14 - Шәууал, 1445 жыл.
     23 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хазіреті Әли мен хазіреті Фатиманың үйленуі

Хазіреті Әли мен хазіреті Фатиманың үйленуі

Хижреттің екінші жылы еді. Пайғамбарымыздың қызы хазіреті Фатима он бес жасқа толған болатын.

Бір күні хазіреті Фатима бір қызмет үшін пайғамбарымыздың қасына барады. Пайғамбарымыз қызының тұрмыс құратын жасқа жеткенін байқайды. Сол күннен кейін Фатиматуз Зәхраны (радиаллаһу анһа) көп адам сұратты. Пайғамбарымыз оларға келісім бермей, «Оның ісі Хақ та’аланың бұйрығына байланысты» деді. Бір күні Әбу Бәкір, Омар және Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһум) мешітте отырып, «хазіреті Фатиманы хазіреті Әлиден басқа барлық адам сұрады. Ешкімге берілмеді» деп сөйлесті. Хазіреті Сыддық: «Әлиге нәсіп болады деп ойлаймын. Жүріңдер, оған барып, мәселені ортаға тастайық. Егер кедейлігін алға тартса көмек берейік» деді. Са’д (радиаллаһу анһ): «Йа, Әбу Бәкір! Сен әрдайым жақсылық жасайсың. Тұр, біз саған жолдас болайық» деді. Үшеуі мешіттен шығып, хазіреті Әлидің үйіне барады. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ) түйесін алып, ансардың бірінің құрма бауын суарып жүр екен. Оларды көріп, қарсы алып, жағдайларын сұрады. Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) «Йа, Әли! Барлық қайырлы істің басында сен жүресің және пайғамбарымыздың құзырында ешкімге бұйырмаған бір мәртебеге иесің. Хазіреті Фатиманы барлық адам сұратты. Ешкімге келісім берілген жоқ. Ол саған нәсіп болады деп ойлаймыз. Неге кіріспейсің?» деп сұрады.

 

Хазіреті Әли мұны естігенде көздері жасқа толып, «Йа, Әбу Бәкір! Мені одан сайын өртедің. Оны менен артық қалайтын адам жоқ. Бірақ, қолымның қысқалығы маған кедергі келтіріп отыр» деді. Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) «Бұлай деме. Аллаһу та’ала мен расулының жанында дүние еш нәрсе емес. Бұған кедейлік кедергі бола алмайды. Бар, сұра» деді.

 

Хазіреті Әли айтады: «Пайғамбарымыздың қасына қысылып, тартынып кірдім. Пайғамбарымыз айбатты, сабырлы қалпында отыр екен. Қасына барып отырдым. Сөйлесуге бата алмадым. Пайғамбарымыз «Неге келдің? Бір бұйымтайың бар ма?» деп сұрады. Үндемедім. «Фатиманы сұрауға келдің-ау»- дегенде «Иә» дедім. (Пайғамбарымыз хазіреті Фатимаға хазіреті Әлидің өзін сұрағанын айтты. Ол да үнсіз қалды). Пайғамбарымыз «Фатимаға мехір ретінде беретін нең бар?» деп сұрады. «Жанымда оған беретін еш нәрсем жоқ, йа, Расулаллаһ» дедім. «Саған берген Хутами сауытты көйлегім қайда?» деді. «Өзімде» дедім. Пайғамбарымыз «Соны сатып, ақшасын әкел, мехірге сол жетеді» деді. Басқа бір риуаятта «Пайғамбарымыз хазіреті Әлиге «Қасыңда не бар?» деп сұрағанда «Атым мен сауытты көйлегім бар» деп жауап берген, расулуллаһ алейһиссалам: «Атың саған керек болады, бірақ сауытыңды сат» деген. Басқа бір риуаят бойынша «Йа, Әли! Барып өзіңе үй жалда» деген.

 

Хазіреті Әли үйленгенге дейін пайғамбарымызбен бірге тұрған. Пайғамбарымыздың бұйрығымен Масжидун Нәбәуиге жақын жердегі хазіреті Айшаның бөлмесіне қарсы орналасқан Хариса бин Нұманның үйін жалдады. Сауытын хазіреті Османға 480 дирхамға сатты. Хазіреті Осман сатып алғаннан кейін сауытты сыйлық ретінде хазіреті Әлиге қайтарып берді.

 

Хазіреті Әли сауыт пен дирхамды алып, пайғамбарымызға барғанда пайғамбарымыз хазіреті Осман үшін қайырлы дұға етіп, «Осман менің жұмақтағы жолдасым» деді. Сосын Біләл Хабәшиді (радиаллаһу анһ) шақырып, ақшаның біразын беріп, «Мына ақшаны алып, базарға бар. Біраз гүл суын, қалған ақшаға бал ал. Сөйтіп, мешіттің бір бұрышында таза ыдысқа сумен езіңдер. Бал шербетін жасаңдар, неке қиылғаннан кейін ішейік. Ансар мен мұхажирлерден барлық сахабаларды мешітке шақыр, Фатима мен Әлидің некесінің қиылатынын халыққа жарияла»- деді.

