24 Ақпан 2017   



Құл ақысы

Сұрақ: Қай жағдайларда өзгенің ақысы өтеді және одан қалай құтылуға болады?

Жауап: Құл ақысы бес түрлі болады:

1) Мал-мүлікпен (ақшалай)

2) Нәфси (өмірлік тұрғыдан)

3) Ар-намыс тұрғысынан

4) Махреми

5) Діни

 

1) Мал-мүлікпен болған құл ақылары: Ұрлау, тартып алу, алдап мал сату, жасанды ақша беру, өзгенің мүлкіне зиян беру, өтіріктен болмағанды болды деп куәлік ету, пара алу т.б.

Мұндай ақылардан құтылу үшін иесімен халалдасу керек, яғни иесінің кешірімін, разылығын алу керек. Дүниеде халалдаспаса ахыретте сауаптары оған беріліп халалдасады. Мүліктің иесі өлген болса, оның мұрагеріне өтейді. Мұрагері жоқ болса немесе иесі белгісіз болса, салих бір кедейге сыйлық ретінде беріп, сауабын иесіне бағыштайды. Салих кедей жоқ болса, исламға қызмет етіп жүрген қайырымдылық қорларына беріледі. Өз туыстарына, кедей болған ата-анасына, балаларына сыйлық ретінде беруі де жаиз. Бұларды істеу мүмкіндігі болмаса, мүлік иесінің және өзінің ғафу етілуі үшін дұға етеді. Кәпірдің ақысынан құтылу үшін де онымен халалдасу керек. Разылығын алмаса, ахыретте кешірілуі өте қиын болады.       

 

2) Нәфси, яғни өмірлік тұрғыдан күнә болған құл ақылары: Адам өлтіру, бір мүшесін кесу, шолақ ету секілді нәрселер. осы жолмен өзгенің ақысына қол салған адам алдымен тәубе етеді. Адам өлген болса, оның уәлисімен (әкесі, қамқоршысымен) халалдасу керек. Уәлисі қаласа кешіреді, қаласа белгілі мөлшерде мал-мүлік сұрайды. Қаласа сотқа беріп, қазыдан жазаландыруын сұрайды. Исламда қан дауасы деген нәрсе, яғни қанға қан деген өш алушылық жоқ.

 

3) Ар-намысқа қатысты құл ақылары: Өсектеу, жала жабу, мазақ ету, масқаралау, ұрсу, сөгу секілді адами абыроймен қатысты нәрселер. Бұлардың күнәсінен құтылу үшін тәубе ету және халалдасу керек. Бұл мәселелерде мұрагерлерімен халалдасу өтпейді.  

 

4) Махреми болған құл ақылары: Өзгенің бала-шағасына қиянат ету секілді нәрселер. Тәубе және истиғфар етеді. Фитна шығу ықтималдығы жоқ болса, иесінен барып кешірім сұрап, халалдасады. Фитна ықтималдығы бар болса, халалдасудың орнына оған дұға етеді және ол үшін садақа береді. Жасаған ғибадаттарының сауаптарын оған бағыштайды. Фитна ықтималдығы болып халалдасқанда істеген күнәларын айтпай, мендегі бүкіл ақыларыңды кешір, халал ет деуі керек.

 

5) Діни болған құл ақылары: Туыстарына және қол астындағыларға дұрыс дін ілімдерін беруді тәрк ету, адамдардың дін ілімін үйренулеріне және ғибадат етулеріне кедергі болу, оларға кәпір, пасық деп айту. Бидғат шығарып немесе шыққан бидғаттарды таратып, мұсылмандардың қате ғибадат етулеріне себепші болу. Рамазан айында күндіз жұрттың көзінше тамақ жеп немесе ашықша басқа да харам істер істеп жаман үлгі болу. Бұл күнәлар үшін де тәубе ету, хақ иелерімен халалдасу керек.

 

Сұрақ: Мойнында өзгенің ақысы болған адам не істеуі керек?

Жауап: Құл ақысы болған адам бұған тәубе ету үшін құл ақысын дереу өтеуі керек, онымен халалдасуы (разылығын алуы) керек, оған жақсылық етуі, дұға етуі керек. Мүліктің иесі өлген болса, оған дұға етіп, истиғфар айтып, ақысын мұрагерлеріне беріп өтеуі керек, оларға жақсылық жасауы керек. Балалары, мұрагерлері белгісіз болса, сол мөлшердегі ақшаны кедейлерге садақа ретінде беріп сауабын ақы иесіне бағыштау керек. (Сәфәри ахирет)     

 

Бір адамнан нахақ түрде алынған бір тиынды иесіне қайтару, жүзмыңдаған теңге садақа беруден қаншама есе үлкен сауап. Бір кісі пайғамбарлар істеген ғибадаттарды жасаса, бірақ мойнында біреудің бір тиын ақысы бар болса, бұл тиынды өтемейінше жәннатқа кіре алмайды. (Мәктубат Раббани 2 том, 66, 87 беттер.)

