20 Тамыз 2017   


  Негізгі бөлім / Ислам ғұламалары / Имам Ахмед Раббани

Имам Ахмед Раббани

Хазреті Имам Ахмед Раббани Үндістаннан шыққан ең үлкен әулие және ғұлама. Арифтердің (білгірлердің) нұры, әулиелердің көсемі, исламның сақшысы, мұсылмандардың панасы болған хазреті Имам Раббани мужәддид, мужтәһид және исламның көзнұры болып табылады. Сілсіләи алийа деп аталатын шежіренің жиырма үшіншісі.

 

1563 ж Үндістанның Сарханд (Сиһринд, Сирхинд) қаласында туылған. Имам Раббани деген атпен танылған. Раббани – хикмет пен ілім иесі, ілімімен амал еткен, ілімі мен амалы толық, мінсіз және кәміл, кемел ғұлама дегенді білдіреді. Хижри жылсанағымен екінші мың жылдықтың мужәддиді (жаңалаушысы) болғаны үшін Мужәддиди Әлфи Сани, шариғат пен тасаууфты біріктіргені үшін Сыла есімі берілген. Хазреті Омардың тегінен болғаны үшін және Сарханд қаласынан шыққаны үшін есіміне Фаруқи және Сарханди сөздері қосылып айтылады.

 

Бүкіл осы сипаттарымен бірге есімі – Имам Раббани Мужәддид Әлфи Сани Шәйх Ахмед Фаруқи Сарханди деп айтылады.

 

Әкесі мен аталары өз дәуірлерінің үлкен ғұламалары, салих және құрметті адамдары болған. Әкесі Абдулахад мырза – дін және жаратылыстану ғылымдарын толық меңгерген, тасаууфта ең биік дәрежеге қауышқан адам болатын.

 

Хазреті Имам Раббани ең алғашқы сабақтарын әкесінен алды. Бала кезінен араб тілін меңгеріп, Құран кәрімді жаттады. Ілімінің басым бөлігін әкесінен алған хазреті Имам Раббани сол дәуірдің әйгілі ғұламаларынан да дәрс алған. Әкесінен ілім алып жүрген уақыттарда, әртүрлі ілімдерге тән кішкентай кітаптарды жаттап алатын. Әкесінен ілім алуды тәмәмдағаннан кейін Сиялкут қаласына барып Мәуләна Кәмаләддин Кашмириден ілім үйренді. Мәуләна Кәмаләддин Кашмири мәшһүр ғұлама Абдулхаким Сиалкутидің де ұстазы болған, сол заманның ең үлкен ғалымы еді. Хазреті имам Раббани кейбір хадис кітаптарын Шейх Яқуби Кашмириден үйренді.

 

Қазы Бәһлүл Бәдәхшаниден хадис, тәфсир және кейбір усул ілімдерінен ижазат (диплом) алды. Он жеті жасында ілімнің барлық түрінен ижазат алып, ілім үйренуді тәмәмдады. Ілім алып жүрген уақытында Қадири және Чәшти жолындағы әулие, ғалымдарының жүректеріндегі файз бен ләззатты әкесінен алды. Шәкірттерге ілім үйретуді әкесінің көзі тірісінде бастады.

 

Осы уақытта “Рисаләт-үт-тәһлилийа”, “Рәдди Рәуафид”, “Исбат-үн-нүбууә” атты еңбектерін жазды. Әдебиетке деген талабы, ділмарлығы, сөзшеңдігі, қабылдау қабілетінің күштілігі және зеректігі айналасындағылырды таң қалдыратын еді.

