26 Ақпан 2017   


  Негізгі бөлім / Қажетті дұғалар / Тілек дұғалары мен қажет намаздары

Тілек дұғалары мен қажет намаздары

Сұрақ: Үйленгісі, тұрмыс құрғысы  келетін, бала көтергісі келетін немесе үйінде татулық береке болуы үшін немесе емтиханын жақсы нәтижемен тапсырғысы келетін немесе басқа да қиыншылығы, дерті бар адамның тілегінің орындалуы үшін, дұғасының қабыл болуы үшін не істеуі керек?

Жауап: Адам бір істің нәтижесін өзі үшін жақсы немесе жаман болатынын біле алмайды. Мына нәрсе міндетті түрде болсын демеу керек. “Қайырлы болса орындалсын” деу керек. Құран кәрім және дұғалар шарттарына сай оқылса пайда береді. Оқыған адамның және науқастың бұған сенуі керек. Құран кәрімнің әрбір әрібі шипа, тілектерге дауа. Аллаһу та’ала «Құран кәрім мүминдер үшін шипа және рахмет (мейірімділік)» деп бұйырған. Бала көтергісі келетін, үйленгісі келетін және басқа да кез келген тілегі болған адамның мыналарды орындауы керек:

1) Истиғфар (әстағфируллаһ) айтуы керек. «Дүние-мүлкім көп, бірақ балам жоқ. Не істесем болады?» деп сұраған адамға бір сахаба истиғфар айтуын бұйырды. Ол күніне 700 рет истиғфар айтуды әдетке айналдырды. Соңында он баласы болды. Адамдар хазреті Хасан Басриге жұттан, кедейліктен, бала болмауынан шағымданатын еді. Барлығына “истиғфар айтыңдар” деді. Себебін сұрағандарға Құран кәрімнен мына үш аятты оқыды: «Көктен мол жаңбыр жаудыруы үшін, сендерге дүние-мүлік және бала-шаға беріп жәрдем етуі үшін, сендер үшін бақтар мен өзендер беруі үшін өте кешірімді болған Раббыларыңа истиғфар етіңдер.» (Нұх 10-12)

Балаларын басқаруда қиналып жүрген бір сахабаға пайғамбарымыз ”саллаллаһу алейһи уәсәлләм”: «Неге истиғфар айтпайсың? Мен күніне жүз рет истиғфар айтамын.» деді. Истиғфар айту дегеніміз - «Әстағфируллаһ мин күлли мә кәрихаллаһ, Әстағфируллаһ әлазим әлләзи лә илаһә иллә һуәл һаййәл қаййумә уә әтубу иләйһ» деп айту. Мағынасын түсініп айту керек. Мағынасы мынадай: «Сен разы болмаған нәрселерден істегендерімді кешіре гөр және әлі істемегендірімді істеуден сақта. Одан басқа тәңір болмаған, Хай, Қаййум, Азыйм болған Аллаһқа истиғфар етемін және жасаған күнәларыма өкініп, Оған сиынамын.» (Азыйм: заты және сипаттары кәміл. Хай: әзәли, яғни ежелден бастауы жоқ және соңы жоқ, тірі. Қаййум: затымен бар болған, жаратқан барлық махлұқтарын бар етіп ұстап тұрған.)

 

2) Тілегіне қауышу үшін, екі рәкат намаз оқып, сауабын ”Сілсіләи алийа” деп аталатын әулиелер шежіресінің рухтарына бағыштау керек, осылардың құрметі үшін деп дұға ету керек. Мысалы «Йа Раббым қайырлы (жақсы) бір бала нәсіп ете гөр» деп дұға етіп, «осы дұғамды “Сілсіләи алийа” әулиелерінің құрметі үшін қабыл ете гөр» деп айтуы керек. (Мәкатиб-и шәриф)

Таң және құптан намаздарынан кейін “Сілсіләи алийа” әулиелерінің аттарын атап, одан кейін Фатиха сүресін оқып, олардың рухтарына бағыштау керек. “Сілсіләи алийа” ұлыларын уәсилә (себеп) қылып жасалған дұға қабыл болады. Тәжірибе етілген.

 

3) Аяти хырзды білдірілгені бойынша оқып немесе жазып өзімен бірге алып жүрсе тілегіне қауышады.

