19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Қайғылы жылдар

Қоршау: Мүшриктер Исламның көңілдерден орын алуына, ықпалына және таралуына тосқауыл болу үшін бар күштерін салып жатқан еді. Осыған қарамастан, күн өткен сайын мұсылмандардың саны арта берді. Мұсылмандарға жасалған қастандықтар мен зұлымдықтар оларды жолдарынан мүлдем қайтармай, керісінше, бір-біріне деген қамқорлықтарының, бірліктерінің нығая түсуіне себеп болды. Ешқайсысы дінінен қайтпай, Расулуллаһтың жолында жандарын құрбан етуден де тайсалмады. Мұны естіген Мекке тысындағы тайпалардың қызығушылығы артып, Исламның нұры алыс жерлерге дейін таралып жатыр еді. Мүшриктер Хабашстанға жіберген елшілері мақсаттарына жете алмай бос қайтқанын, тіпті Нәжаши Әсхамәнің мұсылмандықты қабылдап, мұсылмандарды қорғап, олармен жақсы мәміледе болғанын естіп, ызаланғандарынан қаны бастарына шапты. Осы ашу-ызаларының кегін артығымен қайтару үшін және Исламды түп-тамырымен жою үшін олар мынадай шешім қабылдады: «Мұхаммед алейһиссаламды кім қай жерде көрсе өлтірсін!...» Кәпірлер осы келісімдеріне қайта-қайта ант етіп, уәде алысты.

 

Мүшриктердің бұл шешімін естіген Әбу Тәліп қатты ренжіді. Мүбәрәк немере інісінің өмірін ойлап, мазалана бастады. Өз қауымын жинап, оларға әлемнің сұлтанын – расулуллаһ алейһиссаламды құрайштық мүшриктерден қорғауды бұйырды. Хашим ұлдары туысқандық сезіммен осы бұйрықты орындауға бірауыздан келісті. Осы мәселеге байланысты Расулуллаһ пен Оған сенетін барлық сахабаларды Меккенің солтүстік жағындағы Қағбадан үш шақырым қашықтықта орналасқан төбедегі Шиъб-и Әбу Тәліпке, яғни Әбу Тәліп ауданына шақырды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларын жинап, Шиъбте күте бастады. Хашим ұлдарынан тек Әбу Ләхәб қана пайғамбарымызды қорғауға қарсы шығып, Шиъбке бармады. Онымен мүшриктер де бірігіп, пайғамбарымызды өлтіру үшін мүмкіндік іздей бастады.

 

Мүшриктер Расулуллаһ пен Оның сахабаларының Әбу Тәліп ауданында жиналғанын көріп, қайтадан өз-ара жиналды. Сосын мынадай шешім қабылдады:

 

«Мұхаммед алейһиссалам өлтірілу үшін құрайштықтарға тапсырылмайынша: Хашим ұлдарынан қыз алынбайды!... Оларға қыз берілмейді!... Оларға ешнәрсе сатылмайды!... Олардан ешнәрсе сатып алынбайды!... Олармен ешкім сөйлеспейді, кездеспейді!... Олардың үйлеріне, аудандарына ешкім бармайды!... Олардың бітімге келу ұсыныстары қабылданбайды!... Оларға ешқашан, ешқандай жағдайда жанашырлық танытылмайды!...» Мансұр бин Икримә деген мүшрик бір қағазға жазған бұл шешімге мөр басылды. Барлық адам көріп, оқысын деп Қағбаның қабырғасына ілініп қойылды.

