18 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Күлме досыңа, келер басыңа

Күлме досыңа, келер басыңа

Өзгенің басына келген пәлекетке, қиыншылыққа, дертке, зиянға қуану – шаматат деп аталады. Шаматат жаман мінез болып табылады. Хадис шәрифте: «Дін бауырларыңа шаматат етпеңдер! Шаматат ететін болсаңдар, Аллаһу та'ала пәлекетті одан алып, сендерге береді.» делінген.

Залымның зұлымдығынан, жауыздығынан құтылу үшін, оның өліміне қуану жаиз болса да, мұның басына келген, өлімнен басқа пәлекеттерге қуану жаиз емес. Әсіресе пәлекеттердің келуіне, өзі жасаған дұғаларының себеп болғанын ойлап қуану, тіпті жаман болады. Бұл жағдай, адамды «ужб» деп аталатын, өзін ұнаттыратын жаман мінезге душар етеді.

Бір залымға келген пәлекет, ол залымның өзгелерге зұлымдық жасауына кедергі болса, залымға бұл пәлекеттің келгеніне қуану жаиз және күнә емес. Дін қайраты (құлшыныс) болады. (Дін қайраты дегеніміз – дініне, діндес бауырына зиян келуін қаламау деген сөз.) Әйтсе де залымға да бәле келуіне қуану жақсы емес. Бірақ басқаларға зұлым етуіне тосқауыл болғаны үшін және бұдан басқа залымдардың да сабақ алатыны үшін қуану – жаиз болады.

Сырри Сәкати хазреттері бір күні сұхбатында шәкірттеріне: «Отыз жыл бұрын айтқан «Әлхамдулиллаһ» деген сөзім үшін, 30 жыл тәубә истиғфар етудемін» дегенінде, шәкірттері таң қалып: «Ұстазым, бұл қалай?» деп сұрайды. Ұстазы басынан өткен оқиғаны былай айтып береді:

«Бір кездері дүкендер қатар орналасқан базарда  өрт шығып, дүкендердің барлығы, аяқ-киім, тоқыма заттары, киімдер, барлығы толықтай жанып кеткен еді. Мұны маған хабарлаған кезде, сенің дүкеніңе ешнәрсе болмапты деді. Мен ойланбастан “Әлхамдулиллаһ” дедім. Сосын өз-өзіме: “Дін бауырларымның мал-мүлкі жансын, сенікі аман қалды деп шүкір етудесің, бұл қандай мұсылмандық”» деп қатты өкіндім, көп жылап, тәубә еттім. Дүкендері жанып кеткен дін бауырларыммен бірдей болу үшін, дүкенімдегі барлық затты кедейлерге таратып жібердім. Отыз жыл тәубә етіп келемін, әлі ождан азабынан құтыла алмадым. Өлгенімде мені шалғай бір жерге көміңдер, жердің мені қабыл етпейтінінен қорқамын. Достарымның арасында ұяламын.»

Ахмед Рифаи хазреттері жануарларға аса мейірімді еді. Бір ит алапес  ауруына шалдыққан еді. Ит, аурудың нәтижесінде өте жиіркенішті болғандықтан, ешкім оны ауласына жолатпайтын. Әркімнің ауласынан қуыла-қуыла, әлгі ит Сәйид Ахмед Рифаи хазреттерінің есігіне келеді. Дәрменсіз, жара-жара болып кеткен иттің бұл халін көрген Ахмед Рифаи хазреттері, оны алып, қаланың сыртынан бір ұя салып береді. Сол жерде итті емдей бастайды. Тазалап, жараларына май жағып, тамақ беріп, тойдырады. Қырық күн осылай ем қабылдаған ит, соңында ауруынан айығады. Алапестің ізі де қалмайды. Сосын итті жақсылап жуып, қалаға әкеледі. Ахмед Рифаи хазреттерінен:

- Мырзам! Бұл итке қатты мән бердіңіз, мұның хикметі не? – деп сұрағандарға:

- Қиямет күні Раббымның маған “Бұл итке неге жаның ашымады? Оған берген бұл пәлекетімнен неге құтқармадың? Дәл сол пәлекетке сенің де душар болу ықтималдығың бар екенін неге ойламадың?” деп сұрауынан қорқтым. Ей адамдар! Жүректеріңді Аллаһу та'аланың жаратқан махлұқтарына деген сүйіспеншілікпен толтырыңдар. Аллаһу та'аланың сендерді де сондай дәрежеге душар етуінен қорқыңдар,- деп жауап берді.

Ибраһим Гүлшәни хазреттерінің заманында бір ханзада өзінің дұшпанының зиян шегуін қалайды. Осы ниетпен Ибраһим Гүлшәни хазреттеріне келіп, дұшпанының зиянға ұшырауы үшін жазу жазып беруін сұрайды. Ибраһим Гүлшәни хазреттері: «Бұл істі Хақ та'алаға тапсырған жөн болады. Кек сақтап, ашуланып бір мұсылманға зиян тигізуге ұмтылу, тіпті ұшыраған зиянына қуанудың өзі де жаиз емес,»- деп жауап береді.

Андалусияда жетілген, әйел әулиелерден – Фатима бинти Мусәнна хазреттері, әр уақыт Аллаһу та'аланы ойлайтын және «Сенен басқаның барлығы бос» дейтін. Оның бұл халін түсінбегендер, оны жынды, ақымақ дейтін. Бір Рамазан айтының кешінде, Фатима бинти Мусәнна хазреттері, өзі тұратын аймақтың мешітінің алдынан өтіп бара жатады. Мешіттің муәззині қолындағы таяғымен Фатима бинти Мусәнна хазреттерін ұрып, балағаттайды. Бірақ ол ешқандай жауап қатпай, ол жерден кетіп қалады. Бірақ, ренжіген еді. Ренжіген халінде үйінде ғибадатын жалғастыра береді. Таяқпен ұрған муәззин таң намазының азанын айта бастағанда, Фатима бинти Мусәнна хазреттері сол муәззин үшін Аллаһу та'алаға дұға ете бастайды. Өйткені, Өзінің әулие құлын ренжіткен адамды, Аллаһу та'аланың міндетті түрде жазалайтынын білетін еді. Муәззиннің бір бәлеге душар болмасы үшін былай дұға етеді: “Йа Раббым! Түннің соңғы уақытында, барлық адам ұйықтап жатқанда тұрып, Сенің есіміңді, шаһадат кәлимасын, кәлимаи тәухидті айтатын, Сенің және хабибіңнің (сүйіктіңнің) атын зікір ететін, Сенің дағуатыңды, әміріңді, Сенің құлдарыңа білдіретін бұл адамды, маған істегендері үшін жазаландырма! Оны кешіре гөр. Мені ренжіткені үшін оған жаза бере гөрме! Амин!”

Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыз да: «Күлме досыңа, келер басыңа» деп нақыл еткен. Сондықтан, өзгеге келген пәлекетке қуанбау керек, керісінше, оған дұға етіп, бұл пәлекеттен құтылуына көмекші болу керек.