19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Сұрақ-жауап

(11.01.2009)

Сұрақ: Зина жасаған адамды Аллаһ кешіреді ме?

 

Жауап: Бір пенде қандайда бір күнә жасағаннан кейін оған өкінсе, қәтесін мойындағаны. Өкінудің өзі тәубе дегенді білдіреді. Ал Аллаһу таала тәубесі жасалынған кезкелген күнәны кешіреді. Ол кешірмейтін еш қандай күнә жоқ. Мушрик және кәпірлерді де тәубе еткен кездерінде ғафу етуде.

Пайғамбарымыз мына екі хадис шәрифінде:

«Аллаһу таала айтты: ей  адам баласы, дұға етіп менен ғафу етуімді тілейтін болсаң, қаншама үлкен күнә істегеніңе қарамай сені кешіремін. Көктерге жететіндей күнә жасап, бірақ Менің рахымымнан үмітіңді үзбей кешірім тілейтін болсаң, сені ғафу етемін.» [Тирмизи]

«Тәубе еткен кісі еш күнә жасамағандай болады.» [Ибн Мажә] деп айтқан.

 

Құран кәримде де былай бұйырылады: «Ей күнәсы көп болған құлдарым, Аллаһтың мейірімінен үміттеріңді үзбеңдер! Аллаһ бүкіл күнәларды кешіре алады. Ол шексіз мағфират (кешірімділік) және соңсыз мейірімділік иесі.» [Зумар - 53]

Осы аят кәрима мен хадис шәрифтер тәубе ететін болса кезкелген күнәның кешірілуін аңғартуда.

 

(11.01.2009)

Сұрақ: Жамағат намазында соңғы рәкаттың рүкусында имамға үлгермеген кісі аттахият дұғасын оқи ма?

 

Жауап: Имамға соңғы рәкаттың рүкусынан кейін ұйған кісі имаммен бірге сонғы отыруда аттахият дұғасын оқиды. Кейін салауаттарға өтіп кетпей имам сәлем бергенге дейін калимаи шаһадатты (Әшһәду ән ла илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһу уә расулуһ) қайталап отырады. Имам сәлем бергенде сәлем бермей орнынан тұрып оқымаған рәкаттарын толықтырады.

 

Имамға соңғы отыруда (ташаһһуд) келіп ұйған кісі, дереу тәкбір айтып отырады да аттахияту дұғасын оқуды бастайды. Бұл арада имам сәлем беріп қалса, аттахияту дұғасын аяқтауы шарт болмайды. тәкбір айтып үлгермеген рәкаттарын оқу үшін қиямға тұрады. 

 

(11.01.2009)

Сұрақ: Мен соңғы кезде бір түсті қайта-қайта көретін болдым, түсім бірдей емес соның ішінде бір ер адамды қайта-қайта көрем, басында көп мән бергем жоқ, ал түсті кез-келген адамға айтуға болмайды дейді ғой, түсім жаман түрде емес, осы туралы білсеңіз маған міндетті жауап қатуыңызды өтінемін, рахмет.

 

 

Жауап:  Түсте түрлі хикметтер болады. Түс кейбір адамға сүйінші, кейбірі үшін ескерту болуы мүмкін. Пайғамбарымыз хадис шәрифтерде былай бұйырады:

«Жақсы түс - сүйінші.» [Ибн Жарир]

«Салих, таза түс рахмани, аралас түс шайтани болады.» [Бұхари]

«Ең дұрыс түс сәре уақытысында көрілген түс.» [Байхаки]

«Шыншыл және адал кісілердің түсі дұрыс шығады.» [Бұхари]Түсті жору терең ілімді талап етеді. Әр адам жора алмайды. Әсіресе мына заманда

бұл ілімді білетін адам жоқ десе де болады. Егер көрген түсімізді біреуге айтқымыз келсе, тек жақсыларын салих (намаз оқитын, ашықша күнә істемейтін) кісілерге айту керек. Өйткені салих кісі түс жору ілімін білмеседе, түсті жақсылыққа жорады, сондықтан одан зиян келмейді. Жаман, аралас түстерді еш кімге айпаған жөн! Бұл жайлы Пайғамбарымыз хадис шәрифтерінде былай бұйырады:

«Жаман түс көрген адам оны ешкімге айтпасын, шайтаннан да қорғауы үшін Аллаһқа жалбарынсын.» [Муслим]

