18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хазіреті Омардың мұсылман болуы

Хазіреті Омардың мұсылман болуы

Хазіреті Хамза мұсылман болғаннан үш күннен кейін Әбу Жәһл мүшриктерді жинап: «Ей, Құрайш! Мұхаммед пұттарымызға тіл тигізді. Бізден бұрын өткен ата-бабаларымыздың тозақта азап көріп жатқанын, біздің де сол жерге баратынымызды айтты... Оны өлтіруден басқа амал жоқ!... Оны өлтірген адамға жүз қызыл түйе мен сансыз алтын беремін!...» деді. Бір кезде Хаттабұлы Омардың жүрегінен Исламға деген ынта жоғалып, орнынан атып тұрып: «Бұл істі Хаттабұлынан басқа істейтін адам жоқ» деді. Қасындағылар: «Ал, Хаттабтың ұлы! Көрейік сені...» деп қолдау көрсетті. Ол қылышын асынып, жолға шықты. Жолда Нуайм бин Абдуллаһты кездестірді. Нуайм бин Абдуллаһ одан: «Мынадай құлшыныспен қайда барасың?» деп сұрады. Хазіреті Омар: «Халықтың арасына іріткі салған, бауырды бауырға дұшпан еткен Мұхаммедті өлтіруге бара жатырмын» деді. Нуайм: «Йа, Омар, бұл өте қиын іс. Сахабалары оған ешнәрсе болмасын деп айналасынан шықпайды. Оларға жақындау өте қиын. Оны өлтірген күніңде де Абдулмутталиб ұлдарынан құтыла алмассың.» деді. Хазіреті Омар Нуаймның бұл сөздеріне қатты ашуланып: «Әлде сен де солардансың ба? Онда әуелі сенің шаруаңды бітірейін...» деп қылышына ұмтылды. «Йа, Омар! Мені жайыма қалдыр! Одан да қарындасың Фатима мен күйеуі Саид бин Зәйдке бар, олар да мұсылман болды...» деді. Хазіреті Омар бұл сөзге сенбеді. «Сенбесең, барып сұра! Сонда білерсің шындықты» деді Нуайм.

 

