19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Мұғжизалары

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның хақ пайғамбар екенін көрсететін куәгерлер өте көп. Аллаһу та’ала «Сен болмағанда әлемді жаратпас едім» деген. Барлық болмыстар Аллаһу та’аланың бар екенін, бір екенін көрсетумен қатар, Мұхаммед алейһиссаламның хақ пайғамбар екенін және оның үстемдігін көрсетуде. Үмметінің әулиелерінде пайда болатын кереметтердің барлығы Оның мұғжизалары болып табылады. Өйткені, кереметтер оған бағынатындарда, оның жолымен жүрген адамдарда пайда болады. Тіпті, барлық пайғамбарлар оның үмметінен болуды қалағандықтан, барлығы оның нұрынан жаратылғандықтан олардың мұғжизалары да Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары болып саналады. Бұл сөзімізді Имам Бусайридің «Қасидә-и Бурдә» шығармасы тамаша бейнелейді.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның  мұғжизалары заманға байланысты үшке бөлінеді: Біріншісі – мүбәрәк рухы жаратылғаннан бастап, пайғамбарлығы білдірілгенге (бисәт) дейінгілер. Екіншісі – бисәттен бастап қайтыс болғанға дейінгі уақыттағылар. Үшіншісі – қайтыс болғаннан бастап қияметке дейін болған және болатын нәрселер. Бұлардан біріншілері ирхас деп аталады. Бұның әрқайсысы көріп немесе көрмей ақылмен түсінілетін мұғжизалар болып екіге бөлінеді. Бұл мұғжизалардың санының көптігі соншалық, есебін білу мүмкін емес. Екінші бөлімдегі мұғжизалардың саны үш мыңдай болғаны білдірілген. Бұлардан мәшһүр болғандарының бірнешесі төменде берілді.

1- Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизаларының ең үлкені - Құран Кәрім. Қазірге дейін келген ақындар мен әдебиетшілер Құран Кәрімнің жүйелілігі мен мағынасына таң қалған. Оның бірде-бір аятына ұқсайтын нәрсе жаза алмаған. Шешендік ерекшелігі, жазылу тәсілі адам сөзіне ұқсамайды. Яғни, бір сөзі алынып тасталса немесе бір сөз қосылса мағынасындағы әсемдік бұзылады. Бір сөзінің орнына қоятын басқа сөз іздегендер ондай сөзді таппаған. Тәртібі араб ақындарының өлеңдеріне ұқсамайды. Өткен және келешекте болатын көптеген нәрселер туралы хабар береді. Оны оқығандар мен тыңдағандар жалықпайды, шаршаса да жалықпайды. Оны оқып тыңдаған кезде адамның дерттерін кетіретіні көптеген тәжірибелермен анықталған. Тыңдаған кезде жүректерінде қорқыныш сезімі пайда болып, осыдан қайтыс болып кеткендер де кездескен. Қаншама ислам дұшпандары Құран Кәрімді тыңдау арқылы жүректері жұмсарып, иман келтірген.

2- Бір күні Пайғамбарымыз көкесі Аббастың үйіне барып, Аббас пен оның балаларын қасына отырғызды. Олардың үстін жамылғысымен жауып, "Йа, Раббым! Бұл көкем мен әһли бәйтімді жапқаным сияқты Сен де оларды жаһаннам отынан қорға" деді. Қабырғадан үш рет "әмин" деген дауыс естілді.

3- Бір күні қолына пұт  ұстап тұрған бір адамнан "Мына пұт маған сөйлесе иман келтіресің бе?" деп сұрады. Ол адам "Мен бұл пұтқа елу жылдан бері ғибадат жасап келемін. Ешқашан маған  сөйлегенін көрмедім. Саған қалай сөйлейді?" деді. Мұхаммед алейһиссалам "Ей, пұт! Мен кіммін?" деген кезде "Сен Аллаһтың пайғамбарысың" деген дауыс естілді. Пұттың иесі дереу иман келтірді.

4- Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уәсәлләм бір өрістік далада кетіп бара жатқанда үш рет "Йа, Расулаллаһ" деген дауысты естиді. Дауыс шыққан жаққа қараса байлаулы киікті көреді. Оның жанында бір адам ұйықтап жатыр екен. Киіктен не қалайтынын сұрағанында "Мына аңшы мені аулап алды. Қарсыдағы тауда екі елігім бар. Мені босатыңыз, барып оларды емізіп келейін" деді. Расулуллаһ "Сөзіңде тұрып, қайтып келесің бе?" деді. " Аллаһ үшін сөз беремін, келмесем Аллаһу та’ала мені азаптасын" деді киік. Расулуллаһ киікті босатты. Киік біраздан соң қайтып келді. Расулуллаһ оны байлады. Ұйықтап жатқан адам оянып, "Йа, Расулаллаһ бір бұйырғаныңыз бар ма?" деді. "Мына киікті босат" деді Расулуллаһ. Адам киікті босатты. Киік "Әшһәду ан лә илаһә иллаллаһ уә әннәкә Расулуллаһ" деп, кетіп қалды.

5- Тирмизи мен Нәсаи хазреттерінің "Сүнен" атты кітаптарында былай делінеді: «Екі көзі де көрмейтін соқыр адам келіп, Йа, Расулаллаһ, Аллаһу та’алаға дұға етіңіз! Көзім ашылсын» дейді. Расулуллаһ ол адамға жақсылап дәрет алуын, сосын «Йа Раббым, саған жалбарынамын. Сүйікті пайғамбарың Мұхаммед алейһиссаламды арашы қойып сенен тілеймін. Ең қатты жақсы көретін пайғамбарым Мұхаммед алейһиссалам! Сізді уәсилә (арашы) етіп Раббыма жалбарынамын. Тілегімді Сіздің құрметіңіз үшін қабылдауын сұраймын. Йа, Раббым! Осы ұлы пайғамбардың шапағатын тигізе көр. Оның құрметіне дұғамды қабыл ет» деген дұғаны оқуын айтты. Ол адам дәрет алып, дұғаны оқыған кезде көздері ашылды. Бұл дұғаны мұсылмандар әрқашан оқып, тілектеріне қол жеткізіп отырған.

6- Бір әйел сый ретінде Расулуллаһ алейһиссаламға бір ыдыс бал жіберді. Расулуллаһ балды қабыл алып, бос ыдысты қайтарды. Аллаһу та'аланың құдіретімен ыдыс балға толы болып қайтып келді. Әйел келіп, «Йа, Расулаллаһ! Не күнәм бар?» деп сұрады. «Сенің сыйлығыңды қабылдадық. Саған қайтып келген бал Аллаһу та’аланың сенің сыйлығыңа берген берекесі» деді. Әйел қуанып балды үйіне апарды. Бала-шағасымен ол балды айлар бойы жеді. Еш азаймады. Бір күні қателесіп, балды басқа ыдысқа салып қойды. Сол ыдыстан жеп тауысты. Бұл жағдай пайғамбарымызға айтылғанда  «Жіберлген ыдыста тұра бергенде, дүние тоқтағанша жейтін еді, еш азаймайтын еді» деді.

7- Үмметінен көп адамның теңіз арқылы соғысқа баратынын және Умму Хирам (радиаллаһу анһа) деген сахаба әйелдің сол соғыста болатынын хабарлаған. Хазреті Османнның халифалық кезеңінде мұсылмандар кемелермен Кипр аралына барып соғысты. Ол әйел де барды. Сол жерде шәһит болды.

8- Хазреті Муауияға «Бір күні үмметіме басшы болатын болсаң, жақсылық жасағандарға сияпат көрсет! Жамандық жасағандарды кешір!» деді. Муауия Осман (радиаллаһу анһ) кезінде Шамда жиырма жыл билеуші, сосын жиырма жыл халифа болды.

