10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   


Хандек соғысы

Хижреттің бесінші жылы болатын. Мәдинадан сүргінделген фитна мен бүлік шығарушы яһуди Надир ұлдары топтарға бөлініп, бір бөлігі Шамға, бір бөлігі Хайбәрге барған болатын. Бірақ, олардың Ислам мен пайғамбарымызға деген өшпенділігі арта түскен еді. Басшылары Хуйей қасына қауымының алдыңғы қатарлы адамдарынан жиырма адам алып Меккеге барды. Әбу Суфйанмен кездесіп, пайғамбарымызбен исламды жою үшін келіссөздер жүргізіп, жоспарлар құруға кірісті. «Бұл істі бітіргенге дейін қастарыңнан кетпейміз» деді. Әбу Суфйан: «Дұшпанымыздың дұшпанын біз қабыл етеміз. Бірақ, сендерге сенуіміз үшін біздің пұттарымызға табынуларың керек. Сонда ғана сендердің адал екендіктеріңе сенеміз» деді. Мақсаттарына жету үшін діндерін де сатқан яһудилер пұттардың алдына барып иілді... Осылайша, кітапты кәпірлер кітапсыз кәпірлерге айналды. Сүйікті пайғамбарымыз бен Исламды жоюға ант ішісті.

Мүшріктер дереу соғысқа дайындала бастады. Көрші мүшрік тайпаларға да адамдар жіберді. Яһудилер де әр түрлі тайпаларды өздеріне тартуға күш салды. Кейбір тайпаларға ақша мен құрма беруді уәде етіп, оларды қаруландырды. Мүшріктер Мекке маңынан төрт мың адамдық үлкен әскер шығарды. Әбу Суфйан Дар-ун-нәдуәде ту байлап, Осман бин Әбу Талхаға берді. Әскерде үш жүз ат, көптеген қару-жарақ және мың бес жүз түйе бар болатын.

Төрт мың адамдық мүшрік әскері Мәрраззахранға барған кезде Сүлейман ұлдары, Фәзара ұлдары, Ғатафанлылар, Мүррә ұлдары, Әсад ұлдары сияқты көптеген тайпалар алты мың адамдық әскермен көмекке келіп, мүшрік әскерінің саны он мыңға жеткен еді. Бұл ол кезде өте үлкен күш болып саналатын.

Бұрыннан пайғамбарымызбен жақсы қатынаста болып келген Хузаа тайпасы дереу Мәдинаға хабар жіберді, он күндік жолды төрт күнде жүріп өткен салт атты кісі пайғамбарымызға мүшріктер туралы толық хабар жеткізді.

Барлық істерін сахабалармен кеңесіп атқаратын сүйікті пайғамбарымыз дереу сахабаларын жинап, жағдайды талқыға салды. Соғысты қай жерде, қалай өткізу туралы әрбір сахаба өз пікірін білдірді. Бұл топта болған Салман Фариси хазреттері де сөз алып: «Йа, Расулаллаһ! Бізде бір соғыс тәсілі бар. Жау қысым жасауға көшеді деген ықтималдығынан қорыққан кезімізде, айналамызға ор (хандек) қазып қорғанатынбыз» деді. Бұл тәсіл пайғамбарымыз бен сахабаларға ұнап, жаумен осылай соғысуға шешім қабылданды.

Пайғамбарымыз дереу біраз сахабаны алып, орды қай жерге қазу керек екенін белгіледі. Мәдинаның оңтүстік жағына бау-бақша орналасып, ол жерге ағаштар тығыз егілген болатын. Мүшріктердің бұл жерден жаппай шабуылға шығу мүмкіндігі аз еді. Сосын бұл жерді аз адам да қорғай алатын. Ал шығыста келісім жасасқан Бәни Курәйза деген яһуди тайпасы бар болатын. Сондықтан да мүшріктер тек батыс пен солтүстіктен, ашық жерден шабуыл жасауы мүмкін еді. Осы жақтардан ор қазылатын орындар белгіленді. Сахабалардың әр қайсысына үш метрден жер тиді. Әр адам өз үлесіне түскен жерді 3,5 метр тереңдікте, ат аттап өте алмайтын кеңдікте қазуы керек болды. Уақыт аз болатын, жау Меккеден Мәдинаға бет алған болатын. Ор тез арада қазылуы керек болды.

Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге «Бисмилләһиррахманиррахим» деп, орды қазуға кірісті. Бұл іске тіпті балалар да қатысты. Пайғамбарымызға Зубаб төбесінен бір шатыр дайындалды. Ордан шығарылған топырақтар зембілдермен осы төбенің айналасына төгілді, қайтып келе жатқанда Сел тауынан жауға ататын тастар әкелінді. Зембіл таппағандар етектерімен топырақ тасыды. Пайғамбарымыз да шаршағанша жұмыс істеді. Мұны көрген сахабалар «Жанымыз сізге құрбан болсын, біздің істегеніміз жетеді. Сіз жұмыс істемеңіз, өзіңізді қинамаңыз» деді. Пайғамбарымыз «Мен де жұмыс істеп сендердің алған сауаптарыңа ортақ болғым келеді» деп жауап берді.

Ол кезде күн суық болатын. Сонымен қатар сол жылдары құрғақшылыққа байланысты жұт болған еді. Жейтін нәрсе табу өте қиын болатын. Пайғамбарымыз бен сахабалар қатты ашыққан еді. Өздерін күшті деп сезіну үшін іштеріне тас байлап, аштықтарын сезінбеуге тырысты.

Пайғамбарымыз өзінің аш екендігін ойламай, сахабаларының осындай суықта аш жүріп, жұмыс істеулеріне және шеккен қиындықтарына ренжіп, «Аллаһым! Ақырет өмірінен басқа өмір жоқ. Йа, Раббым! Ансар мен мұхажирлерді есірке» деп дұға етті. Сахабалар пайғамбарымызға «Өміріміздің соңына дейін Аллаһу та’аланың жолында Ислам дінін жаю үшін Расулуллаһқа бағындық» деп жауап берді. Осы өзара сүйіспеншілік сезімі аштық, шөл сияқты небір қиындықтарды түбірінен жойған еді.

Ор қазу ісі күнде азаннан бастап кешке дейін созылатын. Бір күні қазу үстінде Әли бин Хакәм (радиаллаһу анһ) аяғынан жарақат алады. Оны атқа мінгізіп, пайғамбарымызға алып барады. Пайғамбарымыз «Бисмилләһиррахманиррахим» деп, оның жаралы аяғын сипайды. Пайғамбарымыздың мұғжизасы ретінде бір сәтте аяғының қаны тоқтап, ауырғаны қояды.

