19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Жеңіс имандылардікі...

Пайғамбарымыз сахабаларынан: «Нәуфәл бин Хууәйлид туралы білетін адам бар ма?» деп сұрады. Хазіреті Әли алға шығып, «Йа, Расулаллаһ! Оны мен өлтірдім» деді. Бұл хабарға қатты қуанған пайғамбарымыз «Аллаһу әкбар» деп, тәкбір айтты және «Аллаһу та’ала ол туралы дұғамды қабыл етті»- деді.

Умәййә бин Халәфтің өлтірілгенін айтқанда да қатты қуанып, «Әлһамдулиллаһ! Аллаһу та’алаға шүкірлер болсын. Раббым құлын қолдады, дінін үстем қылды»- деді.

Пайғамбарымыз Әбу Жәхл туралы: «Әбу Жәхл не болды екен? Кім барып көреді?» деп, өлген адамдардың ішінен оны іздеуді бұйырды. Оны іздеп таба алмады. Пайғамбарымыз «Іздеңдер, ол туралы сөзім бар. Егер оны тани алмасаңдар тізесіндегі жараның орнына қараңдар. Бір күні ол екеуміз Абдуллаһ бин Жуданның үйінде қонақта болатынбыз. Екеуміз де жас едік. Мен одан сәл үлкендеу болатынмын. Қысылғаннан кейін сәл итердім. Ол тізерлеп құлап түсті. Бір тізесі жараланып, сол жараның орны кетпей қалды» деді. Осыдан кейін Абдуллаһ ибн Мәсуд Әбу Жәхлді іздеуге кетті. Оны жаралы түрде тауып алып, таныды. «Әбу Жәхл сенсің бе?» деп, мойнынан басты. Сақалынан ұстап тартты да «Ей, Аллаһу та’аланың дұшпаны! Аллаһу та’ала ақыры сені қор етті ме? деді. Әбу Жәхл «Мені неге қор етеді, ей шопан! Аллаһ сені қор етсін. Сен маған бүгін кімнің жеңіске жеткенін айт» деді. Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) «Жеңіс Аллаһ пен Расулының жағында» деді. Әбу Жәхлдің дулығасын шешіп, «Ей, Әбу Жәхл! Мен сені өлтіремін» деді. Әбу Жәхл «Сен қауымыңның ұлысын өлтіргендердің алғашқысы емессің. Ең болмаса мойнымды кеудеме жақын кес, басым айбатты болып көрінсін» деп, күпірлігінің, тәкаппарлығының қаншалықты шектен шыққандығын көрсетті. Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) Әбу Жәхлдің басын өз қылышымен кесе алмағаннан кейін Әбу Жәхлдің қылышымен кесіп, қаруын, сауытын, дулығасын, басын әкеліп, пайғамбарымыздың алдына қойды. «Сіз үшін жаным пида, йа Расулаллаһ! Бұл Аллаһу та’аланың дұшпаны Әбу Жәхлдің басы» деді. Пайғамбарымыз «Аллаһтан басқа илаһ жоқ» деді. Сосын тұрып, сахабаларымен бірге Әбу Жәхлдің денесіне барып, «Аллаһу та’алаға шүкір. Сені масқара етті. Ей, Аллаһтың дұшпаны! Сен осы үмметтің перғауыны едің» деді. Сосын «Йа, Раббым! Маған берген уәдеңді орындадың» деп, Аллаһу та’алаға шүкір етті.

Расулуллаһ жаралы сахабалардың (алейһимурридуан) жараларын таңдырды. Шәйіт болғандарды анықтатты. Мұхажирлерден алты, ансардан сегіз барлығы он төрт шәйіт бар еді. Барлығының қасиетті рухтары жұмаққа ұшса, Исламның нұрын сөндіргісі келген мүшріктерден жетпіс адам өлтіріліп, жетпісі тұтқынға түсті.

Пайғамбарымыз жеңіс туралы сүйінші сұрау үшін Абдуллаһ бин Рәуаха мен Зәйд бин Харисаны (радиаллаһу анһума) Мәдинаға жіберді.

Пайғамбарымыз шәйіттердің жаназа намазын оқытып, оларды жерледі.

Мүшріктердің 24 мәйітін бітелген құдыққа, қалғандарын шұңқырға тастап беттерін жапты.

