19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Нәпіске еру

        7- Көңіл ауруларының, яғни жаман мінездердің жетіншісі - «нәпістің қалауына», шәһуаттарына, талаптарына, ләззаттарына бағыну. Бұның жаман екені аяти кәрималарда ашық білдірілген. Нәпістің қалауларының адамды Аллаһ жолынан адастыратындығы Құран кәрімде айтылған. Өйткені, нәпіс әрқашан Аллаһу та’аланы мойындамай, Оған қасарысып, қарсы шыққысы келеді. Әр істе нәпістің талаптарын орындау – нәпіске табыну болады. Нәпсіне ерген адам, күпірлікке немесе бидғатшы болуға немесе фысққа бет бұрады, яғни харам істей бастайды. Әбу Бәкір Тамистани “рахимә-һуллаһу та’ала” былай дейді: «Нәпіске еруден құтылу – дүниедегі ниғметтердің ең үлкені. Өйткені, нәпіс Аллаһу та’ала мен құл арасындағы перделердің ең үлкені.» Сәһл бин Абдуллаһ Тустәри [283 х. Басра] былай дейді: «Ғибадаттардың ең құндысы – нәпіске ермеу.» Ислам бин Юсуф Бәлһи Хатәм-ул-Әсамға [237 х] бір нәрсе сыйлады. Хатәм ол сыйлықты қабыл еткенінде одан бұны қабыл ету нәпістің қалауын орындау болмай ма деп сұралды. Хатәм “бұл сыйлықты қабыл етумен өзімді төмен, оны жоғары санадым. Сыйлықты алмай қайтарғанымда өзімді жоғары, оны төмен санаған болар едім. Нәпсіме ол ұнар еді”, деді. Расулуллаһ “салаллаһу алейһи уәссәләм” ұзын бір хадис шәрифтің соңында былай дейді: «Адамды пәлекетке ұшырататын нәрселер үшеу: Сараңдық, нәпіске еру, өзін жақсы көру.» Имам Ғазали “рахимә-һуллаһу та’ала” былай дейді: Аллаһу та’аланың адамға көмектесуіне тосқауыл болатын перделердің ең жаманы «Ужб» болып табылады.Ужб - өзінің кемшіліктерін көрмей, ғибадаттарын ұнату деген сөз. Иса алейһиссалам былай дейді: «Ей, хауарилер! Жел көп жарықты сөндірген. Ужб та көп ғибадаттарды сөндіріп, сауаптарын жойған.»

Хадис шәрифте: «Үмметімнің екі жаман мінезге ұшырауларынан қатты қорқамын. Бұлар – нәпсіге еру және өлімді ұмытып, дүниенің соңынан қуу» делінді. Нәпсіге еру Исламға мойынсұнуға кедергі болады. Өлімді ұмыту нәпсіге еруге себепші болады.

Хадис шәрифте: «Ақылдылықтың белгісі – нәпсіні жеңіп оған ие болу және өлгеннен кейін қажет болатын нәрселерді дайындау. Ақымақтықтың белгісі, нәпсіге еріп, Аллаһу та’аладан кешірім, мейірімділік күту» делінген. Нәпсіге еріп, тәубе және истиғфар етпей, кешірім мен жаннат күту ақымақтық болады. Себебін, шарттарын орындамайбір нәрсе күту «тәмәнни» деп аталады. Себебін орындағаннан кейін нәтиже күтуге «рәжа» делінеді. Тәмәнни адамды жалқаулыққа алып барады. Рәжа болса жұмыс істеп, еңбектенуге себепші болады. Нәпсінің жақсы көріп, қалаған нәрселері «хәуа» деп аталады. Нәпіс жаратылысында жамандық пен зиянды нәрселерді жақсы көріп қалаушы етіп жаратылған.

«Әрдайым нәпсіңнен сақтан,

Сенбе оған ешқашан,

Жетпіс шайтаннан асқан,

Өте қауіпті дұшпан» - деген шумақтар орынды айтылған. Нәпістің адамды харам мен мәкрухтарға итермелеуінің зияндары ашық белгілі. Оның қалаулары – хайуани қалаулар. Хайуани қалаулар – тек дүниелік қажеттіліктер. Адам бұл қажеттіліктердің соңынан неғұрлым көп қуса, ахиреттік қажеттіліктерін орындауда соғұрлым артта қалады. Өте маңызды болған тағы бір жайт: нәпіс мубахтарға мүлдем тоймайды. Мубахтарды жасаған сайын қалаулары артады. Сонда да тоймайды. Адамды харамдарға итермелейді. Бұдан бөлек мубахтарды көп қолдану қиыншылықтарға, қайғыға, дертке, ауруларға себеп болады. Мұндай адам әрқашан қарын тойдыруды, көңіл көтеруді ойлайды. Зымиян және масқара болады.

