18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   


Аяққа қадалған жебе

Пайғамбарымыздың сүйiктi күйеу баласы хазреті Әли (радиаллаһу анһ) намаз оқып жатқанда дүние астаң-кестең болса да хабары болмайтын. Бiр соғыста хазреті Әлидың аяғына садақтың жебесi қадалып қалады. Жебенiң сүйекке кiргенi соншалық шығару мүмкін болмайды. Дәрiгерлерге де көрсетедi. Дәрiгерлер: «Бұл жебенi алу үшiн адамды есiнен тандыратын дәрi қолдану қажет. Сонда ғана алуға болады. Әйтпесе шыдау қиын болады» - дейдi. Сонда хазреті Әли: «Ондай дәрiнiң қажетi қанша. Одан да намаз уақытын күтейiк. Намаз оқыған кезде аларсыңдар» - дейдi. Намаз уақыты кiргенде хазреті Әли намаз оқуға тұрады. Сол кезде дәрiгер хазреті Әлидiң аяғын кесіп жебенi алып тастайды. Жараның бетiн байлап болған соң хазреті Әли намазды бiтiрiп: «Алып тастадыңдар ма?» - деп сұрайды. Дәрiгер: «Иә, алып тастадым» - дейдi. Сонда хазреті Әли: «Еш нәрсе сезбедiм» - деген екен.  Мұнда таң қаларлық не бар! Өйткенi Юсуф пайғамбардың сұлулығын көрген Мысыр әйелдерiнің қайран қалғандығы соншалық өздерін ұмытып кетiп, қолдарын кесiп алғанынан да хабарлары болмаған. Егер Аллаһу та’аланың құзырында тұру, махабатына бөленген ғашықтарын өз-өзiн ұмытатындай халге түсірсе, оған таң қалудың қажетi  жоқ. Мүмiндер де жан тапсырар кезде пайғамбарымызды көрiп өлiмнiң қиыншылығын сезбейді.