10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   


Пайғамбарымызды көру

Ұйықтап жатқанда және ояу жүргенде Расулуллаһ алейһиссалам көріне ме? Көрінетін болса, көрінетін өзі ме, соған ұқсайтын адам ба? Ғалымдарымыз бұған әр түрлі жауап берген.

Қабірде тірі екендігін бірауыздан айтқаннан кейін, Оның көрінетіндігін де айтқан. Бұлай екені хадис шәрифтерден де аңғарылады. Бір хадис шәрифте «Мені түсінде көрген адам ояу кезінде көргендей болады» делінген.

Сондықтан да Имам Нәуәуи «Оны түсінде көру – Оның өзін көру» деді. Хадис шәрифте: «Мені түсінде көрген адам дұрыс көрген. Өйткені, шайтан менің кейпіме ене алмайды» делінген.

Ибраһим Ләкани хазіреттері былай дейді: «Хадис ғалымдары Расулуллаһтың түстегі сияқты ояу кезде де көрінетінін бірауыздан білдірген. Екі жағдайға да бірнеше мысал келтіруге болады:

Муинуддин Чәшти хазреттері барған жеріндегі қабірлерді зиярат етіп, сол жерде біраз болатын. Барған жерінде танымал болып, атағы таралғаннан кейін ешкімге білдірместен жасырын кетіп қалатын. Осындай саяхаттарының бірі Мекке сапары еді. Меккеге барып, Қағбаны зиярат етті. Біраз уақыт Меккеде болып, ол жерден Мәдина-и Мунәууәраға барды. Пайғамбарымыздың қабірін зиярат еткен күні Оның кесенесінен «Муинуддинді шақырыңдар» деген дауыс естілді.

Бұл дауысты естіген шырақшы «Муинуддин» деп айқайлады. Бірнеше жерден «Мырзам» деген дауыс естілді. Сосын «Қай Муинуддинді сұрап тұрсыз, бұл жерде Муинуддин есімді көп адам бар» деді.

Осыдан соң шырақшы кері қайтып Рауда-и мутаххәраның есігінің алдына барып тұрды. Екі рет «Муинуддин Чәштиді шақыр!» деген дауысты естіді. Шырақшы жамағатқа қарап, «Муинуддин Чәштиді сұрайды» деп айқайлады.

Муинуддин Чәшти хазреттері бұл сөздерді естіп, басқаша халге түсті. Жылап, көз жасын төгіп, салауат оқып, пайғамбарымыздың қабіріне жақындап, әдеппен тұрды. Осы кезде «Ей, Қутб-ул-мәшаих! Ішке кір» деген дауысты естіді.

Пайғамбарымыз «Сен менің дініме қызмет етушісің. Сенің Үндістанға баруың керек. Үндістанға бар. Сол жерде Әжмир деген қала бар. Сол жерде менің немерем (ұрпағымнан) Сәйид Хусейн деген адам бар. Ол жерге жихад ниетімен кеткен болатын. Ол қазір шәһид болды. Әжмир кәпірдің қолына түсейін деп тұр. Сенің сол жерге баруыңның берекесімен Ислам тарайды және кәпірлер құрып, күшсіз және ықпалсыз қалады» деді. Сосын Муинуддин хазреттеріне бір анар беріп, «Мына анарға мұқият қарап, қайда баратыныңды көріп ал» деді.

Муинуддин Чәшти пайғамбарымыздың берген анарын алып қарады, шығыс пен батыстың арасын толық көрді.

Ахмет Руфаи хазреттері қажылыққа барған еді. Қайтарында Мәдина-и Мунаууарада пайғамбарымыздың мүбәрәк қабіріне барып, мынадай өлең жолдарын айтты:

 

«Алыс едік, топырағыңызды

Сүю үшін ей Мырзам.

Келе алмай, өкіл

Рухымды жіберуші едім.

Енді Сізді зиярат ету

Ниғметі болды нәсіп

Қолыңызды берсеңіз

Бір сүйейін, ей Хабиб!»