 

Мұнша ілімімен, барлығынан үстем жетілгендігі, қарапайымдылығымен бірге көңілі Ахрарийа, Нақшибандийа әулие-ғалымдарына деген сүйіспеншілікке өртеніп, осы жолда жазылған кітаптарды оқып жүрген еді. Әкесі қайтыс болғаннан бір жылдан кейін қажылық мақсатында жолға шықты. Осы сапарында Дели қаласына барып хазреті Мұхаммед Бақибиллаһтың шәкірттерінің бірі және өзінің танысы Мәулана Хасан Кәшмиримен жолықты. Мәулана Хасан Кәшмири хазреті Имам Раббаниді ұстазының алдына апарып таныстырғысы келіп, ұстазы туралы былай деді: «Қазіргі уақытта Ахрарийа жолында бұл аймақта ол кісіден дәрежесі үлкен ешкім жоқ. Шәкірттердің оның бір назар аударуымен жеткен рухани дәрежелеріне күндер бойы шілдеге отырсаң да және нәпістің қалауларын жасамай бейнет шегу арқылы жету мүмкін емес.»

 

Бұдан бұрын хазреті Имам Раббани Ахрарийа жолындағылардың үлкен дәрежелері мен қадір-қасиеттерін мүбәрәк әкесінен естіген еді. Осы жолдағы ұлылардың кітаптарын оқып олардың қасиетті халдерін білгендіктен: «Бұл Хижаз жолында, мұндай үлкен ғалымнан ұлы әулиелер жолының зікір мен усулдарын үйренгеннен артық не бар?!» деді де хазреті Мұхаммед Бақибиллаһтың құзырына барды. Алдына барғанында жүрегін нұр қаптады. Магниттің инені тартатынындай тартылды. Көңілі бұл күнге дейін естіп-білмеген нәрселерге толды. Қажылықтан қайтқанда қайта келіп пайдалануды ниет етсе де, жүрегіндегі махаббат пен қалауы бой бермеді. Ертесі күні алдына келіп Ахрарийа файзына қауышуға ынта-ықыласын білдірді де қызметінде қалды. Әдеппен, жан-тәнімен сөздеріне және халдеріне жабысты. Ұстазының ілтипатымен және мейірімімен екі айдың ішінде ешкімде көрінбеген халдерге қауышты.

 

Хазреті Имам Раббани хазреті Мұхаммед Бақибиллаһты танығаннан кейін әдебімен, жан-тәнімен осы ұстазының сөзі мен халдеріне байланды. Бірнеше айдан кейін ұстазы оған ижазат берді. Осылайша тасаууф ілімі мен халдеріне қауышқаннан кейін, өзінің туған қаласы Сархандқа оралуы әмір етілді. Оған ұстазы шәкірттерінің басым бөлігін жетілдіруді тапсырып, артынан Сархандқа жіберді. Ұстазы хазреті Имам Раббани туралы былай баяндайды: «Жүректерге ем, жанға шипа болған бұл дәнді Самарқанд пен Бұхарадан әкеліп Үндістанның берекелі топырағына ектім. Шәкірттердің жетіліп пісуі үшін тер төктім. Ол (Имам Раббани) барлық дәрежені асып, үстемдіктердің соңғы дәрежесіне жеткеннен кейін өзімді ортадан шетке алып, шәкірттерді оған қалдырдым.»

 

Хазреті Имам Раббани еліне келгеннен кейін ілім мен әдепті үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жетілдіре бастады. Атақ-даңқы барлық жерге жайылып оның ілімінен және файзынан пайдалану үшін ел-елден оны сүйгендер ағылып келіп жататын. Шәкірттеріне Бәйдәуи тәфсирі, Сахих Бұхари, Мишқати Мәсабих, Әуарифүл Мәариф, Усули Пәздәуи, Хидайа және Шәрһи Мәуақиф секілді көптеген діни кітаптарды керемет түрде оқытып, үйрететін еді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін шәкірттеріне ілім үйрететін және де бұған қатты мән беретін. Барлық адамның көңілін ілім мен нұрға толтырып Мұхаммед алейһиссаламның дінін жандандырып қуаттандырды. Өмір сүрген дәуіріндегі патшаларға, уәлаят басшыларына, қолбасшыларға, ғалымдар мен қазыларға көптеген өте әсерлі хаттарын жіберіп дінге, сүннәти сәнийаға ынталандырып, көптеген ғұламалар мен әулиелер жетілдірді.

