20 Қаңтар 2017   


  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Тәубе етудің маңызы

Тәубе етудің маңызы

Сұрақ: Күнә істеп қойған кезде не істеу керек?

Жауап: Күнә істеген кезде дереу көңілмен тәубе ету (өкіну) және тілменен истиғфар (әстағфируллаһ) айту керек! Көңілге келген әрбір қиыншылық және дақ (көңілдің қараюы) тәубе-истиғфар, өкіну арқылы және Аллаһу та’алаға сиынып оңай кетірілуі мүмкін. Бірақ дүниелік үшін уайымдаудан келген дақ, қараю көңілді толығымен қарайтады. Мұны тазалау өте қиын болады. «Дүниеге берілу күнәлардың басы» деген хадис шәриф осыны білдіруде. (Бәйһақи)

 

Күнә істеген адам өкініп, дәрет алып намаз оқыса және күнәсының кешірілуі үшін истиғфар айтса, Аллаһу та’ала ол күнәны әлбетте кешіреді. Өйткені аяти кәримада былай делінеді:

«Біреу күнә істеп немесе өзіне зұлымдық етсе, кейін өкініп Аллаһу та’алаға истиғфар етсе, Аллаһу та’аланы мейірімді және кешірімді халде табады» (Ниса 110)

 

Мұхаммед Масум Фаруқи хазреттері былай деген:

"Дерттердің бәлелердің кетуі үшін истиғфар (әстағфируллаһ) айту өте пайдалы. Көп тәжірибе етілген. Бәйһақидің білдірген хадис шәрифінде: «Истиғфар (әстағфируллаһ) айтуды әдет еткен, көп оқитын адамды Аллаһу та’ала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны ойламаған жерден ризықтарға қауыштырады» делінген." (2-том, 80-мәктуб)

 

"Истиғфар адамды мұратына, амандыққа қауыштырады. Шипа үшін тәубе ету керек, көп истиғфар оқу керек. Истиғфар бүкіл дерттерге, қиыншылықтарға қарсы пайдалы. Өйткені Аллаһу та’ала истиғфар оқығандардың көмегіне келеді." (Худ 52, Фәуаиди Османийа)

 

Истиғфар – күнәның кешірімін тілеу, әстағфируллаһ деп айту деген сөз. Әстағфируллаһ – "күнәмды кешіре гөр Аллаһым" дегенді білдіреді. Истиғфар ету күнәлардың кешіріміне себеп болатын жақсылықтар жасау деген сөз. Мәселен Құран кәрім оқу, садақа беру және басқа да жақсылықтар жасау да истиғфарға жатады. Тәубе - харам істегеннен кейін өкініп, Аллаһу та’аладан қорқу, енді қайталамауға шешім қабылдау деген сөз.

 

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Тәубе – күнәдан кейін ол күнәні қайталап жасамау деген сөз» (И. Ахмед)

«Тыныштығы тәфәккур, қарауы ғибрат болып көп истиғфар еткен адам құтылды.» (Дәйләми)

«Ризыққа қауышқан адам көп хамд (шүкір) етсін! Ризығы азайған адам көп истиғфар айтсын!» (Хатиб)

«Күнәларың көп болып, көктерге жетсе, тәубе еткенде Аллаһу та’ала тәубелеріңді қабыл етеді.» (Ибн Мажә)

«Күнә көңілде із қалдырады, тәубе және истиғфар еткенде ол дақ жойылады, көңіл тазарады.» (Тирмизи)

Күнәның артынша дереу тәубе ету парыз. Тәубені кешіктіру де үлкен күнә. Кешіктірген үшін де бөлек тәубе ету керек.

 

Хазреті Хүзәйфә бала-шағасын бағуда қатты қиналып жүреді. Халін білдіргенінде пайғамбарымыз: «Ей Хүзәйфә, неге истиғфар етпейсің? Мен күніне жүз рет истиғфар айтамын» деген. (Нәсаи)

 

Хасан Басри хазреттеріне біреу жұттан, біреу кедейліктен, тағы біреуі бала болмауынан шағымданады. Барлығына истиғфар айтуларын айтты. Басқа адамдар да әр түрлі мәселеде шағымданып келеді. Оларға да истиғфар айтуларына кеңес береді. Себебін сұрағандарында Нұх сүресінің 10, 11 және 12 аяттарын оқиды. Наср сүресінде де Аллаһу та’аланың тәубелерді қабыл ететіні білдірілуде. Шарттарына сай жасалған тәубені сөзсіз қабыл етеді.