Ор қазу ісі жалғаса берді. Сахабалар бір кезде қатты бір жерге кезігеді. Қазу мүмкін емес еді. Пайғамбарымызға барып, жағдайды баяндайды. Расулуллаһ алейһиссалам барып, орға түсіп, бір ыдыспен су алдырады. Одан бір ұрттап алып, қайтадан ыдысқа құяды. Сосын сол суды қатты жерге себеді. Балғаны алып, ол жерді ұрғанда жер құмдай үгітіледі. Ол жер оңай қазылатын болады. Соны ұрып жатқанда пайғамбарымыздың қарны ашылып, ол жердегілер пайғамбарымыздың қарнына тас байлап алғанын көреді. Пайғамбарымыздың бұл жағдайын көрген Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздан үйіне барып келуге рұқсат алып кетеді. Бұдан кейінгі жағдайды хазіреті Жабир былай түсіндіреді:

«Рұқсат алғаннан кейін үйге барып, әйеліме пайғамбарымыздың қатты қарны ашқан. Оған адам шыдап тұра алмайды. Үйде жейтін не бар?» деп сұрадым. Ол «Мына лақ пен бірнеше уыс арпадан басқа ештеңе жоқ» деді. Мен дереу лақты сойдым, әйелім арпаны диірменге тартып, ұн жасады. Сосын одан қамыр илеп, етті ыдысқа салып, тандырға пісіре бастады. Сосын пайғамбарымызға барып, «Йа, Расулаллаһ! Аз ғана ас дайындадық. Қасыңызға бір-екі адам алып, бізге тамаққа жүріңіз» дедім. Расулуллаһ алейһиссалам «Тамағың қанша?» деп сұрады. Айттым. Ол «Көп, әрі жақсы тамақ. Әйеліңе айт, мен барғанша етті де, нанды да тандырдан алмасын» деді. Сосын мұхажирлерге қарап, «Ей, халайық! Тұрыңдар, Жабирдің үйіне барамыз» деді. Сахабалар пайғамбарымыздың соңынан ерді. Мен дереу үйге барып, болған жәйтті әйеліме айтып, «Енді не істейміз?» дедім. Ол маған «Пайғамбарымыз тамақтың қанша екенін сұрамады ма?» деді. Мен «Сұрады, қанша екенін айттым» дедім. Әйелім «Сахабаларды сен шақырдың ба, әлде пайғамбарымыз ба?» деді. «Расулуллаһ шақырды» дегенімде «Расулуллаһ бәрінен артық біледі» деп, мені жұбатты.

Біраздан кейін пайғамбарымыздың нұрлы дидары көрінді. Сахабаларға «Қысылыспай ішке кіріңдер» деді. Сахабалар он-оннан топтасып отырды. Пайғамбарымыз ет пен нанның берекелі болуын тілеп, дұға етті. Сосын ыдысты тандырдан шығармастан кепкірмен ішіндегілерді алған нанының үстіне қойып, сахабаларға ұсынды. Барлық сахабалар тойғанға дейін осылай жалғасты. Ант етемін, тамақты мыңнан астам адам жесе де ет пен нан сол күйінде тұра берді. Біз де жеп болғаннан кейін көршілерге тараттық».

Салман Фариси (радиаллаһу анһ) орды жақсы қазатын. Жалғыз өзі он адамның жасайтын ісін атқарды. Ол да достарымен өзіне бөлінген жерді қазып жатқанда үлкен, қатты ақ тасқа кездесті. Оны сындыруға көп күш салды. Бірақ еңбектері зая кетіп, құралдары сынды. Хазіреті Салман пайғамбарымызға барып, «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Орды қазып жатқанда бір тасқа кезіктік. Темірден жасалған барлық құралдарымыз сынды, оны орнынан козғалта алмадық» дейді. Пайғамбарымыз сол жерге барып, балға сұрады. Ол жердегі сахабалар да таңырқап қарап тұрды. Пайғамбарымыз төмен түсіп, «Бисмилләһиррахманиррахим» деп, балғаны көтеріп, қатты серпінмен тасты ұрғанда үлкен жарқыл шығып, тастың бір бұрышы сынды. Пайғамбарымыз «Аллаһу әкбар» деп, тәкбір айтты. Мұны естіген сахабалар да тәкбір айтты. Екінші рет тасты тағы ұрды. Тағы да үлкен шақпақ жарқыл шығып, тастан  паршалар ұшты. Пайғамбарымыз тағы да «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтты. Сахабалар да тәкбірді қайталады. Үшінші рет ұрғанда тағы да үлкен шақпақ шығып, тас бөлшектенді. Пайғамбарымыз тағы да «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтты. Сахабалар да қайталады.

Хазіреті Салман қолын созып, пайғамбарымызды жоғары шығарды. Салман Фариси «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Өмірімде көрмеген нәрсені көрдім. Бұның хикметі неде?» дегенде пайғамбарымыз сахабаларына қарап, «Салманның көргенін сендер де көрдіңдер ме?» деп сұрады. Олар «Иә, балғаны тасқа ұрғаныңызда үлкен жарқылдың шыққанын көрдік. Сіз тәкбір айтқанда біз де тәкбір айттық» деді. Пайғамбарымыз «Бірінші ұрғанда Кисраның үйлері көрінді. Жәбрейіл (алейһиссалам) келіп, “Үмметің сол жерлерді иеленді” деп хабар берді. Екінші ұрғанда Шамның қызыл үйлері көрінді. Жәбрейіл (алейһиссалам) келіп, “Үмметің сол жерлерге ие болды” деді. Үшіншісінде Сананың (Йеменнің) үйлері көрінді. Жәбрейіл (алейһиссалам) “Сол жерді үмметің иеленді” деп хабарлады» деді.

Сосын пайғамбарымыз Ажәм патшасының Мәдаиндегі сарайын суреттеп берген кезде сол жақтан келген хазіреті Салман «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Сізді хақ дін мен кітаппен жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, ол сарайлар тура сіз айтқандай. Сіздің Аллаһу та’аланың расулы екеніңізге куәлік етемін» деді. Пайғамбарымыз «Ей, Салман! Шам міндетті түрде алынады. Геракл елінің ең алыс жеріне қашады. Сендер Шамның барлық жеріне үстемдік етесіңдер. Сендерге ешкім қарсы келе алмайды. Йемен міндетті түрде алынады. Мына Дияри Мәшрик те міндетті түрде басып алынады және Кисра өлтіріледі. Аллаһу та’ала бұл жеңістерді менен кейін сендерге нәсіп етеді» деді.

Салман Фариси (радиаллаһу анһ) «Пайғамбарымыздың осы сүйінші хабарларының барлығының жүзеге асқанын көрдім» деген.

Жау келетін уақыт жеткен еді. Ор шапшаң түрде қазылып, бітуге аз қалған болатын. Мүжахидтер зәру жағдайларда пайғамбарымыздан рұқсат алып, қайтып келіп істерін жалғастыратын.

