10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   


Шапағаты

Пайғамбарымыз алейһиссалам қиямет күні үмметіне шапағат етеді, оларды қиындық пен қайғыдан құтқарады. Бір хадис шәрифінде: «Маған үмметімнің жартысының жаннатқа кіруі мен шапағат екеуінің бірін таңдау ұсынылды. Мен шапағатты таңдадым. Өйткені, ол ауқымдырақ. Оны тек тақуалықты ұстанғандар үшін деп ойламаңдар, ол сонымен қатар қателік жасаған күнәһарлар үшін де...» дейді.

Әбу Хурайраның (радиаллаһу анһ) жеткізген хадис шәрифінде пайғамбарымыз: «Шапағатым, жүрегі тілін растайтындай түрде, ықыласпен «Лә илаһә иллаллаһ» деп шаһадат кәлимасын айтқан адамға болады» деген.

Кейбір хадис шәрифтерде де былай делінген:

«Үмметімнің ішінде әһли бәйтімді жақсы көргендерге шапағат етемін».

«Үмметімнің үлкен күнә істегендеріне шапағат етемін».

«Сахабаларыма тіл тигізгендерден басқа барлық мұсылмандарға шапағат ете аламын».

«Үмметімнен өз нәпсіне зұлымдық жасағандарға, нәпсілеріне алданғандарға шапағат етемін».

«Қиямет күні ең бірінші мен шапағат етемін».

«Шапағатыма сенбеген адам оған қауыша алмайды».

Қиямет күні Сурдың үрленгенінен туындаған қорқыныштан адамдар үрейленіп, қайда қарауларын білмей абдырайды. Мүміндер мен кәпірлер махшар алаңына жөнелтіледі. Бұл қиямет күнінің қатаңдығын арттыратын азап болып табылады.

Бұл кезде Аршты сегіз періште көтеріп келеді. Бір періште бір аттағанда жиырма мың жылдық дүниенің жолын жүреді.

Періштелер мен бұлттар Арш Аъла орналасқанға дейін адам ақылы жетпейтін түрде тәсбих айтады. Осылайша, Арш Аъла Аллаһу та’аланың сол үшін жаратқан «ақ жер»-ге орналасады. Бұл кезде Аллаһу та’аланың ешкім шыдап тұра алмайтындай азабынан бастар төмен иіледі. Барлық адам қиналып, шапағат іздейді.

Пайғамбарлар мен ғұламаларды қорқыныш билейді. Әулиелер мен шәйіттер Аллаһу та’аланың адам төзгісіз азабынан айқайлайды. Олар осындай жағдайда тұрғанда күннің сәулесінен де өткір сәуле оларды орап алады. Онсыз да күннің ыстықтығына шыдай алмай тұрғандар одан сайын қиналады. Мың жыл осылай тұрады. Аллаһу та’ала тарапынан оларға ешнәрсе айтылмайды.

Осы уақытта адамдар алғашқы пайғамбар болған Адам алейһиссаламға барады, «Йа Адам алейһиссалам! Сіз қадірлі және абыройлы пайғамбарсыз. Аллаһу та’ала сізді жаратып, періштелерді сізге сәжде еткізді. Сізге өз рухынан үрледі. Есепті бастауы үшін бізге шапағат етіңіз, Аллаһу та’аланың қандай үкіміне болса да разымыз. Және қайда баруды бұйырса сонда барайық. Барлық нәрсенің иесі және қожайыны болған Аллаһу та’ала махлұқтарына қалағанын істесін» деп жалынады.

Адам алейһиссалам былай дейді: «Мен Аллаһу та’аланың тыйым салған ағашының жемісін жедім. Сондықтан Аллаһу та’аладан ұяламын. Бірақ, сендер Нұх алейһиссаламға барыңдар». Осылайша мың жыл кеңесіп тұрады.

