11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Пайғамбарымыздың төсегі

Пайғамбарымыздың төсегі

Пайғамбарымыздың төсегінің сырты теріден жасалып, іші құрма талшығына толтырылған болатын. Өзі де, әйелі де соған жататын. Басына қоятын жастығының да сырты теріден жасалып, іші құрма талшығымен толтырылған болатын.

Хазреті Айша анамыз айтады: «Жаныма Ансар қауымынан бір әйел келді. Расулуллаһтың төсегін көріп, кейін ішіне жүн салынған төсек беріп жіберді. Расулуллаһ қасыма келіп, «Бұл не?» деп сұрады. «Йа Расулаллаһ! Ансардан пәленше деген әйел келген еді. Төсегіңізді көріп, осыны сізге жіберіпті» дедім. «Мұны дереу оған қайтарып бер» деп бұйырды.

Бірақ, мен оны қайтарып бермедім. Ол төсектің үйде тұрғанын қаладым. Расулуллаһ алейһиссалам бұл сөзін үш рет қайталады. Сосын «Уаллаһи, ей Айша! Қаласам Аллаһ алтын мен күміс тауларын менің қасымда жүргізер еді» деді. Пайғамбарымыз алейһиссаламның көпшігі де қалың жүннен жасалған болатын.

Бір түні қасыма келген кезде осы көрпешесін екі бүктеп салған болатынмын. Соның үстінде ұйықтады. Сосын «Ей, Айша! Бұл түнгі төсегім неге бұрынғыдай емес» деп сұрады. «Йа Расулаллаһ! Оны қабаттап салдым» дедім. «Сен оны бұрынғыдай етіп сал» деді.

Тағы да хазреті Айша айтады: «Құрайыштықтар үшін Меккеде биіктеу төсек үстінде жатудан артық нәрсе жоқ еді. Расулуллаһ Мәдинаға келіп, Әбу Әйубтің үйіне түскен кезде оған «Ей Әбу Әйуб! Сендерде бір биіктеу төсек жоқ па?» деп сұрады. Әбу Әйуб оған «Жоқ, уаллаһи» деді. Ансардан Саад бин Зурарә мұны естіп, Расулуллаһқа тіректері ағаштан жасалған, беті зығыр талшығынан тоқылған, өрмемен қапталған төсек жіберді.

Расулуллаһ өз үйіне көшкенге дейін соған жатып жүрді. Қайтыс болғанға дейін соның үстінде ұйықтап жүрді.

Расулуллаһ алейһиссалам қайтыс болғанда жуылып кебінделгеннен кейін осы төсектің үстіне жатқызылып жаназа намазы оқылған болатын. Халық мәйіттерін тасуға соны бізден сұрап алатын. Әбу Бәкір мен Омардың да жаназалары сонымен апарылды.»

Хазреті Айша айтады: «Расулуллаһтың бір өрілген төсеніші бар болатын, түнде соның үстінде намаз оқып, күндіз төсеп халықпен бірге отыратын».

 

Расулуллаһтың аса таяғы: Пайғамбарымыз жұма күндері хутба оқығанда таяққа немесе садаққа, жорықта садаққа сүйенетін.

Пайғамбарымыз таяққа сүйенудің пайғамбарға тән ахлақтан екенін айтып, өзі таяққа сүйеніп, таяққа сүйенуге кеңес беретін.

Муауия бин Әби Суфйанның халифалығы кезінде Расулуллаһтың аса таяғы Садул Каразиде болған.

Муауия бин Әбу Суфйан хижреттің елуінші жылы қажылыққа барады. Пайғамбарымыздың мешітіндегі мінберді құлатып, Шамға алып кеткісі келеді.

Садул Каразидегі аса таяқты сұратады. Жабир бин Абдуллаһ пен Әбу Хурайра барып оған: «Ей мүміндердің әмірі! Расулуллаһтың мінберінің қойылған жерінен алынуы да, аса таяқтың Шамға апарылуы да дұрыс болмайды» деді. Содан соң хазреті Муауия оларды тастап, кешірім сұрады.

Абдуллаһ бин Үнәйсті пайғамбарымыз мешіттен үйіне апарып оған бір аса таяқ беріп: «Бұл таяқты өзіңде сақта, ей Абдуллаһ бин Унәйс» деді.

Абдуллаһ бин Унәйс сол таяқпен халықтың алдына барған кезде, адамдар одан: «Бұл қандай таяқ?» деп сұрады. Ол: «Мұны маған Расулуллаһ алейһиссалам берді және өзімде сақтауымды бұйырды» деді. Абдуллаһ бин Унәйске: «Расулуллаһтың қасына барсаң мұны саған не үшін бергенін сұра» деді.

Абдуллаһ бин Унәйс пайғамбарымызға барып: «Йа Расулаллаһ! Бұл таяқты маған не үшін бердіңіз?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Бұл қиямет күні арамызда бір белгі болады. Ол кезде жаннатта адамдардың таяққа сүйенетіндері өте аз болады. Сен бұған жаннатта сүйенесің» деді.

Абдуллаһ бин Унәйс оны қылышымен бірге ұстап, қасынан тастамайтын. Өлгелі жатқанда ол таяқты денесі мен кебінінің арасына салуды өсиет етті. Өсиеті орындалды.