Әлемдердің мырзасы сахабаларымен бірге құдықтың басына барып, «Ей, құдыққа тасталғандар!»- деп, өлтірілген мүшріктердің аттарын әкелерінің аттарымен қосып айтып: «Ей, Утбә бин Рәбиа! Ей, Умәййә бин Халәф! Ей, Әбу Жәхл бин Хишам! Сендер пайғамбарларыңа қарсы қандай дұшпан едіңдер. Сендер мені теріске шығардыңдар. Басқалар мені растап, қолдады. Сендер мені өз қаламнан, жерімнен шығардыңдар. Ал басқалар маған есіктерін ашып, бауырларына басты. Сендер менімен соғыстыңдар, ал басқалар маған көмектесті. Раббымның уәдесіне қауыштыңдар ма? Мен Раббым уәде еткен жеңіске қол жеткіздім» деді.

Хазіреті Омар: «Йа, Расулаллаһ! Өліктерге айтып тұрсыз ба?» деп сұрады. Пайғамбарымыз оған «Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Раббымның ақысы үшін айтып тұрмын, сендер мені олардай жақсы естімейсіңдер. Бірақ, олар жауап бере алмайды» деді.

Мүшріктер соғыс алаңынан қашып, әкелген заттарының барлығын тастап кетеді. Олардың барлығын мұсылмандар олжа қылып алды. Пайғамбарымыз олжаларды Бәдір соғысына қатысқан барлық сахабаларға таратты.

Осы кезде сүйінші хабар айтуға кеткен Абдуллаһ бин Рәуаха мен Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһум) Мәдинаға жақындап қалған болатын. Күн жексенбінің таңы болатын. Акик деген жерге жеткенде ол екеуі бөлінеді. Абдуллаһ бин Рәуаха бір жақтан, Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһума) басқа жақтан Мәдинаға кіреді. Үй-үйді аралап, жеңісті хабарлады. Пайғамбарымыздың ақыны  болған Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ):

«Сүйінші!

Сүйінші! Ей Ансарлар жамағаты

Аман-есен Аллаһтың пайғамбары.

Мүшріктер өлтіріліп тұтқындалды

Ұсталды көсемдері даралары.

Рәбиамен Хажаждың балалары

Өлтірілді шұқырда бәрі қалды.

Әбу Жәхл, Амр бин Хишамдар да

Өлтірілді жазасын лайық алды.

Сүйінші! Ей Ансарлар жамағаты

Жеңіп шықты Аллаһтың пайғамбары»

 

деп бар даусымен сүйінші хабарды таратты. Хазіреті Асым бин Адий: «Ей, Ибн Рәуаха! Айтып тұрғаның рас па?» деп сұрады. Абдуллаһ бин Рәуаха: «Иә, рас. Иншааллаһ ертең пайғамбарымыз тұтқындарды алып келеді»- деді.

Сол күні пайғамбарымыздың қызы хазіреті Руқаййә қайтыс болған еді. Күйеуі хазіреті Осман жаназа намазын оқыған болатын. Осындай қайғылы сәтте келген жеңіс хабары олардың еңсесін біраз көтеріп тастады.

Пайғамбарымыз сахабаларымен Бәдірде жеңісті нәсіп еткен Аллаһу та’алаға шүкіршілік етіп, сәжде жасағаннан кейін Мәдинаға қарай тұтқындарды алып, жолға шықты.

Сүйінші айтып барған Абдуллаһ бин Рәуаха мен Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһум) Бәдір соғысында болған жәйттер мен кімдердің шәйіт болғандарын айтып берген болатын. Мәдинада қалған балалар, әйелдер қызметшілер жеңіске қатты қуанды. Олар пайғамбарымызды күтіп алуға шықты. Шәйіт болғандардың ішінде Хариса бин Сүрақа (радиаллаһу анһ) да бар еді. Хазіреті Харисаның анасы Рәби (радиаллаһу анһа) баласы су ішіп тұрғанда бір дұшпанның қолынан шәйіт болғанын естіп, «Пайғамбар келмейінше балам үшін жыламаймын. Мәдинаға келгеннен кейін оның өзінен сұраймын. Егер балам жұмақта болса еш жыламаймын. Ал, егер тозақта болса көзімнен жас орнына қан төгемін»- дейді.

Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге Мәдинаға келген кезде Рәби (радиаллаһу анһа) Оған барып: «Ата-анам сіз үшін құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Балам Харисаға деген аналық махаббатымды білесіз. Шәйіт болып, жұмаққа кірді ме? Егер солай болса сабыр етейін. Жоқ олай болмаса көзімнен қанды жасымды төгейін» дейді. Пайғамбарымыз оған: «Ей, Үммү Хариса! Сенің балаң бір емес, бірнеше жұмақта. Оның орны Фирдауста» дейді. Сонда Рәби (радиаллаһу анһа): «Онда балам үшін жыламаймын»- дейді. Пайғамбарымыз бір ыдыспен су сұрайды. Қолын суға батырып шығарды.  Осы суды хазіреті Харисаның анасы мен қарындасына ішкізді. Сосын осы судан бастары мен беттеріне сүртті. Сол күннен бастап Рәби мен қызының (радиаллаһу анһума) жүздерінен нұр шашырап тұрды, өмірлері ұзақ болды.

Пайғамбарымыз Мәдинаға әкелінген жетпіс тұтқынды сахабаларының арасында бөлістіріп, оларға жақсы қарым-қатынас жасауды бұйырды. Тұтқындар туралы Аллаһу та’аладан әлі уаһи келмеген болатын. Пайғамбарымыз сахабаларымен кеңесіп, тұтқындарды төлем төлеу шартымен босатуға шешім қабылдады. Әр тұтқынның тұрмысына қарай төлем мөлшері белгіленді. Ақшасы жоқтарының ішінде сауаты барлары Мәдинада оқу-жазуды білмейтін он адамға оқып-жазуды үйретуге мәжбүр етілді. Тұтқындардың ішінде пайғамбарымыздың көкесі Аббас та бар болатын. Пайғамбарымыз оған: «Ей, Аббас! Өзің, бауырыңның баласы Уқайл бин Әби Талиб, Нәуфәл бин Харис үшін төлем төлейсің. Өйткені, сен байсың» деді. Хазіреті Аббас: «Йа, Расулаллаһ! Мен мұсылманмын. Құрайыштықтар мені зорлап Бәдірге әкелді» деді. Расулуллаһ «Сенің мұсылмандығыңды Аллаһу та’ала біледі. Шын айтып тұрсаң Аллаһу та’ала әрине саған оның қайтарымын береді. Бірақ, сен мына көрінісіңмен бізге қарсысың. Сондықтан құтылу төлемін төлеуің керек»- деді. Аббас (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулаллаһ! Менде сізге олжа болып түскен 800 дирхамнан басқа байлығым жоқ» дегенде пайғамбарымыз «Йа, Аббас! Ана алтындарды неге айтпайсың?» деді. Аббас «Қандай алтындарды?» дегенде пайғамбарымыз «Сен Меккеден шығатын күні әйелің Харисқызы Үммү Фадлға берген алтындарың. Оларды берген кезіңде қастарыңда ешкім жоқ болатын. Сен Үммү Фадлға «Мына сапарда басыма не төніп тұрғанын білмеймін. Егер бір бәлеге душар болып, кері оралмасам мынаншасы саған, мынаншасы Фадлға, мынаншасы Абдуллаһқа, мынаншасы Убәйдуллаһқа, мынаншасы Қусәмге» деген алтындарың» деген кезде хазіреті Аббас таң қалып: «Ант етемін, мен бұл алтындарды әйеліме берген кезде қасымызда ешкім жоқ болатын. Мұны қайдан білдіңіз?» деді. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’ала білдірді» дейді. Сонда Аббас (радиаллаһу анһ) «Сіздің Аллаһу та’аланың расулы екеніңізге және шын айтқаныңызға куәгермін» деп, кәлимаи шахадатты айтты. Мұсылман болғаннан кейін пайғамбарымыз хазіреті Аббасты Меккеге қызметке тағайындады. Сол жердегі мұсылмандарды қорғауды, Ислам дұшпандары туралы хабар жеткізуді бұйырды.

Бәдір соғысында жеңіліске ұшыраған құрайышқа хабар жіберіліп, төлем төлеу арқылы тұтқындарды алуларына болатыны білдірілді. Алайда, хижреттен бұрын пайғамбарымызға өте көп қастандық жасаған Надр бин Харистің басы шабылды. Сонымен қатар, Расулуллаһ Қағбада намаз оқып отырғанда арқасына түйенің өпке-бауырын қойған арсыз Уқбә бин Әбу Муайт та өлтірілді. Оның басы шабылғанда пайғамбарымыз Аллаһу та’алаға шүкіршілік етті. Оның қасына барып: «Уаллаһи, Аллаһу та’аланы, расулын және Құран Кәрімді қабылдамаған, өз қауымынан шыққан пайғамбарына қастандық жасаған сендей нашар адам көрген жоқпын»- деді.