Сосын Нұх алейһиссаламға барып, «Шыдай алмайтын жағдайдамыз. Біздің үкіміміздің тезірек шығарылуы үшін шапағат етіңіз. Мына махшар жазасынан құтылайық» деп жалынады. Нұх алейһиссалам оларға «Мен Аллаһу та’алаға дұға еттім. Жер бетінде қанша адам бар болса, солардың барлығы дұғамның себебінен суға батты. Сондықтан Аллаһу та’аладан ұяламын. Бірақ, сендер Халилуллаһ болған Ибраһим алейһиссаламға барыңдар. Аллаһу та’ала «Хаж» сүресінің соңғы аятында «Ибраһим (алейһиссалам) сендер дүниеге келместен бұрын сендерге мұсылман деген атты қойды» деген. Мүмкін, сендерге сол шапағат етер» дейді.

Тағы да өз араларында мың жыл сөйлеседі. Сосын Ибраһим алейһиссаламға барады. «Ей, мұсылмандардың әкесі! Сіз Аллаһу та’аланың өзіне халил еткен адамысыз. Бізге шапағат етіңіз. Аллаһу та’ала жаратылғандарға үкімін берсін» дейді. Ибраһим алейһиссалам оларға «Мен дүниеде үш рет астарлы сөз айттым. Соларды айтып, дін жолында күрестім. Енді Аллаһу та’аладан бұл мақамда шапағат етуіме рұқсат сұраудан ұяламын. Сендер Мұса алейһиссаламға барыңдар. Өйткені, Аллаһу та’ала онымен сөйлесті және оған рухани жақындық танытты. Ол сендер үшін шапағат етеді» дейді.

Осы мәселе бойынша тағы мың жыл кеңеседі. Бірақ, осы уақытта жағдайлары одан да қиындай түседі. Махшар алаңы қатты тарылып кетеді. Сосын Мұса алейһиссаламға барып, «Йа, Ибни Имран! Сіз Аллаһу та’аланың өзімен сөйлескен, Таурат түсірілген пайғамбарсыз. Есепке тартуды бастауы үшін бізге шапағат етіңіз. Өйткені, бұл жерде тұрғанымызға көп болды. Бұл жердегі сығылыстан аяқ-аяқтың үстіне шықты» дейді.

Мұса алейһиссалам оларға «Мен Аллаһу та’аладан Перғауын әулетіне олар ұнатпайтын жаза беруін жылдар бойы тіледім. Кейіннен келгендерге ғибрат болуларын сұрадым. Енді шапағат етуге ұяламын. Бірақ, Хақ та’ала рақым, мейірім иесі. Сендер Иса алейһиссаламға барыңдар. Өйткені, нақты білім тұрғысынан расулдардың ең сахихы, мағрифат пен тақуалық тұрғысынан ең күштісі және даналық тұрғысынан ең үстемі сол. Сендерге сол шапағат етеді» дейді.

Адамдар Махшар азабынан құтылу үшін Иса алейһиссаламға барады. «Сіз Аллаһу та’аланың рухы мен сөзісіз. Аллаһу та’ала сіз үшін «Али Имран» сүресінің 45-ші аятында: «Дүниеде және ахиретте уәжих, яғни өте қадірлі» деді. Бізге шапағат етіңіз» дейді.

Иса алейһиссалам «Менің қауымым мені және анамды Аллаһтан басқа илаһ деп қабылдады. Бұл жағдайда мен қалай шапағат етемін. Маған да ғибадат жасады, мені ұл, Аллаһу та’аланы әке деді. Бірақ, сендер біріңнің ыдысы болып, ішінде напақасы болмағанын және аузының мөрлі емес екенін көрдіңдер ме? Ол мөрді бұзбастан ол напақаны алуға бола ма? Пайғамбарлардың ең үстемі және соңғысы Мұхаммедке саллаллаһу алейһи уә сәлләм барыңдар. Өйткені, Ол дағуаты мен шапағатын үмметі үшін дайындады. Өйткені, қауымы оған көп рет азап көрсетті. Мүбәрәк маңдайын жарды, мүбәрәк тісін сындырды. Оны жынды деп айыптады. Алайда, Ол ұлы пайғамбар олардың абырой жөнінен ең абыройлысы, қадір жөнінен ең қадірлісі еді. Олардың көрсеткен аяусыз азаптарына Юсуф алейһиссаламның бауырларына айтқан «Енді сендердің бастарыңнан қағу жоқ. Әрхамуррахимин болған Хақ та’ала сендерді кешіреді» деген аятпен жауап беретін» дейді. Иса алейһиссалам пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уәсәлләм ізгіліктерін айтқан кезде, адамдардың барлығының Оған тезірек жеткісі келеді.