 

Қиыншылықтан құтылу үшін 

Бәле-жалалардан, қиыншылықтардан құтылу үшін истиғфар оқу өте пайдалы. Әрқашан жүз рет «Әстағфируллаһ-әл-азыйм әлләзи лә илаһә илләһу-әл хаййәл қаййумә уә әтубу иләйһ» деп айтып жүру керек және мағынасын түсініп айту керек! Мағынасы: «Өзінен басқа тәңір болмаған, Хай, Қаййум, Азыйм болған Аллаһқа истиғфар етемін және жасаған күнәларыма өкініп, Оған сиынамын» дегенді білдіреді.

(Азыйм: заты және сипаттары кәміл. Хай: әзәли, яғни ежелден бастауы жоқ және соңы жоқ, тірі. Қаййум: затымен бар болған, жаратқан барлық махлұқтарын бар етіп ұстап тұрған.)

 

Жоғарыда білдірілген истиғфарды екінді намазынан, тәсбихтерден және дұғадан кейін жүз рет оқу керек! Әһли сүннет ақидасында болу, құл ақыларын және қазаға қалған парыздарын өтеу және харамдардан бастарту шартымен Жұма күні таң намазынан бұрын осы истиғфарды оқыған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі. Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Қиямет күні амал дәптерінде көп истиғфар болған адамға сүйінші болсын!» (Бәйһақи)

«Истиғфар айтып жүрген адам барлық қиыншылықтан, қайғыдан, күн көріс тапшылығынан құтылады, бақ-берекеге кенеледі, ойламаған жерінен ризыққа қауышады.» (Нәсаи)

«Дерттерің күнәлар, дауасы истиғфар.» (Хаким)

«Көңілдердің сергітушісі истиғфар» (Бәйһақи)

Аллаһу та’ала «Истиғфар айтқан адамды кешіремін. Өзін кешіруге құдіретті екенімді білген адамның күнәларын кешіремін.» деп бұйырған. (Тирмизи)

 

Сұрақ: Кейде әйелдермен басымыз қосылып отырамыз. Өсектер айтылады, ең болмағанда бос нәрселер айтылады. Бұл күнәлардан құтылу үшін дұға бар ма?

Жауап: Жасалған күнәлар үшін тәубе және истиғфар ету керек. Ақысы өткендермен халалдасу керек. Сонымен қатар Аллаһу та’аланы еске алу керек. Хадис шәрифте: «Бір жерге жиналып қажетсіз нәрселер сөйлегендер тұрарда “Субханакәллаһуммә уә би-хамдикә әшһәду ән лә илаһә иллә әнтә әстағфирукә уә әтубу иләйкә” дұғасын оқыса, ол жерде істеген күнәлары кешіріледі.» (Тирмизи)


Жақсы амалдың маңызы

Сұрақ: Үлкен күнә істеген адам тәубеден басқа не істеуі керек?

Жауап: Жақсы амал істеуі керек. Құран кәрімде былай делінеді:

«Біз жақсы амал жасағандардың сияпатын әлбетте зая етпейміз.» (Кәхф 30)

«Аллаһ жақсылық еткендерді жақсы көреді.» (Али Имран 134)

«Ғасырға серт болсын, адамдар зиянда, тек иман келтіріп салих (жақсы) амал істегендерден басқа» (Аср 1-3)

 

Бұдан көргеніміздей иманды болу шартымен жақсы амалдың маңызы өте үлкен. Күнә істеген адам тәубе етуі керек, жақсы амалдар жасау керек. Әсіресе өз жақындарына, ата-анасына, туыстарына жақсылық етудің сауабы өте көп. Бір кісі пайғамбарымыздан:

- Йа Расулаллаһ, үлкен күнә істедім. Тәубем қабыл бола ма, не істеуім керек?- деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз:

- Анаң бар ма?- деді.

- Жоқ.

- Әпкең бар ма?

- Иә бар.

- Олай болса, соған жақсылық жаса! (Тирмизи)