Мұнафықтар бұл іске салғырт қарап, қалаған кездерінде келіп, қалаған кезінде кетіп қалатын. Сондай-ақ, сахабалардың осы әрекетін мазақ етіп, пайғамбарымыздың айтқан сөздеріне қарап «Біз жаудан қорқып, орларға тығылып жатырмыз. Ол болса бізге Йемен, грек, парсы елдерінің үйлерін уәде етуде. Біз сендерге таң қаламыз» дейтін.

Осыған байланысты мүжахидтер үшін түскен аятта «Нағыз мүміндер сондай адамдар, олар ықыласпен Аллаһу та’алаға және Расулына иман келтіргендер және топтасып істейтін іс үшін Оның (Расулуллаһтың) қарамағында болған кездерінде Одан рұқсат алмайынша кетпейтіндер. Олай болса (Ей сүйікті құлым) Сенен рұқсат сұрағандар Аллаһу та’алаға және Расулына иман келтіргендер. Бұл мүміндер кейбір істері үшін сенен рұқсат сұрағанда сен де олардан қалаған адамыңа рұқсат бер және олар үшін Аллаһу та’аладан кешірім тіле. Күмәнсіз, Аллаһу та’ала Ғафур-ур Рахим, өте кешірімді, өте мейірімді» делінді. («Нұр» сүресі, 62)

Мұнафықтар үшін түскен аяттарда былай делінді: «Аллаһу та’аланың Расулының шақыруын өз араларыңда бір-біріңді шақырусыз деп санамаңдар (шақыруына дереу барыңдар және рұқсатсыз кетпеңдер)! Іштеріңнен бір-біріңді тасалап, жасырын қашқандарыңды Аллаһу та’ала әрине біледі. Оның бұйрығынан қашқандар дүниеде бүлікке, ақыретте азапқа ұшыраудан сақтансын! Абай болыңдар! Көктер мен жерде не бар болса барлығына да Аллаһу та’ала ие. Ол сендердің қандай сенімде екендіктеріңді және (кәпірлер мен мұнафықтардың) өзіне қайтарылатын қиямет күнін де біледі. Аллаһу та’ала олардың дүниеде жасағандарын өздеріне айтады. Аллаһу та’ала барлық нәрсені біледі». («Нұр» сүресі, 63, 64)

Ор қазу ісін бастағалы он күн болған еді. Барлығы өз істерін толық бітірген болатын. Тек бір жер уақыт жетпегендіктен терең және кең етіп қазылмай қалады. Пайғамбарымыз осы жерден қауіптенетінін айтып «Мүшріктер осы жерден басқа жерден өте алмайды» деді. Ол жерге кезекпен күзет қойды.

Мүшрік әскері Мәдинаға жақындаған кезде яһуди Надир ұлдарының басшысы Хуйей құрайыш әскерінің қолбасшысына Мәдинадағы Курейза яһудилерінің мұсылмандармен бейбіт келісімге келгенін, бірақ олардың басшысы Қа’б бин Әсадты алдап, өз саптарына қоса алатындығын айтты. Қолбасшы «Ей, Хуйей! Дереу Ка’б бин Әсадқа бар. Мұсылмандармен жасаған анттарын бұзып, бізге көмектессін» деді. Бұл келісімнің баптарының бірі «Мәдинаға бір дұшпан әскері шабуыл жасаса, мұсылмандармен бірге дұшпанға қарсы тұру» болатын.

Яһуди Хуйей мүшрік әскерінен шығып, түнде Бәни Курәйза басшысы Қа’бтың үйіне барады. Есікті қағып, өзінің кім екенін айтады: «Ей, Қа’б! Құрайыштың бүкіл әскерін Қинанә және Ғатафан ұлдары сияқты көптеген тайпалардың басын қосып он мыңдық әскер ертіп әкеле жатырмын. Енді Мұхаммед пен сахабалары құтыла алмайды. Оларды толық жоймайынша құрайыштықтармен бұл жерден кетпеуге ант іштік» деді. Қа’б «Мұхаммед пен сахабалары өлтірілмей, құрайыш пен ғатафандар елдеріне қайтып кетсе, біз бұл жерде жалғыз қаламыз. Сосын бізді өлтіреді деп қорқамын» деп қауіпін білдіргенде Хуйей «Бұл қорқынышты сейілту үшін құрайыш пен ғатафандардан жетпіс адам кепіл сұрайсың. Бұл кепіл адамдар сенде болған кезде олар бұл жерден кете алмайды. Егер жеңіліске ұшырап, кететін болса мен сендердің қастарыңнан кетпеймін. Сендерге төнген қауіп маған да төнсін» деп, Қа’б пен басқа яһудилерді алдады. Мұсылмандармен жасалған келісім құжатты жыртқызды. Осылайша, келісім бұзылған еді.

Хуйей мүшрік әскеріне оралып, жағдайды баяндады. Бәни Курейзаның мұсылмандардың арқасынан шабуылдайтынын білдірді.

Жетінші күні мүшріктер он мың адамдық әскермен Мәдинаның батыс және солтүстік жағына барып, ордаларын құрды. Бұл орда ор қазылған жерде болатын. Мүшріктердің ойы осы үлкен әскермен Мәдинаны талқандау, Исламды жою болды. Бұл бір қарағанда қарсы тұруға болмайтын алып әскер болып көрінді.

Мүшріктер ойларына кіріп-шықпаған орларды көргенде таң қалып, көңіл-күйлері бұзылды. Өйткені, ор өте үлкен және ат аттап өте алмайтындай кеңдікте болатын. Ішіне түскен адам да оңайлықпен шыға алмайтын. Оның үстіне сауыт киген адамның жоғары өрмелеп шығуы одан да қиын еді.

Мүшріктердің келгенін естіген пайғамбарымыз алты күн бойы жұмыс істеп шаршаған сахабаларын жинап, ордың келесі бетіне Сел тауының етегіне ордасын құрды. Арттарында Сел тауы мен Мәдина бар болатын, алдарында ор, оның арғы жағында жау... Ибн Үммү Мәктум Мәдинада пайғамбарымыздың өкілі ретінде қалдырылды. Әйелдер мен балалар қамалдарға орналастырылды. Үш мыңдық Ислам әскерінің отыз алты атты әскері болды. Туларды Зәйд бин Хариса мен Са’д бин Убадә (радиаллаһу анһум) алып жүрді. Пайғамбарымыздың теріден жасалған шатыры Сел тауының етегіне құрылды.

Тағы да қаншама ерліктер көрсететін сахабалар (радиаллаһу анһум) жаудың әрекетін мұқият бақылап отырды. Осы кезде пайғамбарымызға хазіреті Омар келді. «Йа Расулаллаһ! Естуім бойынша Курәйза яһудилері арамыздағы келісімді бұзып, бізге қарсы соғысқа дайындалып жатыр екен» деді. Мұндай күтпеген хабарға пайғамбарымыз «Хасбуналлаһу уә нимәл уәкил – Аллаһу та’ала бізге жетеді. Ол қандай жақсы өкіл» деп жауап қайтарды. Қатты алаңдаған еді. Ислам әскері екі оттың ортасында қалған еді. Солтүстік пен батыста мүшрік әскерлері, оңтүстік шығыста яһудилер бар еді.

