19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Періштелердің көмекке келуі

Періштелердің көмекке келуі

Бәдір аумағына жеткен кез жұма күні болатын. Пайғамбарымыз сахабаларға «Мына кішкене төбенің жанындағы құдықтың басынан біраз мәліметтер аласыңдар деп үміттенемін» деді. Аллаһу та’аланың арыстаны хазіреті Әли, Са’д бин Әбу Уаққас, Зубәйр бин Аууам және тағы бірнеше сахабаны (радиаллаһу анһум) сол жерге жіберді.

Хазіреті Әли мен жолдастары құдықтың басына барды. Ол жерден құрайыштың түйешілері мен сушыларын көрді. Олар мұсылмандарды көріп қашты. Олардың ішінен екеуі ұсталды. Олардың бірі Хажжаж ұлдарының құлы Әшләм, екіншісі Ас бин Саид ұлдарының құлы Ариз Әбу Йәсар еді. Оларды пайғамбарымызға әкелген кезде пайғамбарымыз олардан «Құрайыш қайда?» деп сұрады. «Ана көрініп тұрған құм төбенің арғы жағына қоныстанды» деді. Пайғамбарымыз «Олар қанша адам?» деп сұрады. Олар «Білмейміз» деп жауап берді. «Күніне қанша түйе сояды?» деген сұраққа «Бір күні тоғыз, бір күні он» деген жауапты алғанда пайғамбарымыз «Мыңнан аз, тоғыз жүзден көп» деді. «Құрайыш зиялыларынан кімдер бар?» деп сұрады. Олар «Утбә, Шәйба, Харис бин Амр, Әбул Бухтәри, Хаким бин Хузам, Әбу Жәхл, Умәййә бин Халәф» деген кезде Пайғамбарымыз сахабаларына қарап, «Мекке халқы бар жақсыларын сендерге құрбан етіпті» деді. Сосын ол екеуіне «Келе жатқанда кері қайтқан құрайыш болды ма?» дегенде «Иә, Бәни Зухрәден Ахнәс бин Әбу Шәрик кері қайтты» деп жауап берді. Пайғамбарымыз «Ол теріс жолда жүріп, ақырет, Аллаһу та’ала және кітап білместен Бәни Зухрәлерге тура жолды көрсетті... Олардан басқа кері қайтқан адам бар ма?» дегенде «Ади бин Қа’б ұлдары кері қайтты» деп жауап берді.

Пайғамбарымыз хазіреті Омарды құрайыштықтарды соңғы рет ескертіп, келісімге шақыруға жіберді. Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) оларға «Ей, қыңыр халық! Пайғамбарымыз айтты: «Барлық адам бұл істен бас тартсын. Аман-сау кері қайтыңдар. Өйткені, сендерден басқамен соғысу мен үшін сендермен соғысқаннан артық» деді. Осы ұсынысқа орай құрайыш мүшріктерінен Хаким бин Хузам алға шығып, «Ей, құрайыш жамағаты! Мұхаммед сендерге жылы қабақ танытып отыр. Оның тілегін дереу қабылдаңдар. Егер оның айтқанын істемесеңдер, ант етемін, бұдан кейін сендерге қайырымдылық көрсетпейді» деді. Әбу Жәхл Хакимнің бұл сөзіне ашуланып, «Мұны қабылдамаймыз және мұсылмандардан өш алмайынша кері қайтпаймыз. Бұдан былай біздің керуенімізге ешкім тиісе алмасын» деп, бейбіт келісімге келуге қарсылық білдірді. Хазіреті Омар кері қайтты.

Сол түні пайғамбарымыз бен сахабалары Бәдірге мүшріктерден бұрын барып, құдықтарға жақын жерге орнықты. Пайғамбарымыз сахабалармен ақылдасып, ордасын қай жерге құру керектігі туралы пікірлерін сұрады. Отыз үш жастағы Хаббаб бин Мүнзир (радиаллаһу анһ) тұрып сөз сұрады. «Йа, Расулаллаһ! Бұл жер Аллаһу та’аланың сізге орда құруды бұйырған жер ме? Әлде жеке көзқарас бойынша және соғыс шарасы ретінде таңдалды ма?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Жоқ, Соғыс шарасы ретінде таңдалған жер» деді. Осыған орай хазіреті Хаббаб «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Біз соғыс адамдарымыз. Бұл жерлерді де жақсы білеміз. Мына құрайыштықтардың қонатын жеріне жақын жердегі құдықта мол және дәмді су бар. Рұқсат берсеңіз сол жерге тоқтайық. Жан-жақтағы құдықтардың барлығын жауып тастайық. Сосын бір су қоймасын жасап, ішін суға толтырайық. Жаумен соғысып жатып шөлдеген кезде келіп осы судан ішіп тұрайық, ал дұшпан су таба алмай дағдарады» деді.

Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам бұл пікірдің дұрыс екенін білдіретін уаһи әкелді. Пайғамбарымыз «Йа, Хаббаб! Сенің айтқаның дұрыс пікір» деп, орындарынан тұрды. Барлығы сол құдықтың басына барды. Суы тұщы құдықтан басқа құдықтардың бәрін жауып, үлкен су қоймасын жасады. Оны суға толтырып, жан-жағына ішетін ыдыстар қойды.

Осы кезде хазіреті Са’д бин Муаз пайғамбарымызға келіп, «Йа, Расулаллаһ! Сізге құрма бұтақтарынан көлеңке жасап берейік пе?» деп сұрады. Пайғамбарымыз Са’дтың (радиаллаһу анһ) бұл ұсынысын қабылдап, оған дұға етті. Тез арада көлеңкелейтін орын жасалды.

Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге соғысатын жерді аралап көрді. «Иншаллаһ, ертең таңертең пәленше мына жерде құлатылады, Иншаллаһ, ертең таңертең пәленше мына жерде құлайды. Міне, мына жер. Мына жер» деп, қолымен құрайыш мүшріктерінің өлтірілетін жерлерін біртіндеп көрсетті.

Кейіннен хазіреті Омар бұл туралы «Олардың әр қайсысының пайғамбарымыздың дәл көрсеткен жерінде өлтірілгенін көрдім. Не ары, не бері емес» деген.

Пайғамбарымыз сахабаларды (радиаллаһу анһум) үш топқа бөлді. Мұхажирлердің туын Мусаб бин Умәйрге, әустіктердікін Са’д бин Муазға, хазрәждіктердікін Хаббаб бин Мунзирге берді. Барлығы өз туларының астына жиналды. Пайғамбарымыз әскерді сапқа тұрғызып, тәртіпке келтірді.

Әскерді сапқа келтірген кезде саптан алға шыққан Сәуад бин Ғазиәнің (радиаллаһу анһ) көкірегіне қолындағы шыбықты тигізіп, «Сапқа тұр, йа Сәуад» дейді. Хазіреті Сәуад «Йа, Расулаллаһ! Қолыңыздағы шыбық денеме батты. Сізді хақ дін, кітап және әділетпен жіберген Аллаһу та’аланың ақысы үшін мен де сізді шыбықпен солай ұрғым келеді» деді. Оның бұл сөзіне барлық сахабалар таңданды. Пайғамбарымыздан кек қайтаруға бола ма екен? Осылай істеуге бола ма? Пайғамбарымыз көйлегін ашып, «Ал, кегіңді ал, ақыңды ал» деді. Хазіреті Сәуад Пайғамбарымыздың көкірегін қуанышпен сүйді. Барлық адам оны кек алады деп күтіп тұрғанда мынадай жағдайды көріп, Сәуадқа (радиаллаһу анһ) таң қалып, оның әрекетіне сүйсінді. Пайғамбарымыз «Неге бұлай жасадың?» деп сұрағанда «Ата-анам, жаным сізге пида болсын, йа Расулаллаһ! Бүгін Аллаһу та’аланың әмірімен ажалымның келгенін көріп, сізден ажыраудан қорқтым. Сол себептен арамызда өткен осы соңғы сәттерде сіздің киелі денеңізге ернімді тигізіп қалуды қаладым. Мұны қиямет күні маған шапағат етуіңіз, осылайша азаптан құтылуым үшін себеп еткім келді» деді. Оның осындай жылы лебізіне пайғамбарымыз әсерленіп, хазіреті Сәуад үшін дұға етті.

Ислам әскерінің оң қанатына ержүрек мүжахид Зубәйр бин Аууам, сол қанатына Миқдад бин Әсуәд (радиаллаһу анһум) қолбасшылық жасайтын болды.