 

Өлеңді айтып болғанында пайғамбарымыздың қабірінен мүбәрәк қолдары көрінді. Сәйид Ахмет Руфаи иіліп, құрметпен пайғамбарымыздың қолын сүйді. Сол жердегі адамдардың барлығы бұл оқиғаны таңданыспен көрді.

Пайғамбарымыздың мүбәрәк қолдарын сүйгеннен кейін Рауда-и мутаххәраның есігінің табалдырығына жатты. Жылап, сол жердегі жамағатқа «Мені басып өтіңдер» деп жалынды. Ғалымдар басқа есіктерден шығуға мәжбүр болды. Осы керемет ауыздан-ауызға өтіп, бізге дейін келіп жеткен.

Ибн Абидин хазреттерінің дінге бағынудағы халдері танылып, кереметтері мен аңыздары өте көп. Бес уақыт намазда аттахиятты оқыған кезінде Расулуллаһты өз көзімен көретін. Көрмеген жағдайда сол намазды қайтадан оқитын.

Ислам ғалымдарынан екінші мың жылдықтың мүжәддиді Имам Раббани Ахмед Фаруқи Сәрхәнди былай дейді: «Рамазанның соңғы он күнінің бірінде төсегімде жатқан едім. Көзімді жұмып жаттым. Төсегіме басқа біреудің келіп отырғанын сездім. Қараған кезімде пайғамбарымызды көрдім.

Ол: «Сен үшін рұқсат (иджазат) жазуға келдім. Ешкімге мұндай рұқсат (иджазат) жазған емеспін» деді. Қарасам оның мәтінінде осы дүниеге тән ілтипаттар, артында о дүниеге тән береке жазылған еді».

Абдулқадир Гейлани «Ғунйа» кітабында Ибраһим Тәмимиден алып былай дейді: Хызыр алейһиссалам маған «Егер түсіңде Расулуллаһты көргің келсе ақшам намазын оқығаннан кейін тұрып әууабин намазын оқисың, құптанға дейін ешкіммен сөйлеспейсің. Әр екі рәкатта бір сәлем бересің. Әр рәкатта бір рет Хамд, яғни Фатиха сүресін және жеті рет Ихлас сүресін оқисың. Құптан намазын жамағатпен оқығаннан кейін үйіңе барып, үтірді оқисың. Ұйқыға жатарда да екі рәкат намаз оқып, әр рәкатта Хамд, Ихлас сүресін жеті рет оқисың. Намаздан кейін сәжде жасап, жеті рет Аллаһу та’алаға истиғфар айтып, жеті рет «Субханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә қууата иллә билләһил алийил азыйм» дейсің. Сосын басыңды сәждеден көтеріп, отырып, қолыңды көтеріп, «Йа хаййу, йа қаййум, йа зәл жәлали уәл икрам, йа илаһәл әууәлинә уәл ахирин уә йа Рахман-әд-дуния уәл ахирати уә рахимәһума, йа Рабби, йа Рабби, йа Рабби, йа Аллаһ, йа Аллаһ, йа Аллаһ» дейсің.Сосын орныңнан тұрып, сол дұғаны қайта оқисың. Сосын сәждеге барып осы дұғаны тағы оқисың. Сосын басыңды сәждеден көтеріп, қыблаға қарап қалаған қалпыңда жатып ұйықтайсың. Ұйқыға кеткенше пайғамбарымызға салауат айтасың»- деді.

Мен «Бұл дұғаны саған үйреткен адамды маған білдір» дедім. Хазіреті Хызыр «Маған сенбейсің бе?» деді. «Мұхаммед алейһиссаламды хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, саған сенемін» дедім.

Хызыр алейһиссалам «Мен Расулуллаһтың бұл дұғаны үйреткен және өсиет еткен сұхбатына қатыстым. Бұл дұғаны Оның үйреткен адамынан үйрендім»- деді.

Мен Хызыр алейһиссаламның айтқанындай етіп істедім. Төсегімде жатып пайғамбарымызға салауат айта бастадым. Пайғамбарды көремін деген қуаныштан ұйқым ашылып, таңға дейін ұйықтай алмадым.