 

Хазіреті Біләл Хабәши  сыртқа шығып, хазіреті Әли мен хазіреті Фатиманың некесінің қиылатынын халыққа жариялады. Сахабалар мешіт Нәбәуиге барып, мешіттің іші-сырты адамға лық толды. Пайғамбарымыз орнынан тұрып, мына хутбаны оқыды: «Барлық мадақ пен алғыс әлемдердің Раббысына тән. Ол шексіз нығмет беруші, құдіретті, қуатты, азаптаушы, оның үкімі мен бұйрығы жер беті мен көкте үстем. Жаратылысты құдіретімен жаратқан, әділетті үкімдерімен жаратылғандарды бір-бірінен айыратын, адамдарды Ислам діні мен пайғамбары Мұхаммедпен (алейһиссалам) қауыштырған Ол...

Аллаһу та’ала маған қызым Фатиманың некесін Әли бин Әбу Талибпен қидыруды бұйырды. Қазір сендерді куәгер етемін, 400 мисқал күміс мехірмен Фатиманы Әли бин Әбу Талибпен некесін қидырамын. Раббым олардың ұрпақтарын таза және рақымдылықтың кілті, даналықтың кені етсін, Мұхаммедтің үмметіне сенімді қылсын. Айтатыным осы. Раббымнан өзім және сендер үшін кешірім тілеймін».

 

Сосын хазіреті Әли тұрып, мына хутбаны оқыды: «Қасымыздағы Мұхаммед алейһиссаламға салауат пен сәлем арнаймын, қызы Фатиманы 400 мисқал күміс мехірмен маған әйелдікке берді. Ей, діндес бауырларым! Пайғамбарымыздың айтқандарын естідіңдер және куә болдыңдар. Мен де бұған куәмін және разымын. Сол күйінде қабылдаймын. Аллаһу та’ала барлығымыздың сөзімізге куә».

 

Неке рәсімі аяқталғаннан кейін пайғамбарымыз құрма алдырып, «Құрмадан алып, жеңдер» деді. Барлығы құрмадан алып жеді. Сосын Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) бал шербетін таратты, оны да ішіп, барлық сахабалар «Бәрәкәллаһу фи кума уә алейкума уә жәмә’а шәмләкума» деп дұға етті.

 

Хазіреті Фатима некеден кейін жылады. Пайғамбарымыз оның қасына барып, «Ей, Фатима! Сен неге жылайсың? Аллаһу та’алаға ант етемін, сені сұрағандардың ішіндегі ең білгіріне, ең кішіпейілді мен ақылдысына және алғаш мұсылман болғанына беріп отырмын» деді. Хазіреті Фатима «Әкешім! Тұрмысқа шыққан барлық қыздың мехрі алтын және күміспен белгіленеді. Менің де мехрім осылай белгіленсе, сізбен басқалардың арасында қандай айырмашылық қалады. Қиямет күні сіз күнәһар мүміндерге қаншалықты шапағат жасасаңыз, мен де олардың әйелдеріне шапағат жасағым келеді. Менің мехрім осы болсын» деді. Аллаһу та’ала хазіреті Фатиманың бұл тілегінің қабыл болғанын білдіргеннен кейін Расулуллаһ «Йа, Фатима! Пайғамбардың қызы екеніңді көрсеттің»- деді.

 

Хазіреті Әли былай дейді: «Бұл істерден кейін арада бір ай өткен еді. Бұл мәселе туралы ешқандай сөз қозғалмады. Мен де ұялып ештеңе дей алмадым. Алайда, пайғамбарымыз мені оңашада көріп қалған кезде: «Сенің әйелің қандай жақсы әйел. Саған сүйінші, ол әлемдегі әйелдердің ең қадірлісі» дейтін. Бір айдан кейін Әлидің (радиаллаһу анһ) бауыры хазіреті Уқайл: «Йа, Әли! Бұл некеге қуандық. Алайда, осы екі жан бір-біріне жақын болғаны дұрыс, әйеліңді алып бірге тұратын уақыт жетті деп ойлаймын» деді. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ) «Менің де ойым сол, бірақ айтуға ұяламын» деді. Хазіреті Уқайл Әлидің (радиаллаһу анһ) қолынан ұстап, пайғамбарымыздың үйіне барады, олардың алдынан Расулуллаһтың қызметшісі Үммү Әймән (радиаллаһу анһа) шығады. Оған жағдайды айтып жеткізеді. Үммү Әймән: «Бұл мәселе үшін сіздің келуіңіз керек емес. Біз пайғамбарымыздың әйелдерімен кеңесіп, сізге хабар жібереміз. Өйткені, бұл мәселеде әйелдердің сөзі тыңдалады» деді. Үммү Әймән (радиаллаһу анһа) бұл жағдайды пайғамбарымыздың әйелдеріне айтты. Әйелдер хазіреті Айшаның бөлмесіне барады. Хазіреті Хадишаны естеріне алып, «Егер ол болғанда біз алаңдамас едік»- деді. Пайғамбарымыз жылап, былай деді: «Хадишадай әйел қайда? Халық мені теріске шығарғанда ол мені қолдады, барлық мал-мүлкін менің жолыма жұмсады. Ислам дініне көп көмек берді. Ол тірі кезде Хақ та’ала маған «Хадишаға айт, жұмақта ол үшін асыл тастан үй бар» деп бұйырды».