Пайғамбарымыз сахабаларымен соғысты қалай бастау туралы кеңесуді қалап, «Қалай соғысасыңдар?» деп сұрады. Асым бин Сабит (радиаллаһу анһ) орнынан тұрып, қолына садақ, жебесін ұстап тұрып, «Йа, Расулаллаһ! Құрайыштықтар бізге жақындап арада 100 метр қалған кезде оларға оқ жаудырайық. Сосын тас атуға болатындай жерге жақындаған кезде тас атайық. Найза жететін жерге келгенде найзамен, кейін қылышпен шайқасайық» деп, өзінің пікірін білдірді. Бұл әдіс пайғамбарымызға ұнап, сахабаларға былай нұсқау берді: «Осы жүйелеріңнен айрылмаңдар. Еш қимылдамастан орындарыңда тұрыңдар. Мен бұйрық бермейінше соғысты бастамаңдар. Жау жақындамай тұрып, оқтарыңды ысырап етпеңдер. Жау қалқанын ашқан кезде оқ атыңдар. Дұшпанды оқ астына алғаннан кейін қолдарыңа тас алыңдар. Одан да жақындаған кезде найзаларыңды қолданыңдар. Дәл алдарыңа келген кезде қылыштасасыңдар».

Сосын кезекші адамдар қойылып, сахабаларға демалыс жарияланды. Олар Аллаһу та’аланың хикметімен қатты ұйқыға батты. Пайғамбарымыз құрма бұтағынан жасалған көлеңкелік шатырына кірген кезінде оны хазіреті Әбу Бәкір мен Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһум) кезектесіп күзетті. Пайғамбарымыз қолын жайып, Аллаһу та’аладан «Йа, Раббым! Сен мына азғантай жамағатты жойсаң саған жер бетінде құлшылық жасайтын ешкім қалмайды» деп жалбарына бастады. Бұл дұға таң атқанша жалғасты.

Ислам әскерінің орда құрған жері құмды жер болатын. Сондықтан жүру қиынға соқты. Аллаһу та’аланың мейірімімен және пайғамбарымыздың дұғасымен сол түні нөсер жаңбыр жауып, сел ақты. Ыдыстарға су толтырылып, жер қатты. Ал, мүшріктер болса батпақ пен селдің астында қалды. Таң атқаннан кейін пайғамбарымыз сахабаларды намазға тұрғызды. Бамдат намазын оқығаннан кейін жаумен соғысудың және шәйіттіктің ізгілігі туралы әңгімелеп, оларды соғысуға шақырды. «Аллаһу та’ала хақ пен шындықты бұйырады. Ешкімнің Аллаһу та’аланың ризалығы үшін жасамаған ісін қабылдамайды... Раббымыздың осы жерлерде сендерге рақымдылық пен кешірімді уәде еткен бұйрығын орындауға тырысып, сынақтан сүрінбей өтіңдер. Өйткені, Оның уәдесі хақ, сөзі шындық, жазасы ауыр. Мен және сендер Аллаһу та’алаға бағыныштымыз. Оған сыйындық, Оған сүйендік. Ең соңында Соған ораламыз. Аллаһу та’ала мені және барлық мұсылмандарды кешірсін» деді.

Он жетінші рамазан жұма күнінің таңы атты. Біраздан кейін тарихтың ең аяусыз, ең айрықша, ең маңызды, ең үлкен соғысы басталатын еді... Бір жақта Пайғамбарымыз және жандарын пида етуден тартынбаған сахабалары, екінші жақта Исламды, Аллаһу та’аланың сүйікті құлы пайғамбарды жоюға жиналған азғындаған кәпір тобыры тұр еді. Өкінішке орай, олардың арасында пайғамбарымыздың туыстары да бар еді. Олар да туысқан інілерімен соғысу үшін Бәдірге келген болатын.

