24 Қазан 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жақсы ниетпен күнә жуылмайды

Жақсы ниетпен күнә жуылмайды

Амалдар, яғни іс-әрекеттер үшке бөлінеді. Бұның біріншісі масиет, яғни күнә, харам болған іс-әрекеттер. Бұлар Аллаһу та’аланың ұнатпаған нәрселері. Аллаһу та’ала әмір еткен нәрсені орындамау немесе тыйым салғандарын орындау масиет болады. Екіншісі таат (ғибадат, жақсы амалдар) деп аталады, яғни Аллаһу та’аланың ұнататын нәрселері. Бұларды хасана деп те атайды. Аллаһу та’ала таат (жақсы амал) істеген мұсылманға әжір, яғни сауап, ниғмет, жақсылықтар беретіндігін уәде еткен. Ал үшіншісі мубах, яғни күнә немесе таат екендігі білдірілмеген амалдар. Бұлар істеген адамның ниетіне қарай таат (жақсы амал) немесе күнә болып өзгереді.

 

Мубахтарды жақсы ниетпен және жақсы ойлармен орындаған кезде адам сауап алады. Жаман ниеттермен орындалса немесе бұларды орындау бір парызды уақытында өтеуге кедергі болса, күнә болады. Парыздар орындалған кезде жаман ниеттер де араласқан болса, қарызы өтеліп, жазадан құтылған болады, бірақ сауап ала алмайды. Тіпті күнә болуы да мүмкін. Харам істегендердің парыздары мен сүннеттері сахих болады, яғни қарыздары өтелген болса да сауапқа қауыша алмайды. Хадис шәрифте: «Бидғатшылардың ғибадаттары қабыл болмайды» делінген. Хадиқа кітабында бұл хадис шәриф: «Күнәлардан сақтанбаған мұсылмандардың ғибадаттары сахих болса да, қабыл болмайды» деп ашықталған.

 

Харис әл-Мухасиби: «Күнәлар ғафлетке соқтырады. Ал ғафлет, көңілдің қатаюына себеп болады. Көңілдің қатаюы адамды Аллаһу та’аладан ұзақтатады. Ал Аллаһу та’аладан ұзақтау болса тозаққа апарады.» деген.

 

Харамдар жақсы ниетпен орындалса да мубах бола алмайды. Яғни, харам істегендерге ешқашан сауап берілмейтініндей, үзірсіз харам істеген адам міндетті түрде күнәға батады. Аллаһ разылығы үшін харамдардан сақтанған, бас тартқан адам сауапқа ие болады. Басқа бір себептен харам істемеген адам сауап алмайды, тек қана күнә істемеген болады. Шир'атул-Ислам және Хадиқа кітаптарында: «Харамдардың жақсы ниетпен орындалуы бұларды харамдықтан шығармайды. Жақсы ниет харамдар мен мәкрухтарға әсер етпейді. Бұларды таатқа (жақсы амалға) айналдыра алмайды.» делінген.

 

Адамның, достарының көңілдері үшін деп, яғни достарын қуантуды ниет етіп олармен бірге отырып арақ ішуі жаиз болмайды. Мұндай жағдайлар үшін «Амалдар ниетке байланысты қадірленеді» деген хадис шәрифті айту да дұрыс емес. Өйткені, жақсы ниеттер ғибадаттарға және мубах амалдарға ғана әсер етеді. Харам нәрселерге, жақсы ниетпен болса да, рұқсат жоқ. Мубахтар жақсы ниетпен орындалған кезде игі іске айналып, сауап беріледі. Бірақ, мүмин бауырын қуанту үшін деген ниетпен харам істеуге рұқсат етілмейді және«Мүминді қуантқан адамды Аллаһу та’ала да қуантады» деген хадис шәрифке ұйыған болмайды. Тек зәру (мәжбүр) болған кезде және фитна шығармау үшін, арақ ішпеу шартыменен отыруға болса да, бұдан алдын ала сақтану қажет.

 

Рия (мақтану, көрсету) үшін және дұрысты бұрыспен араластырып мансап иесі болу жаиз емес. Жақсы ниетпен болса да, рұқсат емес. Өйткені, харамдар мен мәкрухтарды жақсы ниетпен істеу жаиз емес. Тіпті, кейбір харамдардың жақсы ниетпен істелуі, одан да асқан күнә болады. Ниеттің жақсы болуы тааттарда (жақсы амалдарда), ғибадаттарда пайдалы болады. Мубах болған, тіпті парыз болған бір амал, ниетке қарай күнәға айналуы да мүмкін. Хазіреті Абу Әли Родбариден: «Ұстаз, бір адам күнә істейді. Мысалы, музыка тыңдайды және «Бұны тыңдау маған халал. Өйткені мен сондай дәрежеге көтерілдім, күнәлар маған зиян бермейді, маған әсер етпейді, менің көңілім таза, сен менің көңліме қара» дейді. Бұған не дейсіз?» деп сұраған кезде, «Сондай дәрежеге қауышқанын айтқан адам, тозаққа қауышқан екен. Өйткені, харам нәрселерді халалға айналдыратын ешбір дәреже жоқ. Харам нәрсе, барлық дәрежеде де харам» деп жауап берген. Хазіреті Әбу Хафси Нишабури: «У - өлімнің хабаршысы болғанындай, күнәлар да күпірліктің хабаршысы» деген.

 

Күнәлар ниетсіз немесе жақсы ниетпен істелетін болса да күнә болудан шықпайды. «Амалдар, ниетке қарай жақсы немесе жаман болады» деген хадис шәрифте тааттар (ғибадаттар, жақсы амалдар) мен мубахтарға ниетке қарай сауап берілетіндігі білдірілген. Бір адам, біреудің көңілін аулау үшін басқа біреуді ренжітсе немесе біреудің малымен садақа берсе, немесе харам жолмен келген ақшаға мешіт салдырса, бұлардың ешқайсысына сауап берілмейді. Бұлардан сауап күту надандық болады. Зұлымдық, күнә жақсы ниетпен істелсе де, бәрібір күнә болады. Мұндай амалдарды істемеу сауап болады. Кімде кім бұларды біліп тұрып  істеген болса, үлкен күнә болады. Күнә екендігін білмей істеген болса, мұсылмандардың көпшілігі білетін нәрсені оның білмеуі, үйренбеуі де күнә болады.

 

Қорыта айтқанда діннің әмірлерін Аллаһу та’аланың разылығы үшін, яғни шын ықыласымен істегенге сауап бар. Жақсы амал істегендерге де ниетіне қарай сауап беріледі. Ал жаман амал істеген адамның ниетіне қаралмайды. Адам, жаман істерді жақсы ниетпен істесе де жазасын алады. Өйткені, жақсы ниетпен күнә істелмейді. Хазіреті Бәкір бин Абдуллаһ әл-Музанидің айтқанындай:

«Кім күліп күнә істесе, жылап тозаққа кіреді»