19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Миғраж

Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кездестірген тайпаларының барлығына Исламды түсіндіріп жүрді. Аллаһу та'аланың әмірлерін жаю жолында адамдардан Өзіне қамқор және көмекші болуларын сұрады. Бірақ тайпалар мұсылмандықты да қабылдамай, Оған да қамқорлық танытпады. Тіпті, оны мазақ етіп, оған ауыр сөздер айтып, тіл тигізетін. Пайғамбарымыз қатты шаршаңқы, аш, сусыз, ренжулі және қайғылы халде еді. Күндізгі уақыттар осылай өтіп, бұл хал түннің жарымына дейін жалғасатын. Меккелік мүшриктер келген адамдардың мұсылман болуына жол бермегенімен қоймай, Расулуллаһқа қайтсе де бір зиян-зақым тигізуден жалықпады. Бұдан кейін пайғамбарымыздың баратын жері де қалмаған еді. Жан-жақтың бәрі дұшпан болатын. Сол түні көкесі Әбу Тәліптің қызы Умму Ханидың Әбу Тәліп ауданындағы үйіне барды. Умму Хани ол кезде иман келтірмеген болатын. Пайғамбарымыз келіп, есігін қақты. Іштен: «Кім бұл?» деп сұралғанда Расулуллаһ: «Көкеңнің ұлы Мұхаммедпін. Қабылдасаң, қонақ болып келдім» деді.

Умму Хани: «Сіздей тура сөзді, әділ, қадірлі қонаққа жанымыз құрбан болсын. Тек келетініңізді алдын ала айтқаныңызда, бір нәрселер дайындап қояр едім. Қазір дастарханға қоятын ештеңем жоқ» деді. Пайғамбарымыз: «Жейтін ештеңе керек емес. Ниетім тамақ емес. Раббыма құлшылық жасап, жалбарынатын орын болса маған жеткілікті» деді.

Умму Хани пайғамбарымызды ішке кіргізіп, бір төсеніш, шылапшын және құман берді. Келген қонақты құрметтеу, оны дұшпаннан қорғау Арабтар үшін ең абыройлы міндет болып саналатын. Бір үйдің қонағына зиян келсе, сол үйдің иесі үшін үлкен масқара болып есептелетін. Умму Хани: «Мұның Меккеде дұшпандары көп. Тіпті, өлтіргісі келетіндер де бар. Ұятқа қалмау үшін азанға дейін оны күзетейін» деп ойлады. Әкесінің қылышын алып, үйді айналып жүре бастады.

Расулуллаһ сол күні қатты ренжулі еді. Дәрет алып, Раббысына жалбарынып, кешірім сұрап, құлдардың иманға келіп, бақытқа қауышулары үшін дұға ете бастады. Қатты шаршаңқы, аш және жабырқаулы еді. Төсенішке жатып ұйықтап кетті.

Сол сәтте Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссаламға: «Сүйікті пайғамбарымды қатты ренжіттім. Мүбәрәк денесіне, нәзік жүрегіне ауыртпалық түсірдім. Ол сонда да маған жалбарынуда. Менен басқа ештеңе ойламайды. Бар да, оны алып кел. Жаннатымды, жаһаннамымды көрсет. Оған және Оны жақсы көретіндерге дайындаған ниғметтерімді көрсін. Оған сенбегендерге, сөздерімен, әрекеттерімен, жазуларымен Оны ренжіткендерге дайындаған азаптарымды көрсін. Оны мен жұбатамын. Оның нәзік жүрегінің жарасын мен емдеймін» деп бұйырды.

Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтың жанына барғанда, Ол тәтті ұйқыда жатқан болатын. Оятуға қимады. Адам кейпінде барған еді. Расулуллаһтың мүбәрәк аяғының астын сүйді. Жүрегі, қаны жоқ болғандықтан суық еріндері пайғамбарымызды оятып жіберді. Ол Жәбрейіл алейһиссаламды дереу танып: «Ей, Жәбрейіл бауырым! Беймезгіл уақытта неге келдің? Әлде қате бірдеңе істеп қойдым ба? Раббымды ашуландырдым ба? Маған жаман хабар әкелдің бе?» деп, Раббысын ренжітіп алдым-ау деген оймен қатты қорқты.

Жәбрейіл алейһиссалам: «Ей, күллі жаратылыстың үстемі! Ей, Жаратушының сүйіктісі, ей пайғамбарлардың мырзасы, жақсылықтардың қайнар бұлағы болған қадірлі, ұлы пайғамбар! Раббыңыз сізге сәлем айтты және сізді өзіне шақыруда. Тұрыңыз, барайық!» дейді.

Пайғамбарымыз дәрет алды. Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтың басына нұрдан сәлде кигізді, үстіне нұрдан киім кигізді, мүбәрәк беліне жақұттан белдік тақты. Мүбәрәк қолына төрт жүз маржанмен безендірілген асыл тастан жасалған аса таяқ берді. Әрбір маржан Шолпан жұлдызындай жарқырап тұр еді. Мүбәрәк аяғына асыл тастан аяқ киім кигізді. Сосын қол ұстасып, Қағбаға келді. Бұл жерде Жәбрейіл алейһиссалам сүйікті пайғамбарымыздың көкірегін жарып, жүрегін алды. Оны Зәмзәм суымен жуып, даналық пен иман толы ыдыс әкеліп, жүрегіне құйып, көкірегін жапты.

Сосын Жәбрейіл алейһиссалам жұмақтан әкелген Бурақ деген ақ жануарды нұсқап: «Йа, Расулаллаһ мынаған мініңіз! Барлық періштелер жолыңызды күтіп отыр» деді. Осы кезде Расулуллаһты мұң басып, ойға шомды. Сонда Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссаламға: «Ей, Жәбрейіл! Хабибімнің неге ренішті екенін сұра!» деді. Жәбрейіл алейһиссалам пайғамбарымыздан сұрағанда Ол: «Мен осыншалықты ізет пен құрмет көрдім. Қиямет күні әлсіз болған үмметімнің жағдайы не болатыны есіме түсті. Елу мың жыл Арасат алаңында мұншалықты күнәларын қалай көтеріп тұрады және отыз мың жылдық жол болған Сыраттан қалай өтеді?» деді.Сол кездеАллаһтан: «Ей, Хабибім! Көңілің алаң болмасын. Сенің үмметің үшін елу мың жылдық уақытты бір сәттік уақыт етемін. Қайғырма!» деген хабар келді.