9- Абдуллаһ ибн Аббастың анасына қарап, «Сенің бір ұлың болады. Туылған кезде маған әкел» деді. Баланы әкелген кезде құлағына азан мен қамат оқып, мүбәрәк аузының суынан баланың аузына жақты. Атын Абдуллаһ деп қойып, анасына берді. «Халифалардың әкесін ал, апар» деді. Баланың әкесі хазреті Аббас мұны естіп, себебін сұрағанда «Иә, солай айттым. Бұл бала халифалардың әкесі. Олардың ішінде Сәффах, Мәһди және Иса алейһиссаламмен намаз оқыған бір адам болады» деді. Аббаси мемлекетін көптеген халифалар басқарды. Олардың барлығы Абдуллаһ бин Аббастың тегінен болды.

10- Көкесінің баласы Абдуллаһ бин Аббастың маңдайына мүбәрәк қолын қойып, «Йа, Раббым! Мұны дінде терең ғалым ет, даналық иесі ет! Құран Кәрім ілімдерін оған ихсан ет!» деді. Осыдан кейін хазреті Абдуллаһ бин Аббас барлық ілімде, әсіресе тәфсир, хадис және фиқһ ілімдерінде өз дәуірінің ғұламасы болды. Сахабалар мен табииндер барлық нәрсені содан үйренетін. «Тәржуман-ул-Құран», «Бахрул-илм» және «Рәис-ул-мүфәссирин» деген аттармен танымал болды. Ислам мемлекеттері оның шәкірттерімен толды.

11- Қызметшілерінен болған Әнәс бин Маликке «Йа, Раббым! Бұның мал-мүлкі мен балаларын көп, өмірін ұзақ ет. Күнәларын кешір» деп дұға етті. Уақыт өткен сайын мал-мүлкі көбейе берді. Талдары, бақшалары жыл сайын жеміс берді. Көп баласы болды. 110 жыл өмір сүрді. Өмірінің соңында «Йа, Раббым! Хабибіңнің мен үшін жасаған дұғаларының үшеуін қабыл еттің, ихсан еттің. Төртіншісі не болады?» дегенде «Төртіншісі де қабыл болды, уайымдама» деген дауысты естіді.

12- Хижреттің үшінші жылында Расулуллаһ алейһиссалам Қаттан соғысында бір талдың түбінде жалғыз өзі жатқанда, Дасур деген бір күшті, алып кәпір қылышпен келіп, «Сені менен кім құтқарады» деді. Расулуллаһ «Аллаһу та'ала құтқарады» деген кезде Жәбрейіл алейһиссалам адам кейпінде келіп, кәпірдің кеудесінен ұрды. Ол құлап, қылышы қолынан түсіп қалды. Расулуллаһ қылышты қолына алып, «Сені менен кім құтқарады» деді. «Мені құтқаратын сенен асқан қайырлы адам жоқ» деп жалбарынды. Оны кешіріп, босатып жіберді. Ол иман келтіріп, басқа да көптеген адамдардың иманға келуіне себепші болды.

13- Расулуллаһ алейһиссалам бір күні дәрет алып, мәсісінің бірін киіп, екіншісіне қолын созған кезде бір құс келіп, мәсісін алып, ауаға көтеріліп сілкіді. Ішінен бір жылан түсті. Сосын құс мәсіні жерге тастады. Осы куннен бастап аяқ киімді киер кезде алдымен сілку сүннет болды.

14- Хазреті Әнәс айтады: «Расулуллаһтың мүбәрәк жүзін сүртіп жүретін бір беторамалы бар болатын. Сонымен бетін сүртетін, кірлеген кезде отқа тастайтын. Кірі жанып, орамал жанбайтын. Тап-таза болып шығатын».

15- Ухуд соғысында Әбу Қатадәнің (радиаллаһу анһ) бір көзі ағып түсті. Ағып түскен көзін Расулуллаһқа алып барды. Расулуллаһ алып келген көзді мүбәрәк қолымен орнына қойып, «Йа, Раббым! Көзін жақсарта гөр» деді. Бұл көзі екіншісінен де жақсы көретін болды. Әбу Қатадәнің (радиаллаһу анһ) немерелерінің бірі халифа Омар бин Абдулазиздың (радиаллаһу анһ) жанына барады. Одан «Сен кімсің?» деп сұрайды. Ол бір өлең оқып, Расулуллаһ мүбәрәк қолымен көзін салып берген адамның немересі екенін жеткізеді. Халифа бұл өлеңді тыңдағаннан кейін оған ілтипат көрсетті.