Пайғамбарымыз Зубәйр бин Аууамды (радиаллаһу анһ) Курәйза ұлдарының бекінісіне жіберді. Хазіреті Зубәйр барып, жағдайды білді. Келіп «Йа, Расулаллаһ! Олардың бекіністерін жөндеп, соғысқа дайындалып жатқанын көрдім. Жануарларын да жинап жатыр» деп, көргендерін айтты. Осыған орай пайғамбарымыз Са’д бин Муаз, Са’д бин Убадә, Хаууат бин Жубәйр, Амр бин Ауф, Абдуллаһ бин Рауаханы (радиаллаһу анһум) Курәйза ұлдарына насихат айтып, олармен қайта келісімге келуге жіберді.

Тапсырма берілген бұл бес сахаба Курәйза яһудилерінің бекінісіне барып, оларға насихат айтты. Бірақ, бұдан нәтиже шықпады. Тіпті олар сахабаларға тіл тигізе бастайды. Ақырында «Бауырларымыз Надир ұлдарын жерлерінен айдап шығарумен біздің қолымызды, қанатымызды кестіңдер. Мұхаммед кім екен сонша! Онымен арамызда ешқандай уәде де, келісім де жоқ. Пайғамбарларыңа бірден шабуыл жасап, өлтіруге ант іштік. Бауырларымызға көмек береміз» деді.

Са’д бин Муаз бен жолдастары (радиаллаһу анһум) пайғамбарымыздың алдына барып, ешкімге сездірместен хабарды жеткізді. Пайғамбарымыз «Хабарды жария етпеңдер. Өйткені, соғыс шара қолданумен алдаудан тұрады» деді.

Сахабалар ордың бір жағында пайғамбарымызды күтіп, оның қалай әрекет жасайтынына қарап тұрды. Біраздан соң пайғамбарымыз сахабалардың жанына барып, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп тәкбір айтты. Мұны естіген сахабалар барлығы бірден тәкбір айтып Хақ та’аланың есімінің ұлылығын білдіріп, ордың арғы жағындағы кәпірлердің жүректеріне қорқыныш ұялатты. Мүшріктер мұны естіп, «Мұхаммед пен сахабаларына бір қуанышты хабар келді-ау деймін» деді. Пайғамбарымыз сахабаларына «Ей, мұсылман жамағаты! Аллаһу та’аланың жеңісі мен көмегіне қуаныңдар» деп, жеңетіндіктерін сүйіншіледі. Сахабалар бұған дейін бірнеше жорықтарда болып, Бәдір мен Ухуд соғыстарына қатысқан болатын. Саны және күші жағынан басым болған мүшріктерді барлық кезде Аллаһу та’аланың рұқсаты мен пайғамбарымыздың дұғасымен жеңген болатын. Өздерін болмыстардың бас тәжі болған пайғамбарымыз басқарғандықтан жасай алмайтын іс, аса алмайтын өткел болуы мүмкін емес еді. Күн суық болатын, жұттың кезі, адамдар аш еді. Пайғамбарымызды қосқанда біразы іштеріне тас байлап алған еді. Қарсыларында жау тұрған еді. Бірақ, сахабалар үшін жаудың көптігі мен шеккен қиыншылықтары маңызды емес болатын. Олар үшін Аллаһу та’ала ең жақсы өкіл еді... Соған беріліп, Соған сүйенген, Соған сыйынған еді.

Құрайыштың алдыңғы қатарлы қолбасшылары мен құрайышпен бірге келген басқа тайпалардың көсемдері жаппай шабуылдауға шешім қабылдамастан бұрын ордың айналасынан өте алатын жер іздеді. Орды ана басынан мына басына дейін көріп шықты. Ақырында асығыстықпен жартылай қазылмай қалған жерге тоқтап, сол жерден шабуыл жасауға шешім қабылдады. Мүшрік әскерлері де сахабаларға бір, орға бір қарап, абдырап тұрды. «Ант етеміз, бұл арабтар қолданатын тәсіл емес, мұны сол парсы адам ұсынған» деді олар.

Құрайыштық қолбасшылар әскеріне ордың тар жерін көрсетіп, «Осы жерден кім аттап, қарсы бетке өте алады?» деген кезде іштерінен бес атты әскер шықты. Бұлар жекпе-жек соғысу үшін ордың арғы жағына өтуі керек еді. Сахабалар мен мүшрік әскерлері осы бесеуінің әрекетіне қарап тұрды. Аттылар жылдамдықпен келіп аттау үшін кері шегінді. Сосын аттарының басын ордың тар жеріне бұрып, алға қарай шапты. Тағалары бар бес ат бір аттағанда ордың арғы бетіне өтеді. Оны көптеген атты әскерлер қайталағысы келгенмен олар мұны істей алмай, ордың арғы жағында қалып қойды. Өткендердің ішінде Амр бин Абд деген өте күшті бір адам да бар болатын. Басынан аяғына дейін сауыт киінген, айбатты сұсы бар болатын. Сұсты болып көрінетін бұл адам мүжахидтерге қарап «Менімен шайқасатын адам бар болса, шықсын» деді.

Осы кезде хазіреті Әлидің пайғамбарымыздың қасына барып, «Жаным сізге құрбан болсын, Йа Расулаллаһ! Онымен мен шайқасайын» деп рұқсат сұрады. Оның үстінде сауыты да жоқ болатын. Сахабалар оған қызғанышпен қарап тұрды. Пайғамбарымыз өзінің сауытын шешіп, хазіреті Әлиге кигізді, қылышын берді. Басындағы сәлдесін шешіп, оған өз қолымен кигізді. Сосын «Аллаһым! Бәдір соғысында көкемнің баласы Убәйдә, Ухуд соғысында көкем Хамза шәйіт болды. Жанымда бауырым мен көкемнің баласы Әли қалды. Сен оны сақта. Оған көмек бер. Мені жалғыз қалдырма» деп дұға етті. Сахабалар «Әмин» деді.

Дұғалар мен тәкбірлердің арасында жаяу алға қарай жүрген Аллаһу та’аланың арыстаны қарсы алдында атпен ентелеп тұрған Амр бин Абдтың алдына шықты. Көздерінен басқа жерінің бәрі сауытпен қапталған Амр бұл батырды танымай, одан кім екенін сұрады. Ол «Мен Әли бин Әбу Тәліппін» деп өзін таныстырғанда Амр «Ей, бауырымның баласы! Әкең менің досым. Сондықтан да сенің қаныңды төккім келмейді. Маған қарсы шығатын көкелерің жоқ па?» деп оған жаны ашығандай кейіп танытты. Хазіреті Әли «Ей, Амр! Уаллаһи, мен сенің қаныңды төккім келеді. Бірақ, екеуміз тең жағдайда болуымыз керек емес пе? Жігіттікке сол жараспай ма? Мен жаяумын, ал сен болсаң аттың үстіндесің» деп, оны арандатты.

