23 Ақпан 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Сүйіспеншілік Аллаһ үшін болады

Сүйіспеншілік Аллаһ үшін болады

Әһли хикмет ғұламалар айтады:

Бағдатта өте бай бір саудагердің елу жұмысшысы бар екен. Бұл саудагер мүбәрәк бір кісінің жомарттығы, жақсылықтары және медреседе ол кісіні шәкірттерінің барлығы қатты жақсы көретіні жайлы естиді. «Ол кісіні қасындағылар қалай жақсы көретін болса, мен де жұмысшыларыма өзімді солай жақсы көргіземін, оларға көп ақша беремін, кез-келген жағынан көмек көрсетемін» дейді. Сөйтіп, жұмысшыларына көп-көп жалақы, көп тамақ береді, олармен жағымды сұхбаттар жасайды. Бірақ, не істесе де ешкім оны жақсы көрмейді.

Сөйтіп, саудагер әлгі мүбәрәк кісінің қаладағы шәкірттерінің біріне барады. Одан: «Бауырым, мен қоластымдағыларға сенің ұстазыңның істегенінен де көп жақсылықтар жасадым. Бірақ, мені ешкім жақсы көрмейді, артыма бұрылып қарасам ешкім жоқ. Сенің ұстазыңның қандай ерекшелігі бар? Яғни, сендер оны соншалық қатты жақсы көретіндей, ол сендерге менің бергенімнен артық не беріп жатыр? Мен осыншама жақсылық жасаудамын, жұмысшыларыма көптеген мал-мүлік таратудамын, олар бүгін бетіме күліп қараса, ертеңіне тағы теріс айналып кетіп жатыр. Бірақ сендер ұстаздарыңды алыста жүрсеңдер де мақтап, мадақтап жүресіңдер. Осы нәрсе мені қызықтырды.» деп сұрайды. Шәкірт: «Ағасы, ұстазыма барған кезде сіздің сұрағыңызды айтып, берген жауабын сізге айтармын» деп жауап береді.

Шәкірт ұстазына барып болған жағдайды айтып береді. Ұстазы былай дейді:

«Шәкіртім, Аллаһ үшін істелген істе махаббат болады. Дүниелік үшін жасалған істе махаббат болмайды. Ол саудагер жұмысшыларын дүниелік үшін асырауда. Дүниелік үшін іс істеп, мал таратып, осыдан сүйіспеншілік күтуде. Сүйіспеншілік Аллаһ үшін болады. Дүниенің өз болмысында сүйіспеншілік жоқ. Аллаһу та'ала дүниені жаратқаннан бері бір рет те болса оған рахмет назарымен қарамаған. Өйткені дүние тек нәпіс пен шайтанның азғыруына көмекші болуда. Адамның дүниелік мүлкі артқан сайын нәпсі қуаттанады, кібірі артады, шайтан ол адамды азғырады.

Адамдар да ахиретті ұмытып, дүниелік мүлкін арттыру үшін күндіз-түні жұмыс істеуде. Алайда қол жеткізген әр байлықтары қоғамда қиыншылықты, махаббатсыздықты арттыруда. Бір-біріне қайшы болған екі нәрсеге деген сүйіспеншілік бір көңілге сыйыспайды. Бір адамның көңілінде дүниеге деген махаббат бар болса, ол адамда Аллаһқа деген махаббат бола алмайды. Өзі сүйкімсіз болып кетеді. Жанұясының да, бала-шағасының да, айналасындағы адамдардың көзінде де сүйкімсіз болады.

Ол саудагер өз жеке басының пайдасы үшін өзін сүйдіруге тырысуда. Мен болсам, мұндай нәрселерді ойламай, қасымдағыларды тек Аллаһ үшін жақсы көремін. Шын сүйіспеншілік Аллаһ үшін болғандықтан, бұл сүйіспеншіліктің соңы, шегі болмайды. Сүйіспеншіліктің негізі осы болып табылады. Бұл сүйіспеншіліктің адам үшін пайдасы соншалық, Расулуллаһ алейһиссалам: “Дүниеде Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көргендер, жаннатта бірге болады” деген. Менің қалауым – мені сүйетіндермен және өзім сүйгендеріммен дүниеде де ахиретте де бірге болу.»