 

Қиямет күні ақы иесі ақысынан бастартпаса, бір данқ (жарты грамм күміс) ақы үшін жамағатпен оқылып, қабыл болған жетіжүз намаз сауабы алынып ақының иесіне беріледі. (Дурр-ул мухтар)

 

Құл ақысын Аллаһу та’аланың ақысынан бұрын өтеу керек. Құл ақысы араласқан күнәлардың кешірімі қиын және азаптары өте ауыр болады. Өзгенің ақысын жеген адам ақы иелерімен халалдаспайынша кешірілмейді. Яғни мойнында құл немесе жануар ақысы болған адамды Аллаһу та’ала кешірмейді және бұлар жаһаннамға түсіп жазаларын тартады. (Хадиқа)

 

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Мойнында құл ақысы болған адам өлмей тұрып ақысын өтеп, халалдассын! Өйткені ахыретте алтынның, малдың қадірі болмайды. Ол күні ақыларын өтеп болғанға дейін өз сауаптарынан алынады, сауаптары қалмаса ақы иесінің күнәлары оған жүктеледі.» (Бұхари)

 

«Тәкаппарлығы, қиянаты және құл ақы қарызы болмаған мүмин жәннатқа кіреді.» (Нәсаи)

 

«Құл ақысы мүминнің айыбы, кемшілігі.» (Әбу Нуайм)

 

Мойнында құл ақысы болған адамдардың рухтары жәннатқа кірмейді. Салихтердің рухтары қабірлеріне келіп денелерін зиярат етеді. Қайтыс болған муминдердің рухтары келіп дүниедегі танитындарын сұрайды. (Фәраид-ул фәуаид)

 

Сұрақ: Мойнында құл ақысы қарызымен өлген адам жәннатқа кірмей ме?

Жауап: Өзгенің ақысын жеген адам кәпір деген сөз емес. Сауаптарының бір бөлігін беріп құл ақысын өтесе жаһаннамға түспейді. Сауаптары жоқ болса, ақысы өткен адамның күнәларының бір бөлігі бұған жүктеледі. Жазасын тартқаннан кейін жәннатқа кіреді. Жәннатқа тек қана кәпір кірмейді. Қаншалықты күнәһар болса да, мұсылман кісі күнәларының жазасын тартқаннан кейін міндетті түрде жәннатқа кіреді. Бірақ жаһаннамда жаза тарту оңай емес. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Муфлис (банкрот) деген мына адам: қияметте амал дәптерінде өте көп намаз, ораза, зекет сауаптары болады. Бірақ кейбір адамдарға түрлі жолмен зияны тиген. Сауаптары бұл ақы иелеріне беріледі. Ақыларын өтеп бітпей тұрып сауаптары таусылса, ақы иелерінің күнәлары мұның мойнына жүктеліп жаһаннамға тасталады.» (Мүслим)  

 

Істелген күнәда өзгелердің ақысы да бар болса, құл ақысын дереу өтеу, онымен халалдасу, оған жақсылық ету және дұға ету керек. Құл ақы қарызымен өлетін болсақ көптеген сауабымыз ақы иесіне беріледі, сауабымыз қалмаса оның күнәларын арқалауға мәжбүр боламыз. Шәһид болған адамның күнәларын Аллаһу та’ала өтейді. 

 

Сұрақ: Мұсылман емес адамдармен бірге жұмыс істейміз. Олардың ақысын жесек күнә бола ма?

Жауап: Мұсылман емес адамдарға кәпір делінеді. Бұлардың сенімдерін, ғибадаттарын жақсы көруге болмайды. Бірақ оларды ренжіту, көңілдерін қалдыру харам. Кәпірлерді ғайбаттаған, беттеріне “сен кәпірсің” деген мұсылман жазаландырылады. Өйткені бұларды ренжіту, мал-мүліктеріне зиян беру күнә. (Мүлтақа) (Кәпірлер өздерін кәпір деп қабыл етпегендіктері үшін бетіне кәпір деп айту күнә болады.)

 

Зиммиге (яғни мұсылман емес отандасқа) зұлымдық ету мұсылманға зұлымдық етуден де жаман. Ал жануарларды жәбірлеу, зиммиді жәбірлеуден де жаман. Зиммиді ренжітпеу үшін сәлемдесу және қол алысу жаиз. Ашықтан күнә істейтін пасық адамға да сәлем беру осылай жаиз. (Дуррул мухтар)

 

Мойнында құл ақысы болғандардың ғибадаттары қабыл болмайды. Жәннатқа кіре алмайды. Кәпірдің ақысынан құтылу үшін де онымен халалдасу керек.

 

Соғыстан тыс уақыттарда кәпірлерді өлтіру де харам болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Досын өлтірген адам үмметімнен емес. Өлтірілген адам кәпір болса да осылай.» (Хадиқа)

 

«Зиммиді өлтірген адам жәннаттың иісін де сезіне алмайды.» (Хадиқа)

 

«Зиммиді өлтірген адамға жәннат харам.» (Әбу Дауд)

 

Сұрақ: Ресейде кейбір Мысырлық араптармен бірге жұмыс істейміз. Бұлар «Ресей мұсылман емес мемлекет. Бұлардың мал-мүлкін қулық жасап алу жаиз» деп үлкен маркеттердегі этикеттердің орнын ауыстырып қулық жасап жүреді. Кәпірлердің ақыларын жеуге бола ма?

Жауап: Болмайды. Кәпірлерді ренжіту харам болғанындай, оларға қулық жасау, мал-мүліктеріне зиян беру де харам. (Мүлтақа)

 

Кәпірдің ақысынан құтылу үшін оның кешірімін алу керек. Разылығын алмаса ахыретте кешірімі өте қиын болады. Кәпірдің ақыларынан құтылу мұсылманның ақыларынан құтылудан да қиын. Мұсылман еместердің мал-мүліктеріне, жандарына қол салу жаиз болмағанындай, әйелдеріне, қыздарына да қол салу жаиз емес, харам. (Рәддул-мухтар)

 

Дарул-харбте (мұсылман емес өлкеде) кәпірлердің мал-жанына, ар-намысына қол салу харам. Кәпір әйелдердің бастарына, қолдарына, аяқтарына қарау харам. Кәпірдің ақысын жеу, ренжіту, мұсылманның ақысын жеуден де үлкен күнә. Кәпірлердің ақыларына тиіспеу, алаяқтық жасамау мұсылмандық талабы.