Пайғамбарымыз Бураққа мінді. Бурақ өте шапшаң жүретін, бір сәтте көз жетпес жерлерге апаратын. Жолда Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһқа кейбір жерлерде түсіп намаз оқып алуын айтты. Пайғамбарымыз үш рет түсіп намаз оқыды. Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтан түсіп намаз оқыған жерлерді біліп-білмейтіндігін сұрады. Жауабын өзі айтып, бірінші түскен жерінің Мәдина екенін және осы жерге хижрет (көш) ететіндігінен хабардар етті. Қалған жерлердің де хазіреті Мұса Аллаһу та’аламен бағыт-бағдарсыз және белгісіз түрде сөйлескен жері – Тур Сина тауы екенін, соңғысы Иса алейһиссалам дүниеге келген Бәйт-и Лахм екенін айтты. Сосын Құдыстағы Ақса мешітіне келді.

Ақса мешітіне келгенде Жәбрейіл алейһиссалам бір тасты саусағымен тесіп, Бурақты байлады. Өткен пайғамбарлардың кейбірінің рухтары адам кейпіне еніп, жиналған еді. Жамағатпен намаз оқу үшін Адам, Нұх және Ибраһим пайғамбарларға (алейһимуссалам) имам болулары ұсынылды. Олар кешірім сұрап, бұл ұсынысты қабылдамады. Жәбрейіл алейһиссалам: «Сіз барда басқа ешкім имам бола алмайды» деп пайғамбарымызды алға тартты.

Пайғамбарымыз басқа пайғамбарларға имам болып, екі рәкат намаз оқыды. Бұдан кейінгі жағдайды былай жеткізді: «Жәбрейіл (алейһиссалам) маған бір ыдыспен жұмақ сусынын және бір ыдыспен сүт әкелді. Сүтті алдым. Жәбрейіл (алейһиссалам) маған: “Жаратылысты таңдадыңыз(екі дүние бақытын таңдадыңыз) деді. Сосын тағы екі ыдыс ұсынды, бірі су, екіншісі бал болатын, екеуінен де іштім. Жәбрейіл: “Бал үмметіңіздің қияметке дейін жалғасатынына, ал су үмметіңіздің күнәларынан тазаруына белгі” деді. Сосын екеуміз бірге көкке көтерілдік. Жәбрейіл (алейһиссалам) есікті қақты.

-         Сен кімсің? – деді (есіктің ар жағынан).

-         Мен Жәбрейілмін (алейһиссалам).

-         Қасыңдағы кім?

-         Ол – Мұхаммед (алейһиссалам).

-         Оған (көкке шығу үшін уаһи мен Миғраж шақыруы) жіберілді ме?

-         Иә, жіберілді.

-         Сәлем бердік келген адамға. Бұл келген адам қандай жақсы жолаушы! – деді. Дереу есік ашылып, Адам (алейһиссаламмен) кездестім. Менімен сәлемдесіп, дұға етті.

Бұл жерде көптеген періштелерді көрдім. Барлығы қиямда (иіліп) хушу және худумен (ықыласпен): “Суббухун қуддусун раббул мәлаикати уәр рух” зікірін айтып тұрды. Жәбрейілден “Бұл періштелердің ғибадаты осы ма?” деп сұрадым. «Иә, олар жаратылғаннан бастап қияметке дейін қиямда болады. Хақ та’аладан тілеңіз, осы ғибадатты үмметіңізге нәсіп етсін” деді. Хақ та’аладан тіледім, дұғамды қабыл етті. Намаздағы қиям – сол қиям.

(Ол жақта) бір жамағатты көрдім. Періштелер олардың бастарын аямай езеді, (бастары) қайтадан қалпына келеді. Тағы ұрады, тағы да бұрынғы қалпына келеді. “Бұлар кімдер?” дедім. “Жұма мен жамағатты тәрк еткендер. Руку мен сәжделерді толық орындамағандар” деді.

Бір жамағатты көрдім. Олар аш және жалаңаш еді. Тозақ періштелері оларды тозақта жайылымға алып барады. “Бұлар кімдер?” дедім. “Кедейлерге мейірімділік көрсетпегендер және зекет бермегендер” деді.

Бір жамағатты көрдім. Алдарына жақсы тағамдар қойылған. Бір жақтарында өлексе тұр. Олар жақсы тағамдарға қарамай, сол өлексені жеп жатты. “Бұлар кімдер?” деп сұрадым. “Бұлар халал нәрсені тастап, харамға бейімделген еркектер мен әйелдер. Халал мүліктері бар кезде харам жеген адамдар” деді.

Арқасындағы жүктің көптігінен қимылдауға шамалары қалмаған бір (топ) адамды көрдім. Сонда да халыққа қарап, үстіне тағы да жүк салуларын сұрап жатты. “Бұлар кімдер?” дедім. “Бұлар – аманатқа қиянат еткендер. Адамдардың ақысын жеп, оның үстінен тағы да зұлымдық жасағандар” деді.

Өз еттерін кесіп жеп отырған бір топ адамды көрдік. “Бұлар кімдер” дедім. Жәбрейіл (алейһиссалам): «Бұлар ғайбат еткендер және сөз тасығандар” деді.

Беттері қара, көздері көк, үстіңгі еріндері маңдайларына жеткен, астыңғы еріндері аяқтарына дейін салбыраған, ауыздарынан қан мен ірің аққан бір топ адамды көрдім. Оларға оттан жасалған ыдыстармен жаһаннамда ағатын улы қан мен ірің ішкізілуде, ал олар есек сияқты ақыруда еді. “Бұлар кімдер?” дедім. “Бұлар арақ ішкендер” деді.

Тағы бір топ адамды көрдік, олардың тілдері бастарына тартылған, түрлері өзгертіліп доңыз кейпіне ендірілген түрде азап тартуда еді. Жәбрейіл (алейһиссалам): “Бұлар жалған куәгер болғандар” деді.

Тағы бір қауымды кезіктірдік. Қарындары ісіп, төмен қарай салбыраған, реңдері көгерген, қол-аяқтары байланған, орындарынан тұра алмайды. Жәбрейілден (алеһиссалам) бұларды сұрадым. “Бұлар пайыз жегендер” деді.

Бір топ әйелді кездестірдік. Беттері қарайған, көздері көк. Оттан киім кигізілген. Періштелер оларды оттан жасалған шоқпармен ұрады. Олар ит пен доңыз сияқты айқайлайды. “Бұлар кімдер?” дедім. Жәбрейіл (алейһиссалам): “Бұлар зинақорлық жасағандар және күйеулерін ренжіткен әйелдер” деді.

