19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Құтқарыңыз мені, йа Расулаллаһ!...

Құтқарыңыз мені, йа Расулаллаһ!...

Ислам әскерінің соғысқа дайын тұрғанын және кез-келген уақытта шабуыл жасауы мүмкін екенін түсінген кәпірлердің жасағы қорқа бастады. Келісуден басқа жолдың жоқ екеніне көздері жетіп, шұғыл түрде елшілік кеңес сайлады. Сухәйл бин Амр басқарған бұл кеңеске «Биыл Меккеге кірмеулері шартымен келісім жасаңдар» делінді.

 

Пайғамбарымыз құрайыш елшілерін қабылдады. Елшілердің бірінші талаптары – қамаудағы адамдарын босату болды. Пайғамбарымыз «Меккедегі сахабаларымды босатпайынша бұл адамдарыңды бермеймін» деді. Сухәйл «Расында бізге әділ және ынсапты мәміле жасадыңдар» деп, Меккедегі хазіреті Османды және одан бұрын да қамалған он шақты сахабаны босатты. Бұдан соң шабуыл кезінде ұсталып, қамалған мүшріктер босатылды.

 

Ұзақ келіссөздерден кейін шарттар белгіленді. Кезек оны жазуға келген еді. Хазіреті Әли жазатын адам болып сайланды. Келісім шартты жазуға қағаз, қалам дайындалды. Пайғамбарымыз хазіреті Әлиге «Жаз» деді. «Бисмилләһиррахманиррахим». Бұған Сухәйл қарсы болып, «Ант етемін, мен рахман деген сөздің не екенін білмеймін. Бұлай жазба, «Бисмикә Аллаһумма» деп жаз, әйтпесе келісім шарт жасаспаймын» деді. Пайғамбарымыз бұл келісім шарттың жасалуынан өте үлкен хикметтер көргендіктен «Бисмикә Аллаһумма да жақсы» деп, хазіреті Әлиге солай жазуды бұйырды. Жазып болғаннан кейін пайғамбарымыз «Бұл - Мұхаммед Расулуллаһтың Сухәйл бин Амрмен келіскен және шарттарын екі жақ жүзеге асыруға келіскен баптар» деген кезде Сухәйл хазіреті Әлидің қолынан ұстады. Пайғамбарымызға қарап, «Ант етеміз, біз сенің Расулуллаһ екеніңді қабылдасақ, саған қарсы келмес едік, Қағбаны зиярат етуіңе кедергі келтірмес едік. Сондықтан расулуллаһ деген сөздің орнына Абдуллаһ ұлы Мұхаммед деп жаз» деді. Пайғамбарымыз оны да қабыл етіп, «Уаллаһи, сендер мені теріске шығарсаңдар да, мен бәрібір Аллаһу та’аланың расулымын. Есімімді және әкемнің есімін жаздыру менің пайғамбарлығымды жоймайды. Йа Әли! Мұхаммед бин Абдуллаһ деп жаз» деді.

 

Расулуллаһ деген сөздің өшірілуіне ешқандай сахабаның көңілі разы болмады. Олар «Йа, Әли! Мұхаммед Расулуллаһ деп жаз, әйтпесе бұл мүшріктермен арамызды тек қылыш қана шешетін болады» деді. Пайғамбарымыз сахабалардың бұл табандылығана риза болды, бірақ қолымен оларға үндемеуді ымдады. Хазіреті Әлиге өшіруді бұйырған соң ол «Жаным сізге құрбан болсын йа Расулаллаһ! Сіздің бұл киелі сипатыңызды өшіруге қолым бармайды» деп кешірім сұрады. Пайғамбарымыз ол жерді көрсетуді сұрады. Көрсеткен соң өз саусағымен өшіріп, Абдуллаһтың ұлы деп жаздырды.

 

Сосын баптар жазыла бастады:

1- Келісім шарт он жыл күшінде болады, бұл мерзім ішінде екі жақ бір-бірімен соғыспайды.

2- Мұсылмандар биыл Қағбаны зиярат етпейді. Бір жылдан кейін зиярат етеді.

3- Қағбаға зиярат етуге барған мұсылмандар үш күн болып, өздерімен бірге тек жолаушы қаруын ғана алып жүреді.

4- Мұсылмандар Қағбаны тауап еткенде меккелік мүшріктер Қағбадан шығып, олардың еркін тауап жасауларына жағдай жасайды.