4) Нәзір ету керек. Мысалы «Пәлен қызбен үйленсем, Аллаһ разылығы үшін ясин сүресін 3 рет оқып сауабын хазреті Сәйидет Нәфисаға бағыштауға нәзір еттім (атадым).» дегенде бұл тілектің қабыл болғандығы тәжірибеден өткен. Тілегі орындалған кезде көп кешіктірмей нәзірді орындау керек болады.

5) Дұғаны рұқсат алып оқу керек! Бір қажеттіліктің орындалуы үшін дұға оқығанда әсер етуі үшін ұстазының рұқсатымен оқу керек. Ұстаз қайтыс болған болса, кітабынан үйреніп оқу да рұқсат алынғандай болады. Рұқсат алған адам, рұқсат берген адамның уәкілі деген сөз. Уәкілдің оқуы ұстаздың оқығанындай әсерлі болады.

6) Бір тілегі бар адам төмендегі дұғаны оқуы керек. Көзі көрмейтін бір кісі пайғамбарымызға келіп: «Ей Расулаллаһ! Аллаһу та’алаға дұға ет, көздерім ашылсын» дейді. Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм”: «Жақсылап дәрет ал! Сосын, Йа Раббым, Саған жалынып-жалбарынамын. Сүйікті Пайғамбарың Мұхаммед алейһиссаламды уәсилә етіп (ортаға қойып), Сенен сұраймын. Ей ең сүйікті Пайғамбарым Мұхаммед алейһиссалам! Сені уәсилә (арашы) қылып, Раббыма жалбарынамын. Сен үшін дұғамды қабыл етуін қалаймын. Йа Раббым осы ұлы пайғамбарыңды маған шапағатшы қыл. Оның құрметі үшін дұғамды қабыл ете гөр.» деп дұға етуін айтты. Ол кісі дәрет алып осылай дұға етті. Сол мезетте көздері ашылды. (Тирмизи) Бұл дұғаны оқығандар мақсаттарына жеткен.

7) Хазреті Абдулахад Сәрханди былай деген: «70 рет “Йа Аллаһ, Йа Рахман, Йа Рахим, Йа Қауийу, Йа Қадир” деп оқып дұға еткен адам не қаласа да Хақ та’ала дұғасын қабыл етеді және қандай тілегі болса береді.»

Аллаһ разылығы үшін оқылуы керек. Бір ретте 70 рет оқу керек, 71 болса болмайды, жанына басқа есім қойылса да болмайды. Бұлар “Исми Азам”, “Исми Жәлал”, “Әсма-ул-Хусна”. Әр намаздан кейін оқыған адам не деген бақытты! Ең болмағанда күнде бір рет оқу керек. Тілек үшін қырық күн оқу керек.

8) Қажет намазын оқу керек. Қажет намазы бірнеше түрде оқылады:

а- Сахабалардан хазреті Осман бин Хунәйф айтады: Көздері көрмейтін бір адам көздерінің ашылуы үшін пайғамбарымыздан дұға сұрайды. Пайғамбарымыз оған былай дейді: «Дәрет алып екі рәкат намаз оқы, кейін былай дұға ет: “Аллаһуммә инни әсәлукә уә әтәуәжжәһу иләйкә бинәбийи Мухаммәдин саллаллаһу алейһи уәсәлләм нәбийирахмәти.” Кейін көздеріңнің ашылуы үшін “Ей Раббым Расулыңның құрметі үшін көздерімді аш!” деп дұға ет!» (Нәсаи) Ол кісі намаз оқып дұға еткеннен кейін көздерінің ашылғанына куә болдық. (Тәрғиб)

б- Хадис шәрифте былай бұйырылды:

«Аллаһтан немесе адамдардан бір қалауы болған адам, жақсылап дәрет алып екі рәкат намаз оқысын! Кейін Аллаһу та’алаға хамд етсін, расулына салауат айтсын, кейін мына дұғаны оқысын:

“Лә илаһә иллаллаһ-ул-халим-ул-кәрим. Субханаллаһи Рабил-арш-ил-азыйм. Әлхамду лилләһи раббил аламин. Әсәлукә мужибати рахмәтикә уә азаими мағфиратикә уәл ғанимәтә мин кулли биррин уәссәламатә мин кулли исмин лә тәда ли занбән иллә ғафәртәһу уәлә һәммән иллә фәррәжтәһу уәлә хажәтән хиә ләкә ридан иллә қадайтәһә йа әрхамаррахимин.”» (Халеби)

(Бұл дұғаны арапша әріптермен жазып дұрыс оқу керек.)