Иса алейһиссалам пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уәсәлләм ізгіліктерін айтқан кезде, адамдардың барлығының Оған тезірек жеткісі келеді.

Дереу Мұхаммед алейһиссаламның мінберіне барады. Оған «Сіз хабибуллаһсыз. Хабиб – арашылардың ішінде Аллаһқа ең жақыны. Бізге шапағат етіңіз! Өйткені, пайғамбарлардың ең алғашқысы болған Адам алейһиссаламға бардық. Бізді Нұх алейһиссаламға жіберді. Нұх алейһиссаламға бардық. Ол Ибраһим алейһиссаламға жіберді. Ибраһим алейһиссалам Мұса алейһиссаламға жіберді. Мұса алейһиссаламға бардық. Ол Иса алейһиссаламға, ал ол бізді сізге жіберді. Йа Расулаллаһ салаллаһу алейһи уә сәлләм! Сізден кейін баратын басқа жер жоқ» дейді.

Расулуллаһ алейһиссалам «Аллаһу та’ала рұқсат беріп, разы болса шапағат етемін» дейді.

Сурадиқат-и жәлалға, яғни жәлал пердесіне барады. Аллаһу та’аладан шапағат етуге рұқсат сұрайды. Оған рұқсат беріледі. Перделер алынады. Арш Аълаға кіреді. Сәжде жасайды. Мың жыл сәждеде болады. Содан соң Хақ та’алаға соншалықты мадақ айтады, әлем жаратылғалы бері мұндай мадақты ешкім айтқан емес. Кейбір арифтер Аллаһу та’ала әлемдерді жаратқан кезде олардың осындай мадақтар айтуын бұйырғанын білдірген.

Махшарда адамдардың жағдайлары бара-бара қиындай береді. Машаққаттары мен қиындықтары арта түседі. Адамдардың әрбірі дүниеде сақтаған мал-мүліктерін мойындарына артып алады. Түйенің зекетін бермеген адамдардың мойнына түйе артылады. Айқайлап, ауырлағаны соншалық үлкен таулардай болады. Сиыр, қой зекетін бермегендер де осылай болады. Олардың айқайлаған дауыстары көктің күркіреуіне ұқсайды.

Егін зекетін, яғни ұшырын бермегендердің мойнына соншалық егін артылады. Егіннің қандай түрінен бермеген болса, сол түрдегі егін жүктеледі. Ауыр салмақтың астында уа уәйла, уа сәбура (уәйл – азап сөзі. Адам азапқа шыдамаған кезде осылай айқайлайды. Сәбур сөзі құрыған уақытта қолданылады) деп айқайлайды.

Алтын, күміс және (қағаз) ақша және басқа сауда мүлкінің зекетін бермегендерге қорқынышты жылан жіберіледі. Олар айқайлап «Бұл не?» деп сұрағанда періштелер «Бұл дүниеде зекетін бермеген мүліктерің» деп жауап береді. Міне, бұл қорқынышты жағдай «Али Имран» сүресінің 180-ші аятында: «Дүниеде қимаған заттары, қиямет күні мойындарына тағылады» деп көрсетілген.

Тағы бір топ адамдардың әурет жерлері жарақат болып, ірің ағады. Олардан шыққан жаман иіс айналасындағылардың мазасын алады. Бұлар – зинақорлық жасағандар және харам іс істегендер.

Тағы бір топ адамдар ағаш бұтақтарына ілініп тұрады. Олар дүниеде ливата (гомосексуализм) жасағандар.

Бір топ адамдардың тілдері ауыздарынан шығып, кеуделеріне жетіп өте нашар халде болады. Адамдар оларды көргісі келмейді. Олар – өтірік айтып, жала жапқандар.

Тағы бір топтың адамдарының қарны таудай болып үлкейіп кетеді. Бұлар дүниеде заруретсіз және мәміле жасамай пайызға ақша мен зат алғандар және бергендер. Осы сияқты харам іс істегендердің күнәлары өте жаман түрде ашылады.