 

Кәпірлерден де тартып алу, ұрлап алу секілді күнә жолмен алынған нәрсе “мулки хабис”, яғни қолданылуы харам мүлік болады. Егер иесі табылмаса, ондай мүлікті кедейлерге садақа ретінде таратып беру тиіс. Жануар ақысы адам ақысынан, ал кәпірдің ақысы жануардың ақысынан да үлкен күнә. Өзгенің мүлкін одан рұқсатсыз алып, қолданып, зиян келтірместен орнына қою да харам болып табылады. (Хадиқа)

 

Мұсылман емес отандастармен де дүние істері үшін араздасу жаиз емес. Олардың да күлімдеген жүзбен, жылы сөзбен көңілдерін аулау, ренжітпеу, ақыларын өтеу керек.  

 

Мұсылманның да, кәпірдің де қайда болмасын ешбір адамның мал-жанына, ар-намысына тиісу жаиз емес. Кәпірлер қарым-қатынас тұрғысынан мұсылмандардың құқық және еркіндіктеріне ие. Өз діндерінің талаптарын орындауда, ғибадаттарын орындауда еркін. Ислам кәпірлерге де осындай еркіндікті берген.

 

Мұсылмандардың өзге елдердің заңдарына қарсы келмеуі керек, қылмыс істемеуі керек. Фитна шығуына себепші болмауы керек, ешкімге зұлымдық, жәбір етпеуі керек.

 

Мұсылмандардың көркем мінез-құлқын (ахлақын), абыройын барлық жерде барлық адамға көрсетіп жүруі керек. Әр халықтың санасында Ислам дініне деген сүйіспеншілікті оятып, Ислам дініне құрмет көрсетуіне себепкер болуы керек. (Ислам ахлақы)

 

Шет елдік бір ғалым Исламды зерттеп, мұсылман болғаннан кейін арап елдеріне барғанда ол жақтағы мұсылмандардың тұрмыстағы қыңғыр-қисық әрекеттерін көріп «Сендерді көрмей тұрып мұсылман болғаным қандай жақсы болған. Сендердің өмірлеріңді зерттегенімде мұсылман болмас едім.» деген екен. Бұл қандай дұрыс айтылған сөз.

 

Ешбір мұсылманның өзбасынша істеген қате әрекеттерімен Исламның атына кір келтіруге ақысы жоқ. Мұсылман Исламның көркем мінезімен безенуі тиіс. Аллаһу та’алаға қарсы күнә істеуден, заңдарға қарсы қылмыс істеуден тыйылуы керек.  

 

Сұрақ: Кәпір елде өмір сүретін бір мұсылман дүкеннен бір нәрсе ұрлап алса, бірақ кері қайтарып берген жағдайда полицияға тұтылатын болса не істеуі керек? Ұрлаған затының бағасына шақ ақшаны кедейлерге берсе, Аллаһу та’аланың құзырында күнәдан құтыла ма? Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Жауап: Олай қарыздан құтылған болмайды. Мұның бірнеше жолы бар. Мәселен сол дүкенге барып дәл сондай нәрсені сатып алады. Кейін үйіне әкеледі. Бұрынғы затты алып, сатып алған дүкенге қайтып барады. Қолында чегі болғаны үшін ешкім ешнәрсе дей алмайды. Сұрап жатса “сөмкемнен екеуі шықты, мен біреуіне ғана төлеген едім” дейді. Немесе ұрлаған нәрсесін жіберуші адресін жазбай пошта арқылы салып жібереді. Ішіне “мен біреу ғана алып едім, екеу шықты біреуін қайтарып жіберіп отырмын” деп жазып жібереді.  

 

Сұрақ: Кәпірдің ақысын өтеу мұсылманның ақысын өтеу секілді ме?

Жауап: Иә.

 

Сұрақ: Кітапсыз кәпірлердің де ақысы өте ме?

Жауап: Иә.

 

Сұрақ: Ресейде өмір сүремін, кәпір көршіммен балаларым төбелескені үшін айғайластық. Бір-бірімізге ауыр сөздер айттық, ренжістік. Меніңкі дұрыс деп сенемін. Сонда да халалдасу керек пе?

Жауап: Ол да өзінікін дұрыс деп сенбесе сізбен ұрысарма еді? Халалдасу қашанда жақсы. Әсіресе кәпірмен халалдасу бәрінен де маңызды.

 

Сұрақ: 13-14 жыл бұрын мектепте неміс досымнан ұсақ ақша қарызға алған едім, кейіннен қайтарып беру нәсіп болмады. Енді не істеуім керек?

Жауап: Оны табу мүмкіндігі жоқ болса, мұрагерін де таба алмасаңыз мұсылман кедейге садақа ретінде беруіңіз керек. Таба алсаңыз ақшасын беруіңіз керек немесе берместен де халалдасу және сыйға бердім, сеніңкі болсын секілді сөздер айтуы керек.

 

Сұрақ: Ал уақытша бір нәрсе алған болса (мәселен қалам, кітап) және кейін қайтарып беруді ұмытып кетсе, не істеуі керек?

Жауап: Бұлар да дәл солай. Тауып қайтарып бересіз немесе ақшасын бересіз немесе халалдасасыз. Бұлардың ешбірі мүмкін болмаса кедейге садақа ретінде бересіз.

 

Сұрақ: Қалжың ретінде бір досымызды кез келген жолмен қорқытсақ немесе бір затын тығып қойып іздеткізсек күнә бола ма?