«Жаман түс көрген адам оянған соң сол жағына үш рет түкіріп, шайтанның жамандығынан сақтауы үшін Аллаһқа сиынсын. Сонда түс оған зиян келтірмейді.» [Муслим]

«Жақсы түс көрген адам дереу Аллаһу та’алаға хамд-шүкіршілік етсін! Жаман түс көрген болса, Аллаһу та’алаға сиынсын, түсін ешкімге айтпасын! Сонда оған түстің зарары тимейді.» [Дара Құтни]«Түсінде қуанышты нәрселер көрген адам түсін көкірегі ояу, адал, салих кісіге айтсын! Ол да түсті жақсылыққа жорсын!» [Байхаки]«Түс қалай жорылатын болса солай шығады. Сондықтан түсіңізді насихат бере алатын кісілерге немесе ғалымдарға айтыңдар!» [Хаким]

Бір күні бір әйел көрген түсін Пайғамбарымызға келіп айтқанда: «Жаныңда болмаған кісіңе [күйеуіңе] қауышасың) деп жорады. Әйел күйеуіне қауышады. Арадан біраз уақыт өтіп тағы да дәл сол түсті көреді-де басқаларға жорытады. Олар «күйеуің өледі» деседі. Айтқандары болады.

Сондықтан түсті жақсылыққа жору  керек! Жақсы түс көргенде «иншааллаһ жақсылыққа болсын» деу, жаман болса, «Аллаһу таала сені мына түстің жамандығынан қорғасын» деу қәжет! (Бостан-ул-арифин)

 

(16.01.2009)   Жәннатта неке

Сұрақ: Күйеуі қайтыс болғанда неке бұзыла ма? Егерде екінші рет күйеуге шыққан болсам, ахиретте қай бірімен бірге боламын? біріншісімен бе әлде екіншісімен бе?

   

    Жауап: Бір отбасыда күйеу қайтыс болса, неке бұзылады. Бұл өмірдегі некелер бұл дүниеде аяқталады. Ахиретке әр адам бойдақ барады. Жәннатта үйленбеген адам қалмайды.

    Ерлі зайыптылар екеуі де жәннатқа барса негізінде әрбір кісі өз жұбайымен бірге болады. Ал егер әйел кісі бірінші күйеуі қайтыс болған соң екінші рет тұрмысқа шыққан болса және екеуі де ахиретке иманымен кететін болса, қай қүйеуімен бірге болғысы келсе де еркі өзінде.    

    Пайғамбарымыздың әйелі Умми Хабиба анамыз бір ретінде "күйеуі қайтыс боған әйел екінші рет күйеуге шығып, кейін онымен ажырасып, үшінші кісіге тұрмысқа шықса, ахиретте осы үш кісінің қай бірімен үйленеді?" деп сұрақ қатады. Пайғамбарымыз: "Ондай әйелдің еркі өзінде болады. Қай күйеуінің мінез-құлқы жақсырақ болса сонымен бірге болады. Мінезі жақсы болғандар дүние және ахирет жақсылықтарына қауышады." деп жауап береді.

   

    Демек, әйел сол үш кісінің қай бірін көбірек жақсы көретін болса, сонымен тұрмыс құрады. Егер үшеуін де қаламайтын болса, еш қайсысымен бірге болмайды. Жәннатта ренжу немесе мәжбүрлеу болмайды. Тіпті, сәби кезінде немесе бойдақ кезінде қайтыс болған мұсылмандар да өздері қалаған кісімен үйленеді. Жәннатта бүкіл адамдар бірдей жаста болады.

 

(17.01.2009) Науқастың намазы

Сұрақ: Кісінің бел омыртқасына операция жасалып, түзу отыра алмай, тек қана сүйеніп және орындыққа ғана отыра алатын болса, сәждеге иілуге жағдайы келмейтін кісіге намаз оқу үшін қандай да бір мүмкіндіктері бар ма? Және де бойдәрет алғанда аяқтарына еңкейіп, қолы жете алмаса, дәретті қалай алса болады екен?

  

    Жауап:

        Намаз кітаптарының  және Ғылмихал кітаптарының "Науқастың намазы" баптарында келген мәліметтер бойынша:

 

        "Тiк тұра алмайтын адам намазын отырып, руку үшiн денесiн бiраз иедi, сосын денесiн түзу ұстап, кейiн жерге екi рет сәжде жасайды. Қалай отыру ыңғайлы болса солай отырады. Тiзерлеп отыруына да, малдас құрып отыруына да болады.