Бір жамағат көрдім. Өте көп адамнан тұрады екен. Жаһаннам аңғарларында қамалған. От оларды жағады, олар қайтадан тіріледі, қайтадан жағады. “Бұлар кімдер?” дедім. “Бұлар әкелеріне қарсы шыққандар” деді.

Тағы бір жамағатты кезіктірдім. Егін егеді, ол бір сәтте өсіп шығып, өнім береді. “Бұлар кімдер?” дедім. Жәбрейіл (алейһиссалам): “Аллаһу та’ала үшін ғибадат жасағандар” деді.

Бір дарияға бардым. Бұл дарияның ғажайып жағдайын айтып жеткізу мүмкін емес. Сүттен ақ, толқындары таудай еді. “Бұл қандай дария?” деп сұрадым. “Бұл дарияның аты - Өмір теңізі. Хақ та’ала өлгендерді тірілтетін кезде осы дариядан жаңбыр жаудырады. Шіріген, ыдырап кеткен денелер тіріліп, шөптің өскені сияқты мазардан тұрады” деді...

Сосын екінші қабат көкке шықтық. Жәбрейіл (алейһиссалам) тағы да есікті қақты.

- Сен кімсің? – деген дауыс шықты.

Мен Жәбрейілмін (алейһиссалам).

- Қасыңдағы кім?

- Ол – Мұхаммед алейһиссалам

- Оған (уаһи мен Миғраж шақыруы) жіберілді ме?

- Иә, жіберілді. – деді.

- Сәлем бердік келген адамға. Бұл келген адам қандай жақсы жолаушы – деп айтылды да дереу есік ашылды. Апалы-сіңілінің балалары болған Иса мен Яхия бин Зәкәрияның (алейһимуссалам) жандарынан шықтым. Олар менімен сәлемдесті және дұға етті...

Бір топ періштелерді кезіктірдім. Сап құрап тұрған еді. Барлығы рукуда болатын. Өздеріне тән бір тәсбихтері бар еді. Әрдайым рукуда тұрады, бастарын көтеріп, жоғары қарамайды. Жәбрейіл (алейһиссалам): “Бұл періштелердің ғибадаты осындай. Хақ та’аладан бұл ғибадатты сіз де сұраңыз, үмметіңізге нәсіп болсын” деді. Дұға еттім. Қабыл болып, Раббым намаздағы рукуді ихсан етті.

Сосын үшінші қабат көкке көтерілдік. Тағы да сол сұрақтар қойылып, сол жауаптар айтылғаннан кейін Юсуф (алейһиссаламды) көрдім. Оған сұлулықтың жартысы беріліпті. Менімен сәлемдесті және дұға етті...

Көптеген періштелер көрдім. Сап түзіп, бәрі сәжде жасауда еді. Жаратылғаннан бері сәждеде болып, өздеріне тән тәсбихтерін айтады екен. Жәбрейіл (алейһиссалам): “Бұл періштелердің ғибадаты осындай. Аллаһу та'аладан бұл амалды үмметіңізге нәсіп етуін сұраңыз” деді. Хақ та’аладан тіледім. Қабыл болып, намазда сендерге нәсіп етті.

Төртінші қабат көкке көтерілдік. Таза күмістен жасалған, нұрлы есігі бар еді. Нұрдан құлып салынған. Құлыпқа “Лә илаһә иллаллаһ Мухаммәдун расулуллаһ” деп жазылған. Бұрынғы қабаттарда сұралған сұрақтар мен жауаптардан кейін есіктер ашылып, алдымда Идристі (алейһиссалам) көрдім. Менімен сәлемдесіп, дұға етті. Аллаһу та’ала ол туралы: “Біз оны жоғары орынға көтердік” деді. (Мәриям сүресі, 57)

Бір періште көрдім. Өзі бір тақта отыр, қайғылы және ренішті еді. Айналасында өте көп періштелер бар болатын, олардың санын тек Хақ та’ала ғана біледі. Оң жағында нұрлы періштелерді көрдім. Жасыл киінген, хош иісті еді. Олар өте көрікті болатын. Сол жағында ауыздарынан от шашқан періштелерді көрдім. Алдарында оттан жасалған найзалар мен қамшылары бар. Көздеріне қарауға ешкімнің батылы жетпейді. Тақтың үстінде отырған періштенің басынан аяғына дейін көздері бар. Әрқашан алдындағы дәптерге қарап отырады, бір сәт көзін одан алмайды. Алдында бір тал бар еді. Әр жапырағына бір адамның аты жазылған. Алдында шылапшын сықылды бір нәрсе бар. Кейде оң қолымен одан бір нәрсе алып, оң жағындағы нұр періштелеріне береді, кейде сол қолымен бір нәрсе алып, сол жағындағы зұлмет (қараңғылық) періштелеріне береді. (Бұл) періштеге қарағанымда жүрегіме қорқыныш ұялады. Жәбрейілден: “Бұл періште кім?” деп сұрадым. “Ол - Әзірейіл, оған қарап тұруға ешкімнің жүрегі дауламайды” деді де оның қасына барып: “Ей, Әзірейіл! Мынау ақырзаман пайғамбары және Аллаһу та’аланың сүйікті құлы” деді. Әзірейіл (алейһиссалам) басын көтеріп күлімсіреді. Орнынан тұрып маған тағзым жасады: “Сәлем бердік. Хақ та’ала сенен мәртебелі (қадірлі) ешкімді жаратқан жоқ. Үмметің де басқа барлық үмметтерден үстем. Менің сенің үмметіңе олардың ата-анасынан да қатты жаным ашиды” деді. “Сенен бір өтінішім бар. Үмметім өте әлсіз. Олармен жұмсақ мәміледе бол. Рухтарын оңай әрі қинамай ал!” дедім. “Сені ең соңғы пайғамбар етіп жіберген және өзінің сүйікті құлы еткен Аллаһ үшін, Аллаһу та’ала күндіз-түні жетпіс рет: “Мұхаммедтің үмметінің рухтарын жұмсақ және оңай етіп ал және амалдарына аяушылықпен қара” деп бұйырады. Сондықтан да мен сенің үмметіңе өз ата-аналарынан да көп шапағат етемін” деді.

Сосын бесінші қабат көкке көтерілдік. Ол жерде Харунмен (алейһиссалам) кездестік. Менімен сәлемдесіп, қайырлы дұға жасады.