Пайғамбарымыз әскерінің реттік жүйесін тағы бір қарап шығып, айтқан бұйрығын қайталады. Осы кезде құрайыш мүшріктері ордаларынан шығып, Бәдір даласына қарай ағыла бастады, олардың көпшілігі үстеріне сауыт киген еді. Айбаттанып, Ислам әскеріне шабуылға шықты. Пайғамбарымыз мүшріктердің бұл әрекетін көріп, хазіреті Әбу Бәкір екеуі шатырға кіріп, қолын көтеріп, Хақ та’алаға жалбарына бастады: «Йа, Раббым! Міне, құрайыш мүшріктері бар күштерімен, айбындарымен келе жатыр. Саған қарсы шығып, пайғамбарды теріске шығаруда. Йа, Аллаһым! Маған берген көмек және жеңіс туралы уәдеңді орындауыңды сұраймын. Аллаһым! Егер мына азғантай мұсылманның жойылуын қаласаң саған одан кейін ғибадат ететін ешкім қалмайды».

Осылайша, үздіксіз дұға тілеп, Аллаһу та’алаға жалбарынды. Пайғамбарымыздың осындай жан тебірентерлік жалбарынысы қатты толқып, иығынан шапаны түсіп кеткенге дейін жалғасты. Осындай толқынысты жалбарынуға шыдап тұра алмаған хазіреті Әбу Бәкір шапанды жерден көтеріп, пайғамбарымыздың иығына жауып жатып, «Сіз үшін жаным құрбан, йа Расулаллаһ! Осы да жетер. Раббыңыздан қатты тебіреніп дұға тіледіңіз. Аллаһу та’ала сізге уәде еткен жеңісті жақында беретіні ақиқат» деді. Сол сәтте пайғамбарымыз мына аяти кәримәны оқып, шатырдан шықты. Ол аяти кәримәның мағынасы: «(Бәдірдегі) бұл қауым жақында бұзылып, жеңіліске ұшырап, кері қарай қашады. Дұрысы, олардың нағыз азапталатын уақыты қиямет. Ол кездің азабы ауыр және ащы» («Қамар» сүресі, 45, 46)

 Пайғамбарымыз өз әскерін басқару ісіне өтті. Сахабаларына мына аяти кәримәларды оқыды: «Ей, иман келтіргендер! Сендер бір дұшпан қауымымен кездескен кездеріңде қажырлы болыңдар және Аллаһу та’аланы көп зікір етіңдер, сонда құтыласыңдар. Сабырлылық пен қажырлылық танытыңдар. Өйткені, Аллаһу та’ала сабыр етушілермен бірге» («Әнфал» сүресі, 45, 46) Топтасқан түрде жаумен алғашқы соғыс осы еді. Соғыс басталғалы тұрды. Қобалжулар арта түсті. Сахабалар пайғамбарымыздың «Аллаһу та’аланы көп зікір етіңдер» деген аятына байланысты барлығы бірігіп «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар» деп айқайлап, Хақ та’аладан жеңіс тілей бастады. Олар пайғамбарымыздың белгі беруін күтіп тұрды.

Сол кездегі әдет бойынша екі әскер соғысты бастамастан бұрын екі жақтан адамдар шығып, шайқасатын. Бұл шайқасуда екі жақтың да соғысу тілегі мен айбаты артып, соғысқа дайын болады. Мүшріктерден Амир бин Хадрами бұл ережеге бағынбай, бұл ережені аяқ асты етіп, Ислам әскеріне оқ атты. Оқ мұхажирлерден Михжаға (радиаллаһу анһ) тиіп, ол шәйіт болды. Пайғамбарымыз алғашқы шәйіт туралы «Михжа шәйіттердің мырзасы болды» деп сүйіншіледі. Сахабалар (радиаллаһу анһум) мүшріктердің ісіне ашуланып, ызадан жарылардай халге жетті. Бірақ, пайғамбарымыздан бұйрық келместен ешқандай әрекетке бара алмайтын еді. Олардың барлығы  ашуға булықты.

Осы кезде мүшрік әскерінен үш адамның алға шыққаны байқалды. Олар Рәбиа ұлдарының Ислам дұшпандары Утбә, бауыры Шәйба және баласы Уәлид болатын. Мұхажирлерге қарап, «Араларыңда бізбен шайқасатын адам бар ма?» деп айқайлады. Сахабалардан ең алдыңғы жақта тұрған хазіреті Әбу Хузайфа әкесі Утбәмен шайқасуға шықпақшы болғанда пайғамбарымыз оған «Сен тоқта» деді. Мәдиналық мұхажирлерден Афра ханымның (радиаллаһу анһа) ұлдары Муаз және Муаууәз, Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһум) алға шығып, Утба, Шәйба және Уәлидтің алдына барып тұрды. Қолдарында қылыштары, шайқасуға дайын тұрды. Мүшріктер «Сендер кімсіңдер?» деп олардың өздерін таныстыруларын қалады. Олар «Мәдиналық мұсылмандармыз» деген кезде мүшріктер «Біздің сендерде шаруамыз жоқ. Бізге Абдулмутталибтің ұлдары керек. Солармен шайқасқымыз келеді» деп, Ислам әскеріне қарап, «Йа, Мұхаммед! Бізге қарсы өз тайпамыздан тең келетін адамды шығар» деп айқайлады.