Жауап: Қандай түрде болмасын ренжіту, қорқыту жаиз емес, күнә болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Достарыңның затын шындап та, қалжыңдап та алмаңдар!» (Тирмизи)

 

«Кімде кім бір мүминді қорқытса, Аллаһу та’ала ұзақтығы мың жыл болған күнде оның қорқынышын арттырады.» (Дәйләми)

 

«Бір мұсылманды қорқытқан адам қиямет қорқыныштарынан амандықта болмайды.» (Бәйһақи)

 

«Қорқытушы нәрселер айтпаңдар!» (Дәйләми)

 

«Аллаһқа және ахыретке сенген адам мұсылманды қорқытпасын!» (Табарани)

 

«Бір мұсылманға ақысыз түрде қорқытушы (қатал) көзбен қараған адамды Аллаһу та’ала қияметте қорқытады.» (Табарани)

 

«Сүйінші (қуаныш) беруші болыңдар, қорқыныш беруші болмаңдар, оңайлық көрсетіңдер, қиындық көрсетпеңдер!» (Әбу Дауд)

 

«Бір темірмен (немесе жарақаттайтын, өлтіретін құралмен) досына қаратып қорқытқан адамға періштелер лағынет айтады.» (Мүслим)

 

Бір кісі досы ұйықтап жатқанда оның оқ қабынан бір оқ алған кезінде досы шошып оянады. Мұны көрген пайғамбарымыз: «Мұсылманды (кез келген түрде) қорқыту халал емес» дейді. (Табарани)

 

Тағы бірде бір кісі досының аяқкиімдерін ешкімге білдірмей тығып қояды. Досы келгенінде ол жердегілерден аяқкиімін сұрайды. Олар көрмегендері үшін білмейміз дейді. Аяқ киімін тығып қойған кісі «аяқ киімдерің мұнда» дейді. Мұны көрген расулуллаһ алейһиссалам «Сен қалайша мүминді қорқытасың» деді. Әлгі кісі қалжыңдағанын айтқанында екі рет тағы «Сен қалайша мүминді қорқытасың» деп бұйырды. (Табарани) 

 

Тағы бір кісі қалжыңдап досын қорқытқанында пайғамбарымыз былай деп бұйырды: «Мұсылманды қорқыту үлкен зұлымдық» (Бәззар, Хаким)

 

Пышақ, қару оқталып немесе қандай түрде де адамдарды қорқыту дұрыс емес. Хадис шәрифте былай делінген: «Мұсылмандарды қорқыту жаиз емес.» (Әбу Дауд)

 

Біреудің ұмытқан затын тығып қойып, оны іздеттіру де қорқыту үкіміне кіретіндігі білдірілген. (Әнуар-ул қудсийа)

 

Сұрақ: Бір кісі “сендегі ақыларымды халал еттім” (кештім) деді. Кейін біраз күндерден кейін “саған ақыларымды халал етпеймін” (сені кешірмеймін) деді. Бұлардың қайсысы өтеді?

Жауап: Екеуі де өтеді. Халал еттім деуімен сол кезге дейінгі болған ақыларын халал еткен, кешкен болады. Халал етпеймін дегеннен кейін, халал еткен күнінен бастап өткен ақыларын халал етпеген болады. Бұрынғы шешімінен бас тарта алмайды.

 

Сұрақ: Бір адамды ренжіткен едік, ол адамнан қаншама рет кешіруін, ақысын халал етуін сұрап бардық, бірақ ол адам қырсығып кешірім бермей, бізге жаман сөздер айтып, бізге бетдұға (қарғыс) айтуда. Біз не істеуіміз керек? (Ол да бізді ренжітуде, бірақ біз халал етудеміз.)

Жауап: Ақы оның ақысы, халал етпеуі мүмкін. Ахыретте таразы құрылады, сіздің ол адамдағы ақыңыз, оның сіздегі ақылары алынып халалдастырылады. Қабыл етпесе сауаптарыңыздан бересіз, сауабыңыз жоқ болса оның күнәларын аласыз. Сондықтан да ешкімді ренжітпеу керек.

 

Сұрақ: Бір адам басқа бір адамға жамандық еткенінде, жамандыққа ұшыраған кісі әлгі адамды қарғаса, (бетдұға етсе) бұл кісі ақысын қайтарған бола ма?

Жауап: Ақысының мөлшеріндей қарғаған болса, ақысын қайтарған болады. егер артығымен қарғаған болса, онда арғы адамның ақысы бұған өткен болады.

 

Сұрақ: Және де қарғаған кісі ахыретте ақысын талап ете ме?

Жауап: Ақысының мөлшеріндей қарғаған болса, ақысын талап ете алмайды. Одан артық қарғаған болса, онда арғы адам ақысын талап етеді.

 

Сұрақ: Бір адам басқа бір кісіге үнемі азап беріп келеді. Қиыншылық көріп жүрген адам оған мүлдем қарсылық етпей, тек іштей ғана көңілімен әлгі адамға ренжіп жүрген болса, зиян келтіріпғ азап беріп жүрген адамның дүниеде және ахыретте жағдайы не болады?

Жауап: Қаншама ақы өткен болса, соншалықты қайтарады. Дүниеде де басына бәле келуі мүмкін.

 

Сұрақ: Дәлелдерімен бірге жіберіп жатқан мақалаларыңыз, сұрақтарымызға беріп жатқан жауаптарыңыз үшін және мұсылмандардың көзін ашып атқарып жатқан қызметтеріңіз үшін шексіз алғыс білдіргім келеді. Аллаһу та’ала сіздерден разы болсын! Мен намаз оқитын әйелмін. Қазіргі таңда құл ақыларына мән беріп, өзгенің ақысын жеуден қашатындар, бұл мәселеге мұқият қарайтындар жоқтың қасы десем жаңылмаспын. Құл ақысын өтеу керектігін білетіндердің өзі де халалдасуға келгенде бұл істі соншалық оңай көретініне қарным ашады. Жалпылама сөздермен халалдасуға тырысатынын көріп таңданысымды да жасыра алмаудамын.

Біз мұсылманбыз әлхамдулилләһ. Сондықтан екі мұсылман халалдасқанда "мен мына себепті, мына нәрсені істегенім үшін сенің алдыңда кінәлімін" немесе "білместен істелген мына нәрсе үшін сенің ақың өтті" немесе "қажеттілігім болғаны үшін амалсыз мынадай бір ақыңды жеп қойдым" деген сияқты түрде не себепті екендігі нақты атауларымен айтылса дұрыс болмай ма?