Мұны естіген Амрдың жігіттік намысы қозып, дереу атынан түсіп, атының аяқтарын қылышпен шауып, хазіреті Әлидің алдына барды. Шайқасқалы тұрғанда Аллаһу та’аланың арыстаны «Ей, Амр! Сен құрайыштан біреумен кездескенде оның екі тілегінің бірін орындаймын деп ант бергеніңді естідім. Бұл рас па?» деп сұрайды. Ол «Иә, рас» дейді. «Олай болса, бірінші тілегім – сенің Аллаһу та’ала мен Расулына иман келтіріп, мұсылмандықты қабылдауың» деп иманға шақырды. Мұны естіген Амр ашуланып, «Жоқ, бұл маған керек емес» деді. Хазіреті Әли «Екінші қалауым – шайқасты тастап, Меккеге қайтуың. Өйткені, Расулуллаһ жауды жеңсе сен бұл әрекетіңмен Оған көмектескен боласың» деді. Амр «Бұл да болмайды. Мен өш алмайынша тоқтамауға ант іштім. Басқа тілегің болса айт» деді. Хазіреті Әли «Ей, Аллаһу та’аланың дұшпаны! Олай болса сенімен шайқасудан басқа шара қалмады» деді. Амр бұл сөздерге күліп, «Міне, дұрысы! Араб жерінен маған қарсы шыға алатын жігіттің бар екенін еш ойламаппын. Ей, бауырымның баласы! Ант етемін, мен сені өлтіруді қаламаймын. Өйткені, әкең менің досым болатын. Мен құрайыштан Әбу Бәкір сияқты, Омар сияқты адамды қалар едім» деді. Хазіреті Әли «Солай болса да, мен сені өлтіру үшін осы жерге шықтым» деген кезде Амрдың қаны басына шауып, қылышын сілтеді. Осыны күтіп тұрған Аллаһу та’аланың арыстаны соққыны қалқанымен күтіп алды. Бірақ, Амрдің соққысынан қаншама қалқандар қираған болатын. Бұл жерде де солай болды. Хазіреті Әлидің қалқаны сынып, қылыш басына тиіп, жарақат алды. Ұру кезегі Әлиге келген еді. «Йа, Аллаһ» деп, Зулфиқарды Амрге қарай сілтеді. Ол қылышын сілтеген кезде Ислам әскерінен «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыстар жер мен көкті жаңғырта бастады. Иә, пайғамбарлардың сұлтаны, болмыстардың бас тәжі болған пайғамбарымыздың дұғасы қабыл болып, Амрдың денесі жерге құлап, басы жерге домалады. Ең сенген адамдары болған Амрдің жерге құлағанын көрген жолдастары дереу хазіреті Әлиге қарай ұмтылды. Мұны көрген сахабалар да сол жерге жүгірді. Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) Нәуфәл бин Абдуллаһты жаралап, атымен бірге орға құлатты. Хазіреті Әли орға түсіп, Нәуфәлді екі бөлікке бөлді. Қалғандары ордан әрең дегенде өтіп, кері қашты. Мүшрік әскерінің бас қолбасшысы соғыстың басында-ақ үмітін үзе бастаған еді.

Енді соғысу түрі анықталған еді. Ор бетпе-бет соғысуға кедергі келтіретін еді. Бір-біріне садақ атуға кірісті. Бұл әрекеттен ештеңе шықпады. Мүшріктер бұлайша жеңе алмайтындарын біліп, ордың барлық жағынан шабуыл жасауға шешім қабылдап, шабуылға көшті. Он мың адамдық алып дұшпан әскері ордан өтуге тырысып жатса, үш мың адамдық Ислам әскері оқпен, таспен оларды ордан өткізбеуге күш салды. Қызу шайқас басталған еді. Бұл соғыс кешке дейін жалғасты.

Пайғамбарымыз түнде ордың әр жеріне кезекшілер қойды. Өзі ордың тар жеріне күзетке тұрды. Мәдинаға бес жүз адамдық шолғыншы әскер жіберіп, оларға көшелерде қатты дауыспен тәкбір айтуды бұйырды. Осылайша, яһудилерден немесе құрайыш мүшріктерінен келетін қауіптің дер кезінде алды алынып, әйелдер мен балалар қорғалатын еді.

Курәйза яһудилері болса Хуйей бин Ахтабты мүшріктерге жіберіп, түнде шабуыл жасау үшін екі мың адамдық әскер сұрады. Түнде қорғаусыз қалған әйелдер мен балаларға шабуыл жасауды жоспарлады. Бірақ, мүжахидтердің азанға дейін шолғын жасап жүрулері «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтулары олардың жүректеріне қорқыныш ұялатты. Бекіністеріне тығылып, оңтайлы сәтті күте бастады. Шағын топтар түрінде біртіндеп Мәдинаға кіруге тырысты.

Бір түні Курәйза ұлдарынан Ғаззал қасына ерткен он адамдық топпен бірге пайғамбарымыздың әпкесі Сафийәның (радиаллаһу анһа) үйіне дейін барады, іште әйелдер мен балалар бар болатын. Олардың қорғанатын бірде-бір қарулары жоқ еді. Яһудилер алдымен үйге оқ атып, сосын ішке кіруге тырысты. Олардың бірі ішкі аулаға өтіп, үйге кіру үшін айналаны бақылай бастайды. Осы кезде пайғамбарымыздың батыр әпкесі қасындағыларға дыбыс шығармауды ескертіп, төмен түсіп, есіктің жанына барады. Бір матамен басына сәлде орап, ер адамның кейпіне еніп, қолына бір құрық алып, беліне пышақ тағады. Жайлап есікті ашып, жаңағы яһудидің артынан барып, құрықпен басынан ұрады. Жерге құлаған яһудиді бір сәтте өлтіреді. Сосын өлтірілген яһудидің басын сыртта оқ атып жатқан яһудилерге лақтырды. Жолдастарының басын көрген яһудилер қорқып, қаша бастайды. Өз араларында «Бізге мұсылмандар үйлеріне ешқандай еркек қалдырмастан барлығы соғысқа кетті деген хабар берілген еді» деп айтып жатты.