 [Имам Раббани “рахимә-һуллаһу та’ала” былай дейді: «Барлық болмыстың негізі адем, яғни жоқтық. Барлық нәрсе жоқ кезде Аллаһу та’ала оларды жоқ кезінде білетін еді. Іліміндегі бұл адемдерге (жоқтыққа) Өз сипаттарының сәулесін шашты. Осылайша жаратылыстың негізі пайда болды. Ілімдегі бұл негізді сыртқа шығарды. Болмыс пайда болды. Бұл – алма дәнінің алма ағашының негізі болғанына ұқсайды. Адамның жаратылысын түсіну үшін, бір нәрсенің айнадағы кескінін (суретін) ойлайық. Айнадағы бұл көрініс сол нәрседен келген сәулелердің, айнадағы шағылысы. Айна адем (жоқтық) сияқты. Адамның жүрегі және рухы осы сәулелерге ұқсайды. Айна адамның денесіне, шынының жылтырақтығы нәпіске ұқсайды. Яғни, нәпістің негізі, түбірі – адем (жоқтық). Оның жүрекпен, рухпен байланысы жоқ.» Нәпсіне ерген адам, әрқашан исламның сыртында болады. Жануарларда ақыл мен нәпіс болмағандықтан олар қажеттіліктерін тапқан кезде қолданады. Тек денелеріне зиян беретін нәрселерден қашады. Ислам діні рахаттық пен тыныштықта өмір сүру үшін қажетті болған нәрселерден және дүние ләззаттарынан пайдалы болғандарына тыйым салмайды. Бұларға қол жеткізуде және қолдануда ақыл мен дінге мойынсұнуды әмір етуде. Нәпіске мойынсұнуға тыйым салуда. Ақыл жаратылмағанда адам ылғи нәпсінің артынан еріп, пәлекеттерге ұрынар еді. Ал нәпіс болмағанда адам өмір сүруінде, көбейуінде және мәдени өмір сүру үшін керекті нәрселерге қол жеткізуде артта қалып, нәпіспен жиһад ету (күресу) сауабынан махрұм қалатын еді. Періштелерден үстем болу жолы жабық қалар еді. Хадис шәрифте былай делінді: «Ахиретте болатындарды сендердің білгендеріңдей жануарлар да білгенде жеу үшін ет таба алмас едіңдер.» Яғни жануарлар ахиретте болатын жағдайлардың қорқынышынан жеп-ішуден тыйылар еді. Құр сүйек болып қалатын еді. Адамдарда нәпіс болмағанда жануарлар сияқты қорқыныштан ішіп-жей алмай, өмір сүре алмайтын еді. Адамдардың өмір сүре алулары нәпістерінің ғафлеті және дүние ләззаттарына құмар болуымен іске асады. Нәпіс, екі жүзі де өткір пышақ сияқты. Сонымен қатар улы дәрі сияқты. Дәрігердің кеңесімен қолданған адам мұның пайдасын көреді. Мөлшерінен көп қолданған адам құриды. Ислам нәпістің құруын, жоқ болуын емес, тәрбиеленуін, одан пайдалануды әмір етуде.]

Нәпістің исламның сыртына шығып кетуіне тосқауыл болу үшін екі жиһад бар. Біріншісі: оған мойынсұнбау, оның қалауларын орындамау. Бұл «Риязат тарту» деп аталады. Риязат уәра және тақуалық арқылы жүзеге асады. Тақуалық – харамдардан тыйылу деген сөз. Уәра – харамдардан және мубахтардың қажеттіліктен артығынан тыйылу деген сөз. Жиһадтың екіншісі: нәпістің қаламаған нәрсесін орындау арқылы іске асады. Бұл мужәһәдә деп аталады. Ғибадаттардың барлығы мужаһадәға жатады. Осы екі жиһад нәпісті тәрбиелейді. Адамды жетілдіреді. Рухқа қуат береді. Сыддықтардың, шәһидтердің және салихтардың жолына қауыштырады. Аллаһу та’ала құлдарының мойынсұнуларына, ғибадаттарына мұқтаж емес. Құлдарының күнә істеуі Оған ешқандай зиян тигізбейді. Құлдарының нәпістерін тәрбиелеулері және нәпістерімен жиһад етулері үшін осыларды әмір еткен.