 

Бұл хабарды сүйікті пайғамбарымыз естігенде қатты ренжіп, дұға етті. Дұғасы дереу қабыл болып, бедбахт Мансұрдың қолдары бір сәтте жансызданды. Мүшриктер сасқалақтап, бір-біріне «Қараңдар, Хашим ұлдарына жасаған зұлымдығымыздан Мансұрдың қолдары жансызданып, сорлап қалды» десті. Бұл оқиғадан ғибрат алудың орнына олар одан сайын азғындай түсті. Шиъбке баратын жолға күзетшілер қойды. Ол жерге азық-түлік пен киімнің жіберілуіне тосқауыл болды. Меккеге келген сатушылардың Шиъбке кірмеулерін, тауарларын ол жерге апармауларын, қажет болса қымбат бағаға болса да өздерінің сатып алатындығын айтты. Осылайша, Шиъбтегілерді аштан өлтіретіндіктерін немесе Хашим ұлдарының өкініп, Расулуллаһты өздеріне тапсыратындығын болжады. Бұл жағдай жыл сайын Қағбаны зиярат ету мерзіміне дейін осылайша жалғасатын. Салт-дәстүрлер бойынша бұл мерзімде қан төгілмейтін. Сол себептен Хашим ұлдары Меккеге барып, сауда жасап, бір жылдық қажет нәрселерін дайындап алуға тырысатын. Олардың бірі саудагердің қасына бір зат алуға келсе мүшриктердің көсемдерінен Әбу Жәһл мен Әбу Ләхәб сияқтылар дереу саудагерлерге: «Ей, саудагерлер! Мұхаммедтің сахабаларына бағаларыңды өсіріңдер. Бағасының қымбаттығынан олар ешнәрсе сатып ала алмасын. Затымыз өтпей қалып кетеді дейтін болсаңдар, қалған заттарыңды біз алуға дайынбыз» дейтін. Олар бағаларын қымбаттатып, мұсылмандар ешнәрсе ала алмай кері қайтатын...

 

Бұл жолда пайғамбарымыз, хазіреті Хадиша анамыз және Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) бар мал-мүлкін жұмсады, балалардың аштықтан шырқыраған дауысын шығармауға тырысты. Қолда бар нәрселер таусылғаннан кейін шөптерді, ағаштың жапырақтарын жеп аштықтың бетін қайтаруға тырысты. Аштықтан жылаған балаларды жұбату үшін терілерді сулап, отқа пісіріп жегізді. Пайғамбарымыз бастаған сахабалар аштықтан мүбәрәк қарындарына тас байлап жүрді. Балаларын аштықтан құтқару үшін барын салып жүрген аналардан тері мен сүйек қана қалған еді. Мүшриктерден жаны ашыған бірі жасырын түрде жейтін бір нәрсе әкелсе, қалған мүшриктер оны ұрып, таяққа жығатын. Осылайша, сыртпен қарым-қатынас үзіліп, мұсылмандар қиын жағдайда қалған еді.

 

Мүшриктер осы аяусыз зұлымдығымен Хашим ұлдарының сөзге келіп, Әбу Тәліптің пайғамбарымызды өздеріне тапсыратынын күтіп жүрді. Әбу Тәліп болса бұған керісінше өз ауданындағы мұсылмандармен пайғамбарымызды қорғап, Оған зиян тиіп кетпесі үшін барлық шараны қолданды. Әбу Тәліп кездейсоқ жағдайдың орын алуынан сақтандырып, Расулуллаһтың жататын жеріне кезекпен күзетшілер қоятын немесе Оны өз үйінде жатқызатын. Пайғамбарымыз еш тартынбастан Аллаһу та’аланың бұйрығын орындау үшін, Исламды тарату үшін бір сәтті де бос жібермей, адамдарды дінге шақырып, олардың жаһаннамнан құтылуларына себеп болуға тырысып, осы жолда сабырлылықпен насихаттарын жалғастырды. Оны сиқыршыға шығарып, айтқандарына сенбеген құрайштық мүшриктерге аштықтың дәмін таттыру үшін бір күні Расулуллаһ: «Ей, Аллаһым! Оларға да Юсуфтың (алейһиссалам) заманындағы жеті жылдық жұт сияқты жеті жұттық азап беріп, маған көмектесе гөр» деп дұға етті. Осыдан кейінгі күндерде аспаннан бір тамшы да жаңбыр жаумай қойды. Топырақ кеуіп кетті. Жерде бірде-бір көгерген нәрсе табылмас болды. Құрайштық мүшриктер не болғанын білмей қалды. Аштықтан өлген малдардың өлекселерін, сасыған иттің терілерін жеп өлмеудің жолын қарастыра бастады. Олардың да балаларының аштықтан шырқыраған дауысы шықты. Көбісі аштан қырылды. Аспанға қараса аштықтан аспанды түтін қаптағандай болып көретін. Өздері де қиналғаннан кейін ақылдары кіріп, жасаған зұлымдықтарының қандай екенін түсгендей болды. Араларынан Әбу Суфйанды Расулуллаһқа жіберді. Әбу Суфйан барып: «Ей, Мұхаммед! Сен өзіңнің әлемдерге мейірімділік ретінде жіберілгеніңді айтасың, бізге Аллаһқа сенуді, туысқандық қатынасты үзбеуді бұйырасың. Алайда, қауымың аштық пен шөлден қырылуда. Бұл бәледен арылу үшін Раббыңа бір дұға ет! Аллаһ сенің жасаған дұғаңды қабыл етеді. Егер осылай дұға ететін болсаң бәріміз иман келтіреміз...» деп ант су ішті.