        Жерге сәжде жасай алмайтын адам аяқта оқып, руку және сәжде үшiн отырып ишарат етедi. Отырып оқығанда руку үшiн азырақ, ал сәжде үшiн одан көбiрек иiледi. Денесiн ие алмаған адам басын иедi. Бiр нәрсенiң үстiне басын қою шарт емес. Бiр нәрсенің үстiне сәжде ететiн болса, сәжде үшiн рукуден көп иiлген болса ғана намазы дұрыс болғанымен мәкрух болады. Сүйенiп отыруға мүмкiндігі бар кісінің ишаратпен жатып оқуы жаиз емес.

        Хазреті пайғамбарымыз алейһиссалам бiр ауруды зиярат еттi оның қолымен жастықты көтерiп соған сәжде еткенiн көрiсiмен жастықты алып тастады. Ауру адам ағашты көтерiп оның үстiне сәжде еттi. Ағашты да алып тастады. Кейін былай дедi: «Күшiң жетсе жерге сәжде ет, жерге иiле алмасаң бетiңе бiр нәрсе көтерiп оның үстiне сәжде етпе. Ишарат етiп оқы, сәждеде рукуден көбiрек иiл.»

        «Бахр-ур-Раиқ» атты кітапта бұған қосымша ретiнде келтірілген Али-Имран сүресiнiң 191-аятында: «Намазды күшi жеткен түрегеп оқиды. Күшi жетпеген отырып, бұған да күшi жетпеген жатып оқиды», деп бұйырады.

        Имран бин Хусайн науқастанғанда Расулуллаһ алейһиссалам оған: «Тұрып оқы, шамаң жетпесе отырып оқы, бұған да күшiң жетпесе жантайып немесе шалқайып жатып оқы» деп бұйырған.

        Бұлардан көрініп тұрғанындай, тұрып оқи алмаған ауру отырып оқиды, отыра алмаған жатып оқиды. Бірақ орындық және креслоға отырып оқуға рұқсат етілмеген. Науқастың немесе автобус не ұшақта сапар шегіп бара жатқан кісінің креслода намаз оқуы исламға сай емес, жерге отырып немесе тұрып оқуы керек. Жерге түсіп отыратындай орын болмаса, екі аяғын орындықтың үстіне шығарып, тізерлеп яки ыңғайына қарай отырып оқиды. 

        Бiр нәрсеге сүйенiп отыра алмаған ауру, шалқасынан жатып, шалқасынан да жата алмаса оң жағына жатып басымен ишарат етедi. Қыблаға бетiн бұра алмаған адам оңтайлы жағына қарап оқиды. Шалқасынан жатқан адамның басының астына бiр нәрсе қойып, жүзiн қыблаға қаратады. Тiзелерiн бүгіп аяғын қыблаға созбау абзал. Басымен ишарат жасай алмаған адам намазын қазаға қалдыруы жаиз." - делінген.

 

        Сіздің сұрағыңыздағы жағдайда ол кісі жерге түсіп бір нәрсеге сүйеніп, құбылаға қарап отырып оқиды. Жерде оқуға мүмкіндігі болмағанда, төсектің үстінде және орындықта да оқуына болады. Бірақ аяқтарын төсектен немесе орындықтан төмен түсіріп (христиандардың шіркеудегі ғибадаты секілді) отырмай, үстіне шығып отырып (бір нәрсеге сүйеніп жатып) оқуы шарт. Бұл кісі рукуде кеудесін шамалы алға иеді. Сәждеде рукуден біраз көбірек иіледі. Бұл арада беті, яғни көкірегі құбыла бағытына қараған болуы керек. Аяқтарын құбылаға созбау үшін тізелерін бүгіп алған жақсы.

        Дәрет және ғұсыл (бой дәрет) мәселесінде бұл кісінің аяқтарына еңкейіп алуы шарт емес. Біздің Ханафи (имам Ағзам) мәзһабымызда дәрет және ғұсылда (бой дәрет) бір мүшені қолмен ысқылап жуу фарз емес, сүндет.

        Ғұсылда (бой дәрет) дененiң бiр мүшесiне құйылған су басқа мүшеге  тисе ол жер де таза болады. Өйткенi ғұсылда бүкіл дене бiр мүше болып есептеледi. Сондықтан дәрет және ғұсылда аяқтарын судың астына алып барып барлық жеріне су тигізу жеткілікті болады.