Аллаһу та’ала: «Йа Мұхаммед, басыңды сәждеден көтер! Айт, тыңдалады. Шапағат ет, қабыл болады» деп бұйырады. Расулуллаһ алейһиссалам «Йа Раббым! Құлдарыңның арасынан жаман мен жақсыларды ажырат. Уақыттары ұзаққа созылды. Әрқайсысы күнәларымен Арасат жерінде масқара болды» дейді.

«Иә, Мұхаммед!» деген дауыс келеді. Хақ та’ала жаннатқа әмір береді, ол барлық түрлі әшекейімен әшекейленеді. Арасат алаңына әкелінеді. Оның иісінің хоштығы соншалық, бес жүз жылдық жолдан сезіледі. Бұдан көңілдер жайланады. Рухтар тіріледі. (Бірақ, кәпірлер, мүртәдтер және мұсылмандарды мазақ еткендер, жастарды алдап, имандарынан тайдырғандар) және жаман іс-әрекет жасағандар жаннаттың иісін сезбейді.

Махшарда Хақ та’ала жаннат пен жаһаннамды әкелуді бұйырады. Сол кезде тозақтың жаман даусы шығып, күркіреп, от шашып, одан бүкіл аспанды қап-қараңғы ететін түтін шығады. Гүрілдеген дауысы мен ыстықтығы адам төзгісіз болады. Адамдардың барлығы аяқтарын басып тұра алмай, тізерлеп отыра қалады.

Тіпті пайғамбарлар мен расулдар да өздерін ұстай алмайды. Хазреті Ибраһим, хазреті Мұса, хазреті Иса Арш Аълаға асылады. Ибраһим алейһиссалам өзі құрбан еткен Исмаил алейһиссаламды ұмытады. Мұса алейһиссалам ағасы Харун алейһиссаламды, Иса алейһиссалам анасы хазреті Мәриямды ұмытады. Барлығы «Йа Раббым! Бүгін нәпсімнен (өзімнен) басқа ештеңені қаламаймын» дейді.

Мұхаммед алейһиссалам болса «Үмметіме саламат бер, құтқара көр, йа Раббым!» дейді. Ол жерде бұған ешкім шыдап тұра алмайды. Өйткені, Аллаһу та’ала бұл туралы «Жасиә» сүресінің 28-ші аяти кәримәсында: «Барлық үмметтің Хақ та’аланың қорқынышынан тізерлеп отырғанын көресің. Әрқайсысы дүниеде істеген істерінің кітабына (есебіне) шақырылады» деп бұйырған.

Аллаһу та'ала Мүлк сүресінің сегізінші аятында: «Ашуы мен қаталдығынан от екіге бөлінетіндей болады» деген.

Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм ортаға шығып, жаһаннамды тоқтатады. «Қор болып, мүсәпірленіп кері қайт! Саған түсетіндер топ-топ болып келгенге дейін» дейді.

Жаһаннам: «Йа Мұхаммед! Маған рұқсат бер. Өйткені, сен маған харамсың» дейді. Арштан бір дауыс «Ей жаһаннам! Мұхаммед алейһиссаламның сөзін тыңда. Оған бағын» дейді. Сосын Расулуллаһ жаһаннамды Аршы Аъланың сол жағындағы бір жерге орналастырады. Махшардағылар пайғамбарымыздың осы мейірбан әрекеті мен шапағатын бір-біріне сүйінші етіп хабарлайды. Қорқыныштары біраз басылады. «Әнбия» сүресіндегі 107-ші аяттың «Сені әлемдерге рақымдылық ретінде жібердік» деген мағынасы осы жерде айқындалады.

Қорыта айтқанда, Расулуллаһ алейһиссалам алты жерде шапағат етеді. Біріншісі, Мақамы Махмуд деген шапағатымен барлық адамды махшарда күтіп тұру азабынан құтқарады. Екіншісі, көп адамды жаннатқа кіргізеді. Үшіншісі, азап тартуы керек болған адамдарды азаптан құтқарады. Төртіншісі, күнәсі көп болған мұсылмандарды жаһаннамнан шығарады. Бесіншісі, сауабы мен күнәсі тең болып, Араф деген жерде күтіп тұрғандарды жаннатқа кіргізеді. Алтыншысы, жаннаттағылардың дәрежелерінің көтерілуі үшін шапағат етеді.