисуак қолданудың он бес пайдасы көрсетілген.

1.       Өлер кезінде шаһадат кәлимасын айтуына себеп болады. 

2.       Тiс еттерiн бекемдейдi.

3.       Қақырықты кетіреді.

4.       Өт жұмысын реттейді.

5.       Ауыз ауруын кетiредi.

6.       Ауыздың жағымсыз иiстерiн кетiредi.

7.       Аллаһу та’ала одан разы болады.

8.       Бас тамырларын қуаттандырады.

9.       Шайтан ренжиді.

10.   Көздері нұрланады.

11.   Игiлiктері мен жақсылықтары артады.

12.   Сүннетпен амал еткен болады.

13.   Аузы пәк болады.

14.   Фасих-ул-лисан, яғни ашық, көркем және мәнді сөйлейтін болады.

15.   Мисуак қолданып оқылған екi рәкат намаз жетпiс рәкат намаздың сауабынан да артық болады.

Мисуак - Арабстанда өсетін Әрак ағашының бұтағы. (Түзулеу) Ұшынан екi сантиметрдей қабығын аршып, ашылған жерiн бiрнеше сағаттай суға батырып қойғаннан кейін езетін болса щетка сияқты ашылады. Әрак ағашы табылмаса зейтун бұтағынан да жасалады. Әйелдердің мисуак орнына, мисуак қолдану ниетімен сағыз шайнаулары да дұрыс.