5- Құрайыштықтардан мұсылман болған адам басшысының рұқсатынсыз Мәдинаға баратын болса, кері қайтарылады, мұсылмандардың бірі құрайыш тарапына өтіп, Меккеге барса, қайтарылмайды. Хазіреті Омар бұл бапқа «Йа Расулаллаһ! Бұл шартты да қабылдайсыз ба?» деп сұрағанда пайғамбарымыз күлімсіреп, «Иә, бізден оларға кететіндерді Аллаһу та’ала бізден ұзақ етсін» деді.

6- Сахабалардың бірі қажылық немесе умра жасау ниетімен Меккеге барса, өзі мен мал-мүлкі қауіпсіздікте болады.

7- Мүшріктердің бірі Шамға, Мысырға немесе басқа жерге бара жатқанда Мәдинаға соқса, оның да өмірі мен мал-мүлкі қауіпсіздікте болады.

8- Басқа араб тайпалары қалаған жақтың қол астына кіре алады. Мұсылмандармен немесе мүшріктермен бірігуде оларға еркіндік беріледі.

 

Кезек келісім шартқа қол қоюға келген еді. Сол кезде аяқтарындағы шынжырын сүйретіп, бір адамның Ислам әскеріне қарай келе жатқаны байқалды. Жақындап келіп, «Мені құтқарыңдар» деп айқайлады. Бұл дауысты естіген құрайыш кеңесінің басшысы орнынан атып тұрды. Қолына алған тікенді таяғымен оның басын, бетін ұра бастады. Ол бар күшін жинап келіп пайғамбарымыздың аяғының астына келіп құлады: «Құтқарыңыз мені, йа Расулаллаһ!» деп жалбарынды. Бұл Меккеде мұсылмандықты қабылдауына байланысты әкесі шынжырмен байлаған бір мұсылман болатын. Оған күнде азап көрсетіліп, оны пұтқа табынуға зорлайтын. Мүшріктердің Худәйбийаға кеткенін пайдаланып, шынжырын үзіп, ешкімге көрінбестен Меккеден шығып, мұсылмандардың арасына келген еді. Тура жолды ұстанған бұл адам мүшрік кеңесінің басшысы Сухәйлдің баласы Әбу Жәндәл болатын. Сухәйл пайғамбарымызға баласы Әбу Жәндәлді (радиаллаһу анһ) көрсетіп, «жаңа жазған келісім шартымыз бойынша маған қайтаратын алғашқы адамың осы болады» деді. Пайғамбарымыз бен сахабалардың бұған қатты көңілдері түсті. Бәрі пайғамбарымыздың не деп жауап беретінін күтіп тұрды. Бір жақта келісім шарт, екінші жақта қорлық көрген сахаба тұр еді. Пайғамбарымыз Сухәйлге «Біз бұл келісім шартқа әлі қол қойған жоқпыз» деді. Сухәйл «Йа Мұхаммед! Келісім шарттың баптарын балам осы жерге келгенге дейін жазып бітірген болатынбыз. Егер баламды кері қайтармасаң мен де ешқашан келісім шартқа қол қоймаймын» деп қыңырланды. Пайғамбарымыз «Оны мен үшін келісім шарттан тыс сана» десе де мүшріктер мұны қабылдамады. Сухәйл бин Амр баласын сүйреп әкетіп бара жатқанда Әбу Жәндәл «Йа, Расулаллаһ! Ей мұсылман бауырларым! Мұсылман болып, сендерді паналасам да мені мүшріктерге тапсырып отырсыңдар ма? Маған күнде қорлық көрсетілуін дұрыс деп санайсыңдар ма? Йа, Расулаллаһ! Дінімнен шығарсын деп мені кері қайтарып отырсыз ба?» деп айқайлады. Мұндай аянышты сөздерге шыдап тұру мүмкін емес еді. Пайғамбарымыздың көзіне жас толып, Сухәйлдің жанына барып, «Бұлай жасама, оны маған бер» деді. Бірақ, Сухәйл «Жоқ, бермеймін» деді. Содан соң пайғамбарымыз «Ей, Әбу Жәндәл! Тағы біраз сабыр ет! Саған жасалғандарға шыда. Мұның қайтарымын Аллаһтан тіле. Аллаһу та’ала саған және сен сияқты әлсіз, ешкімі жоқ мұсылмандарға шығатын жолды сөзсіз береді» деп жұбатты да, «Берген сөзімізде тұрмау бізге жараспайды» деді.