16- Расулуллаһ алейһиссалам бір күні қызы хазреті Фатиманың үйіне соғып, жағдайларын сұрады. Хазреті Фатима «Әкешім! Үш күннен бері балаларыммен бірге еш нәрсе жеген жоқпыз. Аштыққа сабыр етудеміз. Менікі маңызды емес. Бірақ, Хасан мен Хусейннің жағдайына қиналамын» деді.

Пайғамбарымыз «Ей, Фатима! Жаным қызым! Сен үш күннен бері ашсың. Мен болсам төрт күннен бері ашпын» деді. Немерелері хазреті Хасан мен Хусейннің аш екендігіне қатты қайғырды.

Хазреті Әли еңбектеніп, табыс тауып мүбәрәк балаларына жейтін нәрселер әкелу үшін жолға шықты. Мәдинадан шыққан кезде бір құдықтың басына түйелерін суаруға келген бір шаруаны көреді.

Оның қасына барып, «Ей араб! Ақыға түйелеріңді суартқың келе ме?» деп сұрады. Шаруа «Иә, мен де сондай адам іздеп жүрген едім. Қаласаң кел, түйелерімді суар. Тартқан әр шелегіңе үш құрма беремін» деді. Хазреті Әли келісіп су тарта бастады. Тоғыз шелек тартқаннан кейін шелектің жібі үзіліп, шелек құдыққа түсіп кетті. Мұны көрген шаруа орнынан ұшып тұрып, хазреті Әлидің бетінен ұрды.

Сосын тартқан сегіз шелек суы үшін жиырма төрт құрма берді. Бұл жағдайға қатты ренжіген хазреті Әли қолын құдыққа созып, шелекті алып құдықтың басына қойды да ол жерден кетіп қалды.

Шаруа таң қалып қарап қалды. Қолы осыншама терең құдықтың түбіне қалай жетті?.. Әлде бұл адам келетіндігі білдірілген діннің мүшесі ме екен? Осындай ойларға салынған шаруа «Оның пайғамбары – хақ пайғамбар. Сендім» деді.

Бұдан бұрын жасаған қызбалығына, істеген үлкен қылмысына өкініп, «Мұндай адамға көтерілген қол кесіліп, сүйегі сындырылуы керек» деп, қолына қылышын сермеп, қолын шауып тастады. Қолы қатты ауырғанмен көңілі орныққан еді. Кесілген қолын екінші қолына алып, Нәби мешітіне барды. Сахабалардан пайғамбардың қайда екенін сұрады. Қызының үйіне кеткенін білді. Хазреті Фатиманың үйін сұрап, сол жаққа бет алды.

Ол кезде пайғамбарымыз немерелері хазреті Хасан мен хазреті Хусейнді мүбәрәк тізесіне отырғызып, әкелінген құрмаларды жегізіп отыр еді.

Шаруа жасаған қателігін ойлаған кезде жынданып кетердей болып, көз жасын төге бастаған еді.

Сөйтіп, хазреті Фатиманың үйіне келіп, есігін қақты. Іштен Әлемдердің мырзасы жүзінен нұр шашып күндей болып сыртқа шықты. Шаруа Расулуллаһты көрер-көрмес «Сендім, сіз Аллаһу та’аланың Расулысыз. Жасаған ісіме өкінемін, мені кешіріңіз, йа Расулаллаһ» деп жалынды.

Сүйікті пайғамбарымыз «Қолыңды неге кестің?» деп сұрағанда «Сізге сенген мүбәрәк жүзге ұрған бұл қолмен жүруге ұялғандығымнан... Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ» деді.

Мейірімділік дариясы болған сүйікті пайғамбарымыз шаруадан кесілген қолды алып «Бисмиллаһиррахманиррахим» деп, қан сорғалаған білегімен біріктірді. Қол Аллаһу та’аланың рұқсатымен пайғамбарымыздың мұғжизасы ретінде бұрынғы қалпына келді. Аллаһу та’аланың барлық нәрсеге күші жетеді.