Хазіреті Омар бұл істі істейтін болса, діни бөлінушілік жойылар еді, алайда арабтардың әдеті болған қан дауы туындап, Құрайш екіге бөлініп, үздіксіз, бітпейтін қырқысулар басталар еді. Осылайша, тек Омар ғана емес, бүкіл Хаттаб ұлдары өлтірілер еді. Алайда, Омар бин Хаттаб өте күшті, қызуқанды және ызалы болғандықтан бұл туралы ойламады. Қарындасы туралы ойлап, дереу олардың үйіне барды. Ол кезде «Таха» сүресі жаңадан түсіп, Саид пен Фатима (радиаллаһу анһума) оны жаздырып, хазіреті Хаббаб бин Әрат деген сахабаны үйлеріне әкеліп, оқытып отырған болатын. Хазіреті Омар есіктен олардың дауысын естіді. Есікті қатты қақты. Оның қылыш асынған, ашулы түрін көрген үйдегілер, жазуды тығып, хазіреті Хаббабты жасырды. Сосын барып есікті ашты. Хазіреті Омар ішке кіріп: «Не оқып отырдыңдар?» деп сұрады. Олар: «Ешнәрсе» деп жауап берді. Ол одан сайын ашуланып: «Естігенім рас болса, сендер де оның сиқырына алданыпсыңдар» деп, хазіреті Саидты жағасынан алып, жерге ұрды. Қарындасы күйеуін құтқарам деп ұмтыла бергенде, оның да бетіне реніш шапалағы сарт ете қалды. Бетінен қан аққанын көргенде хазіреті Омардың қарындасына жаны ашып кетті. Фатиманың беті қанға боялған еді. Бірақ, иманның күші оны мойытпастан ол Аллаһу та’алаға сыйынып, хазіреті Омарға: «Йа, Омар! Неге Аллаһу та’аладан ұялмайсың? Аяттар мен мұғжизалармен жіберген пайғамбарына неге сенбейсің? Міне, мен күйеуім екеуміз мұсылман болу абыройына қауыштық. Басымызды кесіп алсаң да бұл жолдан қайтпаймыз» деп, кәлима айтты. Хазіреті Омар қарындасының осыншалықты иманын көріп, бірден басылып, жерге отырып қалды. Бәсең дауыспен: «Жаңа оқып отырған кітаптарыңды шығарыңдаршы» деді. Фатима: «Сен тазаланбайынша оны саған бермеймін» деді. Хазіреті Омар бой дәрет алды. Одан соң Фатима (радиаллаһу анһа) Құран кәрімнің беттерін алып келді. Хазіреті Омардың қырааты өте күшті болатын, яғни мәнерлеп оқу өнерінде шебер еді. «Таха» сүресін оқи бастады. Құран кәрімнің шешендік шеберлігі, мағынасы оның жүрегін елжіретіп әкетті. «Көктерде және жер бетінде және олардың арасындағы және (жеті қабат) топырақтың астындағы нәрселердің барлығы Онікі» (Таха сүресі, 6) деген аятты оқыған кезде терең ойға батты. «Йа, Фатима! Осы ұшы-қиырсыз болмыстардың барлығы сендер табынатын Аллаһтікі ме?» деп сұрады. Қарындасы: «Иә, солай! Күмәнің бар ма?» деді. «Йа, Фатима, алтыннан, күмістен, қоладан, тастан ойылған мың бес жүз шақты әшекейлі мүсіндерден тәңірлеріміз, пұттарымыз бар. Бірақ олардың ешқайсысының жер бетінде бірде-бір мүлкі жоқ» деп таңырқауын жасыра алмады. Тағы да оқыды: «Аллаһу та’аладан басқа құлшылық жасалатын ақиқат илаһ, мабуд жоқ. Ең әсем есімдер Оған тән» (Таха сүресі, 8) деген аятты оқыды. «Шынымен өте дұрыс айтылған» деді. Хаббаб бұл сөзді естігеннен кейін шыдап отыра алмай, тығылған жерінен шығып, тәкбір айтып «Сүйінші, ей Омар! Расулуллаһ Аллаһу та’алаға дұға етіп: «Йа, Раббым! Бұл дінді Әбу Жәһлмен немесе Омармен күшейт» деген болатын. Міне, бұл бақ саған бұйырды» деді. Осы аяти кәримә мен осы дұға хазіреті Омардың жүрегіндегі дұшпандықты жойып, шайып кетті. Ол дереу «Расулуллаһ қайда?» деп сұрады. Жүрегі Расулуллаһқа берілген еді. Ол күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазіреті Әрқамның үйінде сахабаларға насихат айтып отырған болатын. Сахабалар жиналып, Оның нұрлы жүзін көріп, жылы, әсерлі сөздерін естіп, ләззат алып, рухтарын жайландыратын.

 

Хазіреті Омар (радиаллаһу анһ) Әрқамның үйіне келді. Ол өзі айбатты, күшті болып, қылышымен барғандықтан сахабалар Расулуллаһты қоршап тұрды. Хазіреті Хамза: «Омардан тартынатын несі бар, жақсылықпен келсе, қош келіпті. Әйтпесе, қылышын қолына алмастан бұрын басын ұшырамын» деген кезде Расулуллаһ: «Жол беріңдер, ішке кірсін» деді.

 

Жәбрейіл алейһиссалам алдын ала хазіреті Омардың иман келтіру үшін келе жатқанын хабарлап қойған еді. Расулуллаһ алейһиссалам хазіреті Омарды күлімсіреп қарсы алды. «Жіберіңдер, оған жол беріңдер» деді. Хазіреті Омар Расулуллаһтың алдына тізерлеп отыра қалды. Расулуллаһ оның қолынан ұстап: «Иманға кел, йа Омар» деді. Омар таза көңілмен кәлима келтірді. Сахабалар қуанғандарынан тәкбір айтып, дауыстары көкке тарады.