Қажет намазы екі, төрт немесе он екі рәкат қылып оқылады. Бірінші рәкатта Фатихадан кейін үш рет “Аятәл күрси” оқылады, басқа рәкаттарында “Фатихамен” бір реттен “Ихлас”, “Фәләқ”, “Нас” сүрелері оқылады. Немесе әр рәкатта “Фатиха”, “Аятәл күрси” және “Ихлас” сүресі оқылады.

в- Тағы бір қажет намазы да былай оқылады:

Құптан намазын оқығанда үтір намазын оқымай тұрып төрт рәкат намаз оқылады. Бірінші рәкатта бір “Фатиха” үш рет “Аятәл күрси” оқылады. Екінші рәкатта “Фатихадан” кейін үш рет “Ихлас”, “Фәләқ”, “Нас” сүрелері оқылады. Үшінші рәкатта бірінші рәкатта оқылғандар, төртінші рәкатта екінші рәкатта оқылған сүрелер оқылады. Намаздан кейін тілегін сұрайды. (Имад-ул-Ислам)

Қазақша былай дұға етсе де болады:

«Ей Раббым! Саған жалбарынамын. Әлемдерге рахмет етіп жіберген сүйікті пайғамбарың Мұхаммед алейһиссаламды уәсила етіп (ортаға салып) сенен сұраймын. Ей жанымнан артық жақсы көретін Мұхаммед алейһиссалам! Сені уәсила етіп Раббыма жалбарынамын. Сенің құрметің үшін тілегімді қабыл етуін сұранамын. Ей Раббым! Бұл ұлы пайғамбарды маған шапағатшы ет! Оның құрметіне дұғамды қабыл ет!»

Бұл дұғаны мұсылмандар әрқашан оқып мақсаттарына қауышқан. Бұл дұғаларды бір рет оқып қоя салмау керек, қырық күн бойы оқыған жақсы болады.

г- Материалды немесе рухани түрдегі қалауы бар адам түнде ғұсыл алып немесе дәрет алып екі рәкат намаз оқыса, әр рәкатында бір “Фатиха” және үш “Ихлас” сүресін оқыса, сәлемнен кейін сәжде етіп “Йа Раббым, менің тілегімді хазреті Әбу Бәкір Сыддықтың құрметі үшін қабыл ете гөр, орындай гөр” деп дұға етсе, Аллаһу та’ала тілегенін береді. (Мәнақиби чәһари яри Гузин)

 

Дұғаның қабыл болуы үшін
            Дұғаның қабыл болуы үшін кейбір шарттары бар. Дұғаның қабыл болатынына күмән келтірмеу керек, шарттары орындалып, орындалмағанынан да күманданбау керек. Керекті шарттарын орындамастан дұғаның қабыл болуын күту дұрыс болмайды.

Дұғаның қабыл болуы үшін шарттарының біршамасы мыналар:

– Харам азықтан сақтану керек.

– Ақида (сенім) дұрыс болуы керек.

– Дұғаларым не үшін қабыл болмай жатыр демеу керек. Хадис шәрифте:

«Аллаһу та’ала дұғаларыңды қабыл етеді. Дұға еттім, әлі дұғам қабыл болмады деп асықпаңдар! Аллаһу та’аладан көп тілеңдер! Өйткені ұлылық иесінен тілеудесіңдер» делінген. (Бұхари)

– Тілеген нәрсенің орындалмауы, дұғаның қабыл болмағанын көрсетпейді. Сондықтан дұға етуді тоқтатпау керек! Дұғаның қабыл болуының кешігуінің басқа да себептері бар. Бір хадис шәрифте былай делінген: «Мумин дұға еткенде Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссаламға “Мен оны жақсы көремін, сұраған нәрсесін тез орындама!” Фажир (күнәһар) адам дұға еткенде “Мен оның дауысын жақсы көрмеймін. Тілегін дереу орында” деп бұйырады.» Олай болса дұғаның орындалуының кешігуі зиянды емес.

– Бәле келмей тұрып көп дұға ету керек.

– Дұғаны хамд және салауатпен бастау керек.

– Жалынып, жалбарынып дұға ету керек.