 

Пайғамбарымыздың әйелдері хазіреті Әлидің ойын жеткізді. Пайғамбарымыз Үммү Әймәнге хазіреті Әлиді шақырып келуін тапсырды. Әли (радиаллаһу анһ) келген соң әйелдер шығып кетті. Хазіреті Әли басын төмен иіп отырды. Расулуллаһ: «Әйеліңді әкетуді қалайсың ба, йа Әли!» деді.

 

Әли (радиаллаһу анһ) «Қалаймын, йа Расулаллаһ! Ата-анам сізге құрбан болсын» деді. Пайғамбарымыз Әсма бинти Умәйске: «Барып Фатиманың үйін дайында» деді. Әсма хазіреті Фатиманың баратын үйіне барды. Бір төсенішті жаңа теріден, бір төсенішті жамаулы теріден, бір төсенішті қамыстан дайындап, іштеріне құрма талшығын салды. Пайғамбарымыз құптан намазынан кейін Фатиманың (радиаллаһу анһа) үйіне барып, жасалғандарды көріп шықты.

 

Пайғамбарымыз хазіреті Әлидің әкелген ақшасының үштен екісіне азық-түлік, әшекей және иіс су сияқты нәрселер, үштен біріне киім-кешек алуды бұйырды. Үйдің заттарын толықтырды. Хазіреті Фатиманың жасауы мен үй заттарында мыналар бар еді: Әсма бинти Умәйстің дайындаған үш төсеніші, шашақты бір кілем, ішіне құрма талшығы салынған бас жастық, екі дана қол диірмен, бір су ыдысы, бір құмыра, теріден жасалған су ыдысы, бір сүлгі, бір белдемше, өңделген бір қошқар терісі, ескіріп, түгі кеткен Йемен кілемі, құрма жапырағынан тоқылған кереует. Йемендік екі ала киім, бір көрпе. Осыдан соң пайғамбарымыз хазіреті Әлиге біраз ақша беріп, құрма мен май алуын сұрады. Хазіреті Әли бұдан кейінгі жағдайды былай түсіндіреді: «Бес дирхамға құрма, төрт дирхамға май алдым. Пайғамбарымызға алып бардым. Теріден жасалған дастархан сұрады. Құрма, ұн, май және айранды араластырып, бір тағам жасады да: «Йа, Әли! Кімді көрсең барлығын ертіп кел» деді. Мен сыртқа шығып, көп адам көріп, барлығын шақырдым да ішке кіріп, адамның көп екенін пайғамбарымызға айттым.

 

Пайғамбарымыз «Оларды он-оннан ішке кіргіз, тамақ жесін» деді, мен солай жасадым. Санағанымызда еркек, әйел барлығы жеті жүз адамға тамақ беріп, тойғызған еді».

 

Хазіреті Әлидің және Фатиманың (радиаллаһу анһа) тойлық асы желінгеннен кейін Үммү Әймәннің айтуы бойынша пайғамбарымыз хазіреті Әлиге: «Йа, Әли, қызым Фатима келін болып сенің үйіңе барды. Мен шам намазынан кейін келіп, дұға етемін. Мені күтіңдер» деді. Хазіреті Әли үйіне барып, бір бұрышқа отырды. Хазіреті Фатима үйдің келесі бұрышына отырды. Сол кезде Пайғамбарымыз келіп есікті қағады. Үммү Әймән есікті ашты. Расулуллаһ «Бауырым осында ма?» деп сұрады. Үммү Әймән «Анам, әкем сіз үшін құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Бауырыңыз кім?»деп сұрады. Пайғамбарымыз «Әли бин Әбу Тәліп» дегенде Үммү Әймән «Қызыңызды бауырыңызға күйеуге бердіңіз бе?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Иә» деді. Үммү Әймән Пайғамбардың «Бауырым осында ма?» деген сөзінен неке дұрыс емес деп ойлап қалады. Пайғамбарымыз «иә» деп жауап беру арқылы бір анадан туғандардың үйленуіне болмайтынын білдірді.