Бесінші қабаттың періштелерінің ғибадаттарын көрдім. Барлығы түрегеп тұрып, аяқтарының ұшына қарап тұрады, басқа жерге мүлдем қарамайды. Дауыстап тәсбих айтып тұрды. Жәбрейілден (алейһиссалам): “Бұл періштелердің ғибадаты осылай жасала ма?” деп сұрадым. “Иә, Аллаһу та’аладан тілеңіз, осындай ғибадатты сіздің де үмметіңізге нәсіп етсін” деді. Дұға еттім. Хақ та’ала ихсан етті.

Сосын алтыншы қабат көкке көтерілдік. Ол жерде Мұса (алейһиссалам) мен кездестік. Менімен сәлемдесіп, қайырлы дұға жасады. Сосын жетінші қабат көкке көтерілдік, дәл сондай сұрақ-жауаптардан кейін Ибраһимнің (алейһиссалам) Бәйті Мамурға арқасын сүйеп отырғанын көрдім. Ол Бәйті Мамурға күн сайын жетпіс мың періште кіреді (кезектері екінші рет қайталанып келмейді). Ибраһимге (алейһиссалам) сәлем бердім. Сәлемімді қабыл алып: “Саған да сәлем,  ей салих пайғамбар, ей салих ұл!” деді. (Сосын) “Йа, Мұхаммед! Жаннаттың жері өте керемет, жұмсақ және топырағы таза. Үмметіңе айт, ол жерге көп ағаш ексін” деді. “Жаннатқа қалай ағаш егіледі?” деп сұрағанымда: “Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ” (бір риуаят бойынша “Субханаллаһи уәлхамдулилләһи уә лә илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар”) тәсбихін оқу арқылы” деді. Жәбрейіл (алейһиссалам) сосын мені Сидрәтул-мунтәхаға апарды. Оның жапырақтары пілдің құлақтары сияқты, жемістері мұнаралар сияқты еді. Ол Аллаһу та’аланың кез-келген бір бұйрығына кезіксе өзгеріп, көріктенетіні соншалық, Аллаһу та'аланың жаратқан махлұқтарының ешқайсысы оның әсемдігін айтып жеткізе алмайды.

Жәбрейіл (алейһиссалам) Сидрәтул-мунтәханың арғы жағына өткізіп, менімен қоштасты. Мен: “Ей, Жәбрейіл! Мені жалғыз тастап барасың ба?” дедім. Жәбрейіл (алейһиссалам) сескеніп, Хақ та’аланың айбатынан қорқып, дірілдеп: “Йа, Мұхаммед! Егер (тағы) бір қадам аттайтын болсам, Аллаһу та’аланың құдіретімен құримын. Бүкіл денем жанады, жоқ болады” деді».

Расулуллаһ осы жерге дейін Жәбрейіл алейһиссаламмен бірге келген еді. Жәбрейіл алейһиссалам осы жерде өзінің жаратылған қалпын, қанаттарын ашып, әр қанатынан маржандар, жақұттар шашып тұрғанын пайғамбарымызға көрсетті. Сосын сәулесі күннен де жарық «Рафраф» деп аталатын жұмақтың жасыл кілемі келді. Ол үздіксіз Аллаһу та’аланы зікір еткенінен, тұрған әлемі зікір жаңғырығымен толатын.

Пайғамбарымызға сәлем берді. Расулуллаһ Рафрафтың үстіне отырып, бір сәтте  биіктерге көтеріліп, «Хижаб» деп аталатын жетпіс мың пердеден өтті. Әр хижабтың арасы өте ұзақ болатын. Әр пердеде қызметші періштелер бар еді. Рафраф пайғамбарымызды сол перделерден біртіндеп өткізді. Осылайша күрсі, арш және рух әлемдерінен асып өтті.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әр пердеден өткен кезде «Қорықпа! Йа Мұхаммед! Жақында, жақында» деген бұйрықтарды естіді. Жақындағаны соншалық Қабә-каусәйн мақамына жетті. Белгісіз, түсініле алмайтын, түсіндіріле алмайтын халде Аллаһу та’аланың қалаған биіктіктеріне жетті. Мекенсіз, уақытсыз, бағытсыз, сипатсыз түрде Аллаһу та’аланы көрді. Көзсіз, құлақсыз, құралсыз, кеңістіксіз түрде Раббымен сөйлесті. Ешқандай жаратылыс біле алмайтын, түсіне алмайтын ниғметтерге қол жеткізді.

Имам Раббани хазреттері «Мәктубат» атты кітабында былай дейді: «Расулуллаһ алейһиссалауату уәсәлләм Миғраж түнінде Раббыны дүниеде көрген жоқ. Ахыретте көрді. Өйткені, Расулуллаһ ол түні уақыт пен мекен шеңберінен шықты. Әзәли және әбәди (басы мен соңы жоқ) сәтке енді. Бастауы мен соңын бір нүкте етіп көрді. Ол түні жаннатқа баратындардың мыңдаған жылдардан кейін жаннатқа бара жатқандарын және жаннаттағы сәттерін көрді. Міне, сол дәрежедегі көру дүниедегі көру сияқты емес. Ахыреттік сипатта көрді».

Пайғамбарымызға «Раббыңды мадақта!» деп бұйырылғанда Ол дереу «Әттахияту лилләһи уәссалауату уәттайибат» (яғни, барлық тілмен болатын мадақтар мен мақтаулар, денемен жасалатын қызметтер мен ғибадаттар, мал-мүлікпен жасалатын жақсылықтар мен ихсандар Аллаһу та’ала үшін болсын) деді. Алдымен Аллаһу та’ала хабибіне көзсіз, құлақсыз, құралсыз, мекенсіз түрде: «Әссәләму аләйкә әйуһәннәбию уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ» (Ей, расулым! Сәлемім, берекем мен рақымым саған болсын) деп, сәлем берді. Пайғамбарымыз: «Әссәләму алейна уә ала ибадиллаһиссалихин» (Йа, Раббым! Бізге және салих құлдарыңа да сәлем болсын) деп жауап берді. Мұны естіген періштелер бәрі бір ауыздан: «Әшһәду ан лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә Расулуһуһ» (Аллаһтан басқа илаһ жоқ екеніне көзіммен көргендей білемін және сенемін, Мұхаммед алейһиссалам Оның құлы және расулы) деді.