Шынайы халалдасқысы келетін адамның өзгені домалақ сөздермен, айналдырып айтып алдауының не керегі бар? Мәселен “ақыңды халал ет!”, "бәріне риза бол!" деп жатады. Неге адамдар қысқа жолмен құтылуға құштар. Әсіресе бетпе-бет келмей телефонмен, электронды хабарласу құралдарымен қысқа ғана "кешір-ші" деп қайырып қояды. Адамдардың осындай қулық жолымен "разылық-кешірім алдым" деп жүргендері өз-өздерін алдағаны емес пе?

Жауап: Мұсылман сіз айтқандай болу керек. Бірақ Ислам ғалымдары фитна шығатын болса, арада реніш, араз, дау шығатын болса жалпылама разылық алып қоя салу керек деп білдірген. Бұл мәселе түсініктірек болсын деп ауыр мысалмен келтірейік. Мәселен бір құрбыңыз келіп “Күйеуіңмен бір рет сүйістік, риза бол” десе не істейсіз? Шындықты айтты деп бәлкім рахмет айтарсыз, бірақ ішіңізді бір құрт кеміре бастайтыны анық. Бәлкім жағдай шиеленісіп те кетуі мүмкін. Немесе күйеуіңіз құрбыңыздың күйеуіне барып “әйеліңмен бір рет сүйістік, ренжіме” десе не болады? Немесе үйіңізге келген қонақ “сіз дастархан дайындап жүргеніңізде сіздің күнделігіңізді ақтарып оқыдым, құпияларыңызды білдім, кешіріңіз” десе айтқаны үшін рахмет айтарсыз, бірақ іштей болса да “Бұл істегені дұрыс па енді” дейсіз ғой. Сондықтан ондай мәселелерде жалпылама халалдасу жақсы болады. Өйткені көптеген жеке жағдайлардың себебін әшкерлеу оңай нәрсе емес.  

 

Сұрақ: Кейде таныстар дәмханаға кіргізіп шай, тағамдар ұсынып, сый көрсетіп жатады. Ақысы өте ма деп қорқамын. Бұлай өз ақшасымен бізге дәм ұсынған адаммен міндетті түрде халалдасу керек пе?

Жауап: Бізге кез келген нәрсені сый еткен, қонақжайлылық еткен адамның мұндай ұсынысын қабыл алғанда оның ақысы бізге өткен болмайды. Бірақ аз да болса, бірге болған адамдармен жиі жиі халалдасып тұру жақсы болады. Жақсылық еткендерге де рахмет айту керек.   

 

Сұрақ: Бізге жасалған әділетсіздіктерді кешіру керек пе, әлде өзіміздікі дұрыс екенін дәлелдеу керек пе?

Жауап: Жеке өзіңізге жасалған жамандықтарды, әділетсіздіктерді кешіруіңіз өте жақсы болады. Өзіңіздікі дұрыс екенін дәлелдеуіңіз пайдасыз және қажетсіз.

 

Сұрақ: Емтихандарда досымнан көшіремін. Оның ақысын жеген болам ба?

Жауап: Көшірумен ақы өтпейді, ақысын жеген болмайсыз.

 

Сұрақ: Ақыларымды мүмин, кәпір бүкіл адамдарға халал ету жаиз ба?

Жауап: Жаиз және өте жақсы. Ахыретте мұның марапаты ретінде көп сауап беріледі.

 

Сұрақ: Шын көңілмен емес, жай сөзбен "кештім, кешірдім" деп ақысын халал еткен адам халал еткен болып санала ма?

Жауап: Иә, халал еткен болып саналады.

 

Сұрақ: Біреу ақысын халал етсе, кешірсе, кейін бұл райынан бас тартса, бірақ бізге мұнысын білдірмесе, ахыретте ақысын талап ете ала ма?

Жауап: Білдірсе де талап ете алмайды.

 

Сұрақ: Менде өзінің мал-мүлік, нәфси, ар-намыс және махреми ақылары болған бір кісі бұларды білместен “бүкіл ақыларымды саған халал еттім, сеннен разымын” десе бұл ақылардан құтылған боламын ба?

Жауап: Иә.

 

Сұрақ: Бір досыма "ақыңды халал ет" (Менде қалып қойған ақыларыңды маған халал ет) дедім, ол “Әстағфируллаһ” (Құдай сақтасын, қайдағы ақы) деді. Халал еткен болып санала ма?

Жауап: Болмайды, "халал еттім" (кештім / кешірдім / разымын) деп айтуы керек.

 

Сұрақ: Ақылы әжетханаларда қарап отырған адамы жоқ болса, ақша тастамай кетсе, ақы өте ме?

Жауап: Ақшаны сол жерге тастап кету жақсы болады.

 

Сұрақ: Темекі шегетін адамға, темекі шектірмесем ақы өте ме?

Жауап: Өтеді.

 

Сұрақ: Мен қаламасам да жүгімді тасыған адамға ақша бермесем ақы өте ме?

Жауап: Қаламайтыныңызды білдіргеніңізбен таситын болса ақы өтпейді. Үндемесеңіз ақысы өткен болады.

 

Сұрақ: Үйдің астындағы ательенің даусы қатты шығады. Шағымдануға ақым бар ма?

Жауап: Шағымдануға ақыңыз бар, бірақ фитнаға себепші болмау керек.

 

Сұрақ: Кәпірлермен күресіп жүріп әдейілеп қолдарын сындыру жаиз ба?

Жауап: Жаиз емес.

 

Сұрақ: Кезекте науқастар тұрғанда бір танысымды кезексіз ішке алсам ақы өте ме?

Жауап: Науқастарға уақыт белгіленбеген болса ақы өтпейді. Мәжбүр болмағанша бұлай істемеу керек. 