 

Хазреті Имам Раббани теңдесі аз, ерекше ислам ғұламасы және дәрежесі биік мүршиди кәмил. Пайғамбарымыздың  “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” уақытынан мың жылдан кейінгі дәуір ислам дұшпандарының дінге, иманға ынсапсыз шабуылдап жатқан дәуірі еді. Аллаһу та’ала құлдарына аяныш білдіріп хазреті Имам Раббани секілді бір мүжәддидті жаратты. Оған терең ілім ихсан етті. Хазреті Имам Раббани арқылы дін дұшпандарының үрейлі шабуылдарын тоқтатты. Ақиқатты жалғаннан ажыратты. Көптеген жүректерден жалғандарды тазалады. Бұл ұлы Имамның хаттары мен кітаптары адамдарды ықылассыздықтан оятты. Дүниеге жарық берді. Яғни Аллаһу та’ала оны пайғамбарымыздан “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” мың жылдан кейін ислам дінін жаңалау үшін және қуаттандыру үшін  жіберді.

 

Хазреті Имам Раббанидің дінге жылдар бойы жасаған бұл қызметтері дәйекті, көз жеткізерлік дәлелдермен бұзылған көзқарастарды жойып жатқанын, Әһли сүннет ақидасы мен дұрыс дін ілімдерінің жайыла бастағанын, бидғаттардың жойылып жатқанын көрген кейбір бұзылған адамдар оған қарсы шығып, күншілдікпен жала жаба бастады.

 

Мұсылмандардың әлсіреген, күпірдің, адасушылықтың, зұлымдықтың, пәлсәпашылардың және адасқан адамдардың барлық жерді қаптаған дәуірінде көптеген пасықтар мен мүнафиқтар оның рухани халдерін көріп, сұхбаттарын тыңдап тәубә етіп мұсылман болды. Ұзақтардан, жақындардан көптеген адамдар түсінде, өңінде оны көріп оған қарай ағылып келіп жатты. Ғұлама-салихтер, жас-кәрі мыңдаған адам оны көріп, сұхбаттарына қатысқаннан кейін файз алды, көңілдері зікір ететін болды. Құзырындағы көптеген шәкірттерін рухани халдер мен үлкен дәрежелерге қауыштырды. Әркез кереметтері көрініп, файз бен береке жайды. Алты мыңнан астам керемет көрсеткендігі білдірілген.

 

Дәуірінің ғұламалары хазреті имам Раббаниді Сыла деп атады. Сыла біріктіруші деген сөз. Өйткені ол тасаууфтың ислам дінінен бөлек нәрсе емес екендігін, ислам дініне сай екендігін дәлелдеп, шариғат пен тасаууфты біріктірді. «Үмметімнен Сыла есімді бірі келеді. Оның шапағатымен көптеген адам жұмаққа кіреді.» деп айтылған хадис шәриф оның келетінінен хабар берген. Бұл хадис шәриф имам Суютидің “Жәм-үл-Жәуами” атты кітабында бар. Хазреті имам Раббани бір хатында: “Мені екі дария арасына Сыла еткен Аллаһу та’алаға хамд болсын.” деп дұға еткен. Замандастары, шәкірттері және оны сүйгендердің арасында Сыла атымен мәшһүр болды. Хадис шәрифте сүйіншіленген Сыла есімін одан бұрын ешкім алмаған еді.