Пайғамбарымыз: «Әссәләму алайнә..» дегенде Аллаһу та’ала: «Ей, сүйікті құлым! Бұл жерде екеуімізден басқа ешкім жоқ. Неге “алейнә” (бізге) дедің?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Йа, Илаһи! Үмметімнің денелері шынында менімен бірге емес. Бірақ, рухтары менімен бірге. Ойым мен жігерім соларда. Маған сәлем бердің, мені барлық жамандықтардан сақтандырдың. Ақыр заманның қиындығына шалдыққан сол кедей, дертті үмметімді осындай үлкен сый мен жақсылықтардан қалайша құр қалдырамын? Мұндай ниғметтен оларды қалайша нәсіпсіз етемін» деп жауап берді.

Аллаһу та’ала: «Ей, хабибім! Бұл түні менің қонағымсың. Менен не тілейсің?» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Үмметімді тілеймін (Йа Раббым)» деді.

Риуаят бойынша осылайша Хақ та’ала бұл сұрақты жеті жүз рет қайталады. Расулуллаһ бәріне: «Үмметімдің ғафу етілуін сұраймын» деп жауап берді. Аллаһу та’ала: «Әрдайым үмметіңді сұрайсың» дегенде Расулуллаһ: «Йа, Раббым! Мен ісім тілеу, ал беру Сенің қалауыңда. Бүкіл үмметімді маған тапсыра гөр» деп тіледі. Хақ та’ала: «Егер үмметіңнің барлығын осы түнде сен үшін кешіріп жіберсем менің рақымдылығым мен сенің қадірің, ұлылығың білінбей қалады. Бір бөлігін бүгін саған бағыштадым. Екі бөлігін кейінге қалдырдым. Қиямет күні сен тілейсің, мен беремін. Менің рақымдылығым мен сенің қадірің белгілі болсын» деп бұйырды.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хадис шәрифінде былай дейді: «Сол түні (Миғраж түні) Аллаһу та’аладан бүкіл үмметімнің есебін маған тапсыруын сұрадым. Хақ та’ала былай деп бұйырды: “Йа, Мұхаммед! Мұндағы мақсатың – үмметіңнің қателіктерін ешкім білмесін дейсің. Менің мақсатым – сен шапағатты Пайғамбарсың, басқаларға білінбегені сияқты саған да айыптары мен жаман істері білінбесін. Йа, Мұхаммед! Сен олардың жол көрсетушісісің. Мен олардың Раббысымын. Сен оларды енді көрдің. Мен әуелден (ежелден) мәңгілікке дейін оларды көрдім және көремін. Йа, Мұхаммед! Егер сенің үмметіңмен сөйлесуді қаламағанымда, қиямет күні оларды есепке тартпас едім. Үлкен, кіші ешқандай күнәларын сұрамас едім”».

«Аллаһу та’ала айтты: “Йа, Мұхаммед! Мүбәрәк көзіңді аш, аяғыңның астына қара.” Қарадым, бір уыс топырақ көрдім. Аллаһу та’ала былай деп айтты: “Барлық болмыс – сенің аяғыңның астындағы топырақ. Сол топырақты досыңның алдына әкелдің бе? Достың етегіне жабысқан шаңды кешіруден, маған сенің үмметіңді кешіру оңайырақ.”»

Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде былай дейді: «Хақ та’алаға бірнеше сұрақтар қойдым. Жауаптарын алдым.  Сол сұрақтарды сұрағаныма өкіндім. (Ол сұрақтардың кейбірі мыналар:) “Йа, Раббым! Жәбрейілге алты жүз мың қанат бердің. Маған осындай беретін жақсылығың не?” Аллаһу та’ала былай деп бұйырды: “Сенің бір қылың маған Жәбрейілдің алты жүз мың қанатынан да жағымды. Сенің бір қылыңның құрметіне мен мыңдаған күнәһарды қиямет күні азаптан босатамын. Жәбрейіл қанатын ашса шығыс пен батыстың арасын толтырады. Сен шапағат етсең шығыс пен батыстың арасы күнәһарға толы болса, бәрін саған сыйға тартамын.” Мен айттым: “Атам Адамға (алейһиссалам) періштелерді сәжде еткіздің. Осы сияқты маған сыйың не?”. Хақ та’ала айтты:Періштелердің Адамға сәжде етулері сенің нұрыңның оның маңдайында болуына байланысты еді. Йа, Мұхаммед! Саған одан артық нәрсе бердім. Есіміңді есіміме жақын еттім және Арши а’ланың үстіне жаздым. Ол кезде Адам жаратылмаған болатын, аты мен заты да жоқ еді. Сенің есіміңді көктердің есігіне, перделердің үстіне, жаннаттардың есігіне, сарайлар мен ағаштарға, жаннаттың барлық жеріне жаздым. Жаннатта бетіне “Лә илаһә иллаллаһ Мухаммәдун расулуллаһ” деп жазылмаған еш нәрсе жоқ. Бұл мәртебе Адамға берілген мәртебеден жоғары”.

“Йа, Раббым! Нұхқа (алейһиссалам) кеме бердің. Осы сияқты маған не бердің?” Аллаһ былай деді: “Саған Бурақты бердім, бір түнде жерден Аршқа көтердім. Жаннат пен жаһаннамды көрдің. Үмметіңе мешіттер бердім, қиямет күні кемелерге мінген сияқты үмметің сол мешіттерге мініп, Сыраттан көзді ашып жұмғанша өтіп кетіп, тозақтан құтылады.”

“Йа, Раббым! Исраил ұлдарына құдірет халуасы мен бөдене етіне ұқсайтын құстың етін түсірдің.” Аллаһу та'ала былай деді: “Саған және үмметіңе дүние мен ақыреттің ниғметін ихсан еттім. Исраил ұлдарының түрлерін адамнан аю, маймыл және доңыз кейпіне айналдырдым. Сенің үмметіңнің ешқайсысына олай жасамадым. Солардың істегендерін істесе де бұларды оларға істемедім. Йа, Мұхаммед! Саған бір сүре бердім, ондай сүре Тәурат пен Інжілде жоқ. Ол – Фатиха сүресі. Кімде-кім ол сүрені оқыса денесі тозаққа харам болады. Ол адамның ата-анасының азабын жеңілдетемін. Йа, Мұхаммед! Мен сенен артық (құрметті, абыройлы, үстем) ешкімді жаратпадым. Саған және үмметіңе түнде және күндіз елу уақыт намазды парыз еттім.

Йа Мұхаммед! Кімде-кім менің бір екенімді қабылдаса және маған серік қоспаса жаннат сол адамдікі.  Мұндай үмметіңе жаһаннамды харам еттім. Сенің үмметің үшін рахметім (мейрімділігім) ашуымды асып түсті.