– Себептеріне жабысу керек. Себебіне жабыспай дұға ету бос әурешілік. Хадис шәрифте былай делінеді: «Еңбек етпестен дұға еткен адам, қарусыз соғысқа аттанғанмен тең.» (Дәйләми)

– Күнә істелмеген тілмен дұға ету керек. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’алаға күнә істелмеген тілмен дұға етіңдер» деп бұйырған. Ондай тілді қайдан табамыз деп сұрағанда «Бір-бірлеріңе дұға етіңдер! Өйткені сен оның, ол да сенің тіліңмен күнә істеген емес.» деген. (Тәрғиб-ус-салат)

– Дұғаны тек намаздардан кейін және белгілі уақыттарда ғана тілеу мәкрух. Әр мүмкіндікте дұға ету керек! Әсіресе қадірлі уақыттарды, қадірлі халдерді жіберіп алмау керек, мүмкіндік деп білу керек!

 

Дұғаның қабыл болатын уақыттары

Азан айтылып жатқанда және азанмен қаматтың арасында жасалған дұға, Құран кәрім оқылып жатқанда, Құран кәрім хатм етілгенде, Қасиетті Қағбаны көрген кезде, жаңбыр жауып жатқанда, дұшпанмен қарсыласқанда, зұлымдыққа ұшыраған кезде, жамағат халде, парыз намаздардан кейін, көңілде нәзіктік сезілген кезде, Жұма күні, Ражаб айының 1-ші, Шабанның 15-ші түні, Рамазан айттың 1-ші түні, Арапа күні, Рамазан айының күндіздері, ауызашар уақытында және сәре уақытында жасалған дұғалар қабыл болады.

Дұға еткенде Әсма-и Хуснамен және Исми Азаммен оқу, бидғаттардан сақтану, ғафлеттен ұзақ болу, ояу болу, халалдан ішіп-жеу, харамдардан қашу керек.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Азанмен қаматтың арасындағы дұға қабыл болады.» (Тирмизи)

«Құран кәрімді хатм еткен адамның дұғасы қабыл болады.» (Бәйһақи)

«Риққат (көңілдің нәзіктігі, жұмсақтығы) халіндегі дұғаны ғанимет деп біліңдер.» (Дәйләми)

«Қажылық еткендердің дұғасы қабыл болады.» (Табарани)

«Құран кәрім және азан оқылып жатқанда, дұшпан әскерімен қарсыласқанда, жаңбыр жауып жатқанда, зұлымдыққа ұшырағанда дұғалар қабыл болады.» (Табарани)

«Бір жамағаттан бір бөлігі дұға етіп, екінші бөлігі әмин десе, ол дұғаны Аллаһу та’ала қабыл етеді.» (Хаким)

«Бес уақыт намаздардан кейін жасалған дұға қабыл болады.» (Бұхари)

«Исми Азаммен жасалған дұға қабыл болады.» (Ибн Мажә)

«Әр түні сәре уақытында Аллаһу та’ала былай деп бұйырады: Истиғфар ететін адам жоқ па, кешірейін. Тілейтін адам жоқ па берейін, дұғасын қабыл етейін.» (Мүслим)

«Аллаһу та’алаға жалбарынып жасалған дұға қабыл болады.» (Әбу Яла)

«Ең абзал дұға Арапа күні жасалған дұға.» (Бәйһақи)

«Мына бес түні жасалған дұға қабыл болады: Рәғаиб, Бәрат, жұма түні және Рамазанмен Құрбан айттың бірінші түндері.» (Ибн Асакир)

«Бидғатшының дұғасы қабыл болмайды.» (Ибн Мажә)

«Ғафлетпен жасалған дұға қабыл болмайды» (Тирмизи)

«Бір үзім харам жеген адамның қырық күн дұағасы қабыл болмайды.» (Табарани)

 

Намаз оқымайтындардың, харам істейтіндердің және жүрегінде ықыласы болмағандардың дұғасы қабыл болмайды. Әһли сүннет ақидасында болмаған адамның оқығаны да пайдасыз. Аллаһу та’ала барлық нәрсені себептермен жаратқан. Бір нәрсеге қол жеткізу үшін сол нәрсенің себептерін орындау керек. Раббымыз адамға денсаулық, шипа беру үшін дұға етуді, садақа беруді және дәрі (ем) қолдануды себеп қылған.