 

Сұрақ: Жоғары қабаттағы көрші тігін машинасымен тігін тігіп біздің мазамызды алуда, оның бұл істегені зұлымдық па?

Жауап: Жоқ.

 

Сұрақ: Қасапшыға ет апарып ақшаға ет шеккіштен өткіздіреміз. Етшеккіште біздің алдымыздағы өткізілген еттер қалып жатады. Қасапшының ақысын жеген боламыз ба?

Жауап: Жоқ.

 

Сұрақ: Бақшама кірген тауықтарды улап өлтірсем, ақы өте ме?

Жауап: Иә, ақы өтеді. Бақшаны қоршау керек.

 

Сұрақ: Маманы болмаған дәрігер, науқасқа операция жасаса, науқасты азаптаса, мүгедек қылып қойса ақы өте ме?

Жауап: Иә.

 

Сұрақ: Түшкіргенде даусым қатты шықса, жанымдағы адам бұдан қорқып кетсе, ақы өте ме?

Жауап: Жоқ.

 

Сұрақ: Бір танысым шет елден келген кәпір туристтерді алдап түсіреді екен, мәселен ақша алмастырғанда, елу мың беру керек болса, бес мың береді екен. Дінімізде кәпірлерді де алдау күнә емес пе?

Жауап: Бір адамның ақысын жеу, алдау оған зұлымдық ету болып саналады. Ал зұлымдық ету харам, үлкен күнә. Кәпірге зұлымдық ету мұсылманға зұлымдық етуден де жаман екендігі “Дурр-ул мухтар” және басқа да бірқатар құнды кітаптарда білдірілген. “Кимия-и Саадет” кітабындағы хадис шәрифте «Сатылатын нәрсенің кемшілігін жасыру халал емес. Ол кемшілігін біліп айтпау да ешкімге халал емес.» деп бұйырылды. Осы кітапта бидайдың ылғалды бөлігін қаптың ішкі бөлігіне тығып сатып отырған сатушыға пайғамбарымыздың «Ылғалды бөлігін неге көрсетпей тығып отырсың? Қулық жасаған адам бізден емес» дегендігі білдірілген.   

“Әрбаини Салмани” кітабында «Бір нәрсені алдап бағалы сату немесе алдап арзанға сату пайыз болады, харам болады.» және «Сатылатын нәрсенің кемшілігін және сатып алынған нәрсенің құнын жасырып алдау пайыз болады, харам болады.» делінген.

 

Сұрақ: Сөзім өтетін достарыма ақысыз (тегін) жұмыс істетуім жаиз ба?

Жауап: Зәру (мәжбүр) жағдай болмастан бір нәрсе сұрау харам болғаны секілді ақысыз (тегін) жұмыс істету де харам. Өзгенің баласына жұмыс істету болса, одан үлкен күнә. ("Хадиқа" 2-том, 267-бет.) Өз қалауымен жұмыс істеген доспен халалдасу керек болса да, ақысыз (тегін) жұмыс істеуі харам болмайды.

 

Сұрақ: Қажеттілік туындаған кезде біреудің мүлкін алуға бола ма?

Жауап: Қажеттілік кезінде де ешкімнің мүлкіне тиісуге Ислам рұқсат бермеген. Зәрурат (мүшкіл, мәжбүр) халінде болған, яғни қатты қиналған адам да өзгенің ақысына тиісе алмайды. Аш қалған адамның өзгенің нанын рұқсатсыз жеуі жаиз болса да, кейіннен құнын өтеуі керек болады. Оның аш болуы, өлім қауіпінде болуы, бір адамның өз мүлкіндегі ақыларының жоқ болуына себеп бола алмайды. Зарурат халінде де өзгеден алынған мүліктің өтелуі керек. Зарураттардың тыйым салынған нәрселердің орындалуына себепші болуы, ешкімнің ақысының кетуіне себеп бола алмайды. (Мәжәллә шәрһі)

 

Сұрақ: Досыммен таласып-тартысып, бір-бірімізді ренжіткен едік. Енді “Кешірмеймін” дейді. Мен не істеуім керек?

Жауап: Қайта қайта кешірім сұрап, ақысын халал етуін сұрау керек. Онда да халал етпесе ешнәрсе делінбейді. Сыртынан оған көп дұға етуіңізге кеңес береміз.

 

Сұрақ: Бір адамға “ақыңды халал ет” дегенде “халал болсын” десе, халал етілген бола ма?

Жауап: Болады.

 

Сұрақ: Өзінікі дұрыс болса да, өзін ренжіткен адам кешірім сұрамаса да ақымды халал етуім, оны кешіруім жақсы бола ма?

Жауап: Әлбетте, өте жақсы болады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Қияметте бір мүнади (дауыс) “Сауабы Аллаһта болған шықсын, жәннатқа кірсін” дейді. “Бұлар кім?” деп сұралғанда мүнади “адамдарды кешіргендер” дейді. Көптеген адамдар есепке тартылмастан жәннатқа кіреді.» (Ибн Әбиддунийа)

 

Ақы иелері

Сұрақ: Мұсылмандармен қандай мәміледе болу керек?

Жауап: Әрбір мұсылманды, яғни дін бауырымызды көргенде «Менің бақытқа қауышуым, жәннатқа кіруім осы бауырымның көңілін алумен, қуантумен және дұғасын (разылығын) алумен болуы мүмкін.» деп ойлау керек және оған игілік етіп дұғасын алуға тырысу керек.

Өзінің мойнында ақысы болғандарды құрметтеу керек, олардың құлындай, қызметшісіндей болу керек. Әсіресе мойнымызда ең көп ата-ананың және ұстаздың ақысы болады. Бұл жөнінде өте мұқият болу керек.  