Йа Мұхаммед! Менің алдымда барлық адамнан қадірлісің, абыройлысың. Қиямет күні саған соншама сыйлар жасаймын, бүкіл әлем таң қалады. Ей Хабибім! Сен жаннатқа кірмейінше басқа пайғамбарлар мен үмметтеріне кіруге тыйым салынады. Сенің үмметің кірмейінше басқа үммет кірмейді. Йа, Мұхаммед! Сен және үмметің үшін не дайындағанымды көргің келе ме?” “Көргім келеді, Йа Раббым!” дедім. Исрафилге қарап: “Ей, Исрафил! Сенімді құлым және елшім болған Жәбрейілге айт, Хабибім болған сүйікті құлымды жаннатқа апарып, Хабибім мен үмметіне не дайындағанымды көрсетсін. Көңілі жайлансын” деп бұйырды.»

Әлемдердің мырзасы болған – сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Исрафил алейһиссаламмен бірге Жәбрейіл алейһиссаламның қасына келді. Аллаһу та’аланың бұйрығын орындау үшін Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһ алейһиссаламды жаннатқа апарды. Періштелер қолдарына жұмақ киімі мен нұр толы табақтар ұстап күтіп тұр еді. Жәбрейіл алейһиссалам: «Йа, Расулаллаһ! Бұл періштелер Адам алейһиссаламнан сексен мың жыл бұрын жаратылды. Олар осы орындарында табақтағыларды сізге және сіздің үмметізге шашу үшін тағатсыздана күтуде. Қиямет күні сіз және үмметіңіз Аллаһу та’аланың бұйрығымен жұмақтың есігінен аттағанда осы періштелер табақтарындағы жауһарды үстеріңізге шашады» деді. Оларды жаннатта қызмет атқаратын Ридуан деген періште күтіп алды. Расулуллаһқа сүйіншілер айтып: «Хақ та’ала екі бөлігін сіздің үмметіңізге, біреуін басқа үмметтерге беру үшін жұмақты үшке бөлді» деді және жұмақтың барлық жағын аралатты.

Пайғамбарымыз былай дейді: «Жаннаттың ортасында бір өзен көрдім. Арштың жоғары жағынан өтетін бұл өзеннен су, сүт, хамр (жаннат шарабы) және бал бір-бірімен араласпай ағады. Ол өзеннің жағасы хризолиттен жасалған. Ішіндегі тастар асыл, балшығы хош иісті, шөптері гүлдерден еді. Айналасына күміс ыдыстар қойылған, саны көктегі жұлдыздардан да көп болатын. Маңында құстар жүрді, мойындары түйенің мойнындай еді. Кім сол құстардың етін жеп, сол өзеннің суын ішсе Хақ та’аланың разылығын алады. Жәбрейілден: “Бұл қандай өзен?” деп сұрағанымда: “Кәусәр. Хақ та’ала оны сізге берді. Сегіз жаннатта болған бақшаларға су осы Кәусардан ағады” деді. Ол өзеннің жағасынан шатырлар көрдім. Барлығы маржандар мен жақұттардан жасалған еді. Жәбрейілден сұрағанымда: “Сіздің әйелдеріңіздің орны” деді. Ол шатырларда хурилерді (жаннат қыздарын) көрдім. Жүздері күндей жарқыраған, барлығы қосылып бәсең дауыспен өлеңдер айтып отырды. Олар: “Біз қуаныштымыз. Бізге ешқандай да қайғы келмейді. Біз жасанып алғанбыз, ешқашан көріксіз болмаймыз. Біз жастармыз, ешқашан қартаймаймыз. Біз көркем мінездіміз, мүлдем ашуланбаймыз. Біз әрдайым осылаймыз, ешқашан өлмейміз” дейді. Бақыт сарайлары мен талдарына дейін жетіп, олардың дауыстары барлық жерге таралады. Әсемдігі соншалық, ол дауыс егер дүниеге келсе дүниеде ешқандай өлім мен қиыншылық болмас еді. Жәбрейіл: “Бұлардың жүздерін көргіңіз келе ме?” деп сұрады. “Иә” дедім. Бір шатырдың есігін ашты. Қарадым. Сондай көркем келбеттерді көрдім, олардың сұлулығын өмір бойы айтып өтсем де тауыса алмаймын. Жүздері сүттен ақ, беттері жақұттан қызыл және күннен де нұрлы еді. Терілері жібектен жұмсақ, айдай жарқыраған, иістері хош еді. Шаштары қара, біразынікі өрілген, кейбірінікі жиналған, кейбірінікі бос жіберілген, отырса шатырдай төгіледі, тұрса аяғына дейін жетеді. Әр қайсысының алдында бір қызметші бар еді. Жәбрейіл “Бұлар сіздің үмметіңіз үшін” деді».

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Сегіз жаннаттың бау-бақшасын және әр түрлі ниғметтерін көрдім. Жаһаннам мен оның қабаттарын да көрсем деп ойладым. Жәбрейіл (алейһиссалам) қолымнан ұстап, тозақтың ең үлкен періштесі Маликке апарды. “Ей, Малик! Мұхаммед (алейһиссалам) дұшпандардың жаһаннамдағы орнын көргісі келеді (Оған жаһаннамды көрсет)” деді. Малик жаһаннамның қабаттарын ашты. Жеті қабат(тың барлығын) көрдім. Жетінші қабат «Хауиа» деп аталады. Оның азабы басқа қабаттардан қаншама есе ауыр болады. Маликтен: “Бұл қабатта қай тайпа азапталады?” деп сұрадым. Малик: “Перғауын, Қарун және сенің үмметіңнің мұнафиқтары азапталады” деді. Алтыншы қабат «Лази деп аталады. Ол жерде мүшриктер (еш діні болмағандар) азапталады. Бесінші қабат «Хутамә» деп аталады. Ол жерде отқа, сиырға табынғандар, буддисттер азап көреді. Төртінші қабат «Жахим» деп аталады. Ол жерде күнге, жұлдыздарға табынғандар азапталады. Үшінші қабат «Сақар» деп аталады. Ол жерде христиандар азапталады. Екінші қабат «Саир» деп аталады, онда яһудилер азапқа тартылады. Бірінші қабат «Жаһаннам» деп аталады, оның азабы басқаларынан жеңіл. (Соған қарамастан) ол жерде оттан жасалған жетпіс мың дария бар. Дариялардың үлкендігі соншалық, жер мен көкті сол дарияға тастап, бір періштеге табу әмір етілсе, мың жыл іздесе де таба алмас еді. Зәбанилер (жаһаннамда қызмет атқаратын періштелер) өте үлкен болатын. Егер олардың бірі жер мен көкті аузының бір ұртына салса да білінбес еді. Ол дариялар толқынданып, қорқынышты дауыстар шығаратын еді. Егер сол дауыстан дүниеге кішкене дауыс жетсе, барлық жанды болмыстар жойылар еді. “Бұл қабат қай тайпа үшін?” деп сұрадым. Малик жауап бермеді. Қайта сұрадым. Ол үнсіз қалды...