Адамдарда нәпіс болмағанда, адамдық қасиеттер болмай, періштелік қасиеттер пайда болар еді. Алайда дене көптеген нәрселерге мұқтаж. Жеу, ішу, ұйықтау, демалу т.б. Шабандозға ат керек болғандай, адамға да дене керек. Атқа жем-су беріп қарап тұру керек болғанындай денеге де көңіл бөліп, қызмет ету керек. Өйткені ғибадаттар денемен орындалуда. Бір адамның түні бойы ұйықтамай намаз оқитыны айтылғанда:

«Ғибадаттардың ең құндысы аз болса да үздіксіз орындалғаны» деп бұйырылды. Ғибадаттардың үздіксіз орындалуының арқасында ол ғибадат құл үшін әдетке айналады.

Ниет етіп Исламға мойынсұну «Ғибадат ету» деп аталады. Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарына «Ахкамы исламийа» және «Ахкамы илаһийә» делінеді. Әмір етілген нәрселер «фарз», тиым салынған нәрселер «харам» деп аталады. Хадис шәрифте: «Ғибадаттарды шыдай алатындай дәрежеде орындаңдар. Көтеріңкі көңілмен орындалған ғибадаттың құны өте көп» делінді. Жақсы демалған дене ғибадаттарды көтеріңкі көңілмен орындайды. Дене мен ми шаршап тұрғанда орындалған істен адамда жалығу пайда болады. Әлсіздікті кетіру үшін анда-санда мубах болған нәрселерді істеп, денені көңілдендіру керек. Имам Ғазали «рахимаһуллаһу та’ала» былай дейді: «Көп ғибадат жасағанда дене шаршайды. Әрекет еткісі келмейді. Осындай кезде ұйықтаумен немесе салих адамдардың өмірбаяндарын оқумен немесе мубах болған көңіл көтеретін нәрселер істеп денеге қуат беру керек. Осылай істеу жалығып ғибадат жасаудан абзал болады.»

Ғибадат етуден мақсат – мужаһәдә етіп нәпсіні тәрбиелеу және көңілге шаттық орнықтыру, көңілді Аллаһқа байлау. «Намаз адамды жаман және әдепсіз нәрселерді істеуден сақтайды» делінген. Қуана-қуана, көтеріңкі көңілмен орындалған намаз осылай болады. Осындай көңіл күй пайда болуы үшін нәпістің мубах болған нәрселердегі қалауларын қажеттілігінше орындау керек болады. Осылай істеу исламға мойынсұну болады. Ғибадаттарға себепші болған мубахтар да ғибадат болып саналады. «Ғалымның ұйқысы наданның ғибадатынан қайырлы» деген хадис шәриф, осы айтылғандардың дәлелі. Ұйқылы-ояу тұрып тарауих намазын оқу мәкрух болады. Ұйқы ашылғаннан кейін көңілмен оқу керек. Ұйқылы оқылған намазда босаңсу мен ғафлет болады.

[Жоғарыда жазылғандарды қате түсінбеу керек. Шаршау мен жалығу пайда болғанда ғибадат кейінге қалдырылады, бірақ тәрк етілмейді. Парыздарды үзірсіз тәрк ету үлкен күнә болады. Олардың қазасын өтеу парыз болады. Уәжіптердің қазасын өтеу уәжіп болады. Сүннеттерді тәрк еткен, оның сауабынан махрұм болады. Сүннеттерді үзірсіз тәрк етуді әдет қылса, осы сүннеттерге байланысты болған шапағаттан махрұм қалады. Шаршау, әлсіз, көңілсіз болу парыздарды уақытынан кейінге қалдыру үшін үзір бола алмайды. Уақытынан кейінге қалдыру күнәсі мен азабынан адам құтыла алмайды. Ислам дұшпандары осы жерде де жастарды алдауға, исламды іштей құлатуға тырысуда. Бұларға алданбау үшін Әһли сүннет ғұламаларының жазған фиқһ пен илмихал кітаптарын оқып, парыздар мен харамдарды жақсылап үйренуден басқа шара жоқ.]