Соғыс таңертең тағы да солай жалғасты. Оқтар ұшып жатты. Пайғамбарымыз сахабаларына «Болмысым құдірет қолында болған Аллаһу та’алаға ант етемін, басымызға түскен бұл қиындықтар міндетті түрде үстеріңнен алынады және сендер қуанышқа бөленесіңдер» деп,  оларға сабырлылық танытуды ұсынды және жеңістің сенгендерге тән екенін айтты. Бұл сүйінші хабарды алған батыр сахабалар аштық, жоқшылық сияқты қиыншылықтарын ұмытып, бар күштерін салып шайқасты. Ордан бірде-бір мүшрікті өткізбеді. Сахабалардан Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһ) үлкен батырлықпен соғысты. Соғыс барысында Хиббан бин Қайс бин Арака деген мүшріктің атқан оғынан жарақат алды. Оқ тамырына тиіп, көп қан жоғалтты. Хазіреті Са’д қасындағылардың қанды тоқтатуға бар күштерін салғанын көріп, жағдайдың қиын екенін түсініп, «Йа, Раббым! Құрайыш соғысты жалғастыратын болса маған өмір бер. Өйткені, Сенің Расулыңды азаптаған, Оны жаралаған мүшріктермен соғысудан басқа ештеңе қаламаймын. Егер арамызда соғыс бітетін болса, мені шәйіт дәрежесіне көтер. Бірақ, бәни Курейзаның тағдырын көрместен рухымды алма» деп тіледі. Дұғасы қабыл болып, қаны тоқтады.

Сахабалардың арасында соғысып жүрген сияқты болып көрінетін Абдуллаһ бин Убәй сияқты мұнафықтар болса барынша ауыр қимылдап, алдыңғы шептерге бармады. Сондай-ақ, мүжахидтердің көңіл-күйін бұзу үшін қолдарынан келгенді жасады: «Мұхаммед сендерге Кайсәр мен Кисраның қазыналарын уәде етуде, ал қазір ордың ішіне қамалып отырмыз. Қорыққанымыздан дәрет сындыруға да бара алмаймыз. Аллаһ пен Расулы бізді алдаудан басқа ешнәрсе істемейді» деп бүлік шығаруға тырысты. Қысылған кездерінде үйлеріне жаудың шабуыл жасайтынын сылтау етіп, орындарын тастап кетіп қалатын. Мұнафықтардың бұл әрекеттері де өз алдына бір дерт болды.

Мүшрік әскері бар күшін салса да қаһарман сахабалардың тойтарысының алдында ешқандай нәтиже шығара алмады. Ең көп шабуылдаған жерлері ордың тар жері болатын. Пайғамбарымыз ол жерден кетпей, сахабаларын соғысқа тартты. Пайғамбарымыздың қасында соғысу құрметіне ие болған сахабалар (алейһимурридуан) соғыс майданында теңдессіз ерліктер көрсетті. Бір кезде мүшріктердің қатты оқ жаудыра бастағаны байқалды. Барлығының нысанасы пайғамбарымыздың шатыры болды. Пайғамбарымыздың денесінде бір сауытпен басында дулығасы бар болатын. Шатырдың алдында тіп-тіке тұрып, соғыстың барысына қарай сахабаларына бұйрықтар беріп тұрды. Мүшріктер кейде әлсіз болып көрінген жерге бірден шабуылдап, сахабалар болса сол жерге жүгіріп, дін дұшпандарын ыдыратқанша бар жандарын салып соғысатын. Осындай қызу соғыс жүріп жатты, сахабалар шайқастан бастарын да бұра алмайтын жағдайда еді. Сол күні ерте басталған соғыс кеш уақыттарға дейін созылды. Намаз уақыттары кіргенде сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Намазымызды оқи алмадық» дегенде пайғамбарымыз да ренжіп, «Уаллаһи, мен де оқи алмадым» дейтін.  Құптан уақытында ғибадаттарын жасатпаған жаудың әскерін қатты шабуылмен кері ысырып, ыдыратты. Құрайыштықтар мен Ғатафандар түнеу үшін ордаларына кірді. Мүжахидтер де пайғамбарымыздың шатырына қарай бет алады. Сол кезде пайғамбарымыз қарғыс айту әдетінде жоқ болса да намаз үшін шыдай алмай, «Олар қалай күн батқанға дейін бізді намаздан қалдырса, Аллаһу та’ала да олардың үйіне, қарындарына және қабірлеріне от толтырсын» деп, мүшріктерге қарғыс айтты. Қаза болған бесін, екінді және шам намаздарын оқығаннан кейін құптан намазын оқыды.

Мүшріктер Исламды жою мақсатында жасаған осындай қақтығыстар мен шайқастарынан кейін мұсылмандарды күндіз жеңе алмайтындықтарын түсінді. Олар дәл осындай ауыр соққымен түнде шабуылдауға шешім қабылдады. Мұсылмандарды тек осылай ғана жеңуге болады деп ойлады. Осы шешімдерін дереу іске асырып, яһуди Курәйза ұлдарымен бірге түнде шабуыл жасауға көшті. Әскерін топтарға бөлген мүшріктер кезектесіп шабуыл жасады. Бұл бірнеше күнге созылды. Пайғамбарымыз бастаған сахабалар аш, шаршаған  болса да қорғанудан тайсалмады. Ешқандай жау әскеріне ордан өту мүмкіншілігін бермеді. Бұл қорғаныс бұрынғы соғыстардан да қорқынышты, ауыр болған еді.

Бірнеше күннен бері соғысып жатқан мүшріктерде азық-түлік мәселесі қиындай бастады. Ат пен түйелері де жерден бір тал шөп таба алмастан қырыла бастаған еді. Сол себептен мүшріктердің қолбасшысы Дырар бин Хаттаб қол астындағы бір жасақты Курәйза яһудилерінен азық әкелуге жібереді. Кәпірлерге барлық нәрселерін пида еткен яһудилер дереу жиырма түйеге бидай, арпа, құрма және малға сабан артып береді. Дырардың әскерлері қуанып қайтып келе жатқанда Куба маңында бір топ сахабаға (алейһимурридуан) кезігеді. Сахабалар оларға шабуылдап, қанды шайқастан кейін мүшріктерді қуып, жүк артылған түйелерді пайғамбарымызға апарып тапсырып, разылығын және дұғасын алады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір айға жуық уақытқа созылған бұл соғыста қатты қиналған сахабаларына жаны ашып, оларға әкелерінен де артық жақсылықтар жасайтын. Сахабаларының көрсеткен осындай тамаша табандылығына риза болып, маңдайын жерге қойып, олар үшін Аллаһтан былай тілек тілейтін: «Ей, дерттілерге көмекке келуші! Ей, мұқтаждар мен шарасыздардың дұғасын қабыл етуші Аллаһым! Менің және сахабаларымның жағдайын сөзсіз көріп, біліп тұрсың. Йа, Раббым! Сен дұшпанды азапқа ұшырат, араларына бүлік сал және оларға қарсы бізге көмек бер!...» Пайғамбарымыз бұл дұғасын соңғы күндері көп қайталады.

