18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Сүйінші, сүйінші! Әлемнің сұлтаны келе жатыр!..

Сүйінші, сүйінші! Әлемнің сұлтаны келе жатыр!..

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазіреті Әбу Бәкір, Амир бин Фухәйра (радиаллаһу анһум) және жол бастаушылары Абдуллаһ бин Урәйқит  хижреттің 1-жылы рабиул-әууәл айының 8-іне Куба ауылына жетеді. Бұл күн мұсылмандардың хижри шәмси жылының жыл басы болды. Күлсүм бин Хидм (радиаллаһу анһ) деген бір мұсылманның үйінде тұрды. Осы жерде алғашқы мешітті салды. Кубада алғаш рет жұма намазын оқып, алғаш рет хутба оқыды. Куба мешіті аяти кәримәда «Тақуалыққа негізделіп салынған мешіт» («Тәубе» сүресі, 108) деп мадақталды.

Осы кезде Меккеде қалған хазіреті Әли пайғамбарымыздың Қағбада отыратын жеріне отырды. «Расулуллаһта кімнің қандай аманаты болса, келіп алсын» деп хабар таратты. Бәрі келіп, аманаттарын алды. Осылайша, аманаттар өз иелеріне қайтарылды.

Меккеде қалған сахабалар хазіреті Әлиді паналады. Расулуллаһтың жанұясы Меккеде болған кезде хазіреті Әли де сол жерде болды. Біраз уақыттан кейін Расулуллаһ өзінің отбасын Мәдина Мунаууараға әкелінуін бұйырды.

Аллаһтың арыстаны хазіреті Әли құрайыш кәпірлерінің жиналған жеріне барды. «Иншаллаһу та’ала ертең Мәдинаға кетемін. Айтатын нәрселерің бар ма? Айтатындарыңды мен осы жерде кезде айтыңдар» деді. Барлығы бастарын иіп, еш нәрсе айтпады. Таңертең хазіреті Әли Расулуллаһтың заттарын жинап, пайғамбарымыздың жанұясы және өзінің туыстарымен бірге жолға шықты. Расулуллаһқа Кубада кездескен кезде аяқтары қанап, ісіп кеткен еді. Күндіз тығылып, түнде жаяу жүру арқылы өткен сапарында пайғамбарымызға жете алмайтын жағдайға жеткен болатын. Пайғамбарымыз бұл жағдайды естіп, оған өзі барады. Хазіреті Әлиді көрген кезде оған қатты жаны ашып, қолымен оның аяқтарын сипап, дұға етеді. Осы жағдайға байланысты «Адамдардың ішінде сондай адамдар бар, олар Аллаһу та’аланың разылығы үшін нәпсілерін пида етеді» («Бақара» сүресі, 207) аятының түскендігі айтылады.

Мәдинаға бұрынырақ көшкен сахабалар мен мәдиналық мұсылмандар пайғамбарымыздың Меккеден келе жатқанын естіп, оның келуін тағатсыздана күтті. Мәдинаның сыртқы жақтарына бақылаушылар қойып, пайғамбарымызды күтіп алуға дайындалды. Бір күні «Келе жатыр! Келе жатыр!» деген дауыс естіледі. Дауысты естігендер шөлге көз жүгірте бастады. Иә, иә, олар да ыстық шөлде, күннің аптап ыстығына қарамастан айбынды түрде өздеріне қарай келе жатқан адамдарды көреді. Қуанып бір-біріне «Сүйінші, сүйінші! Расулуллаһ келе жатыр! Пайғамбарымыз келе жатыр! Қуаныңдар, ей Мәдиналықтар! Тойлаңдар, Хабибуллаһ келе жатыр! Бас тәжіміз келе жатыр!» деп айқайлай бастады. Бұл хабар бір сәтте Мәдинаның көшелерін жаңғыртты. Жас-қарт барлығы осындай қуанышты күтіп жүрген еді. Мәдиналықтардың барлығы ең әдемі киімдерін киіп, әлемдердің сұлтанын күтіп алуға шықты. Тәкбір дауыстары аспанды жаңғыртып, қуаныштан адамдардың көздерінен жас парлаған еді. Мәдина өз тарихындағы ең әсем күнді басынан кешірген еді. Бір жақта “әмин” (сенімді, шыншыл) деген лақабымен танылған Аллаһу та’аланың сүйікті құлын өлтіретін адамға сыйлық әзірлегендер, ал екінші жақта Оны және Оның жолдастарын қорғау, бауырларына басу және сол жолға жандарын құрбан еткісі келгендер.

Мәдиналықтар пайғамбарымыздың нұрлы дидарын тезірек көруге асықты. Мәдина қаласы Мәдина болғалы мұндай қуанышты, мұндай қасиетті сәтті басынан кешірмеген еді. Бұл бұрын-соңды болмаған мереке болатын.

Теңдесі жоқ бұл мерекеде балалар мен әйелдер баяу дауыспен былай өлеңдетті:

«Тала’ал-бәдру алайнә,

Мин сәниятил-уәдаъ.

Уәжәб-әш-шукру алайнә,

Мә дә’а лиллаһи даъ.

Әйухәл-мәбъусу фина,

Житә бил-әмр-ил мутаъ!...»

 

«Қош келдіңіз, йа Расулаллаһ!», «Біздің үйге жүріңіз, йа Расулаллаһ» деген сөздер даланы жаңғыртты.

Мәдинаның кейбір алдыңғы қатарлы адамдары Қусуаның тізгінінен ұстап, «Йа, Расулаллаһ! Бізге келіңіз, біздің үйге жүріңіз» деп шақырды. Оларға «Түйемнің тізгінін жіберіңдер, түйем кімнің үйінің алдына барып шөксе, сол үйге қонақ боламын» деді. Барлық адам алаңдап, толқып қарап тұрды. Қусуа қай жерге шөгер екен? Қусуа Мәдинаның ішіне қарай кіріп, әр үйдің есігінің алдынан өткен кезде үй иелері «Йа, Расулаллаһ! Бізге келіңіз, бізге келіңіз» деп жалбарынды. Пайғамбарымыз оларға күлімсіреп, «Түйенің жолын ашыңдар! Қай жерге шөгетіндігі оған бұйырылған» деді. Қусуа пайғамбарымыздың қазіргі мешітінің есігі орналасқан жерге барып шөкті. Пайғамбарымыз түйеден түспеді. Жануар қайтадан түрегеп, жүре бастады. Тағы да сол жерге барып шөгіп, қайтып тұрмады. Пайғамбарымыз Қусуадан түсіп, «Иншаллаһ, орнымыз осы жер. Бұл жер кімдікі?» деп сұрағанда «Йа, Расулаллаһ! Амрдың ұлдары Сүхәйл мен Сәхлдікі» деген жауап алды. Бұл балалар жетім болатын. Пайғамбарымыз «Туыстарымыздың қайсысының үйі бұл жерге жақын?» деп сұрады. Өйткені, Пайғамбарымыздың атасы Абдулмутталибтің анасы Нәжжар ұлдарынан шыққан еді. Халид бин Зәйд Әбу Әйуб әл Әнсари қуанып, «Йа, Расулаллаһ! Менің үйім жақынырақ. Мынау менің үйім, мынау есігі» деп көрсетті. Сосын Қусуаның жүгін түсіріп, пайғамбарымызды үйіне қонақ етті.

Мәдиналық мұсылмандар мен мұхажирлер пайғамбарымыздың келгеніне қатты қуанды.