Тұтқындар иелеріне төлем төленіп босатылғанға дейін сахабалардың қасында болды. Сахабалардың барлығы тұтқындарға жақсы қарым-қатынас жасап, оларды аш қалдырмады. Мусаб бин Умәйрдің (радиаллаһу анһ) бауыры Әбу Азиз тұтқындардың арасында болатын. Ол былай дейді: «Мен де мәдиналық бір мұсылманның үйінде тұтқын болатынмын. Олар маған жақсы қарады, таңертең және кешке жейтін нандарын маған береді, өздері тек құрма жеуге мәжбүр болатын. Олардың бірінің қолына бір үзім нан түссе, жүгіріп маған әкелетін. Ұялғанымнан нанды әкелген адамға қайтарып беретінмін. Бірақ, ол нанды маған қайтып беретін».

Тағы бір тұтқын Йәзид былай дейді: «Мұсылмандар Бәдірден Мәдинаға келген кезде бізді, яғни тұтқындарды жануарларға мінгізіп, өздері жаяу жүрді».

Мүшріктердің Бәдірде тойтарысқа ұшырап, соғыс алаңынан қашулары Меккеде үлкен таңданыс тудырды. Еш күтпеген, еш ойламаған жағдайға тап болған еді. Алғаш хабарды жеткізген адамының сөздеріне Әбу Ләхәб пен басқа мүшріктер сенбеді. Соғыс майданынан қашқан Әбу Суфйан Меккеге барған кезде оны дереу қастарына шақырып, Әбу Ләхәб оған «Айтшы қане, не болды?» деп сұрайды. Әбу Суфйан жерге отырып, былай түсіндірді: «Мұсылмандармен кездескен кезде қолымыз, аяғымыз байланып қалғандай болды. Олар қалағандарынша әрекет жасады. Біразымызды өлтірді, біразымызды тұтқынға түсірді. Мен өзімізден ешкімді айыптамаймын. Өйткені, ол кезде жер мен көктің арасында аққа оранған біреулерді кездестірдік. Оларға ешкім шыдай алмайтын, ешкім қарсы тұра алмайтын еді». Исламның алғашқы кезеңдерінде мұсылман болғанына қарамастан мүшріктердің жамандығынан тартынғандықтан мұсылман екендігін білдірмеген Аббастың (радиаллаһу анһ) құлы Әбу Рафи сол жерде болатын. Оларды үнсіз тыңдап тұрған Әбу Рафи (радиаллаһу анһ) қуанғанынан «Уаллаһи, олар періштелер» деп қалды. Әбу Ләхәб оны жұдырықпен салып қалып, тұрғызып жерге ұрды. Біраз ұрғаннан кейін хазіреті Аббастың әйелі Үммү Фадл (радиаллаһу анһа) бұған шыдап тұра алмады. Өйткені, ол да бұрын мұсылман болып қойған еді. Үммү Фадл сол жерден бір тірек ағашты алып, «Ешкімі жоқ деп оны әлсіз деп ойладың ғой» деп Әбу Ләхәбты ұрды. Әбу Ләхәбтың басы жарылды. Басынан қан сорғалап, қорлық көргендей болып кері қайтты. Жеті күннен кейін Аллаһу та’ала оған қарақызыл деген ауру жіберіп, сол аурудан қайтыс болды. Балалары екі-үш күн жерлемей күттірді. Ақырында ол саси бастады. Адамдардың барлығы Әбу Ләхәбтің ауруынан обадан қашқандай қашып, жиіркенді. Содан кейін құрайыштың бірі Әбу Ләхәбтің балаларына «Сендер ұялмайсыңдар ма? Әкелеріңді сасып кеткенше жерлемей ұстап отырсыңдар. Ең болмаса бір жерге апарып көміп, көзін жойыңдар» дейді. Балалары оған «Біз оның ауруынан қорқамыз» деп жауап берді. Сонда әлгі адам оларға «Сендер барыңдар, мен де барып көмектесемін» деді. Сосын үшеуі жиналып, оны бір жерге апарып, көрінбей қалғанша үстін таспен жапты. Әбу Ләхәб осылайша мәңгі азап пен оттың ішінде қалатын мекеніне, қараңғылық пен тозақ шұңқыры болған қабіріне кірді.