 

Осыдан соң пайғамбарымыз Үммү Әймәнға «Әсма бинти Умәйс те осында ма?» деп сұрады. «Иә» деген жауап алғаннан кейін «Демек, Расулуллаһтың қызына қызмет етуге келген ғой» деді. Үммү Әймән «иә» дегенде «Қайырға қауышсын» деп дұға етті.

 

Сосын бір ыдыспен су алдырды. Қолын жуды. Судың ішіне біраз хош иіс құйып, хазіреті Фатиманы шақырды. Хазіреті Фатима (радиаллаһу анһа) ұялып киімінен көз алмай тұрды. Пайғамбарымыз судан алып, Фатиманың кеудесіне, басына, арқасына септі де «Аллаһумма инни әизуха бикә уә зурриятиһә минаш шайтанир ражим» деп дұға етті. Сосын хазіреті Әлиге де дәл солай жасап, «Аллаһумма барик фихима уә барик алейхима уә барик ләхума фи нәслиһимә» деп дұға етті. Ихлас, Фәлақ, Нас сүрелерін оқып, «Аллаһу та’аланың есімі мен берекесімен жұбайыңның қасына бар» деді. Сосын есіктің екі жармасынан ұстап, дұға етіп, кетіп қалды.

 

Хазіреті Әли айтады: «Тойымыздан төрт күннен кейін пайғамбарымыз үйімізге келді. Көңілдерді жаулап алатын, даналыққа толы сөздерімен насихат айтты, сосын «Йа, Әли, су әкел» деді. Барып су әкелдім. Бір аяти кәримә оқыды да, «Бұл судан біраз іш, бір бөлігі қалсын» деді. Қалған суды кеудеме, басыма септі. Қайтадан «Су әкел» деді. Тағы да су әкелдім. Маған жасағанын Фатимаға да қайталады. Сосын мені сыртқа шығарды».

 

Ол сыртқа шыққаннан кейін қызынан хазіреті Әли туралы  сұрады. Фатима (радиаллаһу анһа) «Әкешім! Барлық кемел сипаттар оның бойынан табылады. Бірақ, кейбір құрайыш әйелдері маған «Сенің ерің кедей- дейді» дегенде пайғамбарымыз «Ей, қызым! Сенің әкең мен ерің кедей емес. Бүкіл жер мен көктің бар қазыналары маған ұсынылды. Мен қабылдамадым. Аллаһу та’аланың құзырында қабыл болатынын таңдадым. Ей, қызым! Егер менің білгенімді сен білетін болсаң дүние саған түк болмас еді. Аллаһу та’аланың ақысы үшін, сенің ерің алғашқы сахаба. Исламның ұлысы, ең білімдісі. Ей, қызым! Аллаһу та’ала әһли бәйттен екі адамды таңдады. Бірі әкең, бірі күйеуің. Оған ешқашан қарсы келме, бұйрығына қарсы шықпа»- деді.

 

Пайғамбарымыз қызына насихат айтқаннан кейін хазіреті Әлиді шақырды. Оған да Фатиманы (радиаллаһу анһа) тапсырды: «Йа, Әли! Фатиманы құрметте. Ол менің бір бөлшегім. Оны қадірле. Егер оны ренжітсең мені ренжіткен боласың» деді. Екеуін де Аллаһу та’алаға тапсырып, кетуге ыңғайланғанда хазіреті Фатима (радиаллаһу анһа) «Йа, Расулаллаһ! Іштегі жұмысты мен атқарамын, сырттың жұмысын Әли атқарады. Маған бір күң берсеңіз, маған көмек берер еді. Мені қуантар едіңіз» дейді. Пайғамбарымыз «Йа, Фатима! Саған қызметшіден артық нәрсе берейін бе, әлде қызметші берейін бе?» дейді.

 

Фатима (радиаллаһу анһа) «Қызметшіден жақсысын беріңіз» деді. Пайғамбарымыз «Күнде жатарда 33 рет «Субханаллаһ», 33 рет «Әлхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар», бір рет «Лә илаһә иллаллаһу уаһдаһу лә шәрикә ләһ. Ләһул мулку уә ләһул хамду уә һуә алә кулли шәй ин қадир» деп айт. Барлығы жүз сөз. Қияметте жүз жақсылық көресің. Мизанда жақсылығың ауыр басады»- деді. Сосын пайғамбарымыз үйіне кетеді.

 

Хазіреті Әли мен хазіреті Фатиманың некесі хижреттен бес айдан кейін, ал тойлары Бәдір соғысынан кейін болды.