Пайғамбарымыз шығып тұрған үш жігіт сахабаға дұға еткеннен кейін орындарына барып тұруларын бұйырды. Сосын сахабаларын көзбен шолып, «Ей, Хашим ұлдары! Тұрыңдар! Аллаһу та’аланың нұрын қате діндерімен сөндіргісі келгендерге қарсы Хақ жолында соғысыңдар. Аллаһу та’ала пайғамбарларыңды осы үшін жіберді. Тұр, Йа Убайда! Тұр, йа Хамза! Тұр, йа Әли!» деді.

Аллаһу та’аланың арыстандары хазіреті Хамза, хазіреті Әли және хазіреті Убайда дулығаларын киіп, алаңға қарай шықты. Дұшпандарының алдына барған кезде олар «Сендер кімсіңдер? Егер біздің теңіміз болсаңдар сендермен шайқасамыз» деді. Олар «Мен Хамзамын! Мен Әлимын! Мен Убайдамын!» дегеннен кейін мүшріктер Сендер де біз сияқты қадірлі адамсыңдар. Сендермен шайқасуды құптаймыз» деді. Ер жүрек Ислам мүжахидтері мүшріктерді алдымен иман келтіруге шақырса да олар қабылдамады. Сосын олар үшеуі де қылыштарын суырып, жауға қарай ұмтылды. Хазіреті Хамза мен хазіреті Әли Утбә мен Уәлидті бір соққымен өлтірді. Хазіреті Убайда Шәйбаны жарақаттады. Шәйба Убайданы (радиаллаһу анһ) жаралады. Хазіреті Хамза мен хазіреті Әли Убайдаға (радыйаллаһу анһ) көмекке барып, Шәйбаны сол жерде өлтірді. Хазіреті Убайданы пайғамбарымыздың қасына алып барды.

Хазіреті Убайда бин Харистің аяғынан қан ағып тұрды. Ол өзі бұған тіпті де назар салмастан «Сіз үшін жаным құрбан, йа Расулаллаһ! Мен осы қалпымда өлсем шәйіт болам ба?» деп сұрады. Пайғамбарымыз оған «Иә, сен шәйітсің» деп жұмақтық екенін сүйіншіледі (хазіреті Убайда соғыстан қайтарда «Сафра» деген жерде қайтыс болды).

Әлі шайқас басталмай жатып үш маңызды адамынан айрылған мүшріктер әбігерге түсті. Соған қарамастан Әбу Жәхл әскерінің көңілін орнықтыру үшін «Сендер Утбәнің, Шәйбаның, Уәлидтің өлгеніне қарамаңдар, олар шайқасуда асығыстық жасап, бекерге өліп кетті. Ант етемін, мұсылмандарды ұстап, қолдарын жіппен байламайынша кері қайтпаймыз» деп жұбату айтуға тырысты.

Ер жүрек сахабалар болса  тезірек осы мүшрік тобын талқандауға асықты. Пайғамбарымыз аузынан тастамайтын мына дұғасын қайталады: «Аллаһым! Маған берген уәдеңді орында. Аллаһым! Мына азғантай Ислам жамағатын жоятын болсаң бұдан кейін саған жер бетінде ғибадат ететін ешкім қалмайды».

Осы кезде мүшріктердің сапынан Құрайыштың ең батыл және мергендерінің бірі хазіреті Әбу Бәкірдің әлі мұсылман болмаған  ұлы Абдуррахман ортаға шықты. Мүжахидтердің сапынан да бір адамның қылышын қолына алып, алға шыққаны байқалды. Бұл адам бірінші мұсылман болу құрметіне және Сыддық лауазымына ие болған, пайғамбарлардан кейінгі ең жоғары адам, батыр хазіреті Әбу Бәкір еді. Өз ұлына қарсы соғысу үшін алға шыққан еді. Бірақ, пайғамбарымыз оған «Йа, Әбу Бәкір! Білмейсің бе, сен менің көретін көзім, еститін құлағымсың» деп шайқасуына тыйым салды. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) ұлына «Ей, залым! Маған деген жақындығың қайда қалды?» деді.

