10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Қалма мазлұмның обалына

Қалма мазлұмның обалына

Залым – зұлымдық еткен, өзгенің ақысына қол жүгірткен, жұрттардың мал-мүлкін тартып алған адам деген сөз. “Залым” сөзінің екінші мағынасы – Аллаһу та’аланы жоққа шығарған, сенбеген адам дегенді білдіреді.  Сол себепті хадис шәрифте былай делінген: «Залымның ұзақ өмір сүруі үшін дұға ету, Аллаһу та’алаға қарсы шығушылықтың көбеюін қалау деген сөз.»

 

Ал "мазлұм” – зұлымдыққа, әділетсіздікке ұшыраған, жәбірленген, ұрып-соғылған, масқараланған, ренжітілген, қолынан малы-мүлкі тартып алынған, ұрланған, сөгілген адам деген сөз. Пайғамбарымыз: «Үш кісінің дұғасы міндетті түрде қабыл болады. Мазлұмның (зұлымдыққа ұшыраған адамның), қонақтың және әке-шешенің.» деп бұйырған. Тағы бір хадис шәрифте былай делінген: «Мазлұмның бетдұғасынан (қарғысынан) қорқыңдар. Өйткені онымен Аллаһу та’ала арасында перде болмайды.»  

Жалпылама залым сөзі өзгенің ақысына зұлымдық еткен, қол салған, ақысын жеген, жәбірлеген деген мағынада қолданылуда. Аллаһтың, адамдардың және жануарлардың ақыларына қол жүгірткен адам залым болып табылады. Адам тіпті өз-өзіне де залым бола алады. Мәселен Ислам ғалымдарынан Имам Мүжаһид хазреттері: «Таңертең және кешке тәубе етпеген адам залымдардан болады.» деген. 

               Өмірін исламның әмірлерімен тыйымдарын үйрену және үйретумен өткізген хазреті Әбу Исхақ қайтыс боларының алдында мына өсиеттерді айтқан:

«Залымдардан және оларға жақын болған адамдардан ұзақ жүр. Кімде кім бұларға қарай бейімделсе, ғалым және құрметті адам болса да, салихтер және Аллаһ адамдарының жанында қадірі қалмайды. Пайғамбарымыз былай деген:

«Мына үш нәрсені істегендер күнә істеген болады. Екі топтың арасына іріткі салып, фитна шығарғандар; ата-анасына қарсы шыққандар; залымдармен дос болып, олардың зұлымдығына көмектескендер.» және «Аллаһу та'ала былай деген: Мен күллі әлемнің Раббысымын. Иззет (құдірет) және Жалал (ұлылық, қаһарлық) сипатыммен ант етемін, Мен залымдардан кек аламын. Бір адам залымның қолында зұлымдық көріп жатқан мазлұмды көріп, бұған кедергі болуға күші жете тұра мазлұмға көмектеспесе, ол адамнан кек аламын.» деп бұйырған.»          Мұхаммед Хадими хазреттері былай деген:

“Күнәнің ең жаманы – зұлымдық жасау. Өйткені ол ашық түрде жасалуда және құл ақысы тапталуда. Али-Имран сүресінің елу жетінші және жүз қырқыншы аяттарында: «Аллаһу та'ала залымдарды жақсы көрмейді» деп бұйырылған. Хадис шәрифте былай делінеді: «Залымның ұзақ өмір сүруіне дұға ету – Аллаһу та'алаға қарсы шығушылық болуын қалау деген сөз.» Суфйани Сәури хазреттеріне: «Шөлде бір залым адам сусыздықтан өлейін деп жатыр. Оған су берсек бола ма?» деп сұралғанда, «Жоқ, бермеңдер» деп бұйырған. Залым үйін зұлымдықпен, озбырлықпен тартып алған болса, ол үйге кіру харам болады. Залым болмаған күнәһар адамға қарапайымдылық танытқанның дінінің үште екісі кетеді. Ал залым адамға қарапайымдылық танытудың зияндығын осыдан да түсіну керек. Залымға құрмет көрсету, қолын сүю, оған иілу күнә болады.”             Сахабалардың ұлыларынан болған Муаз бин Жәбәл хазреттері: “Өлімге жақсы мұсылман ретінде дайын бол! Зұлымдық көргендердің қарғысынан абай бол және ешкімге зұлымдық етпе!” деп бұйырған.

 

Бір залым адам дін ғұламаларының біріне зұлымдық жасай береді екен. Бұл ғалымды танитындар:

- Бұл залымға кері дұға (қарғыс) жасасаңызшы – дегендерінде ғалым:

- Ол маған емес, өзіне дұшпандық етіп жүр. Өзіне жасаған бұл зияны оған жеткілікті. Онымен қоса басқа зиян келтіре алмаймын – деген екен. Хадис шәрифте: «Адам өзіне зұлымдық еткенді қарғайды. Осылайша ақысын дүниеде алған болады. Бәлкім залымның ақысы да өзіне өткен болуы мүмкін.» деп бұйырған.             Зұлымдыққа ұшыраған адамның, көрген зұлымдығындай ақысы бар. Бұл ақысын қайтару үшін, осы ақысынан артық кетсе өзі залым болады. Өйткені Мәжәллә кітабының 921-бабында: “Зұлымдық көрген адамның өзгеге зұлымдық жасауға ақысы жоқ. Екеуі де өтейді. Мысалы біреуге алданып жасанды ақша алған адам, бұл ақшаны өзгеге бере алмайды.” делінген.

 

Бір замандары Зүннун Мысри хазіреттеріне жала жабылып, қамауға алынады. Қаншама күн аш қалады. Бір әйел жіп сатып тапқан ақшасымен оған тамақ пісіріп жібереді. Зүннун Мысри хазіреттері ол тамақты жемейді. Мұны естіген әйел ренжиді. “Бұл тамақты халал (адал) ақшамен дайындағанымды білесіз, неге жемедіңіз?” дейді. Сонда хазіреті Зүннун Мысри “Иә, тамақ халал, бірақ залымның ыдысымен әкелінді” дейді. Тамақ зынданшылардың ыдысымен әкелінген еді.

            Имам Тақи хазреттері: “Зұлымдық еткен адамға, залымға көмектескен және зұлымдыққа разы болған адам, бұл зұлымдыққа ортақ болады.” деген. Ибн Уәфа хазіреттері де: “Бір залымға көңілімен  бейімделген адамды фитна оты қоршайды. Мұндай адам тек Аллаһу та'аланың жәрдемімен ғана құтыла алады.” деген.

 

Аллаһу та'ала залымға уақыт береді, бірақ ұмыт қалдырмайды, яғни жазасын міндетті түрде береді. Залымға көмектескен адам да жазасыз қалмайды. Өйткені хадис шәрифте: «Бір залымға көмектескен адамның басына Аллаһу та'ала сол залымды бәле қылып қояды.» делінген.               Ешкімнің істегені сұраусыз, есепсіз қалмайды. Өйткені Зилзал сүресінің жетінші және сегізінші аяттарында: «Кім зередей жақсылық жасаса оның марапатын көреді, ал кім зередей жамандық жасаса оның жазасын тартады» делінген.

 

Алданбаңдар залымдардың бау-бағына

Көз ойнатқан зәулім сарай қамалына

Ұмытпаңдар сарай мүлкі барлығы да

Қалар бір күн мазлұмдардың көз жасына