 

Зиян беру

Сұрақ: Бір адам маған және мал-мүлкіме зиян берді. Мен де бұл адамға және мал-мүлкіне сондай мөлшерде зиян берсем әділетті бола ма?

Жауап: Зиян берумен әділеттілік болмайды. Жазаны сот төрешілігі тағайындайды. Ешкімнің өз ақысын өз қолымен алуға ақысы жоқ. Ақым бар деген әр адам басқа адамдарға бас сала берсе, елде анархия шығады. Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Дінімізде зиян беру болмағанындай, зиянға зиянмен жауап беру де жоқ.» (И. Ахмед, Хаким)

 

Құл ақысы және сауап

Сұрақ: Кітаптарда “Мойнында құл ақысы болған адамның немесе күнә істеген адамның ғибадаттары сахих болса да қабыл болмайды” делінеді. Меніңше қазір мойнында құл ақы қарызы болмаған адам жоқ сияқты. Мәселен біреуге қатал жүзбен қараудың өзінде де ақы өтеді. Қабыл болмайтын болса, неге ғибадат етіп, босқа әуре боламыз?

Жауап: Күнә істеген адамның немесе құл ақы қарызы болған адамның ғибадаты қабыл болмайды дегені, ол ғибадат үшін білдірілген үлкен сауаптарға қауыша алмайды деген сөз. Әйтпесе мүлдем сауап ала алмайды деген сөз емес. Жасалған әрбір ғибадаттан сауап алынады. Бірақ жасалған күнәлар сауаптарды жояды. Мәселен, айталық ораза тұтқан адамға 70 сауап берілсе, арақ ішкен адамға да 70 күнә жазылса, оразасын арақпен ашқан адам 70 сауап алып тұрып 70 күнәға батқаны үшін сауапсыз қалады. Егер ораза тұтпағанында арақтың күнәсымен күнәлары көбейіп тұрар еді. Оразаның арақ ішу күнәсының кешіріміне себепші болуы жетпей ме? Басқа күнәлар да істеген кезде сауаптар одан да азая түседі. Сондықтан күнәлардан неғұрлым қашатын болсақ, сауабымыз да соғұрлым көбейе түседі.    

 

Сұрақ: Ахыретте керек болады деп, ақымызды мұсылмандарға халал етпесек, разылық бермесек дұрыс болмайды ма?

Жауап: Жоқ. Халал ету дұрыс болады. Егер біз бір мұсылманға ақымызды халал етсек, оны кешірсек ақымыздан да көп мөлшерде сауапты Аллаһу та'ала бізге ихсан етеді. Тек мұсылмандарға ғана емес, кәпірлерге де ақымызды халал етуіміз жақсы болады, тіпті қияметке дейін жалғасатын бүкіл ақыларды халал ету керек. Ол жақта құл ақысынан есепке тартылу үлкен дерт. Бұл дерттен құтылу үшін Ахыреттегі қажеттіліктерімізді ойлап адамдардың барлығына ақымызды халал етуіміз жақсы болады.  

 

Сұрақ: Тәубә еткенде Аллаһу та'ала барлық күнәні кешіріп, неге құл ақысын кешірмейді?

Жауап: Құл ақысы болмаған күнәларда Аллаһу та'аланың тыйымдарымен әмірлеріне мойынсұнылмаған болады. Мұндай күнәларда шарттарына сай тәубә етілсе, міндетті түрде кешіріледі. Ал құл ақысы араласқан күнәларда Аллаһу та'аланың әміріне де мойынсұнылмаған болады, әрі адамның ақысы да желінген болады. Тәубә етілсе Аллаһу та'ала ол күнәні, яғни өзіне тиесілі болғанын кешіреді. Бірақ, құл ақысы үшін материалды нәрсе болса қайтарып беру керек, басқа нәрсе болса сол адаммен халалдасу керек. Құл ақысының маңызы үлкен. Бірақ Аллаһ қаласа құл ақысын да кешіре алады. Бір хадис шәрифте былай делінген: «Теңізде шәһид болғандардың барлық күнәсі, тіпті құл ақылары да кешіріледі.» (Ибн Мажә)

 

Ал басқа жерлерде өлген шәһидтердің немесе салихтардың құл ақыларын кешірмей ме? Әрине кешіре алады. Аллаһу та'ала ақы иесіне: «Мына шәһидте, мына ғазида, мына салих адамда қанша алатын ақың бар?» деп сұрайды. Ақы иесінің, алатынындай мөлшерде күнәсін кешіреді. Күнәсі жоқ болса сол мөлшерде сауап берілуі де мүмкін. Бірақ, ондай дәрежеге жету де қиын. Сондықтан құл ақы қарызымен өлмеуге тырысу керек.

 

Сұрақ: Мешітке зиянды бір кітап қойылыпты. Бір досым зиянды кітап деп ол кітапты өртеп жіберіпті. Құл ақысы өте ме деп сұрап жатыр?

Жауап: Зиянды нәрсені құртумен құл ақысы өтпейді.

 

Сұрақ: Ешқандай себепсіз кездесуге кешігіп келумен құл ақысы өте ме?

Жауап: Мұсылман адам сөзіне берік болуы тиіс, кездесуге себепсіз кешікпеуі керек. Кептеліс секілді әр-түрлі кедергілерді ескере отырып, мүмкін болса 10-15 минут ерте барған жақсы болады. Ешкімнің уақытын ұрлауға ақымыз жоқ. Бір досым айтып берген еді:

Өткенде 19:00-ге деп шақырылған жерге бардық. Бізге уақытын 19:00 деп айтқандарымен, ешқандай себепсіз жарты сағат кешіктірді. Біздің жоспарланып қойған істеріміз бар еді. Сондықтан ол жерден кетіп қалуға мәжбүр болдық.

Себепсіз мұндай нәрселерге жол бермеу керек.

 

Сұрақ: Бір адамның қияметке дейінгі барлық ақыларын халал етуі (кешіруі) жаиз ба?