 

Хазіреті Омар мұсылман болғаннан кейін өзі туралы былай деп әңгімелеген: «Мұсылмандықты қабылдаған кезімде сахабалар әлі мүшриктерден тығылып, құлшылықтарын жасырын орындайтын. Олардың бұл жағдайы маған қатты батты. «Йа, Расулаллаһ! Біз хақ жолда емеспіз бе?» дедім. Пайғамбарымыз: «Иә, жаным  құдірет қолында болған Аллаһқа ант етемін, өлсеңдер де, тірі болсаңдар да хақ жолдасыңдар» деді. Пайғамбарымыздың бұл жауабына: «Йа, Расулаллаһ, егер біз хақ жолда болсақ, мүшриктер қате жолда болса, неліктен дінімізді жасырамыз? Уаллаһи біз Ислам дінін күпірлікке қарсы уағыздап, насихаттауға бәрінен де лайықпыз. Аллаһу та’аланың діні Меккеде барлық діннен күмәнсіз үстем болады. Қауымымыз бізге жақсы қарым-қатынас жасаса, қандай жақсы, ал асып-тасатын болса олармен күресеміз» дедім. Расулуллаһ: «Біздің санымыз өте аз» деді. «Йа, Расулаллаһ! Сені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, еш тартынбастан және қорықпастан Исламды бірде-бірін қалдырмай барлық мүшрик қауымына жеткіземін. Енді еңсемізді көтерейік» дедім. Расулуллаһ менің сөзімді мақұлдағаннан кейін сыртқа шығып, екі сап болып Харам мешітіне қарай бет алдық. Саптың бірінің басында Хамза, екіншісінің басында мен болдым. Нық қадамдар басып, Харам мешітіне кіріп келдік. Құрайштық мүшриктер біресе маған, біресе Хамзаға қарады. Біздің бұл жағдайымыз Құрайш мүшриктерін абыржытқаны сонша, мен өмірімде олардың бұндай үмітсіздікке түскенін көрген емеспін.»

 

Хазіреті Омардың бұлай келуіне қарап Әбу Жәһл: «Йа, Омар! Бұл не жағдай?» деді. Хазіреті Омар еш саспастан: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһү уә Расулуһү» деді. Әбу Жәһл не дерін білмей тұтылып, сілейіп тұрып қалды. Хазіреті Омар мүшрик қауымға қарап: «Ей, Құрайш!.. Мені танитындар қандай адам екенімді жақсы біледі. Танымайтындар бар болса, онда біліп алсын, мен Хаттабұлы Омармын... Әйелін жесір, балаларын жетім қалдырғысы келген адам бері шықсын! Қозғалғаныңды қылышпен шауып түсіремін...» дегенінде, құрайштық мүшриктер жандарын сақтау үшін ол жерден дереу жан-жаққа тарап кетті. Расулуллаһ пен сахабалар сап түзеп, дауыстап тәкбір айтты. Меккенің аспаны сахабалардың «Аллаһу әкбар!..Аллаһу әкбар!..» деген дауысына тұнып тұрды. Осылайша, алғаш рет Харам мешітінде ашық түрде намаз оқылды.

 

Хазіреті Омар мұсылман болғаннан кейін «Әнфал» сүресінің 64-аяты түсті. Ол аятта: «Ей, Пайғамбарым! Саған көмекші болуға Аллаһу та’ала мен сенің жолыңда жүрген мүміндер жетеді» деп бұйырылды. Екі ойлы болып жүрген біраз адамдар да хазіреті Омардың мұсылмандықты қабылдағанын көріп, Исламды таңдап, сахаба болу абыройына қауышты. Осы оқиғадан кейін мұсылмандардың саны күн сайын жылдам еселене берді.