Бамдат намазын оқып, күн көтерілгенше отырдым. Дуһа (Сәске) намазын оқыдым. Өз-өзіме «Кешке жетсем кеше жасағанымды жасаймын» дедім. Сол кезде ұйықтап қалыппын. Түсімде періштелер келіп, мені жәннатқа алып барды. Ол жерде жақұт, асыл тастар мен інжулерден жасалған үйлер мен сарайлар, бал, сүт және жәннат сусындарынан өзендер көрдім.

Мені жәннатқа апарған періштелерден «Мына үй кімге?» деп сұрадым. Періштелер «Сен істеген амалды істегендерге» деді. Жәннаттың тағамдарынан жегізіп, сусындарынан ішірмейінше мені ол жерден шығармады. Сосын мені жәннаттан шығарып, баяғы орныма алып келді.

Сосын пайғамбарымыз алейһиссалам қасына жетпіс пайғамбар және әр сапы батыс пен шығыстың арасындай болған жетпіс сап періштелермен келіп, маған сәлем беріп, қолымнан ұстады. Осы кезде мен «Йа, Расулаллаһ! Хызыр алейһиссалам мына хадис шәрифті сенен естігенін айтты» дедім. Пайғабарымыз «Хызыр дұрыс айтты. Айтқандары рас. Хызыр жер бетіндегілердің ең ғалымы. Дәруіштердің басшысы. Жер бетіндегі Аллаһ әскерлерінің бірі»- деді.

Мен «Йа Расулаллаһ! Мен орындаған амалды орындаған адамға менің көргенімнен басқа нәрсе көрсетіле ме?» дедім. «Сенің көргеніңнен артық не болуы мүмкін? Сен жәннаттағы орның мен мақамыңды көрдің. Жәннаттың жемістерінен жеп, сусындарынан іштің. Менімен бірге періштелер мен пайғамбарларды көрдің. Хор қызыңды көрдің» деді.

«Йа Расулаллаһ! Мен орындаған амалды орындап, түсінде менің көргенімді көрмеген адамға маған ихсан болған нәрселер беріле ме?» дедім. «Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, ол адамның істеген үлкен күнәлары кешіріледі. Аллаһу та’аланың ол адамға деген ашуы басылады. Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, бұл амалды істеген адам түсінде сенің көргеніңді көрмесе де саған берілгендер оған да беріледі. Көктен бір дауыс Аллаһу та’ала бұл істі істеген адамды және шығыстан батысқа дейінгі Мұхаммед алейһиссаламның үмметін кешірді деген дауыс келеді»- деді.

«Йа Расулаллаһ! Сенің жамалың мен жұмақты көргенімдей ол адамға да осылар нәсіп бола ма?» дедім. «Иә, барлығы да беріледі» деді. «Йа Расулаллаһ! Еркек және әйел, барлық мүміндерге осы дұғаны үйрету және сауабын білдіруге бола ма?» дегенімде «Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, бұл істі Аллаһу та’аланың бақытты етіп жаратқан адамдарынан басқа адам істемейді»- деді.

Түсінде пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның шын жүзін көрген адам Оның өзін көрген болып саналады. Өйткені, шайтан Оның кейпіне ене алмайды. Бірақ, шайтан басқа кейіпке кіріп көріне алады. Расулуллаһты танымайтын адамның оны ажырата алуы оңайға соқпайды.

Кейбір ғалымдар «Пайғамбарымызды әр түрде көру Оның өзін көрген болады. Бірақ, бұл ол адамның діндегі нұқсандығының белгісі. Пайғамбарымызды түсінде шын түрімен көрген және мүмін болып қайтыс болған барлық адам жәннатқа барады» деген.

Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың мынадай хадис шәрифін білдірді: «Бір адам жұма түнінде екі рәкат намаз оқыса, әр рәкатта Фатиха мен Аятул курсиді бір-бірден, Ихлас сүресін он бес рет оқыса, намаздан кейін мың рет «Аллаһуммә салли ала Мухаммедин нәбии-ул-уммии» десе, келесі жұма келместен мені түсінде көреді. Ол адамның өткен және келешектегі барлық күнәлары кешіріледі. Жәннат мені көргендер үшін».