Жауап: Жаиз және өте жақсы болады. Ақысын кешірген адам ақыретте олжалы болады, көп пайдасын көреді. Мен пәлен адамда өткен ақымды кешірмеймін деп айтпау керек. «Мен қияметке дейін өзгелерге өтетін барлық ақымды мұсылман-кәпір барша адамға кешірдім, халал еттім» деу жақсы болады.

 

Сұрақ:  Байқамай біреудің көлігін сызып кетіп және бір себептерге байланысты ол көліктің нөмірін ала алмай қалған адамның не істеуі керек.

Жауап: Келтірген зиянындай (шығынындай) ақшаны мұсылман кедейге беруі керек.

 

Сұрақ: Таксиге ақша беруді ұмытып кеткен адам, жүргізушіні де танымайтын болса не істейді?

Жауап: Таксиге беруі керек ақшаны мұсылман кедейге береді.

 

Сұрақ: Алматыда тұрамын. Жазда қыдырып келгенде өзім тұрамын деп Астанадағы пәтерімді жалға бермей жүрмін. Мұқтаж болып жүрген мұсылмандар бар кезде, осы істегенім күнә бола ма?

Жауап: Иә, күнә болады. Бос ұстағанша ыңғайлы бағаға келісіп бір мұсылманға жалға беру керек.

 

Сұрақ: Христиан достарымызбен қалай халалдассақ болады? Оларға не деуім керек?

Жауап: Мендегі материалды және моральды ақыларыңды кешір деп айтуыңыз керек. Мысалы ағылшынша былай болады: "Forgive all your spiritual and material claims on me.". Ол “ок” десе мәселе бітті.

 

Сұрақ:  Біз қаламасақ та біреулер келіп көмектеседі. Біз де оған "разы бол" дейміз. Бұлай деп айтпасақ оның бізге ақысы өткен бола ма? Яғни бұл құл ақысы бола ма? Дүкендерде де кейде қалған ақшаны алмай кетеміз. Кассадағы адам “ақыңды халал ет, разы бол” деп айтпаса, қалған ақшасын өз еркімен тастап кеткен адамның ақысы өте ме?

Жауап: Өз еркімен көмектескені үшін, (кассаға) қалған ақшаны өз еркімен тастап кеткені үшін ақы өтпейді. Бірақ жақсылық жасаған адамға рахмет айту керек. Біз сұрамасақ та өз еркімен көмектесіп жатқан болса ақы өтпейді, өйткені біз қалаған жоқпыз. Бірақ ұзақ уақыт жалғасып жатқан көмек болса, біздің разылығымыз да бар деген сөз. Ондай жағдайда ақыңды халал ет деп айту керек. Мысалы, көлікпен кетіп бара жатқанда, (бағдаршамда тұрғанда) кейбір балалар жүгіріп келіп көлігімізді сүртеді. Біз сүртпе десек те сүртетін болса, ол баланың бізге ақысы өтпейді. Біз үндемей, сүртулеріне разылық көрсететін болсақ, олармен халалдасу керек немесе шамалы ақша беруіміз керек болады.    

 

Сұрақ: 14-15 жасымда (балиғат жасқа толған шағымда) дүкендерден ұрлаған шоколад, сағыз сияқты нәрселерді ол жерге қалай төлеймін?

Жауап: Оның жолы көп. Әуелі ұрланған нәрсенің мөлшеріндей нәрселер алып, ешкімге білдірмей орнына қою керек. Бұлай істемесеңіз, мысалы барып үш шоколад аласыз. Біраз уақыттан кейін дүкенге қайта келіп, мен үш шоколад сұрап едім, қателесіп бес данасын беріп жіберіпсіз деп екеуін қайтарып бересіз. Ұрлаған басқа нәрселеріңізді де осы секілді жолдармен қайтарасыз.

 

Сұрақ: Менде мал-мүлік, нәфси, ар-намыс және махреми сияқты түрлі ақылары болған бір адамға, бұл ақыларын біртіндеп санамай-ақ: «Мендегі бүкіл ақыларыңды халал еттің ба?» десем, ол: «Иә, халал еттім» десе, ақыдан құтылған боламын ба?

Жауап: Иә, кешірім сұрағанда әр күнәні айтып отырмай барлығы үшін: «Мендегі ақыларыңдың барлығын халал ет» деп айту жаиз болады. (Ислам ахлақы)

Бір адам екінші бір адамға: «Мендегі барлық ақыңды халал ет» десе, екінші адам «Халал еттім» десе, барлық ақысы кешірілген болады. Егер ақы иесі кешірім сұрап тұрған адамда болған барлық ақысын білетін болса, үкіми де, діни де кешірілген болады. Егер білмейтін болса барлық ғұламалардың үкімі бойынша үкіми турқыдан құтылған болады, Әбу Юсуфтың үкімі бойынша діни турғыдан да құтылған болады, фәтуа осылай берілген. Хуласа кітабында да осылай білдірілген. (Фәтәуәи Хиндийә)

 

Бір адамға «Маған өткен барлық ақыңды халал ет» делінсе, ол адам «Халал еттім» десе, кешірген адам бұл ақылардың не екенін білмесе де Имам Әбу Юсуф бойынша кешірген болады. Фәтуа да осылай, өйткені білінбеген ақылар үшін халалдасу осы үмметке тән. (Бәриқа)

 

Адамның жасырып жүрген айыбын айту дұрыс болмайды. Тек, астарлы түрде одан кешірім, яғни халал етуін сұрау керек. Егер ғайбатты оған білдіру фитна тудыратын болса, онда ол адам үшін Аллаһтан дұға етіп, кешірім сұрауы керек. Белгісіз ақыларды кешудің біз -ханафилерде жаиз болуы бұған дәлел. (Рәддүл Мухтар)