 

Осындай аянышты оқиғаға мүшріктердің өзі шыдап тұра алмай, «Ей Мұхаммед! Әбу Жәндәлді сен үшін біз қамқорлығымызға аламыз. Оған Сухәйлдің азап көрсетуіне жол бермейміз» деді. Содан соң Расулуллаһ пен сахабалардың көңілі біраз орнықты. (Сухәйл бин Амр Мекке алынғаннан кейін мұсылман болды).

 

Келісім шарт екі нұсқа түрінде дайындалып, оған екі жақ қол қойды. Мүшріктер ордаларына қайтты.

 

Мұсылмандар үшін зиянды болып көрінген бұл баптарға құрайыш кеңесі қатты қуанған еді. Керісінше бұл келісім шарт үлкен жеңіс болатын және бұл баптар мұсылмандардың пайдасына жазылған еді. Ең алдымен мұсылмандардың бір мемлекет екендігі қабыл етілді. Меккеден бір мүшрік сауда немесе басқа нәрсе үшін Шамға, Мысырға бара жатқанда Мәдинаға соқса, өмірі мен мал-мүлкі қауіпсіздікте болады. Осылайша, мүшріктер мұсылмандардың қалай өмір сүріп жатқанын жақыннан көріп, Исламның әділдігі, сахабалардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынасына таң қалып, Исламды ұнатады. Ақырында мұсылман болып, сахабалардың қатарына қосылатын еді.

 

Он жыл сақталуы тиіс бұл келісім шарт арқылы мұсылмандар көбейіп, күшейіп, Ислам діні жан-жаққа таралатын еді.

 

Алайда, құрайыштықтардың бірі мұсылман болып, Мәдинаға барғысы келсе, қайтарылады деген бапқа пайғамбарымыздың көңілі түсіп, «Аллаһу та’ала олар үшін әрине бір жеңілдік, шығар жол табады» деген.

 

Енді мүшріктермен жасайтын іс қалмаған еді. Расулуллаһ сахабаларға «Тұрыңдар! Құрбандықтарыңды сойыңдар. Шаштарыңды алдырғаннан кейін ихрамнан шығыңдар» деді.  Пайғамбарымыз ең бірінші болып құрбанын шалды. Сосын Оны шаштаразы Хыраш бин Умәййә қырындырды. Сахабалар оның шаштарын жерге түсірместен қағып алып, береке деп сақтап қойды. Сахабалар да құрбандықтарын шалып, біразы шаштарын алдырды, біразы қысқартты.

 

Худәйбийада жиырма күндей болған еді. Пайғамбарымыз жолдастарымен бірге Мәдинаға қайтуға жолға шықты. Жолда Аллаһу та’ала пайғамбарымызға «Фәтиһ» сүресін түсіріп, ниғметі мен көмегін беретінін сүйіншіледі.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жеңімпаз ретінде нұрлы Мәдинаға барған күндерінде құрайыштың Сақыф тайпасынан Әбу Басир (радиаллаһу анһ) мұсылман болды. Мүшріктердің арасында тұра алмайтындығын түсінген Әбу Басир жаяу Мәдинаға барды. Худәйбийа келісім шарты бойынша Мәдинадан кетіп, Қызылтеңіздің жағалауындағы Ыс деген жерге орналасты. Бұл жер құрайыш мүшріктерінің Шамға баратын сауда жолының үстінде болатын. Осыдан кейін құрайыштан мұсылман болғандар Меккеден кетіп, Мәдинаға емес, Ысқа, Әбу Басирдің (радиаллаһу анһ) жанына баратын болды. Олардың алғашқысы Әбу Жәндәл болатын. Бұдан соң осылай жалғаса берді. Олардың саны үш жүзге дейін жетті. Құрайыш керуені Шамға бара жатқанда осы жерден өтуге мәжбүр болатын. Хазіреті Әбу Басир жанындағы мұсылмандармен бірге бұл жерден өткен мүшріктерді ұстап, олардың мұсылман болуын қалайтын. Мұсылман болмағандармен соғысып, оларды қиын жағдайға қалдыратын.

 

Меккелік мүшріктер енді Шам сауда жолдарының жабылғанын көріп, Мәдинаға елші жіберді. Худәйбийа келісім шартының «құрайыштықтардан мұсылман болған адам басшысының рұқсатынсыз Мәдинаға барса кері қайтарылады» деген бапты өшіруді ұсынды. Осылайша, құрайыштықтардың Шам сауда жолы ашылған еді. Мұсылмандар да жасаған сабырлылықтарының нәтижесінде Мәдинаға, пайғамбарымыздың қасына барды.