Жәбрейіл Маликке: “Сенен жауап күтіп тұр” деді. Ол: “Мені кешір” деп өтінді. Мен “Не болса да айт, егер бүгін білуіміз мүмкін болса, бәлкім алдын алып үлгерерміз” дедім. Малик “Йа, Расулаллаһ! Сіздің үмметіңіздің күнәһарларына арналған, оларға мұндай қорқынышты жерден өздерін қорғасын деп насихат етіңіз. Денелерін осындай азапқа тартатын нәрселерден аулақ етсін. Ол күні мен күнәһарларға мейірімділік танытпаймын. Ақ сақалды қарттарына да, жастарына да шапағат етпеймін” деді.»

Расулуллаһ жылай бастады. Мүбәрәк басынан сәлдесін шешіп, шапағат сұрауға және Аллаһу та’алаға жалбарына бастады. Үмметінің әлсіздігін және олардың мұндай азапқа шыдай алмайтынын айтып көп жылағаны соншалық, Жәбрейіл алейһиссалам мен басқа періштелер де қосылып жылады. Сол кезде Аллаһу та’аладан дауыс келді: «Ей, Хабибім! Сенің құрметің мен қадірің менің дәргейімде өте жоғары, дұғаң қабыл болды. Көңілің алаң бомасын. Сені мақсатыңа жеткіздім. Саған көптеген күнәһарларды шапағатыңмен, сен жетеді дегенше кешіретін мақам (дәреже) беремін. Ей, Хабибім! Кімде-кім менің бұйрығымды орындаса, азап пен жазадан құтылады, рақымдылығыма қауышады. Жаннатта мені көру құрметіне ие болады. Саған және үмметіңе күндіз бен түнде елу уақыт намаз парыз еттім».

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөзін жалғастырып былай деді: «Ол мақамнан (кейін) Аршқа жеттім. Сәмәуаттан (аспандардан) өтіп, Мұса (алейһиссаламның) мақамына бардым. Маған: “Хақ та’ала саған және үмметіңе нені парыз етті?” деді. Мен: “Күнде күндіз-түні елу уақыт намазды парыз етті” дедім. «Раббыңа қайтып барып, біраз жеңілдетуін сұра. Өйткені, үмметің мұны көтере алмайды. Мен Исраил ұлдарын сынап көрдім” деді. Осыған орай Раббыма қайтып барып: “Йа, раббым! Үмметіме (бұл бұйрықты) біраз жеңілдете гөр” дедім. Осыдан кейін елу уақыттан тек бес уақытын ғана қысқартты. Мұса (алейһиссаламға) оралып: “Бес уақытын қысқартты” дедім. Ол: “Раббыңа қайтып барып, біраз жеңілдетуді сұра. Өйткені, үмметің мұны да орындай алмайды” деді. Осылайша, Мұса (алейһиссалам) мен Аллаһу та’ала арасында бірнеше рет барып келдім. Ақырында Аллаһу та’ала: “Бұл намазды бес уақытқа түсірдім. Әр намаз үшін он сауап жазылады. Осы тұрғыдан елу намаз болады. Кімде-кім бір сауапқа ниеттеніп, бірақ орындай алмаса оған бір сауап жазылады. Орындаса бір іске он сауап жазылады. Бірақ, бір күнә істі ойлап, жасамаса ешнәрсе жазылмайды. Жасаса бір күнә болып жазылады” деп бұйырды. Сосын Мұса (алейһиссаламға) барып жағдайды айттым. Мұса алеһиссалам тағы да: “Барып тағы жеңілдетуін сұра” деді. Мен оған “Раббымнан көп нәрсе сұрағандықтан енді ұяламын” дедім.»

Аллаһу та’ала осылайша Расулуллаһтың тартқан қиыншылықтарымен жараланған жүрегін жұбатты. Ешбір мақлұқына бермеген, ешкімнің түсіне алмайтын, біле алмайтын ниғметтерді Оған ихсан етті.

Пайғамбарымыз бір сәтте Құдысқа, ол жерден Мекке Мүкәррамаға Үммү Ханидің үйіне келді. Жатқан жері әлі суымаған, шылапшындағы дәрет алған суы әлі қозғалып тұр еді. Сыртта жүрген Үммү Хани ұйықтап қалған болатын, сондықтан ешнәрсені сезбеді. Пайғамбарымыз Құдыстан Меккеге келе жатқанда Құрайш керуенін көрді. Керуендегі бір түйе үркіп, құлаған болатын. Таң атқанда Қағбаға барып Миғражын айта бастады.

Кәпірлер «Мұхаммед ақылынан адасыпты» деп мазақ етті. Мұсылман болуды ойлап жүргендер де екі ойлы болып қалды. Мүшриктердің кейбірі қуанып, Әбу Бәкірдің үйіне барды. Өйткені, оның ақылды, тәжірибелі саудагер екенін жақсы білетін. Есікті ашып сыртқа шыққан хазіреті Әбу Бәкірден: «Ей, Әбу Бәкір! Сен Құдысқа сан мәрте барып келдің. Жақсы білесің, Меккеден Құдысқа барып келуге қанша уақыт кетеді?» деп сұрады. Хазіреті Әбу Бәкір «Жақсы білемін, бір айдан көп уақыт кетеді» деп жауап берді.

Бұл сөзге қуанған кәпірлер: «Ақылды, тәжірибелі адамның сөзі осындай болады» деді. Күліп, мазақ етіп: «Сенің мырзаң Құдысқа бір түнде барып келдім дейді, ақылынан әбден алжыды» деді. Ендігі хазіреті Әбу Бәкір де өздерін қолдайды деген оймен оған сүйіспеншілік пен құрмет көрсетті.

Хазіреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың мүбәрәк есімін естіген кезде: «Егер Ол айтса дұрыс! Бір сәтте барып келгеніне мен де сендім» деп ішке кіріп кетті. Кәпірлер: «Әй, Мұхаммед неткен сиқыршы едің, Әбу Бәкірді сиқырлап тастапты» деп кері қайтты.