Сосын пайғамбырымыз жерден бір уыс құм алды. Құмды дұшпанға қарай шашып, «Жүздері қара болсын! Аллаһым! Жүректеріне қорқыныш ұялат, аяқтарына діріл бер» деп, сахабаларына қарап «Шабуылға шығыңдар! Шабуылдаңдар!» деп бұйрық берді. Осы белгіні күтіп тұрған сахабалар алдын ала берілген нұсқау бойынша әрекет ете бастады. «Аллаһу әкбар!... Аллаһу әкбар!» деген дауыстардың арасында оқтар ұшып, тастар нысанасына, найзалар сауыттарға тиіп жатты. Аллаһу та’аланың арыстандары хазіреті Хамза екі қолына алған екі қылышымен соғысты, хазіреті Әли, хазіреті Омар, Зубәйр бин Аууам, Са’д бин Әбу Уаққас, Әбу Дужанә, Абдуллаһ бин Жахш (радиаллаһу анһум) мүшріктердің сапының бір басынан кіріп, екінші басынан шығып, мүшріктерді әбден сасқалақтатты. Әр қайсысы алынбас қамал сияқты еді. «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар» деген дауыстары әлемді жаңғыртып, Аллаһу та’аланың ұлылығы кәпірлердің миына құйдырылды. Пайғамбарымыз «Йа, Хаййу! Йа, Қаййум!» деп Аллаһу та’алаға жалбарынды. Хазіреті Әли «Бәдірде бәріміздің арамыздағы ең қаһарман әрі ең батылдысы пайғамбарымыз болды. Мүшрік саптарына ең жақын барған да Ол еді. Қиналған кезде пайғамбарымызды паналайтынбыз» деген.

Мүшріктер басшылары болған Әбу Жәхлді орталарына алды. Араларынан бір адамды Әбу Жәхл сияқты киіндіріп, соған ұқсаттырды. Ол адамның аты Абдуллаһ бин Мүнзир болатын. Хазіреті Әли Абдуллаһқа қарсы ұмтылды. Әбу Жәхлдің көз алдында Абдуллаһтың басын кесті.  Кейін мүшріктер Әбу Қайсты киіндірді. Оны хазіреті Хамза өлтірді.

Хазіреті Әли бір мүшрікпен шайқасып жүрген болатын. Мүшрік қылышын хазіреті Әлиге сілтеген кезде қылыш қалқанға қадалып қалады. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ) Зулфиқарын (қылышын) мүшріктің сауытты денесіне ұрып, иығынан көкірегіне қарай қылышын сілтегенде басының үстінен бір қылыштың жарқылын көреді. Тез басын бұғады. Қылышы жарқылдаған адам: «Ал! Мынау Хамза бин Абдулмутталибтен» деген кезде мүшріктің басы дулығасымен бірге жерге түсті. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ) қараған кезде көкесі Хамзаның екі қылышпен шайқасып жүргенін көрді. Пайғамбарымыз сахабаларының осылай батыл шайқасқанын көріп, «Олар Аллаһу та’аланың жер бетіндегі арыстандары» деп, оларды мадақтады.

Осы кезде пайғамбарымыздың жанында соғысқан хазіреті Укашәнің қылышы сынып қалады. Мұны көрген пайғамбарымыз жерден бір таяқ алып, оған берді: «Йа, Укашә! Мынамен шайқас» деді. Укашә (радиаллаһу анһ) таяқты қолына алған кезде таяқ пайғамбарымыздың мұғжизасы ретінде ұзын, жарқыраған, өткір қылышқа айналды. Соғыстың соңына дейін осы қылышпен бірнеше мүшрікті өлтірді.

