20 Тамыз 2017   


  Негізгі бөлім / Ислам ғұламалары / Төрт мазһаб имамы және басқа ғалымдар

Төрт мазһаб имамы және басқа ғалымдар

 Ақида, яғни сенiмде, имандылықта хақ бiр ғана жол бар. Бұл жол “Әһли сүннәт уәл жамағат” мазһабы. Мазһаб – жол дегенді білдіреді. Дүние жүзiндегi барлық мұсылмандарға түзу жолды көрсеткен және Мухаммед алейһиссаламның осы жолын ешқандай өзгертпей кемшiлiксiз жетуiне себепшi болған төрт ғалым бар. Бұлардың бiрiншiсi, Әһлi сүннеттiң басшысы, Имам Ағзам Әбу Ханифа Нуғман бин Сабит. Екiншiсi, Имам Малик бин Әнас, үшiншiсi, Имам Мухаммед бин Идрис Шафии, төртiншiсi, Имам Ахмед бин Ханбал, Аллаһ олардан разы болсын. Бүгінгі таңда бұл төртеуiнiң біреуінің жолына ермеген адамның ахиреті өте үлкен қауiп-қатерде. Бiз бұл сайтымыз бен барлық кiтаптарымызды Ханафи мазһабы бойынша, намаз мәселелерiн сол мазһаб ғалымдарының кiтаптарынан алып, тілін жеңілдетіп жаздық.

Бұл төрт имамның шәкiрттерiнен екеуi иман саласында үлкен дәрежелерге шықты. Сондықтан әһли сүннет ақидасы, сенімі екi мазһабта қалыптасты. Құран Кәрiм мен хадис шәрифке сай болған иман, сенім, ақида осы екi ғалымның білдіргендері болды. Фырқа-и нажийа (тозақтан құтылған топ) болған әһли сүннеттiң иман негіздерiн жер жүзiне жайған осы екi ғалым. Бiрi - Әбу Мансур Матуриди, ал екiншiсi Әбул Хасан Әли Әшари.

Бұл екi имам білдірген иман негiздерi бiрдей болып, араларында тек бiр-екі ғана айырмашылық бар. [Бұл айырмашылықтар «Мұсылмансың ба?» сұрағы сұралғанда Матуридилер «алхамдулиллаһ (құдайға шүкір), мұсылманмын» десе, Әшарилер «иншааллаһ (құдай қаласа), мұсылманмын» деп жауап береді. Матуриди мазһабында кісінің осы сұрақ қойылған кездегі жағдайы, ал Әшарилерде кісінің соңғы деміндегі жағдайы маңызды. Сондықтан да матуриди мазһабындағылар бұл сұраққа міндетті түрде «алхамдулиллаһ» дейді және оларда «иншаллаһ-құдай қаласа» – деп айту сол кезде имансыз болғанын білдіреді. Оның үстіне «құдай қаласа, мұсылманмын»- деп айту болашақтан хабар беру болып саналады. Ал әшарилерде кісінің соңғы демі маңызды болғандықтан, олар соңғы демі үшін «әрине, яғни алхамдулиллаһ» деп емес, «құдай қаласа-иншааллаһ» деп жауап береді. Бұл екі мазһаб арасындағы басқа айырмашылықтар да осылайша пайда болған. Яғни бұл екі мазһаб имамы бірдей мәселенің екі басқа жәйттеріне назар аударып үкім берген.] Негiзiнде олар бiрдей. Ислам ғалымдары Құран Кәрiмде және хадис шәрифтерде мадақталған. Бір аятта былай делiнедi: «Бiлетiндер мен бiлмейтiндер тең бола ма?» Басқа бiр аятта болса: «Ей, мұсылмандар! Бiлмегендерiңдi бiлгендерден сұраңдар», - деп бұйырылды.

  Хадис шәрифтерде болса: «Аллаһу та’ала, перiштелер және әрбiр жан, адамдарға жақсылықты үйрететін имандыларға дұға етедi.» «Қияметте алдымен Пайғамбарлар, кейiн ғалымдар, одан кейiн шәһидтер шапағат етедi.» «Ей, адамдар! Бір нәрсені жақсы ұғып алыңдар! Ілім тек ғалымнан есіту арқылы үйреніледі.» «Ей, адамдар, iлiм үйренiңдер. Ілiм үйрену ғибадат. Ілiм үйреткенге және үйренгенге жихад сауабы беріледі.» «Ілiм үйрету садақа беру сияқты. Ал ғалымнан iлiм алу болса, тәһажжуд намазын оқығанмен бірдей болады.» «Ілiм алудың бүкіл нәпiл ғибадаттардан да сауабы мол. Өйткенi өзiне де үйрететiн адамдарға да пайдасы бар.» «Адамдарға үйрету үшiн ілім үйренген кісіге сыддықтар сауабы беріледі.» «Ілiм – қазына. Ал оның кiлтi, сұрап үйрену.» «Ілiм үйренiңiз және үйретiңiз.» «Әр нәрсенiң бір қайнар көзi бар. Тақуалықтың қайнар көзi, ғалым кiсiлердiң жүрегi.» «Ілiм үйрету күнәлардың кешiрiлуiне себепшi.»