Бәдірде тұтқынға түскен құрайыштықтардың арасында Уәлид бин Уәлид те бар болатын. Оны Абдуллаһ бин Жахш (радиаллаһу анһ) тұтқын етіп түсірген болатын. Уәлидтің бауырлары Хишам мен әлі мұсылман болмаған Халид бин Уәлид  Мәдинаға кіреді. Абдуллаһ бин Жахш (радиаллаһу анһ) төлемді бермейінше оны босатқысы келмеді. Бауыры Халид бұған келіскенмен әкесі бір анасы бөлек бауыры Хишам қабылдамады. Пайғамбарымыз әкелерінің қару-жарақтарын беруді ұсынды. Бұған Хишам көнгенмен Халид көнбейді. Ақырында әкелерінің жүз динар тұратын қылышы, сауыты және дулығасын беретін болып келіседі. Уәлидті тұтқыннан босатып, Меккеге қарай жолға шығады. Алайда, Уәлид Меккенің жолындағы Мәдинаға бес-алты шақырым қашықтықтағы Зул-хуләйфәде олардан бөлініп, пайғамбарымызға барып, иман келтіріп, сахабалардың қатарына қосылды. Мұсылман болғаннан біраз уақыттан кейін Меккеге бауырларының қасына кетті. Сонда Халид бин Уәлид «Ақыры мұсылман болатын болсаң төлем төлемей тұрып болмадың ба? Әкемізден қалған естеліктен айрылдық. Неге бұлай жасадың?» деп сұрағанда «Құрайыштықтардың тұтқынға шыдай алмады, Мұхаммед алейһиссаламға тәуелді болды» деулерінен қорықтым деп жауап берді. Бұл сөзге қатты ашуланған бауырлары оны Манзум ұлдарынан кейбір мұсылмандармен бірге Ияш бин Әби Рәбиа және Сәләмә бин Хишамның (радиаллаһу анһум) жанына қамап тастады. Уәлид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) иман келтіргені үшін жылдар бойы қамалып жатты. Ислам дұшпаны болған көкесі Хишам мен мүшрік туыстарынан көптеген азаптар көрді. Пайғамбарымыз мүшріктердің зұлымдығына ұшыраған Ияш бин Әби Рәбиа, Әбу Сәләмә бин Хишам және Уәлид үшін былай дұға етті: «Илаһи! Уәлид бин Уәлидті, Сәләмә бин Хишамды, Ияш бин Рәбианы, басқа да әлсіз мүміндерді құтқар, илаһи Мударды одан бетер қина. Бұл жылдарды Юсуфтың жылдарына ұқсат». Уәлид (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың дұғасының берекесімен бір мүмкіндігін тауып байлаулы жерінен қашып шығады. Мәдинаға барып, пайғамбарымыздың қасында болды. Пайғамбарымыз одан Ияш бин Рәбиа мен Сәләмә бин Хишамның жағдайын сұраған кезде олардың аяқтарының бір-біріне байлаулы екенін, қатты азап көріп жатқандарын айтты. Пайғамбарымыз олардың жағдайына қатты ренжіп, оларды құтқару шараларын іздестірді. Кімнің құтқара алатынын сұрағанда жылдар бойы жауыздық көргеніне қарамастан Уәлид батыл түрде: «Йа, Расулуллаһ! Оларды мен құтқарып, сізге әкелемін» деді. Қайтадан Меккеге барып, азаптағы мұсылмандардың орнын оларға тамақ апаратын бір әйелдің ізіне түсу арқылы біліп алды. Екеуі де төбесі жоқ тамның ішінде қамаулы еді. Уәлид (радиаллаһу анһ) түнде батырлықпен дуалдан асып түсіп, достарының қасына барды. Иман келтіргеннен басқа айыптары жоқ ол екеуін мүшріктер бір тасқа байлап, Арабстанның аптап ыстығында әр түрлі азаптармен қинаған болатын. Уәлид оларды құтқарып, түйесіне мінгізді. Өзі жалаң аяқ, жаяу Мәдинаға, пайғамбарымызға тезірек жету үшін жолға шығады. Оны шөлдің аптаған ыстығы емес, әлемдердің мырзасына жету құлшынысы өртеген еді. Мәдинаға аш, жалаң аяқ үш күн жүріп барды. Саусақтары жарылып, жара-жара болып кеткен еді. Уәлид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) үсті-басы жырым-жырым, қан-қан болып әзер дегенде пайғамбарымызға жетеді.

Бәдір жеңісі мұсылмандарды үлкен қуанышқа бөледі. Ал мүшріктер болса қатты қайғырды. Хабәшстан патшасы Нәжаши пайғамбарымыздың жеңіске жеткенін естіп, еліндегі сахабаларға барып: «Аллаһу та’алаға шүкір, Пайғамбарын Бәдірде жеңімпаз етіп, жеңісті бұйыртты»- деп сүйінші хабар айтты.