 

Осылайша жасаған зұлымдықтарымен дұшпандықтарын бір шетке жинастырып қойып, ашаршылық бастарына түскені үшін өздері Расулуллаһқа жалына бастаған еді. Пайғамбарымыз олардың жасағандарын беттеріне баспай, «иман келтіреміз» деген сөздерін есітіп, қолын жайып, Хақ таалаға дұға етеді. Аллаһу та’ала сүйікті құлының дұғасын қабыл етіп, Меккеге жауын жібереді, топырақ суға қанып, өсімдіктер көгере бастайды. Мүшриктер аштық пен шөлден құтылғаннан кейін берген сөздерін ұмытып, күпірліктерінен қайтпады...

 

Аллаһу та’ала оларға жауап ретінде түсірген аяти кәримәларында: «Бірақ, олар (Құран кәрім мен қайта тірілу мәселесінде) күмәнданып, (сені) мазақ етеді. Ондай жағдайда (Ей Хабибім) көктің ашық түтін әкелетін күнін бақыла. Ол түтін барлық адамдарды басады; “Бұл өте жаман азап! Ей, Раббымыз! Бізді бұл азаптан құтқара гөр, біз иман келтірейік” дейді. Оларда ғибрат алу қайда? Оларға ақиқатты түсіндіретін бір пайғамбар келсе де Одан теріс айналды. Оған “Үйретілген, жынды” деді. Біз бұл азапты (түтін немесе аштықты) біраз (немесе аз бір уақыт) аламыз. Алайда, сендер тағы да күпірліктеріңе қайтасыңдар. Қатты азапты (оларға) жіберетін күні (Бәдр күні) әрине, біз (олардан) кек аламыз.

 

Жалал сипатыммен ант етемін, біз олардан (Құрайш қауымынан) бұрын Перғауын қауымын (көп мал-мүлік беру арқылы) сынағанбыз. Оларға бізден қадірлі бір пайғамбар келді (Мұса алейһиссалам). Ол оларға былай деді: “Аллаһтың құлдарын (Исраил ұрпақтарын) маған беріңдер. (Оларды менімен жіберіңдер. Оларды босатыңдар, азаптамаңдар). Шынында мен Аллаһу та’ала тарапынан сендерге уаһимен жіберілген сенімді пайғамбармын. Аллаһу та’алаға күпірлік сөздер айтпаңдар. Өйткені, мен сендерге ісімнің тура екенін көрсететін дәлелдермен, айқын мұғжизалармен келдім. Біліңдер, мен маған тас лақтыруларыңнан, өлтірулеріңнен, менің және сендердің Раббыларың болған Аллаһу та’алаға сыйынамын, Ол мені қорғайды. Егер мені қолдап, иман келтірмейтін болсаңдар, онда мені өз халіме қойыңдар. (Жақсылықтарыңнан кештім, ең болмағанда зияндарыңды тигізбеңдер.” Олар иман етпегендері, пайғамбарды өтірікшіге шығарғандары жетпегендей, оған бірқатар қорлық пен зомбылық көрсете бастағандарында) Мұса (алейһиссалам) Аллаһқа дұға етіп: “Йа, Раббым! Бұлар күпірліктен қайтпайтын бір қауым” деді. Аллаһу та’ала Мұса (алейһиссаламға) уаһи жіберіп: “Құлдарыммен (Исраил ұрпақтарымен) түнде (Мысырдан) шығып кет! Перғауын мен көмекшілері сендердің шыққандарыңды естігеннен кейін соңдарыңа түседі (олар міндетті түрде сендерді аңдиды). Қауымыңмен теңізден өткеннен кейін оны сол күйінде қалдыр (Аса таяқты жерге қайта ұрып ашылған су жолын жаппа, ашық күйінде қалдыр). Өйткені, Перғауын мен әскері сол жолға түсіп, суға батады». («Духан» сүресі, 9-24)