Хазіреті Әбу Бәкір дереу Расулуллаһтың жанына барды. Көп тобырдың ішінен дауыстап: «Йа, Расулаллаһ! Миғражыңыз құтты болсын! Бізді сіз сияқты ұлы пайғамбарға қызметші етумен абыройландырғаны және мүбәрәк жүзін көрумен, көңілдерді алған, рухтарды тартқан көркем сөздеріңізді естумен ниғметтендіргені үшін Аллаһу та'алаға шексіз шүкір етемін. Йа, Расулаллаһ! Сіздің сөзіңіздің барлығы рас! Сендім. Жаным сізге құрбан болсын!» деді. Хазіреті Әбу Бәкірдің сөздері кәпірлерді таң қалдырды. Айтарға сөз таба алмай тарап кетті. Хазіреті Әбу Бәкірдің бұл сөздері күмәнданып жүрген, иманы әлсіз біраз адамның жүрегіне қуат берді. Расулуллаһ сол күні хазіреті Әбу Бәкірді «Сыддық» деп атады. Осы атты алумен оның дәрежесі тағы да көтерілді.

Бұл жағдайға қатты ашуланған кәпірлер, мүминдердің қуатты иманына, пайғамбарымыздың барлық сөзіне дереу сенетіндіктеріне, оның айналасында қолдап-қорғап жүретіндіктеріне шыдай алмады. Олар пайғамбарымызды ұялтып, жеңеміз деген оймен сынай бастады:

«Йа, Мұхаммед! Құдысқа бардым дейсің. Айтшы қане, мешіттің қанша есігі, қанша терезесі бар?» деген секілді сұрақтар қойды. Расулуллаһ алейһиссалам олардың әр сұрағына біртіндеп жауап берді. Пайғамбарымыз жауап беріп жатқанда хазіреті Әбу Бәкір «Дәл солай, Йа Расулаллаһ» деп растап отырды. Алайда Расулуллаһ алейһиссалам өзінің әдептілігінен, ұяттылығынан алдындағы адамның бетіне де қарамайтын. Ол былай деді: «Ақса мешітінде жан-жағыма қараған жоқ едім. Олардың сұраған нәрселерін көрген жоқ болатынмын. Сол сәтте Жәбрейіл (алейһиссалам) Ақса мешітін көз алдыма әкелді. (Теледидар сияқты) Терезелерін көріп, санап сұрақтарына жауап беріп отырдым.» Пайғамбарымыз жолда түйелі жолаушыларды көргенін айтып: «Құдай қаласа сәрсенбі күні келеді» деді. Сәрсенбі күні күн батарда керуен Меккеге жетті. Керуендегілерден сұрағанда олар дауыл соққандай болғанын, бір түйенің жығылғанын айтты. Бұл жағдай мұсылмандардың имандарын қуаттандырды. Кәпірлердің дұшпандығы арта түсті.

Хижреттен бір жыл бұрын Рәжәп айының 27-сіне жұма күнінің түнінде болған бұл муғжиза «Миғраж» деп аталады. Расулуллаһ миғражға рух және денесімен ояу халде шықты. Миғраж түнінде Оған көптеген илаһи ақиқаттар көрсетілді және бес уақыт намаз осы түні парыз етілді. Бұдан бөлек Бақара сүресінің соңғы екі аяты ихсан етілді. Миғраж Құран кәрімде «Исра» және «Нәжм» сүресінде және кейбір хадис шәрифтерде білдірілген.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) миғраждан кейін сахабаларына жаннат туралы айтып отырып, былай деді: «Йа Әбу Бәкір! Сенің зәулім сарайыңды көрдім. Қызыл алтыннан жасалған еді. Сен үшін дайындалған ниғметтерге куә болдым.» Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ): «Сол сарай мен оның иесі сізге құрбан болсын, Йа Расулаллаһ» деді. Пайғамбарымыз хазіреті Омарға бұрылып: «Йа, Омар! Сенің зәулім сарайыңды көрдім. Жақұттан жасалған еді. Онда көп хурилер (жаннат қыздары) бар еді. Бірақ, ішіне кірмедім. Сенің қызғанышыңды ойладым» деді. Хазіреті Омар көп жылады. Көз жасымен: «Ата-анам, жаным сізге құрбан болсын, Йа Расулаллаһ, сізден қызғануға бола ма екен?» деді. Сосын хазіреті Османға былай деді: «Йа, Осман! Сені барлық көктен көрдім. Жаннатта зәулім сарайыңды көріп, сені ойладым.» Хазіреті Әлиге былай деді: «Йа, Әли! Сенің бейнеңді төртінші қабат көктен көрдім. Жәбрейілден сұрағанымда, ол: “Йа, Расулаллаһ! Періштелер хазіреті Әлиді көруге ынтызар болды. Хақ та’ала оның кейпінде бір періште жаратты. Ол періште төртінші көкте тұрады, өзге періштелер оған келіп берекеттенеді.” деді. Сосын сенің сарайыңа кірдім. Бір талдың жемісін иіскедім. Одан бір хури шықты, бетін пердемен жапты. “Сен кімсің және кімдікісің?” дедім. “Көкеңнің ұлы Әли үшін жаратылдым йа Расулаллаһ” деді.»

Миғраж түнінің ертесіне Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Расулуллаһқа бес уақыт намазды уақыттарымен өзі имам болып оқытты. Хадис шәрифте былай делінген: «Жәбрейіл (алейһиссалам) Қағба есігінің жанында екі күн маған имам болды. Екеуміз (фәжр) таң атқанда бамдат намазын, күн төбеден ауғанда бесін намазын, барлық нәрсенің көлеңкесі өз бойымен бірдей болғанда екіндіні, күн батарда (күннің үстіңгі бөлігі көзден таса болғанда) ақшамды және қараңғы түскенде құптанды оқыдық. Екінші күні бамдат намазын дала жарық болған кезде, бесінді барлық нәрсенің көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанда, екіндіні осының артынша, ақшамды ораза бұзылғанда (ауыз ашатын уақытта), құптанды түннің үштен бірі болғанда оқыдық. Сосын “Йа, Мұхаммед! Сенің және өткен пайғамбарлардың намаз уақыттары – осы. Үмметің бес уақыт намаздың әр қайсысын осы оқыған екі уақыттың арасында оқысын.” деді».

Намаз уақыттары осылай білдірілгеннен кейін Хабашстанға да хабар жіберіліп, бес уақыт намаз оқулары және намаз парыз етілген кезден бастап осыған дейінгі оқылмаған намаздарды да қаза етіп оқулары білдірілді.