Пайғамбарымыз бір жағынан соғысып жүріп, екінші жағынан сахабаларына күш беретін мына сөздерді айтып жүрді: «Бар болмысым құдірет қолының иелігінде болған Аллаһу та’аланың атымен ант етемін, бүгін Хақ та’аланың ризалығына үміт артып, сабырлылық танытып соғысқандарды, кері шегінбестен алға ұмтылып өлтірілгендерді Хақ та’ала міндетті түрде жұмаққа жібереді». Осы тамаша, қасиетті сөзді естіген Умәйр бин Хумам (радиаллаһу анһ) «Қандай тамаша! Қандай жақсы! Демек, жұмаққа баруым үшін шәйіт болудан басқа ештеңе керек емес екен» деп, қызу соғыса бастады. Бір жағынан жаумен соғысып, екінші жақтан «Аллаһу та’алаға материалдық азықпен емес, тек Хақ та’аладан қорқу, ақырет амалы, жихадқа сабырлылық таныту арқылы баруға болады, Одан басқа барлық азықтардың таусылатыны анық» деген еді. Осылайша, шәйіт болғанға дейін жаумен шайқасты.

Соғыс қыза түсті. Бір сахабаға кем дегенде үш мүшріктен келетін еді. Барлығына қылыш жұмсауға тырысқан сахабаларды еш нәрсе мойытпады. «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген сайын күшейіп, шайқастарын қыздыра түсті. Бір кезде мүшріктердің шабуылы қарқындап, күшейді. Сахабалар қиын жағдайға тап болды.

Сол кезде пайғамбарымыз хазіреті Әбу Бәкір екеуі шатырға кірді. Пайғамбарымыз тағы да Аллаһу та’алаға жалбарына бастады: «Йа, Раббым! Маған берген уәдеңді орында» деп жалынды. Сол кезде уаһи келді. Мағынасы: «Сол кезде Раббыларыңнан көмек пен жеңіс қаладыңдар, Ол сендерге «Шынында Мен бірінен соң бірі мың періштемен көмек жіберемін» деп дұғаларыңды қабылдады» («Әнфал» сүресі, 9) Пайғамбарымыз дереу орнынан тұрып, «Сүйінші, йа Әбу Бәкір! Саған Аллаһу та’аланың көмегі келді. Міне, мынау Жәбрейіл. Құм төбелерінің үстінде атымен, қаруланып, бұйрық күтіп тұр» деді.

«Әнфал» сүресінде білдірілгеніндей Хақ та’ала періштелерге былай дейді: «Раббың періштелерге «Мұсылмандарға көмек турасында» сендермен біргемін деп уаһи берді. Барыңдар, мүміндердің жүректеріне сабырлылық сезімін салыңдар. Мен кәпірлердің жүрегіне қорқыныш пен үрей саламын. Бастарын, саусақтарын ұрыңдар. Өйткені, олар Аллаһу та’алаға және Расулына қарсы шықты. Кім Аллаһу та’ала мен Расулына қарсы шықса Аллаһу та’аланың азабына ұшырайды, Оның азабы өте қатты!» («Әнфал» сүресі, 12, 13)

Осы бұйрықтан кейін Жәбрейіл, Микаил және Исрафил алейһимуссалам қастарына мың періштеден ертіп, пайғамбарымыздың жанына барып, оң жағы мен сол жағына тізілді.

Жәбрейіл алейһиссалам басына сары сәлде ораған еді. Басқа періштелердің сәлдесі ақ болатын. Сәлделерінің ұшы арқаларына бос жіберілген, өздері ақ аттарға мінген еді. Пайғамбарымыз сахабаларына «Періштелердің белгісі бар. Сендер де өздеріңе белгі тағыңдар» деді. Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) басына сары, Әбу Дужанә (радиаллаһу анһ) қызыл матаны сәлде етіп орады. Хазіреті Әли ақ айдар, хазіреті Хамза кеудесіне түйеқұстың қанатын тағып алды.

Періштелердің соғысқа кіруімен жағдай бір сәтте өзгеріп сала берді. Сахабалар алдарындағы кәпірлерге қылыштарын жұмсамастан-ақ олардың бастары ұшып жерге түсе бастады. Пайғамбарымыздың оң жағында, сол жағында, алдында, артында таныс емес адамдар мүшріктермен соғысып жатты.

Хазіреті Сәхл айтады: «Бәдір соғысында барлығымыз мүшріктің басына қылышымызды сілтегенде қылыш нысанаға тимей жатып, олардың басының денесінен бөлініп жерге түсіп жатқанын көрдік».