 

Мүшриктер «Иман келтіреміз» деген сөздерінде тұрмай, қайтадан зұлымдық әрекеттерін жалғастыра бастады. Аллаһу та’ала бір күні пайғамбарымызға уаһи арқылы Қағбада ілініп тұрған параққа бір ағаш құртын жібергенін, ол құрттың Аллаһу та’аланың есімінен басқа барлық жазуларды жеп қойғанын білдірді. Пайғамбарымыз Әбу Тәліпке: «Ей Көке! Менің Раббым болған Аллаһу та'ала құрайштықтардың парағына ағаш құртын жіберді. Аллаһу та’аланың есімінен басқа барлық нәрсені жойды» деді. Әбу Тәліп: «Мұны саған Раббың білдірді ме?» деп сұрағанда пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап берді. Сонда Әбу Тәліп «Мен сенің тек шын сөйлейтініңе куәлік етемін» деді. Дереу киініп, Қағбаға барды. Мүшриктердің үлкендері сол жерде отыр еді. Әбу Тәліптің келгенін көріп, «Мұхаммедті бізге беруге келе жатқан шығар...» десті. Әбу Тәліп қастарына барып: «Құрайш қауымы! Ешқашан жалған сөйлемеген бауырымның ұлы жазған парақтарыңдағы Аллаһу та’аланың есімінен басқа барлық жазуды ағаш құрты жеп қойғанын айтты. Ендеше, бізді жамандап жазған парақтарыңды әкеліңдер, көрейік... Егер бұл сөз рас болса, ант етемін, бәріміз өлгенше Оны қорғап өтеміз. Сендер де мына зұлымдықтарыңды, зорлық-зомбылықтарыңды қойыңдар...» деді. Мүшриктер бұл күтілмеген хабарға далбырап, Қағбаның қабырғасынан парақты алып келді. Әбу Тәліп: «Оқыңдар» деген кезде парақты ашып оқымақшы болған адам «Бисмикә Аллаһумма» деген сөзден басқа барлық жазулардың өшіп қалғанын көрді. Мүшриктер не айтарларын, не істерлерін білмей, қатты сасқалақтап қалды. Біразының көңілі жібіп үш жылдан бері бір ауданға қамап жәбірлеген мұсылмандарды қоршаудан босатса да, бәрібір іштеріндегі дұшпандықтарын қоя алмады. Исламның таралуына кедергі болу үшін ойларына келген барлық тәсілдерді қолданды. Олардың осындай табанды әрекеттеріне қарамастан Ислам шапшаң таралып, пайғамбарымыз надандықтың зұлымдығынан адамдарды бір-бір құтқарып, оларды шынайы бақытқа қауыштырып жатты. Осындай бақытқа қауышқандар бұған шүкіршілік етіп, мүшриктердің көрсеткен азаптары мен жауыздықтары алдында мүлдем мойымады. Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары мен мұсылмандардың діндері үшін көрсетіп жатқан сабырлылық пен шыдамдылықтарын көрген қаншама көңілдер Ислам нұрына қауышып, қараңғылықтан құтыла берді.