Мүшріктер жұттан қиналып, тезірек мұсылмандарды құрту үшін бар күштерін салды. Бір күні кешке мүшрік әскерінен жүрегіне Исламның сүйіспеншілігі ұялаған бір адам пайғамбарымызға барды. Ол Ғатафан тайпасынан Нуғайм бин Мәсуд болатын. Пайғамбарымызға «Йа, Расулаллаһ! Мен Аллаһу та’аланың бір екенін және сіздің хақ пайғамбар екеніңізді мақұлдауға келдім. Аллаһқа шүкір, мұсылман болдым. Осыған дейін сізге қарсы соғыстым. Бұдан кейін кәпірлерге қарсы соғысамын. Маған не бұйырсаңыз соны орындауға әзірмін. Йа, Расулаллаһ! Менің мұсылман болғанымды қауымым әлі білмейді» деді. Пайғамбарымыз «Мына кәпірлердің арасына барып, араларына бүлік сала аласың ба?» деді. Ол «Йа, Расулаллаһ! Аллаһтың көмегімен оларды бір-біріне айдап сала аламын. Бірақ, қалаған сөзімді айтуыма бола ма?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Соғыс айладан тұрады, қалағаныңды айта бер» деді.

Нуғайм бин Мәсуд алдымен Курәйза яһудилеріне барып «Менің сендерге деген сүйіспеншілігімді білесіңдер. Бірақ бұл айтқандарым осы жерде қалсын, ешкім білмесін» деді. Яһудилер «Ешкім білмейтін болады» деп ант етті. Сосын хазіреті Нуғайм Мына адамның (пайғамбарымыздың) ісі нағыз бәле. Оның Надир және Қайнуқа ұлдарына не істегенін білесіңдер. Оларды отандарынан айдап шыққанын бәрің де көрдіңдер. Енді құрайыштықтар мен ғатафандар келіп, мұсылмандармен соғысуда, сендер оларға көмектесіп жатырсыңдар. Қанша күннен бері соғысып жатсақ та ешқандай нәтиже шығара алмадық. Осылай жалғаса берсе, қоршау ұзаққа созылайын деп тұр. Құрайыштықтар мен ғатафандардың малдары, мүліктері, жерлері, бала-шағалары сендер сияқты бұл жерде емес. Егер бұл соғыста жеңетін болса, олжаларын жинайды да елдеріне кетеді. Егер жеңілетін болса кері шегініп кетеді. Сендер мұсылмандармен қаласыңдар. Алайда, сендердің оларға қарсы тұра алатын күштерің жоқ. Соғыстың қазіргі жағдайы мұсылмандардың жеңетінін көрсетіп тұр. Менің шамалауымша мұсылмандар сендерді қырады. Сондықтан да тез арада бір шара қолдануларың керек» деді. Бұл сөздерді ұйып тыңдаған яһудилер хазіреті Нуғаймның өздерінің қамын ойлағанына риза болып, «Сен бізге лайықты дос екеніңді көрсеттің. Біз не істесек болады, соны айт» деді. Осыны күтіп тұрған Нуғайм бин Мәсуд (радиаллаһу анһ) «Дұрысы мынау, құрайыш пен ғатафаннан кепілге кейбір адамдарды алмайынша мұсылмандармен соғыспаңдар. Кепіл адамдар сендерде болған кезде олар соғыстан қашып кете алмайды!» деді. Мұның өте жақсы шара екенін қабылдаған яһудилер оған алғыстарын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.

Хазіреті Нуғайм яһудилерден кетіп, тікелей Құрайыш ордасына барды. Олардың қолбасшыларына «Менің Мұхаммедке деген дұшпандығымды және менің сендерді қалай жақсы көретінімді білесіңдер. Естіген нәрсемді сендерге жеткізуді міндетім деп санадым. Бірақ, бұл естігендеріңді ешкімге айтпауға уәде бересіңдер» деді. Олар ант беріп, таңырқап, «Айт, сені тыңдап отырмыз» деді. «Хабарларың болсын, Курейза яһудилері сендермен одақ болғандарына өкініп, Мұхаммедке хабар жіберіпті: «Құрайыш пен Ғатафандардың алдыңғы қатарлы адамдарын кепілге алып, оларды өлтіруді сендерге тапсырайық. Сосын сенімен одақ құрып мүшріктерді түбірінен жойғанша соғысайық. Бірақ, сен бауырымыз Надир ұлдарын кешіріп, жерлерін қайтаруың керек» депті. Мұхаммед олардың бұл тілегін қабылдапты. Егер яһудилер сендерден кепіл адам сұраса қабылдамаңдар. Оларды өлтіреді. Бұл айтқандарымды ешкім естімесін» деді. Құрайыштықтар осындай маңызды хабарды жеткізгені үшін Нуғаймға сый-сияпат көрсетті.

Нуғайм бин Мәсуд (радиаллаһу анһ) ол жерден кетіп, Ғатафандарға барды. Құрайыштықтарға айтқандарын оларға да айтты.

Бір күннен кейін Құрайыш қолбасшысы Курәйза ұлдарына «Бұл жерде қалу қиындық тудыра бастады. Өйткені, күн суық, жануарларымыз да аштықтан қырылуда. Бүгін түнде дайындық жасап, ертең бәріміз бірден шабуыл жасайық» деген хабар жібереді. Яһудилер «Біз сенбі күні соғыспаймыз және сендермен бірге соғысқа қатысуымыз үшін алдыңғы қатарлы адамдарыңнан бірнеше адамды бізге кепіл ретінде берулерің керек. Егер қоршау мерзімі ұзап, сендер әлсіреп, елдеріңе қайтатын болсаңдар бізді Мұхаммедке берген боласыңдар. Егер кепіл адам берсеңдер бізді тастап кете алмайсыңдар деді. Бұл хабар Құрайыштың қолбасшысына жеткен кезде «Нуғайм бин Мәсудтың айтқаны дұрыс екен деп, яһудилерге хабар жіберіп, «Біз сендерге бірде-бір адамды кепіл ретінде бермейміз. Егер ертең, бізбен бірге шабуылға шықсаңдар қандай жақсы. Әйтпесе біз жерімізге кетіп қаламыз. Сендер Мұхаммед пен сахабаларының қоршауында қаласыңдар деді. Осылайша, екі жақ та үрейге салынды.

Пайғамбарымызға Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Аллаһу та’аланың мүшріктерге дауыл жіберетінін айтты. Осыған байланысты пайғамбарымыз тізерлеп отырып, қолын жайып, «Аллаһым! Маған және сахабаларыма мейірім еткенің үшін шүкір етемін» деп алғысын білдірді. Сосын бұл сүйінші хабарды сахабаларына жеткізді.