 

Хазреті имам Раббани – Мүжәддид әлфисани. Яғни хижра жыл санағымен екінші мың жылдықтың жаңалаушысы. Бұрынғы үмметтер заманында әр мың жыл сайын жаңа дін әкелетін расулдер жіберілетін. Бұл әкелінген жаңа діндер алдыңғы дінді ауыстырып кейбір үкімдер өз күшін жоятын. Әр жүз жылда бір нәби келіп, расулдың әкелген дінін ауыстырмай, оны қуаттайтын еді. Ал бұл үмметке әр жүз жыл сайын ислам дінін қуаттандыратын бір ғұлама келетіндігі хадис шәрифте хабар берілген. Пайғамбарымыздан “алейһиссалам” кейін пайғамбар келмейтінін ескерсек, Одан мың жылдан кейін, ислам дінін барлық жөнінен жандандыратын, дінге араласып кеткен бидғаттарды тазалап сонау асры саадеттегі (бақыт ғасыры) халіне әкелетін, захири және батини ілімдерде кәміл мұрагер, ғұлама және ариф адамның болуы керек. Хадис шәрифтер осыны білдіруде. Мұндай маңызды қызметті хазреті имам Раббани жасады.

 

Бүкіл ислам ғұламалары бұл адамның хазреті Имам Раббани екенін бірауыздан айтқан. Пайғамбарымыздан мың жылдан кейін ілім мен иршад мінберіне кәміл отырып, жаһанды Расулуллаһтың нұрымен жарқыратты. Бидғаттарды тазалап, Ислам дінін қайта жандандырды. Оның өмір сүрген дәуірінде Үндістанда, тіпті бүкіл Ислам әлемінде бой көтерген қате пікірлер, бұзық сенімдер жайыла бастап, үлкен фитналар туған еді. Бұдан бөлек, мұсылмандар арасында тасаууфтағы уаһдати ужудтің анықтамасы түрлі-түрлі пішінге еніп кетті. Мұндай үстем дәрежелі ілім түсініле алмады. Көптеген жаһилдер (сауатсыздар) ұлылардың сөздерін түсіне алмай, уақыт өте діннен шығып кетті. Ислам дініне қарсы болғандар бұл оңтайлы сәтті бос жібермей, мұсылмандарды тура жолдан тайдыруға тырысты. Осылайша тасаууф ілімі мен Ислам үкімдерінің арасында айырмашылық пен қарама-қайшылық бардай, екеуі екі түрлі нәрсе іспетті көрсетіліп, мұсылмандар түрлі атаулармен бір-бірлерінен бөлектене бастады және бір-біріне дұшпан етуге тырысылды. Имам Раббани хазреттері уахдати ужуд ілімдерінен бастап, көптеген мәселелерді өте ашық түрде түсіндіріп, адамдардың зейіндері мен көңілдерін қате, бұзық сенімдерден тазалады. Хақты қателіктен ажыратып, пайғамбарымыздың хақ пен тура деп көрсеткен әһли сүннет ақидасын барлық жерге жайды. Кәрі-жас болып барлық адам оның айналасына жиналды. Оған ең бірінші болып «Мүжәддиди әлфи сани» есімін берген, заманының ең ұлы ғалымдарының бірі – Абдулхаким Сиалкути болған. Сол заманның қалған ұлы ғұламалары да оны мадақтап, мақтаған.

 

Хазреті Имам Раббани 1615 жылы елу үш жас шамасында өзінің қатты жақсы көретін шәкірттеріне: “Маған менің өмірім алпыс үш жыл екені илхаммен білдірілді.” деді. Өзі бұған қатты қуанды. Өйткені Пайғамбарымызға “алейһиссалам” бағынғаны соншалық, жас жөнінен де сай келетін еді. Сонымен қатар бұл тұрғыдан хазреті Әбу Бәкірге, хазреті Омар мен хазреті Әлиге де бағынған болды.

 

Хазреті Имам Раббанидің жаназа намазын ұлы Қажы Мұхаммед Саид оқытты. Алпыс үш жасында қайтыс болды. Сархандта үйінің жанына жерленді. Кейінгі уақытта Ауғанстан патшасы Шах Заман оның қабіріне көркем кесене салдырды.