10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Пайғамбар мешіті “Мәсжид-үн-Нәби”

Пайғамбар мешіті “Мәсжид-үн-Нәби”

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға көшкен кезде алғашқы іс ретінде сахабаларын жетілдіретін, жамағатпен намаз оқитын мешіттің салынуын қалады. Осы кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’ала саған өзі үшін тастан және кірпіштен мешіт салуды бұйырды» деді. Пайғамбарымыз дереу түйесі Қусуаның Мәдинаға келген кездегі шөккен жерін иелерінен сатып алмақ болды. Иелері «Йа, Расулаллаһ! Біз оның ақысын тек Хақ та’аладан күтеміз. Ол жерді сізге Аллаһ разылығы үшін сыйға береміз» деді. Бірақ, Пайғамбарымыз мұны қабылдамай, оның ақысын артығымен төледі. Бір жақта жерді тегістеу жұмысы жасалып жатқанда екінші жақта кірпіштер құйылып, тастар әкелінді. Барлық дайындықтар аяқталғаннан кейін мұсылмандар мешіттің іргетасын қалауға жиналды. Іргетастың алғашқы тасын пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өз қолымен қойды. Сосын кезекпен «Әбу Бәкір тасын мен қойған тастың қасына қойсын. Омар тасын Әбу Бәкір қойған тастың қасына қойсын. Одан кейін Осман, сосын Әли қойсын» деді. Бұйрығы орындалғаннан кейін сол жердегі сахабаларға «Сендер де тас қойыңдар» деді. Олар да қоя бастады.

 

Мешіт салу ісіне пайғамбарымыздан бастап барлық сахабалар белсенді араласты. Пайғамбарымыз тас пен кірпіш арқалап, тасыды. Іргетасын таспен бір жарым метрге дейін көтеріп, үстіне кірпіш қалады. Құрылыс барысында расулуллаһтың кірпіш арқалап бара жатқанын көрген бір сахаба: «Йа, Расулаллаһ! Маған беріңіз, кірпішті мен көтерейін» дейді. Пайғамбарымыз оған өте нәзіктікпен өзінің  де мұндай сауапты істен құр қалмауға тырысып жатқанын айтып, кірпішті бермеді. Әлгі сахабаға да тас тасуына кеңес берді.

 

Мәсжид-үн-Нәбидің салынуында ең көп жұмыс істегендердің бірі пайғамбарымыз еді. Ең үлкен тастарды көтеріп, ұсталарға апарып беретін. Тас, кірпіштерді тасып жүріп бұл істің құндылығын, берілетін ниғметтер туралы айтып, сахабаларына күш беретін.

 

Пайғамбарымыздың осындай табандылығын көрген мұсылмандар жан-тәндерін салып жұмыс істеді. Тіпті, Аммар бин Ясәр (радиаллаһу анһ) басқалар бір кірпіштен тасыса, ол бірін пайғамбарымыз, екіншісін өзі үшін деп екі кірпіштен тасыды. Мұны көрген пайғамбарымыз хазіреті Аммардың қасына барып, арқасын қағып «Ей, Сүмәййәнің ұлы! Басқалардың бір, сенің екі сыйың бар» деді.

 

Мешіттің қабырғасы қысқа уақытта қаланып, төбесі жабылды. Сонымен қатар мешітке жанастырылып, пайғамбарымыз үшін кірпіштен екі бөлме салынды. Олардың үсті де құрма ағашы және бұтақтарымен жабылды. (Уақыт өтуімен тағы бөлмелер салынып, бөлмелердің саны тоғызға жетті) Мешіттің құрылысы біткеннен кейін пайғамбарымыз хазіреті Халид бин Зәйдтің үйінен өзі үшін салынған үйге көшті.

 

Құрма ағашының боздауы: Пайғамбарымыз жұма күндері мешіттегі Ханнанә деген құрма ағашына сүйеніп, хұтба оқитын. Кейіннен үш баспалдақты мінбер жасатты. Пайғамбарымыз бен сахабалары бір жұма күні Мәсжиди Нәбиге жиналады. Пайғамбарымыз хутба оқуға мінберге шыққан кезде бұрын сүйеніп тұратын құрма ағашы барлық адам еститіндей түрде буаз түйенің шығаратын дауысына ұқсас дыбыс шығарады. Барлық сахабалар бұл дыбысты естиді. Дауыс тоқтамай шыға береді. Сосын пайғамбарымыз мінберден түсіп, қолымен құрма ағашын сипайды. Сонда барып, дауыс тоқтайды. Құрғақ құрма ағашының пайғамбарымызды сонша жақсы көретінін көрген сахабалардың көзінен жас парлаған еді.  

 

  Осы оқиға туралы хазіреті Әнәс бин Малик «Мешіттің өзі оның дыбысына теңселіп кетті» дейді, Ибн Әби Уәда (радиаллаһу анһ) «Құрма ағашы шытынап, орнынан қозғалды. Пайғамбарымыз келіп, оған қолын қойғаннан кейін ғана басылды» дейді. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’алаға ант етемін, егер оны сипамағанда маған деген сағыныштан қияметке дейін солай жылап тұрар еді» деген. Сосын пайғамбарымыздың бұйрығымен құрма ағашы көмілді. Басқа бір риуаятта былай делінген: «Қаласаң сені бұрынғы бақшаңа берейін. Қайтадан өркен жайып, қалпыңа кел. Қаласаң сені жұмаққа отырғызайын, Аллаһу та’аланың достары жемісіңнен жесін» деді. Пайғамбарымыз оның былай дегенін естіді: «Мені жұмаққа отырғыз, жемісімді Аллаһу та’аланың достары жесін және ескіріп шірімейтін жерде болайын». Ағаштың бұлай сөйлегенін Пайғамбарымыздың қасындағылар да естіді. Пайғамбарымыз оған «Қалауыңды орындаймын» деп жауап берді. Сосын сахабаларына қарап «Фәни (жалған) өмірдің орнына бақи (мәңгілік) өмірді таңдады» деді.