Ол күні сенбінің түні болатын. Дала қап-қараңғы еді. Қатты суық түсіп, қатты жел тұра бастады. Бұл түнді Хузәйфәт ибн Йәман былай түсіндірді:

«Ол түн өте қараңғы болды. Күн күркіреп, қатты дауыл тұрды. Осы сәтте мүшрік әскерінің әбігерге түсіп, өз араларында түсініспеушіліктер орын алғанын пайғамбарымыз бізге хабарлады. Біз қатты суықтан, аштықтан, түннің қорқыныштылығынан орнымыздан тұра алмай, отырған жерімізде үстімізге бір нәрселер жауып, күтіп отырдық.

Пайғамбарымыз намазға тұрып, түннің бір бөлігін намазбен өткізгеннен кейін: «Араларыңда мүшрік әскеріне барып, олардың жағдайын біліп, маған хабарлап келетін адам бар ма? Мұндай адамның жұмақта маған жолдас болуын Аллаһу та’аладан тілейін» деді. Ол жердегілер суыққа байланысты орындарынан тұра алмады. Сосын пайғамбарымыз менің жаныма келді. Суық пен аштықтан тізерлеп, бүрісіп отыр едім. Маған қолын тигізіп «Сен кімсің?» деп сұрады. «Мен Хузәйфәмін» дедім. Пайғамбарымыз «Бар, ана қауымның не істеп жатқанын көріп кел. Қасыма қайтып келгенше оларға оқ пен тас атпа, найза, қылыш жұмсама. Сен қайтып келгенше суықтан, ыстықтан зиян көрмейсің, тұтқынға түсіп, қастандыққа ұшырамайсың» деді. Қылышым мен садағымды алып, кетуге дайындалдым. Пайғамбарымыз мен үшін «Аллаһым! Оны алдынан - артынан, оңынан - солынан, үстінен - астынан қорға» деп дұға етті.

Мүшріктерге қарай жүрдім. Өзімді моншада жүргендей сезіндім. Ешқандай қорқыныш, жаурау, үрей сезімін байқамадым. Сөйтіп, мүшріктердің ордасына бардым. Қолбасшылармен алдыңғы қатарлы адамдары от жағып, жылынып отыр екен. Әбу Суфйан «Бұл жерден кету керек» деп айтып отырды. Менің ақылыма оны дереу өлтіру келді. Бір оқ алып садағыма қойдым. Оттың жарығын пайдаланып, оны атқым келді. Дәл атқалы тұрғанымда пайғамбарымыздың «менің қасыма қайтып келгенше ешқандай оқиға туындатпайсың» дегені есіме түсіп, өлтіруден бас тарттым. Сосын өзімді батыл сезіне бастадым. Мүшріктердің қасына барып, оттың басына отырдым. Қатты жел мен Аллаһу та’аланың көрінбейтін әскері (періштелер) оларға жасайтындарын жасаған еді. Желде ыдыстары аударылып, оттары сөніп, шатырлары бастарына құлады. Бір кезде мүшрік әскерінің қолбасшысы Әбу Суфйан орнынан тұрып, «Араларыңда тыңшылар болуы мүмкін, әркім қасындағысына қарап, кім екенін білсін. Әр адам қасындағы адамның қолынан ұстасын» деді. Әбу Суфйан араларына бір бөтен адамның кіргенін сезгендей болған еді. Дереу қолымды созып, екі жағымдағы адамның қолынан ұстап, олардан бұрын есімдерін сұрадым. Осылайша мені танымай қалды. Ақырында Әбу Суфйан әскерлеріне былай деді: «Ей, құрайыштықтар! Сендер жайсыз жердесіңдер. Аттар мен түйелер қырыла бастады. Жұт жайлады. Дауылдың күшейгенін көріп отырсыңдар. Дереу қайтыңдар. Міне, мен де кетемін» деп, түйесіне мінді. Қатты күйзеліп әлсіреген мүшрік әскері жиналып, Меккеге қарай жолға шықты. Олардың үстіне құм мен қиыршық тас құйылып, жауып тұрды.

Мүшрік әскері кеткеннен кейін мен де қайттым. Жолдың жартысына жеткенде алдымнан жиырма шақты ақ сәлделі салт аттылар (періштелер) шықты. Маған «Расулуллаһқа хабарла. Аллаһу та’ала дұшпанды жеңді» деді. Пайғамбарымыздың қасына барғанымда ол намаз оқып отыр еді. Мен келе сала баяғы жаураған, дірілдеген қалпыма түстім. Пайғамбарымыз намаздан кейін қандай хабар әкелгенімді сұрады. Мен мүшріктердің кеткенін айттым. Пайғамбарымыз бұл хабарға қатты қуанып, күлімсіреді. Бірнеше күннен бері ұйқы көрмеген едік. Пайғамбарымыз мені қасына алып, үстіндегі төсенішінің бір ұшын маған жапты. Ол түнді солай өткіздік. Таң атқанда пайғамбарымыз мені оятты. Біз қараған кезде  мүшрік әскерінен із де қалмаған еді. Олар Меккеге жеткенге дейін олардың артынан қатты боран ұйытқып, арттарынан тәкбір дауыстары естіліп тұрды.

Құрайыш мүшріктері ордаларын тастап қашқаннан кейін оларға бағынып келген басқа мүшрік тайпалар да Мәдинадан кетті. Олар ұмытылмастай жеңілістеріне қатты қайғырды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) және ардақты сахабалары (алейһимурридуан) Аллаһу та’алаға шүкір сәждесін жасап, хамд айтып, шүкіршілік етті. Мүжахидтер «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыстармен нұрлы Мәдинаға қарай бет алды. Мәдинаның көшелері балаларға толып, олар пайғамбарымызбен әкелерін, көкелерін, ағаларын күтіп алуға шыққан еді. Пайғамбарымыз да оларға күлімсіреген жүзбен қарады.

Хандек соғысында алты шәйіт берілген еді. Бұл соғыс туралы Аллаһу та’ала аяти кәримәда «Аллаһу та’ала (Хандек соғысындағы) сол кәпірлерді ешқандай жеңіске жеткізбей, ренішпен кері қайтарды. Осылайша Аллаһу та’ала (періштелер мен жел арқылы) соғыста (жеңулері үшін) мүміндерге жетті. Аллаһу та’аланың барлық нәрсеге күші жетеді. Ол барлық нәрседен үстем». («Ахзаб» сүресі, 25) «Ей, иман келтіргендер! Аллаһу та’аланың сендерге берген ниғметін естеріңе түсіріңдер. Сендерге (Хандек соғысында) әскерлер шабуыл жасағанда біз оларға жел мен сендер көрмейтін әскерлер (періштелер) жіберген едік...» («Ахзаб» сүресі, 9) Осы соғыстан кейін пайғамбарымыз «Ендігі кезек сендердікі. Бұдан кейін Құрайыш сендерге қарсы шабуылдай алмайды» деді.